Арал өңіріндегі ауқымды істер

/
Арал өңіріндегі ауқымды істер

Аралға теміржолмен келген жолаушыны енді ескі ғимарат емес, тарихы мен жаңа келбеті үйлескен еңселі вокзал қарсы алады. Кезінде Орынбор мен Ташкент арасын жалғаған теміржол бойында тіршілік тамырын тереңге жайған шаһар үшін вокзалдың орны қашанда бөлек. Қаншама ұрпақты сапарға шығарып салып, қаншама жолаушыны қарсы алған «Арал теңізі» теміржол вокзалы араға бір ғасырдан астам уақыт салып қайта жаңғырып, ел игілігіне берілді. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Арал ауданына жұмыс сапары да осы тарихи нысанның ашылуынан басталды. Салтанатты іс-шараға Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

«Арал теңізі» вокзалының тарихы сонау 1905 жылдан, «Орынбор – Ташкент» темір­жо­лы салынған кезеңнен бастау алады. Со­дан бері бұл ғимарат Аралдың талай дәуіріне куә болды. Теңіз шалқып жатқан шақты да, экологиялық қасіреттің ел еңсесін түсірген ауыр кезеңін де көрді. Енді ғасыр куәгері за­ман талабына сай жаңарып отыр. Құны 1,7 млрд теңгені құрайтын нысанда құрылыс жұмыстарын «Техоснастка ремсервис» ком­паниясы 2025 жылдың қарашасында бас­та­ған. Жаңарған вокзал бір мезетте 224, тәу­лігіне 600 жолаушыға қызмет көрсете алады. Мұн­да кең күту залы, ана мен бала бөлмесі, ме­дициналық пункт, жүк сақтау орны, ас­хана мен кафетерий, санитарлық-тұр­мыс­тық бөлмелер қарастырылған. Мүмкіндігі шек­теулі азаматтарға арнайы лифт орн­а­тыл­ған. Яғни, вокзал ендігі жерде пойыз кү­те­тін орын ғана емес, Аралға аяқ басқан адам­ға өңірдің бүгінгі келбетін әйгілейтін қақ­паға айналып отыр.
Бұл жаңғыру – облыстағы ауқымды жұ­мыстың бір бөлігі. Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасымен еліміздегі темір­жол инфрақұрылымы жаңартылып, 124 вокзалда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 
Қызылорда облысында 7 вокзал, Тереңө­зек пен Жалағаштағы екі қызмет көрсету пункті және Талап бекетіндегі жолаушылар плат­формасы қамтылған. 2024 жылы Қы­зыл­орда вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, ау­мағы абаттандырылса, Жаңақорған, Шие­лі, Қазалы және Сексеуілдегі жұмыстар аяқ­талды. Төретам мен Жосалы вокзалдары да осы жаңғыру көшіне қосылмақ. Жалпы, вок­­­залдарды қайта жаңғыртуға және күрделі жөндеуге 10 млрд теңгеден астам қаржы бө­­­лінген. Биыл облыста 80 шақырымнан ас­там теміржол желісі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өңір аумағы арқылы 15 жолаушылар пойызы өтеді, оның алтауы облыс орталығын Аста­на, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Се­мей және Түркістан қалаларымен байла­ныс­тырады.
Алайда Аралдағы өзгерісті бір ғана вок­залмен өлшеуге болмайды. Кейінгі жылдары аудан экономикасында жаңа өндірістер бой көтеріп, инженерлік және әлеуметтік инф­ра­құрылым қатар жаңарып келеді. Жыл ба­сы­нан бері негізгі жеті макроэкономикалық көр­сеткіш бойынша өсім бар. Негізгі капи­тал­ға тартылған инвестиция 33,5 млрд тең­ге­ге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 26 млрд теңгемен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Жеке инвестиция көлемі 2,7 есеге өсті. Өнеркәсіп өндірісі 24,5 млрд теңгені құ­рап, нақты көлем индексі 102,9 пайыз бол­ды. Аудандық бюджетке 3,3 млрд теңге тү­сіп, жоспар 116,2 пайызға орындалды. 
Мәселен, Qazaq Camel серіктестігінің құ­ны 3 млрд теңге болатын түйе сүтінен құр­ғақ ұнтақ шығару зауыты іске қосылды. Түйе шаруашылығы ежелден Арал тірші­лігі­мен біте қайнасқанын ескерсек, енді дәстүрлі кә­сіптің заманауи өндіріс тізбегіне қосы­луы­ның маңызы зор. «Тоғыс-Аралотын» серік­тес­тігі 1,8 млрд теңгеге жоғары сұрыпты ас тұ­зын өндіретін кәсіпорынды іске қосты, сон­дай-ақ 1 млрд теңгелік мотоцикл құрас­тыру жобасын жүзеге асыруда. «Эко Энерджи Плюс» көпфункционалды жол бойы кеше­ні­нің алғашқы кезеңін іске қосса, «Алаш Ме­тан» Арал маңынан 600 млн теңгелік ав­то­мобиль газ толтыру компрессорлық стан­са­сын ашты. Алда 685 млн теңгелік балық шаруашылығы, құны 8,2 млрд теңге болатын қуат­тылығы 30 МВт күн электр стансасы жә­не тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өң­деу жобалары тұр. Мұның бәрі аудан эко­номикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орын­дарын қалыптастыруға бағытталған.
Ауылдың дәулеті – төрт түлік те аудан эко­номикасының берік тірегі. Ауыл шаруа­шылығының жалпы өнімі 6,8 млрд теңгені құ­рап отыр. Ауданда 62 мыңнан астам ірі қа­ра, 96 мыңнан астам қой-ешкі, 61 мыңнан ас­там жылқы және 38 мыңнан астам түйе бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­тырғанда барлық түлік бойынша өсім бар. Әсіресе, түйе шаруашылығын терең өңдеу өн­дірісімен ұштастыру Аралдың табиғи мүмкіндігін жаңа нарыққа шығарудың тиім­ді жолына айналуы ықтимал.
Арал атауы айтылғанда теңіз тағдыры ойға оралатыны анық. Кезінде әлем назарын эко­логиялық апатпен аударған өңір енді та­биғатты қалпына келтіру мен экотуризм­нің жаңа үлгісін көрсетуге ұмтылып отыр. Со­ның маңызды бағытының бірі – GEOPARK ARAL жобасы. Арал геопаркін ЮНЕСКО-ның жаһан­дық геопарктер желісіне енгізу арқы­лы өңірдің табиғи, геологиялық және тарихи мұрасын халықаралық деңгейде таныту көз­делген. Жоба экотуризмді дамытуға, эко­логиялық білімді арттыруға және жергілікті ха­лыққа тұрақты табыс көзін қалыптас­тыру­ға мүмкіндік бермек. Жақында халық­ара­лық сарапшылар Аралға келіп, геопарк ау­ма­ғында негізгі бағалау миссиясын өткізді. Жо­ба мақұлданса, бес туристік нысанды ха­­­­­лықаралық деңгейде дамытуға және сырт­тан қомақты қаржы тартуға мүмкіндік туа­ды. Қазан айында Аралда өтетін GREEN Aral: Volunteers For Life – 2026 халықаралық ерік­­­­­тілер форумы да өңірдің экологиялық мә­­селелері мен табиғи мүмкіндіктерін әлем­дік қауымдастыққа кеңінен танытуға бағыт­талған.
Ауылдың тұрмысын жақсартуда ауыз су­дың орны бөлек. Кейінгі екі жылда ауданда 54,4 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүр­гізіліп, 61,6 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілді. Өткен жылы 12,8 млрд тең­геге төрт жоба жүзеге асып, 318 шақырым ауыз су желісі тартылды. Соның нәтижесінде Ақ­басты, Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастү­бек орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосыл­са, биыл Абай елді мекеніне де сапалы су жеткізілді. Тозу деңгейі 80 пайызға жеткен «Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбырын жаңарту да жалғасуда. 2025 жылы респуб­ли­ка­лық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлініп, 23 ша­қырым құбыр жаңартылса, биыл тағы 7 ша­қырым желі тартылды. Жобаны жал­ғас­тыруға Инфрақұрылымды дамыту қорынан 20,5 млрд теңге қарастырылған. Жалпы, жо­ба құны 43,7 млрд теңгені құрайды.
Тұрғын үй мен инженерлік инфра­құ­ры­лымда да ілгерілеу бар. Өткен жы­лы 2,2 млрд теңгеге салынған 150 пәтерге тұр­ғындар қоныстанып, жыл соңында екі пә­терлі тағы 30 үй иелеріне табысталды. Биыл әлеуметтік осал топтар үшін 200 пәтердің құрылысы басталды. Аудан халқының 74,3 пайызы та­б­и­ғи газбен қамтылған. Сексеуіл, Шижаға және Арал қаласының бірқатар аумағына газ жет­кізіліп, биыл 5,2 млрд теңгелік авто­мат­тан­дырылған газ тарату стансасының іске қо­сылуы арқылы Қамыстыбас көгілдір отын­ға қосылды. Бұл станса алдағы уақытта тағы 18 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік бе­ре­ді. Қосжар, Аманөткел, Бөген және басқа ауыл­дарды қамтитын жобалар толық жүзеге ас­қанда аудан тұрғындарының 90,3 пайызы таб­иғи газ игілігін көрмек. Арал қаласының №4 мөлтек ауданында құны 557,5 млн теңге бо­латын кәріз желісінің құрылысы да жүр­гізілу­де.
Ауданның келешегіне айрықша ықпал ете­тін тағы бір бағыт – күре жол. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасына сәйкес Кіші Аралды сақтау мә­селесімен қатар «Сексеуіл – Бейнеу» авто­мо­биль жолының құрылысы қолға алынды. Құны 780 млрд 285 млн теңге болатын бұл бағытпен бірге «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдары салынуда. Ірі көлік жобаларына қарастырылған қаржы кө­лемі 1 трлн 300 млрд теңгеге жетеді. Жаңа жол­дардың жалпы ұзындығы 1 574 шақы­рым болса, 800 шақырымдық «Сексеуіл – Бей­неу» жолының 189 шақырымы Арал ау­даны арқылы өтеді. Транскаспий халық­ара­лық көлік бағытына жақын орналасқан бұл күретамыр болашақта Аралды Еуропа мен Азия арасындағы ірі логистикалық кеңіс­тік­ке жақындатып, Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қо­саман секілді шалғай елді мекендердің қа­тынасын жақсартуға тиіс. «Арал – Жа­лаңаш» жолының 26 шақырымын жөндеуге де 1,8 млрд теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде.
Әлеуметтік саланың дамуы да ау­дан­ның өзгерген келбетін айқындайды. «Ке­ле­шек мектептері» ұлттық жобасы аясын­да Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде 300 орындық мектептер салынды. Ақшатауда 60 орын­дық, Мергенсайда құны 2,3 млрд теңге бо­латын 150 орындық мектеп бой көтерді, Тоқа­байдағы №248 мектеп жаңарды. Сек­сеуіл­де «Қазақстан темір жолы» компания­сы­ның демеушілігімен 1 млрд теңгеге 100 орын­дық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі салынып жатыр. Сапақтағы №69, Аралдағы №220 және №13 мектептерді жаңа­дан салуға қажетті құжаттар әзірленген.
Денсаулық сақтау саласында Сексеуілдегі 25 төсектік аурухана мен Тоқабайдағы жаңа дәрі­герлік амбулатория пайдалануға берілді. Арал қаласында «Қамқорлық» оңалту орта­лы­ғы ашылып, орталық аурухана жанынан құны 2,3 млрд теңгелік нейро-инсульт және кар­диология бөлімдеріне арналған жаңа ғи­марат салынды. Жыл соңына дейін МРТ мен ангиограф орнату жоспарланған. Жұқ­палы аурулар бөлімінің 2,1 млрд теңгеге са­лынған жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, Шан­хай мен Жаңауыл мөлтек аудандарына тәу­лігіне 250 адам қабылдайтын құны 6,6 млрд теңге деп бағаланған емхана салу жос­парланып отыр. Жақсықылыш пен Ши­жаға­да жаңа спорт кешендері, Аманөткелде 150 орын­дық мәдениет үйі ашылды. Өткен жы­лы салынған 1,7 млрд теңгелік «Руханият» ор­талығы да ауданның қоғамдық-мәдени өмі­ріне серпін берді.
Арал талай тарихи кезеңді бастан өт­керді. Бір кезде айдынды теңіз жағасын­да­ғы портты қала болса, кейін тартылған теңіз та­баны әлемге табиғатқа жауапсыз қараудың ауыр зардабын көрсетті. Бірақ бүгінгі Арал­дың әңгімесі тек қасірет туралы емес. Қазір мұнда теңізді сақтау ісімен қатар өндіріс орын­дары ашылып, ауылдарға су мен газ же­тіп, жолдар салынып, электр желілері жаңа­рып, мектеп пен ауруханалар бой кө­теріп келеді. Бір жағынан ЮНЕСКО гео­пар­кіне ұмтылған экологиялық бастама өріс алса, екінші жағынан Еуропа мен Азияны жал­ғайтын халықаралық көлік дәліздері са­лынып жатыр. Осындай өзгерістердің ор­тасында 1905 жылдан бері талай жолаушыны қар­сы алып, талайын алыс сапарға шығарып сал­ған «Арал теңізі» вокзалы қайта жаңғы­рып тұр.
Осыдан 121 жыл бұрын теміржол Арал­ды үлкен әлеммен жалғаса, бүгін жаңарған вок­зал жаңа кезеңге аяқ басқан ауданның қақ­пасына айналды. Сондай-ақ жаңа жол­дар, өндіріс орындары, көгілдір отын жеткен ауыл­дар, жаңа мектептер мен ауруханалар, эко­логиялық жобалар және ең бастысы ту­ған жерінің ертеңіне сенген елдің тіршілігі жар­қын күндерге ұласып барады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар