Nvidia басшысы ЖИ дәуірінде базалық математиканың маңызы төмендеуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz futurism.com-ға сілтеме жасап.
Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг жасанды интеллекттің кең таралуы адамдардың кейбір базалық дағдыларын қажетсіз етуі мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, балалар көбейту кестесін жаттамай, сандарды баған түрінде бөлуді үйренбесе де, бұл міндетті түрде мәселе емес.
Хуанг бұл туралы The Ezra Klein Show подкастындағы сұхбатында айтты. Журналист Эзра Кляйн білім беру саласында жасанды интеллектті қолданудың оқушылардың танымдық қабілетіне әсерін зерттеген Қытайдағы зерттеуді сөз етті. Зерттеуге 26 мың оқушы қатысқан. Оның деректеріне сәйкес, ЖИ оқушыларға тапсырмаларды жылдам орындауға көмектіргенімен, ұзақ мерзімде оқу тапсырмаларын өздігінен орындауға қажет кейбір танымдық дағдылардың төмендегені байқалған.
Хуанг бұл үрдісті өзі де байқағанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі балалардың көбейту кестесін білуі азайып, ұзыннан бөлу мен квадрат түбір сияқты базалық математикалық дағдыларды қолдану сиреп барады.
«Базалық математиканы ұмыта бастадық. Оның маңызы бар ма? Меніңше, жоқ», – деді Nvidia басшысы.
Хуангтың пікірінше, жасанды интеллект кейбір қарапайым әрі қайталанатын міндеттерді адамның орнына орындайтындықтан, адамдар белгілі бір «интеллектуалдық ептіліктен» айырылуы мүмкін. Алайда оның орнына жүйелік ойлау қабілеті күшейеді.
Nvidia басшысы өзінің де күнделікті өмірдегі кейбір қарапайым ақпараттарды есте сақтамайтынын мысал етті. Ол үй мекенжайын, телефон нөмірін және пошта индексін білмейтінін айтып, мұндай мәліметтерді қажет кезде технология арқылы алуға болатынын жеткізді.
Сонымен бірге ЖИ-дің білім алушылардың ойлау қабілетіне әсері туралы ғылыми зерттеулер жалғасып жатыр. Сарапшылар технологияның оқу процесін жеңілдетумен қатар, адамның өздігінен ой қорыту және мәселе шешу дағдыларына ықпалын да зерттеп келеді.