Астанада жол ережесін бұзған 400-ге жуық жүргізуші анықталды

/
Астанада жол ережесін бұзған 400-ге жуық жүргізуші анықталды
polisia.kz

Елордада «Жалған нөмір» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Рейдтер жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалануды, заңсыз көше жарыстарын, дрифт жасауды және жол қозғалысы ережелерінің басқа да өрескел бұзушылықтарын анықтауға және жолын кесуге бағытталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері көлік жүргізушілері тарапынан жасалған 375 түрлі құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, көлік құралын көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерімен басқарудың 8 фактісі анықталды. Сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері оқылмайтын көлік құралын басқарудың 51 фактісі тіркелді. Тағы 92 жүргізуші көлік құралын басқару кезінде телефон пайдаланған. 162 құқық бұзушылық жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын сақтамауға, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктерін пайдалануға қатысты болды. Сонымен қатар қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығудың 13 фактісі анықталды.

Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 58 көлік құралы коммуналдық мамандандырылған тұраққа қойылды. Полиция қызметкерлері қауіпті маневр жасау мен дрифттің жолын кесуге ерекше назар аударды.

Мәселен, Шәмші Қалдаяқов көшесінде басқа жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіре отырып, дрифт жасаған Mercedes-Benz және Toyota Camry автокөліктерінің екі жүргізушісі анықталды. 20 және 19 жастағы жүргізушілер жауаптылыққа тартылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысына ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындалды. Автокөліктері коммуналдық мамандандырылған тұраққа қойылды.

Мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасыруға мүмкіндік беретін құрылғыларды пайдалану фактілері де назардан тыс қалмады. Астана – Қарағанды тасжолында полиция қызметкерлері Shacman жүк көлігінің 34 жастағы жүргізушісін анықтады. Ол фото және бейнетіркеу камераларына жақындаған кезде арнайы механизмнің көмегімен мемлекеттік тіркеу нөмірін төмен түсіріп, оны камераға түсуден жасырған. Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамақ тағайындалды. Мұндай құқық бұзушылықтар жай ғана формальды сипаттағы әрекет емес екенін ескертеміз.

Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. Анықталған барлық фактілер бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Елорда жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтарының жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шаралар жалғасуда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары