Зейнетақы жүйесіне салымшының мүмкіндігі мен жауапкершілігін қатар арттыратын өзгерістер күшіне енбек. 7 қыркүйектен бастап азаматтар міндетті зейнетақы жинағының 100 пайызына дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға сеніп тапсыра алады. Ал келер жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет жинақтың кірістілігі инфляциядан төмен болған жағдайдағы айырмашылықты өзі жабуды тоқтатады. Осылайша, жинақтың сатып алу қабілетін қорғауға енді мемлекет жауап бермейді, салымшы өзі тәуекел етеді.
Бұл өзгерістер 2026 жылғы 11 маусымда қабылданып, Әлеуметтік кодекске енгізілді. Реформаның негізгі уәжі түсінікті: азаматқа басқарушы компания мен инвестициялық стратегияны таңдау құқығы берілсе, сол таңдаудың нәтижесіне де өзі жауап беруі керек. Алайда ресми деректер салымшылардың көбі мұндай таңдау жасауға әзірге асықпай отырғанын көрсетеді. Сондықтан мәселе тек заңдағы жаңа мүмкіндікке емес, халықтың оны қаншалықты пайдалана алатынына келіп тірелмек.
Мемлекет қандай жауапкершіліктен бас тартпақ?
Қазіргі қолданыстағы тәртіп бойынша, азамат зейнетке шыққан кезде оның жүйеге ақша құйған барлық уақыттағы инвестициялық кірісі жинақталған инфляциядан төмен болса, мемлекет айырмашылығын бюджеттен өтейді. Бұл тетік 2003 жылы енгізілген. Ол кезде салымшының басқарушы компанияны немесе инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдау мүмкіндігі болған жоқ.
2027 жылдан бастап мемлекет міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты аударылған сомасын ғана сақтауға кепілдік бермек. Яғни, шотқа түскен қаражат жоғалмайды, бірақ оның сатып алу қабілеті қорғалмайды. Қарапайым сөзбен айтқанда, шоттағы 100 мың теңге сақталғанымен, бірнеше жылдан кейін инфляция құнсыздандырған сол ақшаға бұрынғыдай тауар немесе қызмет сатып алу мүмкін болмауы ықтимал.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл шешімді мемлекеттік қаражатты әділ бөлу қағидасымен түсіндіреді. Ведомствоның ұстанымынша, салық төлеушілердің ақшасы азаматтың жеке басқарушыны таңдауынан туындаған нәтижені өтеуге жұмсалмауы керек.
Дегенмен басты сұрақ осы тұста туындайды. Жеке басқарушыны таңдау азаматтың құқығы болғанымен, міндеті емес. Қазір салымшылардың басым бөлігі жинағын Ұлттық Банктің басқаруында қалдырып отыр. Соған қарамастан, жинағын басқа жаққа ауыстырғандар ғана емес, барлық салымшы инфляциядан қорғалмайтын болады.
Кім ұтылады, кім ұтады?
Инфляцияны бюджет қаражатымен жабудың іс жүзіндегі маңызын статистикалық мәліметтерден анық байқауға болады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 108 156 адамға 16 млрд теңгеден астам өтемақы төленген. Бір адамға шаққандағы орташа сома – шамамен 148 мың теңге. 2026 жылғы қаңтар-шілдеде тағы 61 682 адамға 9,7 млрд теңгеге жуық қаражат берілген. Бұл кезеңде бір алушыға орта есеппен шамамен 157 мың теңгеден келген. Ал 2024 жылы инфляция мен кірістілік арасындағы айырманы өтеуге 27 млрд теңге жұмсалған.
Елдегі зейнеткерлер саны шамамен 2,5 млн адам екенін ескерсек, өтемақы барлық зейнеткерге төленбейді. Ол тек жүйеге қаражат салған кезеңдегі жинақталған кірісі инфляциядан төмен болған азаматтарға беріледі. Соған қарамастан, жыл сайын ондаған мың адамның бұл төлемге мұқтаж болуы жалпы жүйенің ұзақмерзімді нәтижесі мен жеке салымшының көрсеткіші әрдайым бірдей бола бермейтінін көрсетеді.
БЖЗҚ мәліметінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылғаннан бері инвестициялық кірістілік 1 109,05 пайыз болса, осы кезеңдегі инфляция 995,04 пайыз болған. Демек ұзақ мерзімде жалпы кірістілік инфляциядан 114 пайызға жоғары болды. 2026 жылғы 1 маусымдағы басқа есепте де осыған ұқсас нәтиже көрсетілген: 1998 жылдан бергі жалпы кірістілік 1 095,39 пайыз болса, инфляция 986,70 пайыз болған. Екі көрсеткіш әр уақыттағы есепке негізделгенімен, екеуі де жүйенің ұзақ мерзімде жалпы кірісі баға өсімінен жоғары болғанын аңғартады.
Инвестициялық табыстың жинақ құрылымындағы үлесі де елеулі. 2014 жылғы сәуірден 2026 жылғы 1 маусымға дейін Ұлттық Банк тапқан таза инвестициялық кіріс 10,94 трлн теңгеге жеткен. Төлемдерді ескергенде, бұл салымшылар жинағының 41,2 пайызына тең.
2025 жылғы маусымнан 2026 жылғы мамырға дейін міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті жарналардан құралған активтерге 2,71 трлн теңге инвестициялық кіріс есептеліпті. Осы кезеңдегі кірістілік 11,46 пайыз болды. Жұмыс берушінің міндетті жарналары есебінен қалыптасқан активтер 115,29 млрд теңге табыс әкеліп, кірістілік 17,12 пайызға жетті.
Дегенмен жиынтық көрсеткіш барлық салымшының ақшасы әр кезеңде инфляциядан бірдей қорғалды дегенді білдірмейтінін ескеру қажет. Салымшының жүйеге қосылған уақыты, қаншалықты жиі жарна аударғаны және зейнетке шығатын уақыты әртүрлі. Сондықтан жалпы портфельдің ұзақ мерзімдегі нәтижесі оң болғанымен, жекелеген салымшылар бойынша инфляциялық айырма туындауы мүмкін. Өтемақы алған азаматтар саны осы айырмашылықты көрсетеді.
Жинағын жекеге өткізгендердің нәтижесі нендей?
2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, кейінгі 12 айда Ұлттық Банктің басқаруындағы зейнетақы активтерінің кірістілігі 10,29 пайыз болды. Сол кезеңдегі инфляция – 10,3 пайыз. Яғни, кірістілік пен баға өсімі шамалас болған.
Жеке басқарушылардың нәтижесі әркелкі. Alatau City Invest – 13,88 пайыз, BCC Invest – 11,41 пайыз, Centras Securities – 18,66 пайыз, Halyk Finance – 11,69 пайыз, Halyk Global Markets 12,37 пайыз кірістілік көрсеткен. Tansar Capital бойынша салыстырмалы дерек ол кезде жарияланбаған.
Ең жоғары және ең төмен нәтиженің арасы 8 пайыздық тармақтан асады. Centras Securities көрсеткіші Ұлттық Банктің кірістілігінен 8,37 пайыздық тармаққа жоғары. Бұл жеке басқарушылар арасында табысты арттыру мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Сонымен бірге бір жылдық нәтижені ұзақ мерзімдегі тиімділік деп қабылдаған жөн бола бермейді. Қаржы құралдарының құны, валюта бағамы және нарықтағы жағдай өзгерген сайын басқарушылардың көрсеткіші де ауысып отырады. Сондықтан портфельді тек соңғы 12 айдағы табысқа қарап таңдау жаңсақ шешім қабылдауға ықпал етуі мүмкін.
Жеке басқарушылар үш түрлі инвестициялық портфель ұсынады. Ki (12) портфелі барлық жастағы салымшыларға арналған және оның ең төменгі кірістілігі кейінгі 12 ай бойынша бағаланады. Ki (36) зейнетке шығуына кемінде үш жыл қалған азаматтарға ұсынылады, нәтижесі 36 аймен өлшенеді. Ал Ki (60) зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт бар салымшыларға есептелген және бес жылдық көрсеткішке сүйенеді.
