Қазақстанда цифрлық платформалар арқылы табыс тауып жүрген азаматтардың саны 956 мыңға жеткен. Осыған байланысты такси жүргізушілері мен курьерлердің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік төлемдерін реттеу және интернет-платформалардың жауапкершілігін күшейту мәселелері талқыланды. Бұл туралы «Әділет» партиясының орталық аппаратында өткен дөңгелек үстелде айтылды, деп turkystan.kz тілшісі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
– Бүгінде еліміздің мыңдаған азамат осы салада такси жүргізушісі, курьер секілді түрлі қызмет түрін атқарып, өз табысын тауып жүр. Бұл дегеніміз – цифрлық платформалар арқылы жұмыспен қамтылудың жаңа мүмкіндігі. Алайда бұл бағытта азаматтардың мәртебесі мен әлеуметтік қорғалу мәселесі өзектілігін жоймай отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың оңтайландырған режимін қалыптастыру міндетін қойды.
Бұл бағыт «Әділет» партиясының саяси бағдарламасында да нақты көзделген. Партия платформа арқылы жұмыс істейтін азаматтардың мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік жағынан осал топтарды қолдау және платформалардың жауапкершілігін нақты білуді айқындады, – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Оның айтуынша, 2026 жылдың қыркүйек айында 35 платформалар арқылы жұмыс істейтін орындаушының саны 956 мыңға жеткен. Демек, бір миллионға жуық азаматтың мәселесі талқыланбақ. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі.

– Осыған байланысты бірнеше маңызды мәселеге тоқталған жөн. Бірінші мәселе – орындаушылардың құқықтық мәртебесі. Яғни, цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарды жалдамалы жұмыскер ретінде қарастыру керек пе, әлде дербес орындаушы ретінде тану қажет пе? Олармен азаматтық-құқықтық шарт жасалған жағдайда еңбек қатынастарының белгісі деп танылса, оның құқығы қалай қорғалуы тиіс? Бұл мәселе сот тәжірибесінде де көтерілген. 2021 жылдың желтоқсан айында Жоғарғы соттың әкімшілік істері бойынша коллегиясында қаралып, курьер мен Globa Қазақстан ЖШС-нің арасындағы дау-дамайдың арты екі тараптың жасырын еңбек қатынасының белгісі бары анықталған. Бұл жағдай құқықтық қатынастар сипаты шарттың атауымен емес, тараптардың нақты өзара келісімі мен жұмыс сипатына қарай белгіленуі керегін көрсетті.
Екінші мәселе – әлеуметтік кепілдіктер мен табысты қорғау. Платформа арқылы жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмауы керек. Сонымен бірге платформалардағы комиссиялық төлемдер мен жұмыс тәртібі ашық әрі нақта талабы көрсетілуі тиіс. Мысалы азамат бірнеше күн жұмыс істеп, табыс тапқан соң кенеттен аккаунты бұғатталып қалса, өз қаражатын қалай алады және қандай да бір қабылданған шешімге келіспесе, қалай шағымдана алады? Осындай жағдайларда азаматтардың құқығын қорғаудың нақты тетігін қарастырылуы қажет.
Үшінші мәселе – цифрлық платформалардың жауапкершілігі. Аккаунттарды бұғаттау негіздері, алгоритмдік шешімдердің ашықтығы, техникалық ақауды хабарлау және орындаушылардың шағымын қарау тәртібі нақты реттелуі тиіс. Сонымен қатар заңнамалық реттеу бизнес дамуына кедергі келтірмеуі керек. Керісінше, цифрлық платформалардың дамуына жағдай жасап, азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуі қажет, – деді «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов.
«Әділетті орта» үйлестіру-талдау орталығының басшысы Абзал Құспан цифрлық платформалардың, соның ішінде азаматтардың құқығын қорғап заңдылығын реттеуді қажет етіп отырған бағыт деген баға берді.
– Мұнда миллиондаға азаматтың тағдыры жатыр. Егер оны заңнамалық тұрғыда іске асыратын болсақ, миллионға жуық азаматтың еңбек құқығын қорғайтын боламыз. Бұл – үлкен мәселе. Жиырма миллион халқы бар елдіміздің әрбір 9-10-тұрғынына қатысты мәселе ғой, – деді Абзал Құспан.
Оның айтуынша, бұл мәселені «Әділет» партиясының бекітілген жаңа бағдарламасы аясында құрылған «Әділетті орта» үйлестіру-талдау орталығының аяналысатын сегіз бағытты бірі – жүйедегі мәселені шешуді қарастырылғанын атап өтті.

Платформалар әлеуметтік төлемдерге жауапты болады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев платформалық жұмыспен қамтуды заңнамалық тұрғыдан реттеу мақсатында 2024 жылы Әлеуметтік кодекске тиісті өзгерістер енгізілгенін айтты.
– Бүгінгі экономикада цифрлық платформаның дамуы қалыпты жағдайға айналды. Әсіресе, азаматтарды жұмыспен қамту, бір емес, бірнеше платформада жұмыс істеу қалыпты дүниеге айналған. 26-35 жас аралығында 350 мыңдай адам, яғни халықтың 35 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл түзетулер платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, интернет-платформа операторларына салық агенті мәртебесі беріліп, оларға орындаушылардың табысынан салық пен әлеуметтік төлемді ұстап қалу міндеті жүктелген. Сонымен қатар платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарға арнаулы салық режимін қолдану және әлеуметтік төлемнің мөлшерін таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Тіпті, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған жаңа арнаулы салық режимі енгізілді. Ол табыстың 4 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлем төлей алады, – деді Эльдар Күзенбаев.
Жүргізушілерді цифрлық бақылау күшейеді
Бас прокуратураның қаржы департаментінің директоры Ілияс Испанов қоғамға сай заң талабының өзгеруін қалыпты деп санағанымен оның қауіпсіздігіне жауап беру маңызды деп санайды. Сондықтан ол осы цифрлық платформалардың заңдылығы қалай қадағаланып жатқанын әрі азаматтардың құқығын қорғау мәселесі бойынша қандай жұмыс атқарылғанын айтып берді.
– Бәріміз білеміз, цифрализацияның қарқынды дамуы біраз процестерге әсер еткені белгілі. Соның ішінде заңбұзушылар да одан тыс қалған жоқ. Бастысы осы мәселелерді бәрін біріктіру үшін Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес, цифралық қадағалау жүйесі 2025 жылы іске қосылды. Қазіргі таңда жүзден астам мемлекеттік базаларды біріктірілді. Бұл жай ғана басын қосып қана қоймай, олардың арасында салыстыра отырып, артықшылығын көрсетеді. Оған қоса, жақында бейне мониторинг жүйесі де іске қосылды. Оны ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге құқық қорғау органдары қолданысқа алды. Бұл жүйе Қазақстандағы барлық видеокамераларды және дрондардан түскен суреттер мен видеоларды жайнақтап, ол жерде болып жатқан құқық бұзушылық немесе анау әртүрлі өрескел жағдайларды белгілеп, оны жүйелі түрде жауапты мемлекеттік органдарға жеткізіп, соның орындалуын бақылау прокуратураға жүктелген, – деді Ілияс Испанов.
Бас прокуратура өкілінің айтуынша, цифрлық платформаларда жұмыс істейтін азаматтардың заң талаптарын сақтауын және қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Осы мақсатта 2025 жылы іске қосылған цифрлық қадағалау жүйесі 100-ден астам мемлекеттік дерекқормен біріктірілген. Жүйе іздеуде жүрген, жүргізуші куәлігінен айырылған және басқа да құқықтық шектеулері бар азаматтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Қазір Бас прокуратура inDrive және Yandex агрегаторларымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Тексеру барысында бұл платформаларда жүргізуші куәлігінен айырылған және өзге де заңдық шектеулері бар адамдардың жұмыс істейтіні анықталған. Осыған байланысты жүргізушілердің құжаттарын, сақтандыруын және жұмыс істеуге рұқсатын автоматты түрде тексеру тетігін енгізу ұсынылды.
Бұдан бөлек, жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге балдық жүйе енгізу, мемлекеттік органдар мен интернет-платформалар арасында деректер алмасуды күшейту мәселесі көтерілді. Негізгі мақсат – платформалардағы заң бұзушылықтардың алдын алып, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау.
Еңбек құқығы шарттың атауымен өлшенбейді
PhD, Maqsut Narikbayev University Associate Professor, заң ғылымдары департаментінің бас ғылыми қызметкері Мүсілім Хасеновтің пікірінше, платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу кезінде қызметкерлердің еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуге басымдық берілуі керек.
Оның айтуынша, цифрлық платформалар еңбек қатынастарын өзгертсе де, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы теңсіздік мәселесін жойған жоқ. Бұрын жұмыс берушінің бақылауы тікелей жүзеге асса, қазір ол тапсырыстарды бөлу, рейтингті төмендету, тариф белгілеу немесе аккаунтты бұғаттау сияқты алгоритмдер арқылы жүргізіледі.
– Платформаларда жұмыс істейтіндердің барлығын автоматты түрде жалдамалы қызметкер деп тануға болмайды, десе де еңбек қатынасы азаматтық-құқықтық шартпен бүркемеленбеуі керек. Сондықтан платформаның жұмыс барысын қаншалықты басқаратыны, ақы мөлшерін белгілеуге ықпалы, орындаушының тапсырыстан бас тарту мүмкіндігі және оған қолданылатын санкциялар ескеріліп, еңбек қатынасының нақты шарттары заңда бекітілуі қажет.
Сонымен қатар платформалық жұмыспен қамтылғандардың әлеуметтік қорғалуы тек шарттың түріне тәуелді болмауы керек. Мәселен, такси жүргізушісі немесе курьер еңбек шартымен жұмыс істемесе де, жұмыс барысында жарақат алуы мүмкін. Сондықтан барлық платформалық жұмыскерге жазатайым оқиғалардан қорғану сияқты базалық әлеуметтік кепілдік берілуі тиіс, – деді ол.
Мүсілім Хасенов платформалық жұмыскерлердің кәсіподақ құрып, ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығын да заңнамалық тұрғыдан қарастыруды ұсынды.
Оның пікірінше, жұмыспен қамтудың икемділігі азаматтардың құқықтық қорғалмауы есебінен қамтамасыз етілмеуі керек. Сонымен бірге әлеуметтік қорғау тетіктері цифрлық платформалардың экономикалық артықшылықтарын жоймай, екі тараптың да мүддесін ескеруі қажет.