Қуаныш Жұмағали: Ұлттық музыкаға кәсібилік пен жаңа репертуар керек

/
Қуаныш Жұмағали: Ұлттық музыкаға кәсібилік пен жаңа репертуар керек

Қазақ музыкасы туралы сөз қозғағанда, санамызда бір-біріне қарама-қайшы екі ой қатар тұрады. Бір жағынан, күн сайын жаңа әндер жазылып, түрлі музыкалық туындылар дүниеге келіп жатқандай көрінеді. Екінші жағынан, ұлттық музыканың кәсіби деңгейде дамуына қажет дүниелердің кенжелеп қалғаны байқалады. Бүгінгі қазақ музыкасының қай саласы өркендеп келеді, қай бағытқа көбірек көңіл бөлу қажет? Ұлттық аспаптарға арналған шығармалар неге аз? Өзге түркі халықтарының музыкалық мұрасын зерттеудің қандай маңызы бар? Кәсіби музыканың болашағы қандай? Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін күйші-композитор, педагог, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті Қуаныш Жұмағалимен әңгімелескен едік.

– Қуаныш Ізімұлы, әр өнер адамы­ның өз жолы бар. Біреу өнерге ерте келсе, енді біреуі кейінірек қалыпта­са­ды. Сіздің музыканттық және педагогтік жолыңыз қалай басталды?

– Атырау қаласында тудым, сол жерде қа­зақ орта мектебін бітірдім. Атыраудағы м­у­зыкалық мектепте бес жыл тәлім алдым. Орта мектепті аяқтаған соң екі жыл әскери бо­рышымды өтеп қайттым. Содан кейін кон­серваторияның дайындық курсына тү­сіп, онда екі жыл оқыдым. Кейін консер­ва­то­рияға қабылданып, оқуымды жалғаст­ыр­дым. Сөйтіп, жалпы жеті жылда консервато­рия­ны бітіріп шықтым.
Алматыға 22 жасымда келдім. Алға­шында П.Чайковский атындағы музыкалық учи­лищеге түскім келген. Бірақ онда төрт жыл оқу керек болды. Жасым да өтіп бара жат­қандықтан, бірден консерваторияның дайындық курсына түсуге шешім қабыл­дадым.
Дайындық курсының артықшылығы – учи­лищенің төрт жылдық бағдарламасын мұн­да екі жылда игересің әрі бірден кон­сер­ва­тория ұстаздарынан тәлім аласың.
Консерваторияға түскен кезде жеке орын­даушы, яғни солист мамандығы ашы­лып, мен сол бөлімге қабылдандым. Бұл ма­мандықта оқитындар жылына екі рет бір сағат­тық концерт беруге тиіс. Әр концертте ша­мамен он күй және екі-үш музыкалық пье­са орындайтынбыз.
Дайындық курсындағы ұстазым Әділбек Атығаев Семейдегі облыстық филармонияға директор болып кеткендіктен, консерва­то­рияда Кәрима Сахарбаеваның класында оқыдым. Ал жеке орындаушылық бойынша атақ­ты күйші-композитор Қаршыға Ахме­дияровтан сабақ алдым.
1995 жылы консерваторияны бітірдім. Оқи жүріп және оқуымды аяқтаған соң Құрманғазы атындағы оркестрде солист бо­лып жұмыс істедім.
Одан кейін Алматы облыстық филар­мо­ниясына шақырылып, сондағы «Сазген» ф­ольклорлық-этнографиялық ансамблінде дом­бырашылардың концертмейстері болып 16 жыл еңбек еттім.
Жалпы, консерваторияда 1998 жылдан бері еңбек етіп келемін. Сол жерде екі жыл ассистентура-стажировкада оқып, оны аяқ­тадым. 2006 жылдан бастап толыққанды оқы­тушы болып еңбек етіп келемін.
Сонымен бірге композитор-әрлеуші, яғ­ни аранжировщик ретінде «Құлансаз», «Үш­қоңыр» ансамбльдерінде және консерва­тория­дағы «Мұрагер» ансамблінде қызмет атқардым.
Қазір консерваторияда жеке күйшілерді дайындаймын, топтық сабақ беремін. Ор­кестрге арналған ән-күйлерді лайықтау, күй импровизациясы сияқты бағдарламалар бойынша да сабақ беріп жүрмін.

– Композиторлық қабілетіңіздің бар екенін білеміз. Қандай музыкалық шы­ғармалар жаздыңыз?

