2026 жылғы 13-16 қараша аралығында "Отандастар қоры" КЕАҚ Шымкент қаласы және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен "Киелі Қазақстан" жобасын өткізді. Жобаға әлемнің 12 елінен 20 отандас қатысты. Олар дөңгелек үстелде пікір алмасып, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тарихи және киелі орындарын аралады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жобаға Германия, Нидерланд, Түркия, Беларусь, Ресей, Қытай, Моңғолия, Корея Республикасы, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан отандастар келді.

14 қарашада Ramada by Wyndham Shymkent қонақүйінде дөңгелек үстел өтті. Жиынды "Отандастар қоры" КЕАҚ президенті Ырысқали Дәуренбек пен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашты. Олар қатысушыларды тарихи Отанына келуімен құттықтап, шетелдегі қандастармен байланысты нығайтудың маңызына тоқталды.

Жиында "Отандастар медиа сыйлығы" мен "OQ STARTUP" байқауларының қатысушылары марапатталды. Пікір алмасу бөлігінде әр елден келген қатысушылар Қазақстан мен өздері тұратын елдер арасындағы байланысты арттыру жолдарын талқылап, өз ұсыныстарын айтты. Айтылған ұсыныстар Қоғамның алдағы жұмысында ескеріледі.

Дөңгелек үстелден кейін отандастар Шымкенттегі Сейітжан қари Есжанұлы атындағы орталық мешітке барды. Одан кейін ежелгі Сайрамда Қожа Ахмет Ясауидің әкесі Ибраһим ата мен анасы Қарашаш ана кесенелерін, Хызыр пайғамбар мұнарасын зиярат етті. Күн ежелгі қала цитаделінің орнындағы "Шымқала" тарихи-мәдени кешенімен аяқталды.

15 қарашада қатысушылар Отырар ауданына барып, Қожа Ахмет Ясауидің рухани ұстазы Арыстан баб кесенесіне зиярат етті. Сондай-ақ Ұлы Жібек жолының ірі бекеті болған Отырар қаласының орнын көрді.

Түркістанда отандастар "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайын аралады. Олар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Рабиға Сұлтан Бегім кесенесін, Хилуат жерасты мешітін, шығыс моншасы мен ежелгі қамал қабырғаларын көрді.

Бағдарлама "Алтын Самұрық" 8D кинотеатрында қазақ мәдениеті туралы фильм көрумен және "Керуен сарай" туристік кешенін аралаумен аяқталды.

"Киелі Қазақстан" жобасы шетелдегі отандастарды тарихи Отанның рухани-мәдени мұрасымен, киелі жерлерімен таныстыруға және олардың Қазақстанмен байланысын нығайтуға бағытталған. Жоба барысында жиналған әсерлер мен материалдар қатысушылар тұратын елдердегі аудиторияға Қазақстанның рухани мұрасын танытуға мүмкіндік береді.