Криптовалюта енді дәстүрлі қаржы жүйесінің бір бөлігіне айналмақ. Өткен аптада таныстырылған «крипто-карта» жобасы цифрлық активтердің күнделікті өмірде кәдімгі ақшамен қатар жүруіне негіз болуы мүмкін.
Әу баста күмәнді көрінген биткоинның құны қазір тарихи максимумдарға жетіп, көптеген инвестор үшін байлықтың көзіне айналды. Биткойн мен басқа да криптовалюталар 2024 жылы нарықта тұрақтылық көрсетті. Британдық Financial Times газеті биткоинды 14 жыл бойы сынағаны үшін ресми түрде кешірім де сұраған болатын. Газет редакциясы бұрын жариялаған материалдары арқылы көптеген оқырманды биткоин сатып алу мүмкіндігінен айырғанын мойындады. Орталық банктер цифрлық валюталарды енгізуді жалғастырып, криптовалюта нарығының заңнамалық реттеудің негізін құрып жатыр.
Финтех нарығы мен ақпараттық технологиялар саласындағы әлеуетін көтеруге күш салып жатқан елдердің бірі ретінде Қазақстан да бұл бағытты ескерусіз қалдырмауға ниетті екенін әлемдік алаңдарда, биік мінберлерде жиі білдіріп жүр. Мәселен, жуырда ғана өткен «Астана халықаралық форумының» пленарлық сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда CryptoCity аймағы құрылатынын айтқан болатын.
– Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті. Бұдан бөлек, СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады, – деген еді Президент.
Сонымен қатар мақсатымыз Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу екенін айтқан болатын.
Цифрлық экономикамен тікелей байланыс
Өткен аптада Ұлттық Банк криптобиржа, банктер мен финтех-компания өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Бұл жиын Мемлекет басшысының цифрлық активтерді дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында ұйымдастырылған. Кездесуде елде токенизация мен цифрлық активтерге негізделген жаңа қаржы қызметтерін енгізу мәселесі талқыланды. Ең басты жаңалық – криптовалютаға байланған арнайы төлем картасы – «крипто-карта» жобасының іске қосылуы болды.
Алдымен «крипто-карта» ұғымына, оның жұмыс істеу механизміне тоқталып өтейік. Бұл жоба Астана халықаралық қаржы орталығының алаңында қызмет көрсететін лицензияланған криптобиржалардың цифрлық әмияндарына негізделген. Яғни, енді азаматтар өздерінің криптовалютадағы қаражатын арнайы төлем картасына байланыстырып, сол арқылы күнделікті тұрмыста, дүкенде, дәмханада ақша төлеп, сауда жасай алады.
Крипто-карта кәдімгі банк картасына ұқсас жұмыс істейді, бірақ оның артында тұрған, ол байланған ақша – криптовалюта. Сауда жасаған кезде жүйе криптовалютаны автоматты түрде теңгеге немесе басқа да қажет төлем валютасына айналдырып, транзакция жасайды. Крипто-картаны POS-терминалдарда, банкоматтарда және интернет-дүкендерде кәдімгі карта сияқты қолдануға болады. Қосымша құрылғылар немесе арнайы қосымшалар қажет емес. Осылайша, криптовалютаны қолдану әлдеқайда жеңіл әрі ыңғайлы болады. Крипто-карта – цифрлық экономикамен тікелей байланыс орнатудың оңай жолы. Бұл әсіресе шетелмен жұмыс істейтіндерге, фрилансерлерге, немесе криптовалютада табыс табатын адамдарға тиімді. Сондай-ақ ақша ағындарындағы ашықтықты күшейтіп, ақша қозғалысын толыққанды цифрландыруға жәрдемдесуі ықтимал. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік пен қаржы активтерін токенизациялау азаматтарға дәстүрлі нарықта қолжетімсіз активтерге жол ашып, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтеді.
Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту және қаржылық активтерді реттеу тәсілдері туралы өткен брифингте Ұлттық Банктің Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков бұл бастама тұтас құқықтық базасы бар цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін құру үшін қолға алынып отырғанын айтқан болатын.
– Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі цифрлық активтердің айналымын жүйелі түрде реттеуге бағытталған заңнамалық түзетулер кешенін әзірледі. Бұл шаралар инвестициялаудың жаңа цифрлық құралдарын дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында криптоактивтер айналымын теңгерімді реттей отырып, тұтас құқықтық базасы бар цифрлық активтердің Қазақстанда толыққанды экожүйесін қалыптастыруға бағытталған, – деді Ерлан Ашықбеков.
Яғни, бастамашы әрі жауапты мекемелер «крипто-карта» еліміздегі цифрлық экономика мен қаржылық технологиялардың дамуына серпін беріп, азаматтарға баламалы төлем әдісін ұсынуға жол ашатын алғышарт болатынын айтады.
Бастысы – берік құқықтық негіз
Әрине, мұндай ауқымды өзгерістер тиісті құқықтық негізсіз жүзеге аспайды. Сарапшылар да мұндай инновациялардың тиімді жұмыс істеуі үшін олардың құқықтық мәртебесі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қатаң реттеу қажет екенін ескертеді. Tengenomika мәліметінше, қазір еліміздегі крипто-операциялардың 91 пайызы – көлеңкеде.
Бұл ретте Ұлттық Банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заңнамалық түзетулер жобасын әзірлегенін мәлімдеді. Бұл түзетулер, бір жағынан, кепілмен қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің заңды айналымын кеңейтуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, қамтамасыз етілген цифрлық активтерге арналған тұрақты әрі нақты реттеуші базаны қалыптастыруға бағытталған.
Ұлттық Банктің мәліметінше. криптовалюта нарығына тән тәуекелдер жүйелі түрде талданып, ескерілген. Бұл инновациялық технологияларды, бизнес-модельдерді және токенизация құралдарын нарыққа толыққанды енгізілгенге дейін және реттеу режимін әзірлей отырып, бақыланатын ортада сынауға мүмкіндік береді.
– Қазақстанда цифрлық активтерді реттеу тәсілдерін қалыптастыру негізгі халықаралық ұйымдардың: ФАТФ, IOSCO, ХВҚ, BIS ұсынымдарын ескере отырып, сондай-ақ үздік әлемдік тәжірибелерге, ЕО-дағы MiCA регламентінің Ережесіне және дамыған цифрлық инфрақұрылымы бар елдер – БАӘ, Сингапур, Гонконг, Швейцария және басқалардың тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асырылды, – деп жазылған реттеуші мәлімдемесінде.
Нарықтың іске қосылуын жеделдету үшін ЦҚА шығаруды, есепке алуды және олардың айналымына қызмет көрсетуді ұйымдастыру үшін инфрақұрылымдық ұйым ретінде Орталық депозитарий мен Қазақстан қор биржасы секілді қаржы инфрақұрылымы институттарын іске қосу да жоспарда бар.
Айта кету керек, жобаға тек АХҚО-дан арнайы лицензия алған криптовалюта биржалары мен цифрлық активтер провайдерлері ғана қатыса алады. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың мүддесін қорғауға, алаяқтықтың алдын алуға және қаржылық операциялардың заң аясында жүргізілуіне кепілдік береді.
Карта арқылы операция жасағанда әрбір қолданушы арнайы сәйкестендіру процесінен өтеді. Бұл KYC (тұтынушыны таны) және AML (қаржы қылмыстарының алдын алу) талаптарына сәйкес жүргізіледі. Яғни, әрбір пайдаланушының кім екені тексеріліп, күмәнді транзакциялар дер кезінде анықталып, тоқтатылады.
Сонымен қатар крипто-картаға байланған әмияндар заманауи шифрлау әдістерімен қорғалған. Бұл цифрлық активтерді рұқсатсыз қол жеткізуден сақтайды. Жобаның жұмысын Ұлттық Банк пен АХҚО бақылап отырады, яғни бұл жүйе елдегі қаржылық реттеушілердің назарында тұр және заң аясында әрекет етеді.
Әйтсе де, кез келген цифрлық құрал сияқты, «крипто-картаны» қолдануда да әр адамның өз жауапкершілігі маңызды. Тұтынушы өз картасын, құпиясөзін, және мобильді қосымша деректерін қорғауға тиіс. Қосымша қауіпсіздік үшін екі факторлы аутентификация (2FA) сияқты құралдарды қолданған жөн.
Экономист Руслан Сұлтанов Economy.kz порталындағы сарапшылар бағанындағы материалында күшейе түскен криптовалютаға деген қызығушылық, халықтың осы құралдарға белсенді түрде бет бұра бастауы бұл нарықтың шетте қалмай, ерте ме, кеш пе заңдастырылатынын айқын көрсететінін айтады. Сондықтан ең дұрыс жол – біртіндеп, бірақ нақты және қатаң реттеу.
Ал тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев бұл бастаманы қолдайтынын, бірақ қазіргі реттеу тәртібі кейін заңда қайшылықтар туындатуы мүмкін екенін, сол себепті цифрлық активтерді банк туралы заңмен емес, ең алдымен Азаматтық кодекске енгізу керек екенін айтады.
Андрей Чеботарев,
тәуелсіз қаржы сарапшысы:
Өз әлеуетімізді өзіміз тұншықтырып жатырмыз
– Жалпы, Ұлттық Банктің криптовалюталарды белгілі бір деңгейде заңдастыруға бет бұрғанын құптаймын. Өйткені қазір крипта ауылға дейін жетіп үлгерді, бұл нарықты айналып өту мүмкін емес. Бірақ бір ойландыратыны, біз кейде жаһандық мәселені жергілікті тәсілдермен шешуге тырысамыз. Бұл ретте криптовалютаға қатысты барлық сұрақты «жеңіл» жолмен реттеп аламыз деп ойлау – қате.
Криптовалюта, меніңше, ең алдымен Азаматтық кодекс арқылы заңдастырылуы керек: оның нақты анықтамасы, мәртебесі мен реттелу тәртібі сол жерде тайға таңба басқандай жазылуға тиіс. Ал біз қазір оны банк туралы заң арқылы реттемекшіміз. Бұл кейін заңда қайшылықтар тудырады: мысалы, Азаматтық кодексте бірде-бір сөз жоқ, ал банк туралы заңда кенеттен криптовалютаға қатысты жеке бап пайда болады. Неге олай болып жатқанын да түсініп тұрмын, мұндай жаңа құбылысты бірден, әрі нақты сипаттап, бір заңға сыйдыру оңай емес, техникалық және құқықтық жағынан да күрделі жұмыс. Соған қарамастан, жалпы бағыт дұрыс деп ойлаймын.
Тек осы процестің сәл қарқындырақ жүргенін қалар едім. Өйткені цифрлық теңге карталары алғаш рет осыдан бір жарым жыл бұрын таныстырылды. Қазір ол карталар дайын, бар, бірақ әлі күнге дейін кез келген адам оны қолдана алмайды. Бұл – өте өкінішті. Себебі технологияның өзі өте жақсы, ал біз баяу қимылымызбен сол әлеуетті өз қолымызбен тұншықтырып отырмыз.
Бастапқыда біз шын мәнінде цифрлық теңге енгізуде әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бірі болдық. Арнайы құқықтық алаң құрдық, инфрақұрылым мен сынақ ортасын жасадық. Ал қазір сол бастаған қарқынымыздан тайып, артта қала бастағандаймыз.
Руслан Сұлтанов,
экономист,
Tengenomika жобасының авторы:
Қауіп емес, пайда әкелсін десек...
– Криптовалютаға аса сеніңкіремеймін. Себебі оның артында нақты, шынайы қамтамасыз етілген ештеңе жоқ. Бағасы үнемі құбылып тұрады, бүгін бір шарықтап кетсе, ертең күрт құлдырайды. Қарап отырсаң, бүкіл құны тек сенім мен алыпсатарлыққа негізделген. Яғни, бұл – тұрақсыз әрі сенім тудырмайтын құрал.
Дегенмен әлемдік үрдістерге көз жұмып қарау мүмкін болмай қалды. Әсіресе, Трамп әкімшілігінен бастап криптовалютаға деген қызығушылық күшейе түскен, ал бізде халықтың осы құралдарға белсенді түрде бет бұра бастауы, бұл нарықтың шетте қалмай, ерте ме, кеш пе заңдастырылатынын айқын көрсетіп отыр.
Сондықтан менің ойымша, ең дұрыс жол – біртіндеп, бірақ нақты және қатаң реттеу. Қалай десек те, бұл стихиялы дамып жатқан саланы мемлекет өз бақылауына алуы керек. Оның жолдары қандай?
Біріншіден, реттелетін арналар болуға тиіс. Яғни, криптовалютаға қатысты операциялар ашық, банктер арқылы өтіп, мемлекет бақылап отыратын жүйе қажет.
Екіншіден, теңгеге байланған стейблкоиндар шығару керек. Олар кәдімгі криптовалютадан әлдеқайда тұрақты, болжауға болатын құрал болады.
Үшіншіден, ақшаның заңсыз айналымына жол бермеу үшін AML/KYC тәртібі қатты сақталуға тиіс. Бұл әрбір транзакцияның қайдан келіп, қайда кетіп жатқанын бақылауға мүмкіндік береді.
Төртіншіден, қарапайым халықты қорғайтын механизмдер керек. Криптовалюта – өте күрделі құрал. Қателессең, бар қаражатыңнан айырыласың.
Егер осының бәрін ескерсек, пайдасы да жоқ емес. Нарық ашық болады, бұрын салық салынбай жүрген қаржы легі заңдастырылады. Мемлекет салықтан пайда көреді. Ең бастысы қаржы ағындары бақылауға алынады. Криптовалюта қолданушылар көбейсе де, елдің қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейді.
Әлемде бұған ұқсас тәжірибе бар. Мысалы, Еуропа одағы (MiCA) мен Сингапур – криптовалюта нарығын реттеу арқылы әрі инвестицияны қорғап, әрі ұлттық мүддені сақтап отырған елдер.
Қорыта айтарым: криптовалютаны мен сенімді құрал деп ойламаймын. Бірақ оны жай ғана тыйып тастау мүмкін емес болып барады. Сондықтан не істейміз? Реттейміз. Жүйелі, қатаң, ақылмен. Сол кезде ғана бұл сала елге қауіп емес, пайда әкелетін салаға айналады.
Қорыта айтқанда, цифрлық активтер саласындағы бастамалар елдің қаржы жүйесін жаңғырту үшін қажет қадам ретінде бағаланып отыр. Цифрлық қаржы құралдарын заңдастырып, реттей отырып, Қазақстан халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілетті ойыншы ретінде қалыптасуға бір қадам жақындай түседі. Жаңа сервис пен технологиялар қаржыны тиімді әрі есепті түрде басқаруға, теңгенің халықаралық орнын нығайтуға септігін тигізеді.
Дегенмен, осы бағыттағы жұмыстардың баяу жүруі өзімізге кедергі болуы мүмкін. Сондай-ақ құқықтық негіз берік болуы үшін де біраз жұмыс атқарылуға тиіс.