Арқаның асқақ әні Анадолы төрінде әуеледі. Қоңыр домбыраның күмбірі Анкара аспанында жаңғырды. Түркия астанасында қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық артисі, әнші, күйші, композитор әрі актер Манарбек Ержановтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Дархан даланың дара дауысы» атты тағылымды кеш өтті.
Анкарадағы кеш ТҮРКСОЙ халық-аралық ұйымы, Қазақстан Республи-касының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Қарағанды облысының бірлесуімен өтті.
Кеште ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі әрі Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Еркебұлан Сапиев, Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы, түркі дүниесіне танымал тұлға Дүйсен Қасейінов сөз сөйлеп, Манарбек мұрасының маңызына тоқталды. Тағылымды да мазмұнды іс-шарада Манарбектің әні айтылып, күйлері тартылды.
Манарбек Ержанов 1901 жылы Сарыарқаның ән мен күйге бай Ақтоғай өңірінде дүниеге келген.
Халық әндерін, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Естай тәрізді әнші-композиторлардың туындыларын орындағанда да ол әнді жай қайталаушы болған жоқ. Әр шығарманың табиғатына бойлап, өзіндік бояумен жеткізе білді. Арқаның кең тынысты, биік шырқалатын әндері оның орындауында өзгеше ажар тапты.
Манарбектің әншілік қуаты өз дәуірінің ірі музыкатану қайраткерлерінің де назарын аударғаны белгілі. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде ол «Қыз Жібек» операсындағы Шеге бейнесін сомдады. Сол сапардан қалған естеліктерде әйгілі музыка зерттеушісі, композитор Борис Асафьевтің Манарбектің өнеріне ерекше сүйсініп, «Этот певец принес бескрайнюю казахскую степь на сцену Москвы!» (Бұл әнші қазақтың ұлан-ғайыр даласын Мәскеу сахнасына алып келді!) депті.
Сол Шеге айтқан асқан әуен араға тоқсан жылға жуық уақыт салып Манарбектің 125 жылдығына арналған кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сержан Мұсайынның «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Анкара төрінде шырқалды.
Манарбек туралы сөз болғанда оның әншілігі көбірек айтылады да, күйшілігі кейде тасада қалып қояды.
Белгілі күйші Қайрат Айтбаев бір мақаласында: «Бір жылдары белгілі күйші, өнер зерттеушісі Базаралы Мүптекеев ағамыз бастап Қарағанды өңіріне фольклорлық экспедицияға шыққан едік. Ағадыр, Шет, Жаңаарқа, Ақтоғай өңірлерін аралап, ел ішінде сақталған ән-күйлерді жинап, көнекөз қариялардың әңгімесін таспаға түсірдік.
Сол сапарда ауылдың шежірешісі, күйші Сәнеке Сағындықұлы ақсақалмен жүздестік. Тоқсанды алқымдаған қария күйді бұрынғыдай бабына келтіре алмаса да, зердесі сергек, айтқан әңгімесі мағыналы еді.
Сөз арасында Манарбек Ержановпен дос болғанын айтып отырды.
Бірде Сәнеке ақсақал әншілік пен күйшілікті қатар ұстанған Манарбекке:
– Ән салған ауыр ма, күй шерткен ауыр ма? – деп сұрапты.
Сонда Мәкең:
– Әнді сыртқа шығарып айтасың, күйді іште толғайсың, күй тартқан ауыр, – деген екен», – деп келтіреді.
Осы бір ауыз сөздің өзінде қаншама сыр жатқандай.
Күйді «іште толғау» – күй табиғатын сыртқы шеберліктен емес, адамның ішкі жан дүниесінен іздеу. Манарбек үшін күй саусақтың жүрісі мен қағыстың жылдамдығы ғана болмаған. Ол әуелі адамның ішінде пісіп, көңілінде қорытылып барып домбыраның қос ішегіне көшетінін меңзегендей.
Ол өз жанынан көптеген күй шығарған. Манарбек күйлеріне кәсіби тұрғыдан назар аударғандардың бірі – академик Ахмет Жұбанов. Ғалым оның күйшілік мұрасын жоғары бағалап, шығармаларын «бірінен-бірі асып жатқан қазына» деп бағалаған.
Манарбектің әншілігі мен күйшілігінің тоғысатын бір тұсы бар. Ол – домбыра сүйемелі.
Оның ән сүйемеліне құлақ түргенде Мағауия Хамзиннің күйшілігі еріксіз еске түседі. Мұны жай ғана екі домбырашының қағысындағы ұқсастық деп қарау аздық ететіндей. Екі өнерпаздың да өсіп-өнген ортасы – Ақтоғай, Тоқырауын бойы. Сондықтан олардың өнеріндегі үндестіктің тамырын туған топырақтан іздеген жөн секілді.
Күйтанушылардың айтуынша, Манарбек пен Мағауияның домбыра қағысында осы өңірге тән бір ерекшелік бар. Екеуі де домбыраны тыңқылдата тартып, қаздай қаңқылдатып отырады. Манарбекте бұл қасиет әсіресе ән сүйемелінен анық байқалады. Домбырасы әннің соңынан жай ілесіп отырмайды. Әншімен бірге тыныстап, бірге көтеріліп, бірге шалқиды.
Манарбек қазақтың кәсіби театр және музыка өнері қалыптасқан тарихи кезеңнің бел ортасында жүрген өнерпаз.
1928 жылдан Қазақ драма театрында еңбек етіп, сахна өнеріне араласты. Ал 1934 жылы қазақтың тұңғыш операсы – Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегі» сахналанғанда Манарбек Ержанов алғашқы Шеге бейнесін сомдады.
Манарбектің тағы бір үлкен қыры – композиторлығы. Оның композиторлық шығармашылығы кәсіби ортада да мойындалды. Манарбек Ержанов Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі болды. Бұл деректің өзі оның сол кезеңде орындаушы ғана емес, композитор ретінде де танылғанын көрсетеді.
«Амангелді», «Бақыт жыры», «Қуанамын», «Қойшының әні», «Әнші Біржанға», «Сайра, бұлбұл», «Шегенің термесі» тәрізді әндері оның композиторлық қырын танытады.
Ең маңыздысы – бұл шығармалардың біразы кейінгі әншілердің репертуарына еніп, бүгінгі сахнада орындалып келеді.
Өнер туындысының шын өміршеңдігі де осымен өлшенсе керек.
Манарбек мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген әншілердің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов. Ол ұзақ жыл бойы Манарбек шығармаларын жинап, орындап, насихаттап келеді. Манарбектің әндері мен күйлерін топтастырған «Бақыт жыры» жинағының жарық көруі де осы мұраны кейінгі буынға табыстау жолындағы еңбек.
Анкарадағы мерейтойда Дәуренбек Әркеновтің Манарбектің «Бақыт жыры» әнін орындауының да мәні осында. Белгілі қобызшы Байқара Сәдуақасовтың жетекшілгімен ансамбль сүйемелдеуімен Ермек Нұрлытаң, Гүлмира Тапай сынды әншілер сахнаны әнге бөледі.
Сержан Мұсайын орындаған Шегенің ариясы арқылы Манарбектің әншілік-актерлік мұрасы жаңғырса, «Бақыт жыры» мен «Сайра бұлбұл» сынды туындылар арқылы Манарбектің композиторлық қырын түркі жұртына танытты.
Осындай өнерпаздың 125 жылдық мерейтойының Анкарада, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының төрінде аталып өтуінің өзіндік мәні бар.
Дәстүрлі өнеріміз үшін мәні зор іс-шара мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтің бастамасымен жүзеге асты. Нәтижесінде, Ақтоғайда туып, Арқа әншілік-күйшілік дәстүрін үлкен сахнаға алып шыққан Манарбектің мұрасы Анадолы төрінде жаңғырды.
Т.ӨСКЕНБАЙ