Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи мұраны заманауи технологиямен ұштастырып, жасанды интеллект негізінде білім беруді дамытып, зерделі ұрпақ тәрбиелеу маңызды екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Біз әлемдегі маңызды геосаяси және өркениет орталығы ретінде өз тарихи миссиямызды қайта жаңғырта бастадық.
Бұл үдерісте халықтарымыздың, соның ішінде, өскелең ұрпақтың теңдессіз рухы мен күш-қуаты шешуші рөл атқарады. Соның арқасында қазір біз алдымызға биік мақсаттар қойып, маңызды міндеттерді орындап келеміз. Сондықтан ата-бабадан қалған мол мұраны қазіргі заманның құндылықтарымен және озық технологиямен ұштастыру – маңызды.
Тарихты зерттеу дегеніміз – өткенмен өмір сүру немесе көнені көксеу емес. Ескіліктің шырмауында қалу – надандық пен қараңғылыққа апаратын жол.
Түп-тамырымызды толыққанды танып-білу арқылы ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсу қажет. Біз осы қағиданы терең түсіне отырып, жаңа Ата заңда мәдени мұраларымызды сақтауға, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға айрықша басымдық бердік. Бұл маңызды жұмысты бастап та кеттік. Мен бір апта бұрын Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым.
Баршаңызға белгілі, қазіргі заманауи технология өмірдің барлық саласына түбегейлі еніп, ауқымды өзгерістерге жол ашып жатыр. Бұл үрдіс адамзат болашағына тікелей ықпал етері анық.
Бір сөзбен, озық технология күн сайын аса жоғары қарқынмен дамуда. Бұл – ХХІ ғасырдың ақиқаты. Біз мұны жақсы түсінеміз. Сондықтан заман талабына тез бейімделе алатын зерделі ұрпақ тәрбиелеуге баса мән беріп отырмыз», – деді Президент «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумында.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биыл елімізде ЮНЕСКО-ның қолдауымен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада өтетінін мәлім етті.
«Бұл бағытта көптеген бастаманы қолға алып жатырмыз.
Биыл тамызда елімізде ЮНЕСКО-ның қолдауымен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада өтеді. Аталған білім додасына 100 елден келетін оқушылар мен студенттер қатыспақ.
Бұған қоса, елімізде «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары», «Болашақ ойындары» сияқты бірегей жобалар кеңінен дәріптелуде. Сондай-ақ осы жылы күзде Астанада тұңғыш рет AI Film фестивалі өткізілмек.
Біз жаңа цифрлық және көлік дәліздерін, мәліметтерді сақтау орталықтарын ашу үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сол арқылы Ұлы Жібек жолын жаңаша сипатта жаңғыртып, көне ғасырлардағы әйгілі кітапханалардың заманауи нұсқасын ұсынуға мүмкіндік туады. Бұл, шын мәнінде, дәстүр мен жаңашылдық үйлесім тапқан озық заманның көрінісі болмақ», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Алтын Орданың сан қилы тарихы мен тағдыры мемлекеттердің күш-қуаты түрлі мәдениеттерді нәтижелі гуманитарлық және саяси серіктестіктің бірыңғай жүйесіне біріктіре алуынан көрінетінін еске салады.
«Қайталап айтамын: тарихтың дәрістері дамуға бет алған болашақпен үндескенде ғана өркендеу жолына түсеміз.
Бұл орайда, Алтын Орданың сан қилы тарихы мен тағдыры мемлекеттердің күш-қуаты түрлі мәдениеттерді нәтижелі гуманитарлық және саяси серіктестіктің бірыңғай жүйесіне біріктіре алуынан көрінетінін еске салады.Осы стратегиялық бағытты ұстана отырып, Қазақстан түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын белсенді түрде дамытуды, аймақ елдерінің экономикалық және технологиялық әлеуетін нығайту үшін Еуразия кеңістігіндегі өзара ықпалдастық идеясын жан-жақты ілгерілетуді жан-жақты қолдайды.
Мысалы, 2025 жылы ШЫҰ саммитінде «ТрансАлтай диалогы» бастамасын көтердім. Бұл идея Ресейдің «Алтай – түркілердің ата қонысы» тұжырымдамасымен үйлеседі», – деді Президент.