– Әрине, консерваторияда ком­пози­тор­лық мамандық бойынша да білім береді. Мен бұл мамандық бойынша арнайы оқыған жоқ­пын, дегенмен біраз ән-күйлерім бар. Со­ны­мен қатар оркестрге арналған ән-күй­лерге аранжировка жасап, партитура жаза­мын.
Консерваторияда білім алғаннан кейін әркім қабілетіне қарай әртүрлі жолға түседі. Біреу тек орындаушылықпен айналысады, енді біреулер оқытушылықты таңдайды. Мен жеке орындаумен де, ән-күй шығарумен де айналысамын және сабақ беремін.
Домбыра, қобыз, сазсырнай, сыбызғы, жетіген сияқты аспаптарға арнап музыкалық шығармалар жаздым. Шығармаларым түрлі оркестрлердің репертуарына еніп, орында­лып жүр.

– Жоғары оқу орнында сабақ берген соң ғылыми-әдістемелік оқу құралда­рын да жазған шығарсыз?

– Иә, музыка саласы бойынша оншақты кі­тап жаздым. 2010 жылы жарық көрген «Қуа­ныш вальсі» атты кітабыма оркестрге ар­нап өңделген ән-күйлер енгізілді. Сонымен бірге оркестрге арналған партитураларым, ғы­лыми-әдістемелік еңбектерім де жарық көрді.

– Түркімен, қарақалпақ күйлерін зерт­теп, нотаға түсіруге не себеп болды?

– Менің негізгі бағытым – Батыс күй мек­тебі, яғни төкпе күй дәстүрі. Түркімен жә­не қарақалпақ халықтарында да біздегі күйге ұқсас «саз», «нама» деп аталатын музы­ка­лық жанрлар бар. Оларды біздің домбы­ра­ға ұқсас дутар аспабында орындайды.

– Олардың сазының біздегі күйден қан­дай айырмашылығы, ерекшелігі бар?

– Әр халықтың музыкалық шығар­ма­лары­ның өзіндік ерекшелігі болады. Бұл, бір жағынан, музыкалық аспаптардың құры­лы­мына, диапазонына да байланысты. Мәселен, түр­кімен және қарақалпақ халықтарының дутарының диапазоны домбыраға қарағанда тарлау. Сонымен қатар дутардың ішегі жіңіш­ке сымнан жасалады.
Салыстырмалы түрде айтсақ, қазақта ән мен жырдан бөлек күй жанры өте жоғары дең­гейде дамыған. Көптеген күй мектебі қа­лыптасқан. Ал түркімен, қарақалпақ ха­лық­тарында ән жанры жақсы дамығанымен, біздегі күйге ұқсас саз жанрындағы шығар­малар көп емес. Яғни, күй деңгейіндегі туын­дылары аздау.
Түсініктірек айтсақ, бізде ән мелодия­сы мен жыр мақамдары негізінде жасалған «ән күйі», «жыр күйі» дейтін күйлер бар ғой. Олардың күйлерінің құрылымы көбіне осы бағытқа жақын.
Түркіменде Шахым Гүлиев деген үлкен ға­лым, профессор болды. Этнограф әрі му­зыкант еді. Ол консерваторияда жұмыс іс­те­ген, Талдықорғанда да сабақ берген. Түркімен музыкасын зерттеу барысында маған көп көмектесті.
Бізде бұрын түркіменнің бірен-саран күй­лері орындалып жүретін. Солардың бірі – «Көроғлы» деген халық күйі.

– Дәулеткерейдің «Көроғлысы» ма?

– Жоқ, түркімендерде «Көроғлы» деген күй бар. Ал сіз айтып отырған шығарма – бас­қа күй. Оны бізге Мұрат Өскенбаев алып келген.

– Бізде орындалып жүрген түркімен­нің қандай күйлері еді?

– Консерваторияда түркіменнің «Торғай қуш­лар» деген сазын алғаш орындағандардың бірі мен едім. Елдос Еміл де орындады. Оны ке­зінде Айтжан Тоқтаған нотаға түсірген.
Сөйтіп, бізде түркіменнің «Көроғлы», «Тор­ғай қушлар», «Нарағажы» деп аталатын са­наулы күйлері орындалып жүрген. Басқа да күйлері бар ма екен деп жүргенімде Ша­хым Гүлиевпен таныстым. Ол кісі «Бізде бұ­дан да басқа саздар көп» деген соң, түркі­мен музыкасына тереңірек назар аудара бастадым.
Бір ерекшелігі – бізде он мыңнан астам күй бар және олардың басым бөлігінің шығу тари­хы, күй аңыздары белгілі. Ал түркімен саздарының тарихы көп жағдайда айтыла бермейді.
Шахым аға маған түркімен саздары жа­зыл­ған бірнеше аудиокассета беріп, «Мұнда Шариев, Ташмамбетов деген орын­дау­шы­лардың саздары бар» деді. Соларды тыңдап, домбыраға лайықтап нотаға түсіре бастадым. Осылайша, түркімен күйлерін зерттей бас­тадым.

– Ол күйлерді өзіңіз еңбек еткен ан­самбльдерде орындаттыңыз ба? Түркі­мен тыңдармандары қалай қабылдады?

– 2007 жылы «Сазген» ансамблімен Аш­ха­бадқа фестивальге бардық. Сол кезде түр­кі­меннің «Нарағажы» деген сазын өзім орын­дадым. Түркімен тыңдармандары өте жақ­сы қабылдады. Оларда саз орындалған кез­де көрермендер айқайлап, қол шапалақ­тап, орындаушыны көтермелеп отырады екен.
Айта кету керек, өткен ғасырдың соңына дейін Түркіменстан консерваториясында халық аспаптары бөлімі болмаған. Сон­дық­тан бірнеше дутаршы біздің консерваторияда білім алды. Олардың арасында дутаршы-ком­позитор Ораз Аннанепесов, Садық Саха­тов, Мұрат, Жәмила Құрбановтар секілді му­зыканттар болды. Олардың бәрі бізбен қатар оқыды.
Ашхабадқа барғанымда солардың біразы мені үйлеріне шақырып, қонақ етті. Мен олар­ға арнап өзімнің «Түркіменсаз» деген күйімді орындап бердім. Мәре-сәре болып, жақсы әңгімелескеніміз есімде. Бұл күйімді түркімен саздары негізінде жаздым.
Жаңа Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйі тура­лы сұрап қалдыңыз ғой. Енді соған то­лығырақ тоқталайын.
Дәулеткерей – Батыс күйшілік өнерінде өзін­дік мектебін қалыптастырған күйші. Сти­лі жағынан төре күйлері мектебіне жа­тады. Оның «Көроғлысы» түркімен тақы­ры­бына шығарылған күй екен. Музыкада мұн­дай тәсілді парафраз деп атайды, яғни та­нымал бір әуенге негізделіп жасалған музыкалық шығарма.
Дәулеткерейдің «Көроғлысы» түркімен са­зын негізге ала отырып, құрылымы жа­ғынан Батыс Қазақстанның төкпе күй дәс­түрінде дүниеге келген туынды. Яғни, дом­бырада «оғыз перне» деп аталатын перне қол­данылған. Бұл оған түркімен музыка­сы­ның ерекшелігін дарытып тұр. Мұндай ерекшелік қарақалпақ күйлерінде де кез­деседі.
Қарақалпақ күйін бізге белгілі дирижер Ықылас Нұрғалиев алып келген. Ықылас аға қарақалпақтың «Сый перде» атты күйін нотаға түсіріп, таратты. Онда да әлгі «оғыз пер­не» қолданылған.
1957 жылы Ахмет Жұбанов Құрманғазы оркестрімен Ашхабадқа гастрольге барған. Ахаң домбырашылар тобына Дәулеткерейдің «Көроғлысын» және түркіменнің «Тәштит» деген күйін орындатып, түркімен музыкант­тарына тыңдатыпты. Содан кейін «Қалай, сіздердің күйлеріңізге ұқсай ма?» деп сұраған екен. Сонда олар: «Әуені ұқсайды екен, бірақ жалпы құрылымы мен ырғағы бізге келің­кіремейді екен», – деп жауап беріпті.
Осыған қарағанда, Дәулеткерейдің «Кө­ро­ғ­лысында» түркімен сарыны қолданыл­ға­нымен, негізінен Батыс Қазақстанның күй­шілік дәстүріне жататын туынды деуге бо­лады. Былайша айтқанда, бұл таза түркімен не­месе таза қазақ күйі емес, екі халықтың да музыкалық ерекшелігін қамтыған шы­ғарма. Өз алдына бір феномен.

– Түркімен күйлерін тереңірек тан­уыңыз­ға тағы кімдердің көмегі тиді?

– Ашхабадқа барғанымда Ораз Ан­на­непесов түркімен күйлері туралы көп дерек бер­ді. Өзі шығарған музыкалық жинағын сый­лады. Кейбір халық күйлерінің нота­ларын да сұрап алдым.
Оларда күйлер, яғни саздар, бірнеше нұс­қада орындалады екен. Бір орындауш­ы­ның орындауы екіншісіне ұқсай бермейді. Мен сол саздарды нотаға түсіріп, Шахым Гү­лиевке көрсеттім. Күйлердің тақырыбы мен ерекшеліктері туралы сұрап, түркімен күйлерінің табиғатына қаныға түстім.
Содан кейін 50 түркімен күйін нотаға тү­сіріп, 2020 жылы жеке жинақ шығардым.
Менің алдымда түркімен күйлерін зер­т­теген біздің консерваторияның музыкатанушысы, профессор Сәуле Өтеға­лиева болды. Ол кісінің түркімен күйлерін зерттеуі негізінде жазған «Туркменские» кюи в домбровой традиции Западного Казах­ста­на» атты кітабы екі рет басылып шықты.

– Ал қарақалпақ күйлерін зерттеуге қа­лай келдіңіз? Біздің күйлермен салыс­тырғанда олардың «намасының» қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?

