Әлем таныған математик

Әлем таныған математик

Әлем таныған математик
ашық дереккөзі

Ғибратты ғұмыр кешіп, елінің ғылыми, рухани-мәдени, саяси-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азаматтардың жарқын бейнесі уақыт көшінде сәулелене беретіні тарихи заңдылық. Математика ғылымында жаңа бағыттың пайда болып, оның дамуына өзінің қосқан үлесімен, ұйымдастырушылық қызметімен, білім беруге қосқан еңбегімен ел есіндегі абзал жандардың бірі – Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Төлеубай Ыдырысұлы Аманов. Төлеубай Ыдырысұлы Аманов 1923 жылы 25 тамызда Семей қа­­­­ла­сына іргелес, Ертіс өзенінің жа­ға­лауына жақын орналасқан Құр­ман­қожа ауылында өмірге келді. Әке­сі – Ыдырыс Иманбайұлы жұмсақ мі­незді, қайырымды, еңбекшіл, қара­пайым, момын шаруа адамы болса, ана­сы – Бақыт иман жүзді, парасатты, дас­тарханы жиналмайтын қонақ­жай, адамгершілігі мол, сыпайы жан болған. Төлеубай Ыдырысұлының, оны­мен үзеңгілес ғалымдардың еңбегін біз­дің еліміздегі ғылымның даму та­­­рихында алатын орны ерекше. Бі­рін­шіден, бұл кезең Республикамызда оқу-ағарту және ғылым жүйелерінің қа­лыптасуы мен даму дәуіріне дәл ке­леді. Сонымен қатар сол кездегі ұр­пақ­тың өзіне тән рухы – білімге құш­тарлық және оны халық ара­сын­да кең тарату еді. Екіншіден, бұл – ұр­пақ­тың балалық және жастық ша­ғы­на ауыр сынның түскен кезі. Осы жас­та ашаршылық пен соғыс қасі­ре­тін бастан кешкендердің бойында ауыртпашылықтан пісіп-жетілген жі­герлілік, еңбекқорлық қасиеті мәң­гі сақталды. Т.Амановтың өмір жолы мен қызметін оқып зерттеуде оның да бойында осы қасиеттердің бар еке­ніне көзіміз жетеді. Семей педагогикалық институ­тында еңбек еткен 1944-1968 жыл­дар аралығында Төлеубай Ыды­рыс­­­ұлы жоғары математика кафед­ра­сы­ның меңгерушісі, физика-ма­те­ма­тика факультетінің деканы, инс­ти­тут­тың оқу және ғылыми жұмыстар бойын­ша директордың орынбасары (про­ректоры) қызметтерін атқару бары­с­ында жастарға білім беру мен ғы­лымға баулуда еліміздегі іргелі оқу ор­нының болуына үлкен үлес қосқан ға­лым. Осы факультетте қазақ кадр­лары «жоқтықтан» жабылып қалған қазақ топтарын 1957-1958 жылдары қай­тадан аштыруы, онда білім бере­тін, ғылыммен шұғылдануға бейім қа­зақ жастарын облысымыздың әр же­рі­нен жұмысқа шақырып, олардың ғылыми дәрежеге жетуіне жағдай жасауы Төлеубай Ыдырысұлының қол­дан жасалған орыстандыруға қар­сы тұрған ерлігі, үлкен ұлтжан­ды­лығы деп есептеймін. Бұл жас кадр­лар Қажи Нұрсұлтанов, Абылай­хан Ахметжанов, Сләмшайық Рах­мет­­жанов, Болысбек Базарханов, Са­мат Әлиұлы болса, кейіннен Са­ғи­долла Шаяхметов, Гафиза Нақыш­бе­кова, Ерғали Есенжолов сынды бо­лашақ математик ғалымдармен то­лық­тырылды. Ал келесі жылы Се­мей пе­дагогикалық институтының та­ри­хында тұңғыш рет барлық са­бақ­тары төл тілімізде оқытылатын толыққан­ды қазақша физиктер тобын аш­қызды. Жер жаһандағы ең үздік шы­ғар­­машыл математик­тер төрт жылда бір бас қосып отыратын дүр­кінді мәслихаттық жиналым бар. Оны «Бүкіл дүниежүзілік матема­тик­тер конгресі» деп атайды. Тұңғыш мұн­дай конгресс 1897 жылы Цюрих қа­ласында өткен. Екінші дүние­жү­зілік соғыстан кейін алғаш ұйым­дас­ты­рылған тоғызыншы конгресс Кем­бриджде болған. Дүниежүзі ма­те­матиктерінің он үшінші конгресі 1966 жылы Мәскеуде өтті. Осы конг­рес­ке Қазақстаннан жалғыз семейлік Тө­леубай Ыдырысұлы ғана қатысып, «Сыйыстыру және жалғастыру тео­ре­малары» деген тақырыпта баяндама жа­сады. Осы баяндама Төлеубай Ыды­рысұлының докторлық еңбегіне ір­гетас және өзекті арқау болғаны анық. Төлеубай Ыдырысұлынан бұ­рын аталған конгреске қатысып, баян­дама жасаған қазақстандық ма­тематик ғалымның есімі бізге бей­мә­лім. Сондықтан Төлеубай Ыдырыс­ұлын әлемдік математика деңгейіне тұң­ғыш көтерілген бірегей қазақ ға­лымы деп бағалаймыз. Төлеубай Ыдырысұлы «Аралас туындыдағы функциялар кеңіс­тігіндегі енгізу теориясын» құру жө­ніндегі және олардың эллипс тип­ті теңдеулерін шектік есептерді ше­шу­ге қолданылуын дамытты, «О.Бе­сов кеңістігінің» элементтерін анық­тау туралы тура және кері теорема­лар­­ды ашты. 1967 жылғы Сібір сапарынан ұзақ түндер мен күндер көз майын тауыс­қан «Аралас туындысы басым ке­летін функциялар кластарының өзін­дік қасиетін зерттеу» атты ғы­лыми жұмысы аса жоғары бағаланып, фи­зика-математика ғылымдарының док­торы болып, еліне мерейі өсіп қайт­­ты. Осы сапары жөнінде өзінің шә­­­­кірті әрі туысы профессор Абы­лай­­хан Ахметжанов «Мен 1967 жылы Тө­леубай Ыдырысұлының Ново­си­бирскіде өткен докторлық диссерта­ция­сын қорғау рәсіміне әдейілеп бар­дым. Төкен аға әлемдік матема­ти­ка тарихына енген бұл еңбегін 15-ақ минуттың ішінде қорғап шық­ты. Тақтаға бұрыш-бұрышты сызып жі­беріп сөйлей жөнелгенде зал іші құ­лаққа ұрған танадай тым-тырыс қалыпқа еніп, ширек уақыттан соң ду қол шапалаққа ұласып кетті. В.Ильин, Я.Бугров, С.Никольский сияқ­­ты әлемдік математика тарлан­дары жас докторға орындарынан тұ­рып құр­мет көрсетті. Сондағы ұста­зым­ның қарапайым да жарқын бейнесі жү­регімде мәңгі сақтаулы» деген еске алуы 90 жылдық мерей­тойға арнал­ған халықаралық кон­ференцияның ал­ғы сөзінде кел­тіріл­ген. Бұл кон­фе­ренцияны университет ректоры, про­фессор Шәріпбек Аға­байұлы Әмір­­­беков халықаралық деңгейде ұйым­дастырып, сәтті өтуіне үлкен бас­шылық жасады. 1968 жылы Қазақ ССР Ғылым ака­демиясының математика және ме­­ханика институтының дирек­то­ры­ның орынбасары жұмысына ауы­сып, функциялық анализ тео­рия­сы бө­лімінің меңгерушісі болды. Со­ны­мен қатар С.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінде диф­фе­ренциалдық теңдеулер кафед­ра­сының меңгерушісі қызметін атқар­ды. Алматыға келісімен қазақ жаста­ры­ның ғылымға бет бұруына үлкен ық­пал етті. Бұл жөнінде жоғарыда ай­тылған халықаралық кон­фе­рен­ция­лардың жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылып, өткізілуіне ерекше үлес қосқан физика-математика ғылым­дарының докторы, профессор Есмұ­хам­бет Смаилов ағамыз өз естелігінде мы­нандай дәлел келтіреді: «Төлеубай аға­мыз ұйымдастырып өткізген екі үл­кен ғылыми форум – еліміздің ма­­­тематика ғылымының жаңа са­тыға көтерілуіне көмектескен өте маңыз­ды шаралар болды. Біріншісі – 1973 жы­лы қыркүйек айында өткен функ­ционалдық кеңістіктердің қамту тео­риясына арналып өткен бүкіло­дақ­тық симпозиум. Екіншісі – 1976 жы­лы қазан айында өткен функ­цио­нал­дық анализдің дифференциалдық теңдеулерге қолданылуына арналған «Совет және Чехославакия матема­тик­терінің кеңесі» деп аталатын ха­лық­аралық конференция. Төлеубай ағаның шақыруымен Одақтың же­тек­ші математик ғалымдары түгелге жуық келді десе де болады: С.Соболев, С.Ни­кольский, Л.Кудрявцев, О.Бесов, П. Лизоркин, Я.Бугров, И.Киприянов, С.Успенский, М.Потапов, П.Ульянов, С.Крейн, Е.Семенов, П.Соболевский, В.Солонников, М.Тиман, В.Маслен­ни­кова, А.Тайманов, О.Олейник және т.т. Қазақстан математиктері Одақ­тың көптеген ғалымымен танысып, ғы­лыми мақалалары мен мекенжай­лары­мен ал­масып, болашаққа пай­да­лы твор­чес­тволық баланыстар ор­натты». Төлеубай Ыдырысұлы туған елі­­нің, өзі өсіп шыққан С.Ни­ко­­льскийдің ғылыми мектебінің мәр­тебесін арттырып отыруды ұмыт­пай, ұрпақ сабақтастығын дәріптеп, адал­дықты ту етуі бізге үлкен өнеге. Адамгершілігі зор, мансапқор­лық­пен қаны қас, өзінен кейінгі буын­ға саясы мол, математика ғылы­мы­ның дамуына қосқан сүбелі үлесі бар ғалымның өмір жолы мен еңбек­те­рін жас ұрпаққа жеткізу мақса­тын­да атқарылып жатқан іс-шаралар ауқымы уақыт өткен сайын кеңейе тү­суде. Семей қаласының Шәкәрім атын­дағы мемлекеттік универ­си­те­тін­де, оның ішінде өзі іргетасын қа­ла­ған факультетте үлкен іс-шаралар жүр­гізілуде. Семей қаласының ор­та­лық көшелерінің біріне профессор Т.Аманов есімі берілді. Төлеубай Ыды­­­рысұлы ғылым кандидаты болып қыз­мет еткен және кейіннен ғылым док­торы дәрежесін алған шақ­та­рын­да тұрған үйге мемориалдық тақта ор­натылды. Қаламыздағы №16, өзі туып-өскен Құрманқожа ауы­лын­да­ғы Петропавловка орта мектеп­те­рі­не Т.Амановтың есімі беріліп, өзімен қызметтес болған ұстаздар, профес­сор­лар Қажи Нұрсұлтанов, Абылай­хан Ахметжанов, доценттер Сағи­дол­ла Шаяхметұлы, Сләмшайық Рах­­­метжановтардың кеңестері не­гізінде ғалымның музейі ашылды. Му­зейді қызы Нұргүл Төлеубай Ыды­рысұлының ғылыми-әдістемелік ең­бектерімен, құжаттармен, қол­дан­ған жеке заттарымен толықтырды. Университетте физика-мате­ма­тика ғылымдарының кан­ди­даты, доцент О.Жолымбаевтың ұйым­дастыруымен 15 жыл бойы мек­теп оқушылары арасында мате­ма­­­тика және информатика пәнде­рі­нен Төлеубай Ыдырысұлы Аманов атын­дағы аймақтық олимпиада ұйым­дастырылып, өткізіліп отырды. Т.Ама­нов атындағы дәрісхана ашыл­ды. Ғалымның өмір жолы тек қана математиктер қауымына ғана емес, бар­ша ұрпаққа үлгі болсын деген ниет­пен «Жарқын бейне. Светлая лич­ность» атты естелік жинағы көп­шілік оқырманға ұсынылды. Бұл ес­те­лік кітапты ұрпақтары бірнеше рет қайта басып шығарды. Әлем таныған ма­те­ма­тик Тө­леу­бай Ама­новтың 100 жыл­дық тойына ар­­­­­­­­­налған халықаралық кон­ферен­ция­ны еліміздің жетекші ма­­те­ма­тик­тері тоғысқан, функ­ция­лар теориясы жә­не функционалдық анализден ғы­­лыми мектеп қалыптас­қан Еура­зия ұлттық университетінде ұйым­­дас­тырып, жоғары деңгейде өт­кізген уни­верситет ректоры Ерлан Бәт­­таш­ұлы Сыдыковқа, барша ға­лым­ға ри­за­­шылығымыз шексіз!

Гүлназ Берікханова, Физика-математика ғылымдарының докторы, Шәкәрім университетінің профессоры