Бұлайша жіктеу зейнетақы қаражатын басқаруда жас пен инвестициялық мерзімнің маңызды екенін аңғартады. Зейнетке шығуына аз уақыт қалған адамға жиғанын сақтап қалу маңызды болуы мүмкін. Ал еңбек жолын енді бастаған азамат ұзақ мерзімдегі әрі құбылмалы стратегияны таңдай алады.
Жеке басқарушы шығынға ұшыратса...
Бұл ретте жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға жүктелген жауапкершілік сақталады. Егер компанияның кірістілігі белгіленген ең төменгі көрсеткіштен төмен түссе, ол айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті.
Алайда бұл кепілдік инфляцияға байланысты есептелмейді. Ең төменгі кірістілік Қазақстан қор биржасының көрсеткіштері, мемлекеттік бағалы қағаздар, сондай-ақ әлемдік акциялар мен облигациялар индекстері кіретін құрамдастырылған нарықтық өлшеммен салыстырылады. Демек, басқарушы нарықтан айтарлықтай төмен нәтиже көрсетсе, осы үшін жауап береді, бірақ оның табысы инфляциядан төмен болғаны үшін қосымша ақша төлемейді.
2021 жылдан бері жеке басқарушылардың ешқайсысы мұндай айырмашылықты өтемеген. Барлық компания белгіленген талаптарды орындап келген. Дегенмен олардың басқаруындағы қаражат көлемі шағын болғанын ескеру қажет. Актив көлемі күрт көбейген жағдайда бұрынғы нәтижені сақтап қалу мүмкіндігі неғайбыл.
Жалпы, 2026 жылғы 1 маусымда жеке басқарушылардың қарамағындағы зейнетақы активтері шамамен 110 млрд теңге болған. Бұл – сол кездегі 27,7 трлн теңгелік жалпы зейнетақы жинақтың небәрі 0,4 пайызы. Зейнетақы қаражатының бір бөлігін жеке басқаруға беру мүмкіндігі 2021 жылдан бері бар. Соған қарамастан, оны шамамен 137 мың адам ғана пайдаланған. БЖЗҚ-да 12,6 млн жеке зейнетақы шоты бар.
Бұл деректерді саралай келе мынадай қорытындыға келуге болады. Біріншіден, 50 пайыздық шектеудің алынып тасталуы жеке басқарушыларға бірден қомақты қаражат келеді деген сөз емес. Екіншіден, азаматтардың қызығушылығы жеке қорларға ауған жағдайда басқарушы компаниялар әлдеқайда көп қаражатты басқаруға дайын болуы керек.
Atlas Capital компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры Асқар Ахмедов салымшылардың зейнетақы жинағын жеке басқаруға беруге аса қызықпайтынын БЖЗҚ-дағы тұрғын үй мен емделуге қаражат алу мүмкіндігімен, басқарушы компаниялардың танымал болмауымен және қаржылық сауат деңгейімен байланыстырады. Жеке басқарушылардың көбі банк топтарына қарайды. Halyk Finance пен Halyk Global Markets Халық банкімен, BCC Invest Банк ЦентрКредитпен байланысты. Нарықта банк топтарына кірмейтін компаниялар да бар. Сондықтан реформа бәсекені күшейтуі мүмкін, бірақ бәсеке компаниялар санына ғана емес, инвестициялық стратегиялардың сапасына, комиссиялардың ашықтығына және бірнеше жылдық тұрақты нәтижеге сүйенуі қажет.
Бұрынғы тәжірибеден түйгеніміз не?
2013 жылға дейін елімізде халық мемлекеттік емес зейнетақы қорларына да ақша салатын. Қорлар инвестициялық саясатты да өздері жүргізді. Кейін активтердің сақталуына байланысты алаң күшейіп, барлық жинақ бірыңғай мемлекеттік қорға біріктірілді.
Активтерді БЖЗҚ-ға өткізу кезінде тәуелсіз аудит бағалы қағаздардың бір бөлігін тәуекелі жоғары активтер деп таныды. Соның салдарынан шамамен 94-100 млрд теңге есептен шығарылған. Бұл тәжірибе қоғамның жеке жинақтарға сақтықпен қарауының бір себебі болып отыр.
Дегенмен жаңа жүйе бұрынғы модельді айна қатесіз қайталамайды. Зейнетақы ақшасы жеке компанияның меншігіне берілмейді, БЖЗҚ есебінде сақталады. Басқарушы тек оны инвестициялау құқығын алады және нарықтық өлшемнен төмен нәтиже көрсетсе, өз капиталымен жабады.
Соған қарамастан, 100 пайыздық лимит пен инфляциялық кепілдіктің қатар өзгеруі бақылау сапасына қойылатын талапты күшейтеді. Салымшыға таңдау беру үшін компаниялардың кірістілігін тең салыстыратын, тәуекел деңгейін түсінікті жеткізетін және шығын болған жағдайда жауапкершілік тетігін нақты түсіндіру қажет болады.
Мәселе тек кірістілікте емес
Экономист Меруерт Махмутованың айтуынша, Қазақстандағы 9,4 млн адамдық жұмыс күшінің шамамен жартысы, яғни 4,7 млн азамат БЖЗҚ-ға тұрақты жарна аудармайды. Бұл зейнетақы жүйесіндегі тәуекелдің инвестициялық кірістіліктен де ауқымды екенін көрсетеді.
Жинаққа тұрақты ақша түспесе, жоғары кірістіліктің өзі болашақта жеткілікті зейнетақы қалыптастыра алмайды. Әсіресе, 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтар үшін бұл маңызды. Олар зейнет жасына жеткенде бюджеттен төленетін зейнетақыға емес, негізінен өз жинағына қарай зейнетақы алады.
Зейнетақы аннуитетін таңдайтын азаматтар да ұзақмерзімді салдарды есептеуі керек. Қаржыгер Сұлтан Елемесов келтірген мысалда аннуитет төлемі жыл сайын 8 пайызға өседі. Егер инфляция 10 пайыз деңгейінде сақталса, төлемнің сатып алу қабілеті жыл сайын шамамен 2 пайыздық тармаққа кемиді. Оның есебінше, айына 36 мың теңге көлеміндегі бастапқы төлемнің 20 жылдан кейінгі нақты құны бүгінгі бағамен шамамен 24 мың теңгеге тең болуы мүмкін. Бұл кез келген қаржы құралының атаулы табысы мен нақты табысын ажыратуы қажет екенін көрсетеді. Қағаз жүзінде төлем көбейгенімен, ол инфляциядан баяу өссе, адамның тұрмыс деңгейін бұрынғы қалпында сақтай алмайды.
Бұдан бөлек, демография мәселесі де зейнетақы жүйесіне айтарлықтай ықпал етеді. Қазақстан халқының 42,9 пайызы 25 жасқа толмаған, 47,5 пайызы – 25 пен 65 жас аралығында, ал 9,6 пайызы 65 жастан асқан. Қазір жастардың үлесі жоғары болғанымен, алдағы онжылдықтарда жас құрылымы өзгереді. Өмір сүру ұзақтығы 2021 жылғы 70,23 жастан 2025 жылы 75,97 жасқа дейін өсті. Осы аралықта бір әйелге шаққандағы бала саны 3,32-ден 2,57-ге дейін төмендеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша, 2050 жылы бұл көрсеткіш 2,39-ға дейін азаюы мүмкін. БЖЗҚ мен БҰҰ болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстан халқы 26,5 млн адамға жетіп, 60 жастан асқан азаматтардың үлесі 18,8 пайыз болады. Бұл – шамамен әрбір бесінші тұрғын деген сөз. Егде жастағы бір адамға шаққандағы еңбек жасындағы тұрғындар саны да азайып келеді. 2012 жылы 65 жастан асқан бір адамға 25-64 жас аралығындағы 7,68 адамнан келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,95-ке түсті. 2050 жылға қарай 3,42-ге дейін төмендеуі мүмкін.
Демек, болашақта әлеуметтік жүйеге түсетін салмақ артады. Сәйкесінше, тұрақты жарна құю, ұзақ мерзімдегі инвестициялық кіріс және жинақтың нақты құнын сақтау басты мәселеге айналады.
Осылайша, жаңа ереже салымшыға жинағын басқаруға көбірек мүмкіндік береді. Жеке компаниялар арасында таңдау жасау бәсекені күшейтіп, инвестициялық стратегиялардың аясын кеңейтуі мүмкін. Кейбір басқарушылардың кейінгі 12 айдағы нәтижесі Ұлттық Банктің көрсеткішінен жоғары болуы да бұл мүмкіндіктің негізсіз емес екенін көрсетеді.
Екінші жағынан, инфляция айырмашылын жабуға енді кепілдік берілмейтіні жинақтың нақты құнына қатысты тәуекелді азаматтың өзіне жүктейді. Ал салымшылардың өте аз бөлігі ғана жеке басқарушыны таңдап отырған қазіргі жағдайда бүкіл жүйені жеке жауапкершілік қағидасына көшіру қаржылық сауат пен ашық ақпаратқа деген сұранысты арттырады.
Сұлтан Елемесов,
Қаржыгер, аудитор:
БЖЗҚ-дан барлық ақшаны шешіп алу болашақта зор қауіп тудыруы мүмкін
– Зейнетақы аннуитетін рәсімдеу арқылы жеткіліктілік шегін нөлге түсіріп, БЖЗҚ-да қалған қаражатты толығымен шешіп алу болашақта айтарлықтай қаржылық қауіп туындатуы мүмкін. Мұндай жағдайда адам қартайғанда базалық зейнетақыға, жұмыс берушінің міндетті жарналарынан қалыптасатын төлемге және сақтандыру компаниясынан түсетін қаражатқа ғана тәуелді болып қалады.
Мысалы, азамат сақтандыру компаниясына 10 млн теңге аударып, шамамен 1 млн теңге бонус алды делік. Меніңше, бұл ақшаны бірден жұмсауға болмайды. Аннуитет төлемдері жыл сайын 8 пайызға индекстеледі. Ал инфляция 10 пайыз шамасында сақталса, төлемдердің сатып алу қабілеті жылына шамамен 2 пайызға төмендей береді. Бүгін айына 36 мың теңге көлемінде белгіленген төлемнің нақты құны 20 жылдан кейін қазіргі бағамен шамамен 24 мың теңгеге тең болуы ықтимал.
Сондықтан алынған бонусты қосымша табыс әкелетін құралға бағыттаған дұрыс деп есептеймін. Мәселен, 1 млн теңгені жылдық мөлшерлемесі 15 пайыз болатын депозитке салу инфляция мен аннуитет төлемінің индексациясы арасындағы айырманы ішінара өтеуге мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда жиынтық нәтиже жылына 10-11 пайызға жақындауы мүмкін. Сондай-ақ 55 жастан 63 жасқа дейін аннуитеттен түсетін төлемдерді күнделікті шығынға жұмсамай, жинақтау немесе инвестициялау да болашақтағы табысты ұлғайтуға ықпал етеді.
Зейнетақы аннуитеті тиімді қаржы құралы бола алады. Бірақ оны рәсімдеу кезінде бүгін қолжетімді болатын ақшаға ғана емес, 10-20 жылдан кейінгі нақты табысқа да мән беру қажет. Түпкі нәтиже көбіне қаржы өнімінің өзіне емес, адамның оны қаншалықты сауатты пайдаланатынына байланысты.
P.S:
Қорыта айтқанда, зейнетақы жинағын басқарудағы өзгерістер азаматтарға таңдау еркіндігін бергенімен, инвестициялық тәуекел мен жауапкершілікті де арттырады. Сондықтан реформаның тиімділігі жеке басқарушылардың қаншалықты кіріс әкелетіне ғана байланысты деу сыңаржақ пайым болмақ. Қаржы нарығының ашықтығы, ол қалай бақыланатыны, халықтың қаржылық сауаты мен зейнетақы жарналарының тұрақты аударылуы сияқты мәселелердің маңызы да одан бір мысқал кем емес.