Абай атындағы Қазақ ұлттық опера-балет театрының жаңа 93-маусымы көрнекті суреткер Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы бойынша қойылған «Ақбала» балетімен ашылды. Ұлан-ғайыр даламыздың бір аумағы Арал өңірінде ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген ел тарихы адамдар тағдыры арқылы суреттелетін «Қан мен тер» трилогиясының жаңа бір тынысы ашылды – көркем трилогия балет тілінде сөйледі.
Көрнекті суреткер Ә.Нұрпейісовтің адам тағдырын алапат төңкеріс, сұрапыл оқиғалармен астастырып, көркем сөзбен сурет салған осы үлкен полотноның басты бір арқауы: Ела-
ман – Ақбала – Тәңірберген үштағаны. «Ақбала» балетінің де жалпы фоны – қоғамдық-әлеуметтік қайшылықтар шиеленісе түскен уақыт аясында өтіп жатса, негізгі оқиға осы кейіпкерлердің тағдырларымен өріледі.
Балеттің драматургиялық негізі мығым жасалған. Атап айтарлығы – мұндағы либретто, әдетте біраз драма театрларында кездесетіндей, өзіндік идеясын жеткізу үшін классиканы «пайдалану», яғни жөнді-жөнсіз деконструкциялау емес, керісінше, трилогияның астар қабаттарындағы мағыналарды ашуға бастайды.
Эмоционалдық жүгі толыққанды балеттің басты кейіпкері – Ақбала. Ақбала десе – Ақбала. Трилогия авторының кейіпкеріне осы есімді беруі және ол Еламан айдалып кеткен соң жападан-жалғыз, қорғансыз қалғанда әлсіздік танытып, адасқанда да іш бұруы бекер емес. Өткен ғасыр басындағы өлшеммен алсақ, Ақбала шамамен он төрт-он бестердегі, жан дүниесі де, сезімі де мөп-мөлдір, аққудың балапанындай кейіпкер. Алғашқы сахнада – аппақ киімімен аппақ нұрдың аясында сүйіктісі Тәңірбергенмен бақытты, көкте ұшып жүргендей Ақбала. Келесі сахнада – эмоциясы да, пластикалық өрнегі де қатаңдау әкесі Сүйеумен диалогтағы Ақбала. Ақыры, ол ата жолы, әкесінің қалауымен Еламанға өмірсерік болып, күнкөрісі теңізге байланған, тірлігі тым жұпыны балықшылар ауылына келін болып түседі.
Жеке адамның, әсіресе, әйелдер қауымының таңдау құқығы шектелген патриархалдық қоғамда Ақбаланың сезім трагедиясының өзі үшін болмаса, әлеуметтік ортасы үшін еш мәні жоқ. Талантты жас балет бишісі Милана Рахымбекова кейіпкері Ақбаланың бұла табиғатын, қуанышы мен мұңын, өкініші мен қайғысын, бір сөзбен айтқанда, жан шырылын соншалықты нәзік те таза, әсем жеткізеді. Бесіктен белі шықпай жатып, адами-тұлғалық еркіндігі тапталған Ақбаланың Милана нәзік шілтерлеген эмоционалды ойынынан көрерменінің тамағына да еріксіз өксік тығылады...
Қалың жұртшылыққа жақсы таныс трилогиядағы Еламан – Ақбала – Тәңірберген үштағанының бұдан арғы да күрделі қарым-қатынастары, психологиялық ахуалдары:
Жас мырза Тәңірберген – талантты жас биші Рүстем Иманғалиевтің орындауында алғашқы сахналардағы бекзаттығы Сүйеу қарттан «шапалақ» алғаннан кейінгі шынайы болмысы – астамшылдығы, кекшілдігі, қатыгездігіне ауысуы;
Еламан – талантты жас балерон Архат Әшірбектің орындауында Ақбалаға деген махаббаты мен қызғанышы, жеке бастың қамынан балықшы ауылы, әлеуметтік ортасының қамына ұласқан намыскерлігі, әділетсіздікке қарсы қарекеті, өмір талқысынан өтіп, тұлғалық өсуі; сондай-ақ үшеуінің де қуаныштары мен сезім сарсаңдары би тілімен, ұшқыр пластикамен, эмоционалды қуатпен мағыналанады. Әсіресе, осы үш кейіпкердің әрқайсысы өз жан дүние арпалысында жүріп, бірге билейтін сахналары көрерменге эмоциялық тұрғыдан қатты әсер береді.
Трилогияда басты болсын не қосалқы болсын, кейіпкерінің барлығы да мейілінше дараланған. Бұл сипат балетте де бар. Театрдың талантты жастарының орындауына – Сүйеу қарт (Айдар Азабеков), Федор (Азамат Асқаров), Дос (Дарын Тайырбеков), Қарақатын, (Риза Тағанова), Судыр Ахмет (Қасқырбай Есқали), Тәңірбергеннің бәйбішесі (Айман Егісбаева) сияқты кейіпкерлердің жан дүниесі эмоционалды, енді бірде сезімге сараң қимыл-қозғалыстармен бейнеленеді. Арнайы жазылған музыка мен арнайы тігілген костюмдер күрделі хореографиялық партитураларда жарасымды үйлесім тапқан балеттің сахналық-визуалдық сымбаты да барынша көркем.
«Ақбала» – заманауи балет. Сондықтан да мейлінше минималистік сценография, костюмдер, тіпті сахналық-визуалдық жарыққа дейін минималистік стильге бағындырылған. Бояуы бірсипатты жарық пен көлеңке қойылымның жекелеген психологиялық сахналарын айқындап, кеңістіктік-уақыттық мәнін ашады.
Қойылымда әлеуметтік теңсіздікті, Арал балықшыларының ауыр тұрмысын, тауқыметін, сондай-ақ Тәңірберген мен Ақбаланың бас қосу тойын, арада бірер сахнадан кейін Ақбаланың мырза ауылынан қуылып, бәйбішенің насаттана «салтанат құрғанын» бейнелейтін көпшілік сахналары минималистік сценографияда – балет тобы өнері, опера хоры, симфониялық оркестр және қылқобыз аспабы үндерімен полифониялық сипат алады. Онда Арал теңізінің жал-жал толқындарының жағаға соққан үні, теңіз жағасындағы талайлы тағдырлар, сайын даланың тынысы, жалпы кезең атмосферасы тоғыса естіліп-сезіледі және бәріне бастан-аяқ көрерменін ортақтастырады. Осының барлығы, түйіп айтқанда, бір мақсатқа жұмыла алған үлкен ұжымның мұраттастықпен жұмыс жасағанының жемісті нәтижесі.
Жемісті нәтиженің бірі – «Ақбала» балетінің өнердегі жас таланттар, атап айтқанда, ұлттық құнары мықты жас композитор – Аружан Октябрь, жас балет бишілері Милана Рахымбекова, Архат Әшірбек, Рүстем Иманғалиев пен есімі жоғарыда аталған өзге де жас орындаушылардың, костюм суретшісі Азиза Сайымованың есімдері мен өнерін қалың жұртшылыққа таныстырып, рухани айналымға түсіргені.
Ендігі кезекте «Ақбала» балетінің шығармашылық тобын ақталған маңдай термен құттықтап, аты-жөндерін атау міндет. Біз пікіріміздің бастауында ерекшелігін атап өткен либретто авторы Шынар Омарова, композитор Аружан Октябрь, қоюшы-хореограф Аршак Галумян (Германия), дирижер Нұржан Байбосынов, бас хормейстер Әлия Темірбекова, қоюшы-сценограф Элеонора Перонетти (Италия), хореограф ассисенті Томас Клейн (Германия), жарық суретшісі Татьяна Мишина (Ресей), костюм суретшісі Азиза Сайымова, балет тобының көркемдік жетекшісі Гүлжан Түткібаева. Ал осынша ұжымның шығармашылық шабытын ашып, қойылымның бас демеушісі болған HALYK қайырымдылық қоры. Рухани мұраттастық бар жерде ғана болуы мүмкін осындай жанкешті еңбектің бастауында театр басшылығының, директоры Айнұр Көпбасарова мен командасының ауқымды ойлау, үлкен ұйымдастырушылық, қабілеті, биік мақсат пен ұшқыр коммуникациялық таланты тұрғаны өз-өзінен түсінікті.
Қазақ опера-балет өнерінің қара шаңырағы Абай атындағы театрдың кейінгі жылдардағы шығармашылығы – үлкен ұжымның жаңаша, жасампаз трансформация жолында екенін байқатады. Мұның өзі жалпы ұлттық өнердің мазмұнын байытып, әлемдік картада да лайықты орнын алуға игі әсері болары анық. Бұл ретте біз трансформация деп қазіргі жаһандану үдерісінде ұлттық код-құндылықтарды, дүниетаным-пәлсапаны көркемдік тұрғыдан зерделеу жолында заманауи төл әдебиетіміздің шығармашылық қуатын бағалай білуді және төл тарихымызға деген жаңаша көзқарасты айтып отырмыз. Мұндай трансформация ұлттың өзін-өзі тереңірек тани түсуіне бастайтын жолдардың бірі. Белгілі жазушы Дәурен Қуат жазғандай, «ұлтқа ұлттық әдебиет жақын, ... ол шығармаға тосын мазмұн сыйлайтын жаңа мәтін болып оралуы мүмкін». Ал ұлттық классикамен қатар заманауи қазақ әдебиетінде ұлттық опера мен балетке негіз болатын көркем шығармалар аз емес. Мұның жарқын мысалдары – театрдың өткен жылғы сүбелі туындысы «Хан Сұлтан» операсы және жаңа қойылымы «Ақбала». Біздің қуана көпшілікпен ой бөлісуіміздің басты себебі де осында.
«Ақбала» – заманауи қазақ балетінің үздігі!
Әлия БӨПЕЖАНОВА,
сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген