Росток университетінің Медицина орталығының ғалымдары Biovis Diagnostik компаниясымен бірлесе зерттеу жүргізіп, құлпынайдың қарт адамдарға пайдалы қасиеттерін анықтады, деп жазады turkystan.kz.
Эксперимент аясында егде жастағы 69 қатысушы 10 апта бойы жаңа піскен және лиофилизацияланған (сублимированная) құлпынайды әртүрлі мөлшерде қамтитын арнайы диетаны ұстанды. Ғалымдар құлпынайды ең көп тұтынған топтарда денсаулық көрсеткіштерінің айтарлықтай жақсарғанын атап өтті.
Құлпынай ішек микробтарының алуан түрлілігін арттырып, қысқа тізбекті май қышқылдарын өндіруге жауап беретін бактериялардың көбеюіне ықпал етті. Бұл қосылыстардың қабынуға қарсы және басқа да көптеген пайдалы қасиеттері бар, соның ішінде ас қорытуды және зат алмасуды қалыпты деңгейде ұстауға көмектеседі.
Сонымен қатар, зерттеушілер патогенді бактериялардың санының азайғанын және ішек жұмысы үшін маңызды болып саналатын Faecalibacterium және Prevotella сияқты пайдалы бактериялар санының артқанын байқады. Сондай-ақ Firmicutes/Bacteroidetes арақатынасының төмендегені тіркелді, бұл метаболизмнің жақсаруымен және салмақты бақылаумен байланысты.
Ғалымдардың айтуынша, жастың ұлғаюымен ішек микрофлорасының балансы бұзылады: пайдалы бактериялардың саны азайып, зияндылары көбейе бастайды. Бұл қабыну процестеріне, зат алмасу бұзылыстарына және иммундық жүйенің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Құлпынайды үнемі тұтыну ішек микрофлорасының балансын қалпына келтіріп, жасқа байланысты аурулардың алдын алуға көмектеседі.
Ең жақсы нәтижеге жету үшін ғалымдар күнделікті жаңа піскен немесе лиофилизацияланған құлпынай тұтынуды ұсынады. Құлпынайды жасұныққа және пайдалы микроэлементтерге бай теңгерімді рационға қосқанда, ең жоғары әсерге қол жеткізуге болады.