Жеміс-жидек пен көкөністі көп жейтін адамдар күйзеліске жиі түспейді – зерттеу

/
Жеміс-жидек пен көкөністі көп жейтін адамдар күйзеліске жиі түспейді – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Күнделікті жеміс пен көкөніс жеу адамның физикалық денсаулығына ғана емес, психикалық саулығына да пайдалы болуы мүмкін. Ғалымдар 385 мыңнан астам адамның деректерін талдап, жеміс пен көкөністі көп жейтін адамдардың депрессияға шалдығу қаупі төменірек екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Journal of Affective Disorders ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тегеран медицина ғылымдары университетінің зерттеушілері бұған дейін жүргізілген 13 ауқымды ғылыми жұмыстың нәтижелерін біріктірген. Оларға АҚШ, Аустралия, Франция, Испания, Қытай және Жапония тұрғындары қатысқан. Ғалымдар қатысушылардың тамақтану әдеттері мен психикалық денсаулығын екі жылдан жиырма жылға жуық уақыт аралығында бақылаған зерттеулерді талдаған.

Жалпы 385 449 адамның 26 592-сінде бақылау кезеңінде депрессия анықталған.

Нәтижесінде жеміс пен көкөністі ең көп тұтынатын адамдардың депрессияға шалдығу қаупі оларды ең аз жейтіндерге қарағанда 37%-ға төмен болған.

Бір қызығы, күнделікті рациондағы жеміс пен көкөніс мөлшерінің әр қосымша 200 грамы депрессия қаупінің орта есеппен 16%-ға төмен болуымен байланысты екені анықталған.

Ғалымдар жеміс пен көкөністің әсерін бөлек те қарастырған. Жемісті көп тұтынатын адамдарда депрессия қаупі 16%-ға, ал көкөністі көбірек жейтіндерде 12%-ға төмен болған.

Зерттеушілер мұны жеміс пен көкөністің құрамындағы дәрумендермен, жасұнықпен және антиоксиданттармен байланыстыруы мүмкін екенін айтады. Бұл заттар ағзадағы қабыну үдерістерін реттеуге және жасушаларды зақымданудан қорғауға қатысады.

Сонымен қатар жасұнық ішектегі пайдалы бактериялардың көбеюіне көмектеседі. Ғалымдардың айтуынша, ішек микрофлорасы мен мидың арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан тамақтану әдеттері адамның көңіл күйіне әсер ететін биологиялық үдерістермен байланысты болуы ықтимал.

Дегенмен зерттеу жеміс пен көкөніс жеу депрессияның тікелей алдын алатынын дәлелдемейді. Өйткені талдау адамдардың бұрыннан қалыптасқан тамақтану әдеттерін бақылауға негізделген. Нәтижеге олардың табысы, өмір салты, медициналық көмекке қолжетімділігі және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін.

Ғалымдар бұл байланысты нақтылау үшін қосымша клиникалық зерттеулер қажет екенін атап өтті.

Соған қарамастан, зерттеу күнделікті рационда жеміс пен көкөністің жеткілікті болуы психикалық денсаулықты сақтауға көмектесетін пайдалы әдеттердің бірі болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары