Қазақтың ақбас сиырын әлемге қалай танытамыз?

Өткен ғасырда қазақ  даласында бри­тан­дық герефорд бұқасы мен қалмақтың ірі қарасын будандастыру арқылы қазақтың асыл­тұқымды ақбас сиыры пайда болды.  Бұ­қасы орта есеппен 800-900 келі, сиыры 450-500 келі тартатын тұқымды халық «құтты мал» деп атаған.

Қазақтың ақбас сиырын  әлемге қалай танытамыз?

Е.Лискун, А.Ланин сынды зерттеушілер Ре­сей базарларында қазақы сиыр етінің жо­ғары бағаланғанын, «черкес еті» деген атпен та­­нылғанын жазады. Сол тұста ақбас сиыр қа­­зақ даласында жеткілікті мөлшерде өсіріліп қа­­на қоймай, Ресей нарығын түгел жаулаған де­седі. Олардың саны 1950 жылы 388 мың бас бол­са, 1970 жылдардың ортасында 1 млн 300  мың­ға жеткен. 1991 жылы Қазақстанда олардың саны 1 млн 500 мың болған. Өкінішке қарай, ақбас сиыр тұ­қы­мы құрып кете жаздады. Экономикалық тұрақ­сыз­дық кезеңінде көптеген мал басы пышақ ас­тына түсті. Нарықтық өтпелі кезең, шаруа­шы­лық­тар­дың жекешелендіруге өтуі, асыл тұқымға көңіл бө­лінбеуі салдарынан 2010 жылға қарай олардың саны 75 мың­ға дейін азайып кетті. Бұл асылтұқымды шаруа­шы­лықтарға да зиян келтірді. Мал басы санын кө­бейту, даму үшін бірнеше жылдар қажет болды. Осы мақсатта 2011 жылғы наурыз айында Қазақтың ақ­бас тұқымды ет тұқымдарының қауымдастығы не­гізін қалады. 2012 жылы қауымдастық қазақ ақ­бас тұқымының Республикалық палатасы болып қай­та құрылды. 
 

Ақбас сиыр саны – 637 мың!


Бүгінде мал шаруашылығын жандандыру мақсатында атқарылған жұмыстардың ар­қасында елімізде аталған мал басы саны ша­мамен 637 мыңға жетті. Ақбас тұқымының үлес салмағы елдегі барлық ет тұқымдарының 60 пайызын құрап отыр. Оны өсірумен 17 713 шаруа­шылық айналысады, онда барлығы 423 041 асылтұқымды мал ұсталады. Ақбас сиыр Батыс Қазақстан облысында, сондай-ақ елдің шы­ғысында таралған. 
Бұрнағы жылдары ақбас сиыр басын кө­бейту мәселесіне депутаттар үн қосқан бо­ла­тын. Бұл бағыттағы жағдайдың ауыр­лы­ғын ескеріп, Парламент депутаттары Үкіметке «Қа­зақтың ақбас сиыры» деген жеке бағ­дар­ла­ма қабылдауды ұсынғаны есімізде. Халық қа­лаулылары шетелден келетін мал өзіміз­ді­кі­не қарағанда 2-3 есе қымбат екеніне ашын­ған болатын. Өйткені шетелден сатып алын­ған бір бас ірі қараның субсидиясы – 300 мың теңге, ал елімізде өсірілетін асылтұқымды ірі қа­ра үшін екі есе төмен ақша беріледі. Бұл оның құнының 25-30 пайызын ғана құ­райды. Алайда Үкімет бұл бағдарламадан бас тартып, «қазақтың ақбас тұқымы туралы ар­найы бағ­дар­лама қабылдау мақсатқа сай емес» деп мә­лімдеді. 
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын­да Қа­зақстанды Еуразия құрлығын­да­ғы басты аграрлық орталықтың біріне ай­налу керек екенін атап өтті. «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп ке­­шенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті ора­сан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз», – деді Пре­зи­дент. 
Осыдан 3-4 жыл бұрын Қазақстанда асыл­тұқым­ды ұрға­шы ірі қара мен ұсақ малдың экс­пор­тына уақытша тыйым салынған бо­ла­тын. Министр­лік мұндай өзгеріс­тер таяу жыл­дары қа­зақстандық мал ба­сын сақтап ұл­ғай­туға, отандық ет ком­бинаттарын қо­лай­лы бағада сапалы ши­кізатпен қамтамасыз ету­ге және дайын өң­дел­ген өнімнің өндірісі мен экспортын арттыруға мүм­кіндік беретінін мә­лімдеген болатын. Осы орай­да тірі малды экс­порттауға енгізген мора­то­рий елдегі мал ба­сы мен ет өнімінің көле­мі­не қалай әсер ет­кені туралы Ақбас тұқымы рес­публикалық па­латасының атқарушы ди­рек­торы Бақтияр Өтелбаевтан сұраған едік. 
– Қазақстан бойынша асылтұқымды малдың жағдайы қиындау. Бұған алдымен ауа райы, құрғақшылық, екінші жағынан мем­ле­кет тарапынан толықтай қолдаудың болмауы әсер етіп отыр. Субсидия бағдарламасы 4 жыл­да 5 рет өзгерді. Сырт елдерге тірі малды са­туға тыйым салынды, экспортталатын мал­дың бірнеше түріне квота бекітілді. Соңғы кез­дері квота санын көбейтіп жатыр, алайда бұл мәселені шешуге өзгеріс әкелген жоқ, – дейді. 
Палата жетекшісі экспортқа тыйым салынғаннан кейінгі динамикалық көр­сеткіштер аналық мал бас саны азайып бара жатқанын көрсетеді деп отыр. Керісінше, шет­елге мал сатуға шектеу қойылмаған кезде асыл­тұқымды аналық бастар саны көбейген. Мал­ды сыртқа сатуды тоқтатсақ, санын кө­бей­теміз деген мақсат оң нәтиже бермей отыр. Сон­дықтан бұл қазір шаруаларға тиімсіз биз­неске айналған жайы бар. Фермерлердің де қызығушылығы төмендеген. Өйткені «Сыбаға» бағдарламасы жабылды. Бүгінде оған ұқсас бағ­дарлама болғанымен, мөлшерлемесі жоға­ры және кепілдіктер қажет. Осы орайда ақбас сиыр өсіріп отырған шаруалар экспортқа са­лын­ған тыйымды алса, саланың тынысы ашы­лар еді дейді. 

Сүтінің майлылығы – 4,8 пайыз


Жыл он екі ай күтімін жасап, бап­тай­тын фер­мерлер ақбас сиырдың тез өсе­ті­нін, басқа малға қарағанда салмақты жақсы жи­най­ты­нын айтады. Ақбас сиыр көнбіс ке­леді, тал­ғам­паз емес, күй таңдамайды, жем­шөбі аз жер­­­лерде де салмақ жинай береді. Тәу­лігіне 1-1,5 кг салмақ қосады. Алғашқы төл­деу жасы – 15-18 ай. Туғаннан кейін 8 ай­дан соң олар­дың салмағы орта есеппен 220-270 кг-ға же­те­ді. Ауруға да төзімді, температура ыс­тықтан суық­қа күрт өзгерсе де қыңқ ет­пей­ді. Ақбас тұ­қымы еліміздің ең ыстық, ең құр­ғақ аймақ­тарында аптап ыстықта да еркін жайы­лады. Қа­таң климаттық жағдайға да шы­­­дамды. Сон­дай-ақ ақбастар жақсы жайы­ла­ды, айдауда ұзақ қашықтықты оңай жүріп өте­ді және көп уақыт сусыз жүре алады. Ақ­бас­тың күтіміне сабан, шөп, минералдар мен тұз жеткілікті. Қосымша азықтандыруды қа­жет етпейді, со­ған қарамастан еті семіз, дәмі ерек­ше. Бұл­шы­қет арасындағы май қабат­тары­ның арқасында ақбас еті өте шырынды. Жы­лына бір сиыр ор­та­ша есеппен 1,5-2 тонна сүт береді. Сүтінің май­лылығы 3,8-3,9 пайыз, тіп­ті кей жағдайда 4,8 пайызға жетеді.
Соңғы жылдары елімізде орын алған құрғақшылық ақбас сиыр тұқымының ар­­тықшылығын көрсетті. Бұл сиырдың Қа­зақ­станнан тыс жерлерде де танымал болуына ық­пал етті. Әлем бойынша етті бағыттағы көш­­­басшы ел Аргентинаның фермерлері ақ­бастың тұқымын сатып алуға құмартып отыр. Аргентинада да біздің оңтүстік аймақты еске түсіретін жайылымы тапшы аймақтар бар. Әлем­дегі танымал деген сиыр тұқымдары ол жер­ге жерсіне бермейді екен. Ал біздің ақбас сиыр ол жақта елде жайылғандай емін-еркін жайы­ла алады. Ақбас тұқымын шетелге сату­дан қыруар қаржы түседі деп айту қиын. Десек те, бұл елдің имиджіне оң әсер етіп, қазақ брен­дін танытуға ықпал етеді, сонымен қатар ел­дегі мал шаруашылығы үшін үлкен жетістік бо­лар еді. 
Бақтияр Өтелбаев Палата халықаралық дең­гейге шығып, әлемдік съездер өткізуге ниет­ті екенін жеткізді. Мәселен, Өзбекстан, Қыр­ғыз Республикасы, Әзербайжан елдері ақ­бас сиырды сатып алуға және өсіруге үлкен қы­зығушылық танытып отыр. Бірақ әзірге Қа­зақстаннан аналық мал басын әкетуге тыйым салу бұған кедергі болып отыр. 
Алайда экспортқа салынған тыйым ақбас мал басы санын өңірлерде жоспарлы түрде кө­бейтуге еш кедергі емес. Бүгінде Палатаға 866 шаруашылық мүше. Палата қайта құрыл­ған 2012 жылы асылтұқымды мал саны 88 мың болса, бүгінде асылтұқымды мәртебесі бар мал басы саны 422 мыңға жетті. Яғни, ақ­бас сиыр саны 11 жылдың ішінде 8 есе өс­кен. Бұл жерде мал басы санын айтқанда ес­ке­ре кететін бір жағдай бар. Елімізде ақбас сиыр саны 637 мыңға жуық дедік. Ал Респуб­ли­калық палатадан асылтұқымды мәртебесін алған ақбас сиыр саны – 422 мың. Бұлар тұ­қым­дық қайта құруға қатысады. Мәселен, шаруа қолындағы аталық пен аналықтан ту­ған төлді етке өткізетін болса, оны Палатаға тір­кемейді, асылтұқымды мал мәртебесін ал­майды. Бұл – бордақылауға және союға жос­парланған жануарлар.  

Ең қымбат бұқа – 1,5 млн теңге


Қазақтың ақбас тұқымының Рес­пуб­ли­ка­лық палатасының бұл бағытта өз ұсынысы бар. Шаруалардың аналық басқа бірдей кө­лем­де квота беріп, шетелге сатылса деген тілегі аяқ асты қалмаса дейді. Сондай-ақ субсидия алу бағдарламасының ережесіне өзгерістер ен­гізу керек дейді палата мүшелері. Өйткені заң­ның бір-біріне қайшы келетін тұстары бар. Мем­лекет тарапынан арнайы ұсыныстар бол­са жұмыс істеуге, талқылауға, ортақ келісімге келуге дайын екендерін жеткізді. 
2021 жылдан бастап Палата мал өсірумен ай­налысатын шаруашылықтарды санат бойын­ша бөлуді енгізді. Барлығы төрт санат бар. Бірінші санаттағы бұқаларды сатуға тек бірін­ші санаттағы шаруашылықтар құқылы. Бұл – асылтұқымды жұмыста қолданылатын жануарлар. Мұндай шаруашылықтар саны – 53. Оның 15-і – Батыс Қазақстан облысына тие­сілі. Мысалы, шілде айында Jana Dala/Green Day 2023 мамандандырылған халық­ара­лық көрме-көрсетілімі аясында өткен аук­ционда бірінші санатты бұқалар 1,5 млн тең­геден сатылды. Ал қарапайым бұқа 300 мың теңге тұрады.
– Біз селекциялық асылтұқымды жұ­мыс­тар­ды біреуге сеніп тапсыра алмаймыз, сон­дықтан фермерлердің күш-жігері керек. Се­лек­циялық-асылдандыру жұмыстарын сауат­ты жүргізуге цифрлық технологияларды пай­­­далану көмектеседі. Қазақ ақбас тұқымы Рес­публикалық палатасы қазірдің өзінде Intergado және Vitely атты екі жүйені енгізді. Оларды асылтұқымды шаруашылықтарда қол­дану бұқалардың ең жақсысын анықтауға көмектеседі. Яғни, датчиктердің арқасында жүйе­лер бұқашықтың қанша жем жегені, қан­дай салмақ қосқаны туралы деректерді тал­дау­ға мүмкіндік береді. Палата бұл бағыттағы жұ­мыстарды қадағалап отыр. Қазақтың ақбас тұ­қымы біздің ұлттық брендіміз екенін тү­сінетін шаруашылықтарға ризамыз. Ортақ мін­дет – ақбас сиырдың генетикасын сақтау және үздік өндірушілерді насихаттау. Маған Қазақ ақбас тұқымы республикалық палатасы бұл брендті тек біздің еліміздің аумағында ға­на емес, шетелде де насихаттайтыны өте ұнай­ды. Біздің мақсатымыз – асылтұқымды мал­ды шетелге сатуды бастау, – дейді Бақтияр Бақытжанұлы. 
Республикалық палата селекциялық жұмыстарды да атқарып жатыр. Гене­ти­калық селекция жұмысымен айналысып отыр­ған шаруалар ақбас тұқымын жетілдіруді, сол арқылы нарықтық экономикада бәсекеге сай болуын мақсат етіп отыр. «Мемлекет ақбас сиыр­ды шетелге шығаруға рұқсат етсе, қазақ­тың төл малын көрші елде ғана емес, алыс шетелдерге де танытушы едік», – дейді палата жетекшісі. 
Ақбастың төлдері де тез аяқтанып кетеді. Жемшөптің кез келген түрін жей береді. Мал шөбі тапшы жайылымдарда және қосымша жем­шөбі аз болып, пішен мен сабаннан бас­қасын күйсемесе де, ақбас сиырдың күйі кете қой­майды. Ең бастысы, еті мол болғандықтан, шаруаның еңбегі өтеледі. Ақбас сиырлардың сүті аздау болғанымен, құнарлылығы мен май­лылығы жоғары. Әрине, шаруашылықты ұйым­дастырудың өзіндік қиыншылықтары да, қолбайлау болатын тұстары да баршылық. Мә­селен, сүтті бағыттағы сиырға қарағанда ет­ті бағыттағы сиырды бағу оңайырақ. Алайда етті бағытта мал өсіретін шаруалар күн сайын, ай сайын табыс таба алмайды. Төлін өсіріп, ба­ғып жылына бір рет қана сата алады. 
Қазақстанда мал басын көбейтудің ұлт­тық бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Ол бойын­ша 2018-2027 жылдар аралығында ірі қара санын қазіргі 7 миллионнан 15 миллион­ға, қой санын 18 миллионнан 30 миллионға жет­кізу көзделген. Ал ірілі-уақты мал етінің жыл­дық өндіріс көлемін қазіргі 600 мың тон­надан 1,1 миллион тоннаға артуға тиіс. Бұл жоспардың қаншалықты орындалып жатқаны туралы Бақтияр Өтелбаевтан сұрағанымызда: «Бұл талап қалай орындалатыны белгісіз. Ты­ғы­рыққа тірелген шаруашылықтар жабылуда, өйткені олардың мәселесі шешілмеген. Дәл осын­дай қарқынмен біз бұл мақсатты орын­дай алмаймыз», – деп тура кесті. 
– Қазақтың ақбас бренді тұқымымен біз жұ­мыс істемесек, бізден басқа мемлекет жұ­мыс істемейді. Сол себепті біз басқа мем­ле­кет­терге қарап отыра алмаймыз, өз күшімізбен се­лекциялық жұмыстарды жасауымыз керек. Өйткені бұл тұқым барлық жағдайға бейім. Шығыны аз, өнімі мол. Берекелі бизнес. Әсіре­се, климаттық өзгеру, құрғақшылық, азық-тү­лікпен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болған тұс­та ақбасты өсіру пайдалы болмақ. Мал басы санын көбейтіп, Ресей мен Қытай нарығын жаулауға мүмкіндік бар. 
Үкімет шаруалардың ұсыныс-пікіріне құ­лақ асады деп сенеміз.