Жапония экономикасы тоқырауға түсті

/
Жапония экономикасы тоқырауға түсті
сурет: istockphoto.com

Жапония экономикасының өсімі тоқтап қалды. Биыл үшінші тоқсанда елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) алдыңғы үш аймен салыстырғанда өзгермеген. Бұған Ирандағы соғыс салдарынан қымбаттаған мұнай, иеннің әлсіреуі, қолайсыз ауа райы мен жер сілкінісі әсер еткен. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жапония үкіметінің 16 қарашада жариялаған алдын ала мәліметіне сәйкес, шілде-қыркүйек аралығында экономикалық өсім 0% болған. Ал екінші тоқсанда елдің ЖІӨ-сі 0,4%-ға артқан еді.

Жылдық мәнге шаққанда экономика 0,1%-ға қысқарған. Сарапшылар керісінше 0,2%-дық өсім болады деп күткен.

Экономиканың баяулауына әсер еткен басты себептердің бірі – қымбатшылық. Мұнайдың басым бөлігін шетелден сатып алатын Жапония Ирандағы соғыс пен Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалының бұзылуынан айтарлықтай зардап шеккен.

Оған ұлттық валюта бағамының әлсіреуі қосылды. Қазір бір доллар шамамен 160 иен тұрады. Ал бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 115 иенге де жетпеген. Иенаның құнсыздануы импорттық тауарлар мен энергия бағасын одан әрі өсіріп отыр.

Қыркүйекте жаңа піскен азық-түлікті есептемегендегі инфляция 2,1%-ға жетті. Бұл Жапония банкінің 2%-дық нысаналы деңгейінен жоғары.

Қымбатшылық халықтың тұтынуына да әсер еткен. Үшінші тоқсанда жеке тұтыну шығындары 0,3%-ға азайды. Bloomberg Economics сарапшысы Таро Кимураның пікірінше, бұған тайфундар мен нөсер жауын да ықпал еткен. Қолайсыз ауа райында тұрғындар дүкендер мен сауда орындарына сирек барған. Ал шілдеде Кюсю аралында болған жер сілкінісі бірқатар кәсіпорынның жұмысын бұзған.

Соған қарамастан, бизнес инвестициялары 1,6%-ға өсті. Бұған цифрлық технологияларға сұраныстың артуы себеп болған.

Сарапшылар экономиканың тоқырауы Жапония банкін желтоқсанда пайыздық мөлшерлемені тағы көтеру жоспарынан бас тартқызбайды деп есептейді. Өйткені инфляциялық қысым әлі де жоғары.

Capital Economics сарапшысы Марсель Тильянттің пікірінше, алдағы уақытта инфляцияның күшеюі орталық банкті ақша-кредит саясатын күткеннен де қатаң жүргізуге мәжбүр етуі мүмкін.

Ал премьер-министр Санаэ Такаити үкіметі халықтың шығынын жеңілдету үшін азық-түлікке салынатын салықты төмендетуді көздеп отыр. Алайда мемлекеттік қарыздың көптігі мен бюджет шығындарын өтеу мәселесі бұл бастаманың жүзеге асуын қиындатуы мүмкін.

Жапония экономикасының болашағына қатысты тағы бір болжам назар аудартады. Халықаралық валюта қорының есептеуінше, ел 2026 жылы әлемдегі төртінші ірі экономика орнын сақтағанымен, 2027 жылы алтыншы орынға түсуі мүмкін. Оны Үндістан мен Ұлыбритания басып озады деген болжам бар.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары