Үйде пісірілген қарапайым тағамдар артық салмақтан арылуға жақсырақ көмектеседі – зерттеу

/
Үйде пісірілген қарапайым тағамдар артық салмақтан арылуға жақсырақ көмектеседі – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Адамдардың күнделікті ас мәзірінде өңделген тағамдардың үлесі артқан сайын, артық салмақ мәселесі де ушығып барады. Алайда Ұлыбританияда жүргізілген жаңа зерттеу көрсеткендей, ең маңыздысы тағамның құрамы емес, оның қаншалықты өңделгені, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.

Ғалымдар аздап өңделген үй тағамдарын тұтынған адамдар ультраөңделген тағам жегендерге қарағанда екі есе көп салмақ тастағанын анықтады. Бұл ретте екі диетаның да құрамы британдық денсаулық сақтау нормаларына сай болған. Яғни, май, тұз, қант, ақуыз, көмірсу мен талшық мөлшері бірдей.

Негізгі қорытынды:
– 8 апта ішінде үйде дайындалған қарапайым тағаммен тамақтанғандар дене салмағының 2%-ын жоғалтқан;
– Ультраөңделген тағам жегендер – 1%-ын ғана;
– Ер адамдар үшін бұл бір жылда 13% салмақ тастауға, әйелдер үшін 9% салмақ жоғалтуға әкелуі мүмкін.

Мұндай нәтижеге жеткендердің рационында таңғы аста түнде дайындалған сұлы ботқасы, кешкі асқа – үйде пісірілген спагетти болған. Ал екінші топ тек дүкендегі дайын лазанья, жарма, консерві және қатты өңделген азықпен тамақтанған. Екі топтың да калория мөлшері тең болған.
Ғалымдар бұл айырмашылық майлы тін мен денедегі су көлемінің азаюымен байланысты екенін айтады. Сонымен қатар, қарапайым тағам тұтынғандарда асқа деген құмарлық азайған.Алайда қан қысымы, қандағы қант пен холестерин деңгейі, жүрек соғысы секілді өзге көрсеткіштерде айырмашылық болмаған.
Зерттеуге қатыспаған, бірақ тағамтану саласының тәуелсіз сарапшылары ультраөңделген тағамдардың бәрін жаман деуге болмайтынын айтады.

– «Бұл зерттеудегі ең қызықты нәтиже – екі топ та салмақ жоғалтқан. Яғни, дұрыс жоспарланған ультраөңделген тағам да зиянсыз болуы мүмкін», – дейді Рединг университетінің профессоры Гюнтер Кюне.

Алайда ғалымдар ұзақ мерзімді әсерін зерттеу үшін кең ауқымды зерттеулер қажет екенін атап өтті.

Зерттеу авторы, Лондон университеті колледжінің ғалымы доктор Крис ван Таллекеннің пікірінше, семіздік пен денсаулыққа байланысты проблемаларға тек жеке адамның таңдауы емес, қоршаған орта себеп болады.

– «Арзан әрі денсаулыққа зиянды тағамдар тым қолжетімді. Бұл мәселені шешу үшін жеке жауапкершілікке емес, мемлекеттік саясатқа назар аударуымыз керек», – дейді ол.

Оның ұсынысы – зиянды тағамдарға салық салу, жарнамаға шектеу қою, ескерту белгілерін енгізу.

Үйде дайындалған қарапайым әрі аз өңделген тағамдар – денсаулық пен артық салмақпен күресте сенімді серік. Бірақ ультраөңделген тағамдарды да түгел жоққа шығаруға болмайды – ең бастысы, тепе-теңдік пен дұрыс жоспарлау.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары