Алматыда қала күні қалай өтті?

/
Алматыда қала күні қалай өтті?

19-20 қыркүйек күндері Алматыда Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Бағдарлама қаланың орталығымен қатар барлық сегіз ауданын қамтыды. Екі күн ішінде концерттер, фестивальдер, көрмелер, кітап жәрмеңкелері, спорттық және шығармашылық жобалар ұйымдастырылды. Ресми мәлімет бойынша, іс-шараларға миллионнан астам қала тұрғыны мен қонағы қатысқан.

Мерекелік бағдарламаның негізгі жоба­ларының бірі – Alma Qala Fest фестивалі. Ол 19-20 қыркүйекте Қазыбек би көшесінің Панфилов пен Назарбаев даңғылы ара­лы­ғын­да өтті. Фестивальде Алматының тарихы мен мәдениеті таныстырылып, ұлттық дәс­түр, шығармашылық индустрия және за­ма­науи мәдениетке арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Фестиваль аясындағы алма жәрмең­ке­сінде 50 сұрыптағы 250 тоннадан астам алма сатылды. Панфилов көшесіндегі ме­рекелік кеңістікте балалар, этно, эко, ки­но, Digital, спорт және Food Court аймақтары жұ­мыс істеді.
Қала күніне арналған мәдени іс-шара­лар­дың бір бөлігі Панфилов, Жібек жолы, Абай көшелері мен «Астана» алаңында өтті. Мұн­да концерттермен қатар кітап жәр­мең­келері, қолөнер көрмелері және циф­р­лық жобалар ұсынылды.

Дәстүрлі және заманауи музыка

Қала күнінің музыкалық бағдарлама­сын­да дәстүрлі өнерге де, заманауи эстрадаға да орын берілді.
Абай алаңында «Ән қанатындағы Алма­ты» атты дәстүрлі музыка кеші ұйым­дас­ты­ры­л­ды. Сахнада Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жан­пейісова, Еркін Шүкіманов, Ардақ Иса­таева және «Сазген сазы» фольклорлық-эт­ног­рафиялық ансамблі өнер көрсетті. Бағ­дар­ламада ән, терме, жыр мен күй орын­дал­ды.
Қаланың басқа алаңдарында Мақпал Жүнісова, Ерке Есмахан, Мирас Жүгінісов, KALIFARNIYA, ALPHA және басқа да орын­дау­шылар концерт қойды.

KitapFest-ке 50 мыңнан астам адам қатысты

Алматының мәдени бағдарламасында кітап жәрмеңкесі де маңызды орын алды. 19-20 қыркүйекте Арбатта KitapFest өтті.
Жәрмеңкеге 60-тан астам отандық баспа қа­тысты. Екі күн ішінде оған 50 мыңнан ас­там адам келіп, 15 мың данадан астам кі­тап сатылды. Оқырмандар жаңа басы­лым­дармен танысып, кітап сатып алумен қатар, ақын-жазушылармен кездесіп, әдебиет тура­лы пікір алмасты.

Алматы тарихы 3D форматында көрсетілді

Қала күнінің заманауи жобаларының бірі – 3D Mapping Show болды. 19-20 қыр­күйек­те «Астана» алаңында өткен мульти­ме­дия­лық қойылымда ҚБТУ ғимаратының фа­сады үлкен экран ретінде пайдаланылды.
Шоу барысында Алматының қалып­тасуы, даму кезеңдері, қазіргі келбеті мен болашағы жарық, қозғалыс, музыка және цифрлық технологиялар арқылы көрсетілді. Қойылымдар сағат 20:00-22:00 аралығында өтті.
Street Art Avenue

20 қыркүйекте Терреңқұр бойындағы Street Art Avenue кеңістігінде көше өнеріне арналған арт-фестиваль ұйымдастырылды.
Жобаға британдық суретші Fanakapan, 310/310 Squad өкілдері, белорусия­лық Kontra/TAKTAK және қазақстандық граффити сурет­шілері қатысты. Фестивальдің негізгі тақырыбы Алматының символдарының бірі – қар барысы болды.

Іс-шаралар сегіз ауданды қамтыды

Қала күнінің бағдарламасы Алматының барлық сегіз ауданында ұйымдастырылды. Әр ауданда мәдени, спорттық, шығармашы­лық және отбасылық іс-шаралар өтті.
Мысалы, Алмалы ауданындағы Сайран кө­лінің шығыс жағалауында жәрмеңке, су­рет көрмесі, қолөнер шеберлерінің алаңы, спорт­тық және балаларға арналған аймақ­тар, Food Zone жұмыс істеді.
Концерттік бағдарламаға Жеңіс Ысқа-қова, Құрманғазы атындағы оркестр, Асанәлі Әшімов атындағы театр мен «Шабыт» орта­лы­ғының өнерпаздары, TAILAQ және Kubinos Band қатысты.

Балаларға арналған бағдарлама

18-20 қыркүйек аралығында ALMA-FEST CIRCUS жобасы өтті. Қазақ мемлекеттік циркі Наурызбай ауданындағы №221 мектеп маңында шапито форматындағы бағдарла­ма­сын ұсынды.
Үш күнге созылған іс-шарада балалар мен ата-аналарға арналған цирк қойылым­дары көрсетілді.

Қала күні сенбілікпен жалғасты

Қала күніне орай мәдени іс-шаралармен бірге жалпықалалық сенбілік те ұйымдас­тырыл­ды. Оған 50 мыңнан астам адам қа­тыс­ты.
«Аюсай» визит орталығы аумағында мың­нан астам тұрғын жиналып, 100 қылқан жапырақты ағаш отырғызды. Оның ішінде 50 қарағай және 50 шырша бар.
Осылайша, биылғы Алматы Қала күні концерттер мен фестивальдерден бөлек, кітап, өнер, спорт, балалар бағдарламасы, кө­­­галдандыру және тазалық іс-шараларын қамтыды.
Екі күндік мерекелік бағдарлама қала­ның орталығымен шектелмей, барлық сегіз ауданында өтті. Қала тұрғындары мен қо­нақ­тары концерттерге, жәрмеңкелерге, көр­мелерге, кітап фестиваліне және басқа да мә­дени-спорттық іс-шараларға қатысты.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар