Алматыда заңсыз әрекетті тоқтатпақ болған ер адам көліктің әйнегін сындырып, қамауға алынды

/
Алматыда заңсыз әрекетті тоқтатпақ болған ер адам көліктің әйнегін сындырып, қамауға алынды
видеодан скриншот

Алматыда кәріз жүйесіне қалдық суды заңсыз төгуге байланысты туындаған жанжал екі адамның қамауға алынуымен аяқталды. Заңбұзушылықты тоқтатпақ болған тұрғын КамАЗ жүк көлігінің әйнектерін сындырып, өзі де жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Алматы қаласының Наурызбай ауданында болған. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, екі ер адам ассенизатор көліктеріндегі қалдық суды кәріз жүйесіне заңсыз төккен. Олардың әрекетін байқаған тұрғын заңбұзушылықтың алдын алуға тырысып, КамАЗ жүк көлігін тоқтатпақ болған.

Куәгер полиция шақыруды көздегенімен, жүргізуші оның талабын елемей, қозғалысын жалғастырған. Осыдан кейін ашуға булыққан ер адам жүк көлігінің әйнек тазалағышын жұлып алып, сонымен көліктің алдыңғы және бүйір жақтағы әйнектерін сындырған.

Алматы қалалық полиция департаменті оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Ведомство мәліметінше, тұрғын өз әрекетін жүк көлігінің жүргізушісін тоқтатудың амалы ретінде түсіндірген.

"Екі ер адам ассенизатор көліктеріндегі қалдық суды кәріз жүйесіне төккен. Оқиға куәгері заңбұзушылықтың жолын кесіп, полиция шақыру үшін КамАЗ көлігін тоқтатуға әрекеттенген. Алайда жүргізуші оның талабын елемей, қозғалысын жалғастырған. Бұған жауап ретінде ер адам жүк көлігінің әйнек тазалағышын жұлып алып, онымен бүйір және алдыңғы әйнектерін сындырған", – деп хабарлады полиция.

Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп, жанжалға қатысқан екі азаматтың да әрекетіне құқықтық баға берген.

Полиция мәліметінше, жүк көлігінің әйнектерін сындырған азамат бөтеннің мүлкін бүлдіргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.

Ал КамАЗ жүргізушісі де жазасыз қалмаған. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Бұдан бөлек, жүргізушінің көлікті міндетті сақтандырусыз басқарғаны және тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі болмағаны анықталған. Осы құқықбұзушылықтар бойынша да оған әкімшілік шаралар қолданылды. Сонымен қатар абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынған.

Құқық қорғау органдары жанжалға себеп болған жүк көлігін арнайы айыптұраққа жеткізген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар