Технологиялық кәсіпкер Әлібек Полатовтың жолы осы үдерістің қалай жүретінін көрсетеді. Жастайынан математикаға қызыққан ол Мәскеу мемлекеттік университетінің есептеу математикасы және кибернетика факультетінде білім алып, жүйелік бағдарламалау саласының маманына айналған. Алғашқы кезеңде оны код жазу, күрделі жүйелер құру және технологиялық міндеттерді шешу қызықтырған. Кейін инженерді басқа сұрақ қызықтырған: жасалған технология нақты кімнің мәселесін шешеді және оның экономикалық құндылығы неде?
Бұл сұрақ оны технология кәсіпкеріне айналдырды. Оның командасы Oraclus стартапын іске қосып, жобаға шамамен 400 мың доллар инвестиция тартты. Алайда кейін стартап жабылды. Сырт көзге бұл сәтсіз аяқталған жоба болып көрінуі мүмкін. Бірақ Полатовтың өзі осы тәжірибені кәсіпкерлік жолындағы ең маңызды қадамның бірі санайды. Оның айтуынша, бірнеше жылдық еңбек пен инвестицияның өзі өнімнің нарықта сұранысқа ие болатынына кепілдік бермейді.
Осы тәжірибеден кейін оның технологияға деген көзқарасы өзгерді. Бұрын инженер үшін «қандай технология жасай аламыз?» деген сұрақ бірінші орында тұрса, кейін «клиенттің қандай мәселесін шешеміз?», «оның экономикалық әсері қандай?» және «клиент бұл шешім үшін ақы төлеуге дайын ба?» деген мәселелер толғандырған. Полатовтың пайымынша, мықты технология жасау мен жүйелі бизнес құру – екі бөлек міндет.
Бұл – қазіргі стартап экожүйесінің негізгі қағидаларының бірі. Ғылыми жаңалықтың немесе технологиялық шешімнің құндылығы оны нақты өмірде қолдануға болатындығымен өлшенеді. Ал инвестиция үшін технологияның өзі ғана емес, оның нарықтағы сұранысы, экономикалық әсері және тұрақты бизнес-модель құру мүмкіндігі маңызды.
Полатовтың бүгінгі жұмысы да осы ұстанымға негізделген. Ол SHAI жобасы арқылы корпоративтік AI-агенттерді бизнес процестеріне енгізумен айналысады. Мақсаты айқын: жаңа жасанды интеллект моделін жасап, әлемдегі технологиялық алпауыттармен жарысу емес, керісінше, дайын технологияларды нақты компаниялардың жұмысына бейімдеп, одан тұрақты пайда табу.
Оның айтуынша, қазір жасанды интеллектке қызығушылық өте жоғары. Бірақ бизнес үшін «бізде AI бар» деген сөздің өзі жеткіліксіз. Кәсіпкерлік орта үшін маңыздысы – сол технология компанияға нақты қандай пайда әкелетіні. Сондықтан стартаптың құндылығы оның технологиялық ерекшелігінен бұрын, клиенттің мәселесін қаншалықты тиімді шеше алатынымен анықталады.
Мысалы, корпоративтік AI қарапайым чат-боттан өзгеше. Ірі компанияларда ондаған мың ішкі құжат, келісімшарт, қаржылық есеп, техникалық материал мен ішкі регламент болады. AI-агент осы ақпаратқа рұқсат деңгейіне сәйкес қол жеткізіп, қажетті құжатты тауып, нақты сұраққа жауап бере алады. Мұнда жасанды интеллектінің өзімен қатар деректер қауіпсіздігі, жүйелерді интеграциялау, рұқсат деңгейлері мен бизнес-логика да маңызды.
Мұндай шешімдердің экономикалық тиімділігі де нақты есеппен өлшенеді. Полатов компанияның AI-ға жай ғана «чат» үшін ақша төлемейтінін айтады. Клиент белгілі бір процестегі қателікті, уақытты немесе қол еңбегін азайтатын шешім үшін төлейді. Мәселен, қандай да бір процесс компанияға жылына 100 миллион теңге шығын әкелсе, технология сол шығынды 30 миллион теңгеге дейін қысқартқан жағдайда, оның экономикалық мәні айқын болады.
Осы тұрғыдан алғанда, технологиялық стартаптың инвестициялық тартымдылығы да айқындала түседі. Инвестор үшін ғылыми идеяның әдемілігінен бұрын оның қандай мәселені шешетіні, нарықтағы қажеттілігі және экономикалық қайтарымы маңызды.
Қазақстан үшін мұның тағы бір маңызды қыры бар. Жергілікті стартаптар әлемдік технологиялық компаниялармен міндетті түрде бір алаңда бәсекелесуі шарт емес. Полатовтың пікірінше, Қазақстандық компаниялардың артықшылығы жергілікті контексті жақсы түсінуде болуы мүмкін. Мұнда қазақ және орыс тіліндегі құжаттар, Қазақстан заңнамасы, деректерді сақтау талаптары, компаниялардың ішкі жүйелері мен жергілікті бизнес процестері ескеріледі.
Бұл фактор технологиялық кәсіпкерлік үшін жаңа мүмкіндік қалыптастырады. Әлемдік компаниялар әмбебап өнім жасауға ұмтылса, жергілікті стартап нақты бір елдің немесе белгілі бір саланың ерекшелігіне бейімделген шешім ұсына алады. Яғни, Қазақстанда технологиялық өнім жасау үшін міндетті түрде әлемдік алпауыттардың тікелей көшірмесін жасау қажет емес. Нақты жергілікті мәселені шешетін өнімнің өзі нарыққа шығатын жобаға айналуы мүмкін.
Полатовтың жеке тәжірибесі де осының бір мысалы. Бір жағынан, оның алғашқы стартапы инвестиция тартып, кейін жабылды. Екінші жағынан, сол жоба кәсіпкерге технологияны бизнес қажеттілігінен бөлек қарастыруға болмайтынын көрсетті. Енді ол жаңа жобасында алдымен клиенттің мәселесін анықтап, оның экономикалық әсерін есептеп, содан кейін ғана технологиялық шешім ұсынуға мән береді.
Бұл жерде ғылым мен кәсіпкерліктің түйісетін тұсы да бар. Университетте алған математикалық және инженерлік білім тек зертханада немесе академиялық ортада қалмай, нақты өнімге айналуы мүмкін. Ал технологиялық өнім өз кезегінде инвестиция тартуға жол ашады. Ол үшін ғылыми немесе инженерлік идеяны нарықтың талабымен ұштастырып, тұтынушыға нақты құндылық ұсыну қажет.
Стартаптың өсуі тек жаңа технология жасаумен шектелмейді. Ол үшін инженер, зерттеуші, бизнес маманы, инвестор және клиент арасындағы байланыс қажет. Полатовтың Oraclus-тен кейінгі тәжірибесі де технологиялық кәсіпкерлікте нарықты түсінудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Жасанды интеллектінің дамуы бұл процесті одан әрі жеделдетуі мүмкін. Полатов алдағы 3-5 жылда барлық мамандықтарға сұраныс бірден азаймайды деп есептейді. Оның пайымынша, алдымен мамандықтардың ішіндегі жекелеген міндеттер автоматтандырылады. Заңгер, аналитик немесе бағдарламашы өз жұмысын жалғастыра береді, бірақ құжаттарды іздеу, ақпарат жинау немесе кодтың бір бөлігін дайындау сияқты қайталанатын міндеттердің сипаты өзгереді. Сондықтан ол болашақ мамандарға фундаменталды біліммен қатар сыни ойлау және AI құралдарымен жұмыс істей білу қабілеті қажет.
Технологиялық өзгерістердің ауқымы артқан сайын Қазақстан үшін де ғылым мен инновацияны экономиканың нақты секторымен байланыстыру маңызды бола түседі. Стартаптар осы байланысты жүзеге асыратын тетіктердің бірі бола алады. Ғылыми идея жаңа өнімге, өнім нақты қызметке, ал сұранысқа ие қызмет инвестициялық жобаға айналуы керек.
Сондықтан технологиялық кәсіпкерліктің басты мәселесі тек «жаңа нәрсе ойлап табу» емес. Ең маңыздысы – сол жаңалықтың кімге қажет екенін, қандай мәселені шешетінін және одан қандай экономикалық нәтиже шығатынын анықтау.
Әлібек Полатовтың тәжірибесі осы жолдың бірқатар маңызды қырын айтты: инвестиция тарту жобаның соңғы нәтижесін білдірмейді, технологияның күрделілігі оның нарықтағы құндылығына автоматты түрде кепілдік бермейді, ал жергілікті ерекшелікті жақсы білетін стартаптар әлемдік технологияларды пайдалана отырып, өз нарығынан орын таба алады.
Қазақстанда ғылым мен технологияға негізделген жаңа жобалар үшін мүмкіндік дәл осы тұстан ашылады. Ғылыми білімді, инженерлік қабілетті және нарықтағы нақты сұранысты бір арнаға тоғыстырған стартап қана технологияны экономикалық құндылыққа айналдыра алады.
Наурызбек САРША