– Түркімен күйлерін зерттей жүріп, қа­ра­­қалпақ күйлеріне де назарым ауды. Жо­ғарыда айтып өткен Ықылас Нұрғалиев аға­мыз нотаға түсірген қарақалпақтың «Сый перде» күйін тыңдағаннан кейін қарақалпақ пен түркімен күйлерінің арасында жақын­дық барын сездім. Содан қарақалпақ күй­лерін де зерттегім келді.
Оларда да бірқатар танымал күйлер бар. Мы­салы, «Сый перде», «Қара жорға», «Бес­пер­де», «Ыжылтпа» және тағы басқа күйлер.
Зерттей келе, қарақалпақтың жетпіс ха­лық күйін, яғни намасын нотаға түсірдім. Бір байқағаным – қарақалпақ күйлері ша­ғын­дау келеді. Көбі біздегі «ән күйі» деп ата­латын күйлерге жақын.
Ерекшелігіне келсек, бізде домбыра күй­лерінде бас буын қатты дамыған. Яғни, күйлерімізде домбыраның жоғарғы пернелерінде орындалатын тұстар көп. Ал қарақалпақ күйлерінде бас буын аз, бар бол­ғаны бір-екі такт қана орындалады да, одан әрі негізгі орта буын, негізгі буын деп жалғаса береді.
Жалпы, зерттей келе көп нәрсеге көзің же­теді. Қазақ күйінің өзіндік құрылымы бар: бас буын, орта буын, саға, екінші саға сияқты бірнеше буынға бөлініп орындалады.
Ал түркімен күйлері ұзағырақ көрінеді. Осы туралы Шахым Гүлиевке айтып, «Мына күй­лерде қайталанатын жерлер көп екен, сол тұстарын қысқартып орындасақ қай­теді?» дегенімде, ол кісі күліп: «Оның сөздері бар ғой», – деді.
Сөйтсек, олар әннің әуенін аспаптық му­зыкаға айналдырып орындай береді екен.
Ал қарақалпақтың «Қара жорға», «Сый перде» намаларының құрылымы біздегі күй­дің құрылымына жақын. Оларды біздің ан­самбльдер де орындап жүр.
Қарақалпақ дутарының ішегі сымнан жа­салғандықтан, оны орындау тәсілі де біз­дегіден өзгеше. Оларда мелизмдер көп қол­данылады. Ал біздің домбыраның ішегі сым­нан жасалмайтындықтан, қарақалпақ күй­леріндегі мелизмдерді домбырада дәл кел­тіру қиын.
Сым ішекті сәл басқанның өзінде дыбыс өзгеріп, ноталар басқа реңк береді. Дутарды бір саусақпен де шерте беруге болады. Демек, дутарда музыка орындау біршама жеңілдеу болса, домбырада орындау күрделірек. Бізде бас бармақ та, басқа саусақтар да қатар қол­данылады.
Түркімен, қарақалпақ күйлері әннен он­ша алыстамаса, қазақ күйлері бір­неше буынға бөлініп орындалатындықтан жә­не алуан түрлі қағыс түрлерін қамтитын­дық­тан, әбден жетіліп, өз алдына жүйе құ­рып, дербес музыкалық жанр ретінде дамы­ған.
Міне, өзге халықтардың музыкасымен са­лыстыра келгенде қазақ күйлерінің ерек­шелігіне, оның қаншалықты жоғары дең­гей­де дамығанына көзің жете түседі.
2022 жылы менің «Қарақалпақ халық күй­лері» атты еңбегім жарық көрді. Енді бо­лашақта түркімен және қарақалпақ күйлерін жеңілдетіп, домбыраға ыңғайлап нотаға түсіріп, өзім орындап шығарсам деген ойым бар. Өйткені екі халықтың да нотаға тү­сірілген күйлері негізінен дутарға арналған нұс­қ­алар. Енді соларды домбырада орын­дау­ға лайықтап қайта жасау керек.

– Өзге халықтардың күйлерін нотаға тү­сіру, орындап тарату бізге не береді деп ойлайсыз?

– Оның пайдасы көп. Өзге халықтардың музыкасын орындау арқылы домбыраны да өзгелерге кеңірек танытуға мүмкіндік туады. Оның үстіне бізде күй көп, репертуарымыз мол. Күйлердің әртүрлі нұсқаларын қоссақ, олардың саны он мыңнан асып кетеді.
Түркітілдес халықтардың музыкасын білу, оны орындау арқылы олардың болмы­сын түсінеміз, рухани жақындығымыз арта түседі.
Бізде өзгелердің музыкасын орындау, өзгелердің біздің музыкамызды игеру дәстүрі бұрыннан бар. Мәселен, маңғыстаулық Абыл күйші түркімендерге тұтқынға түсіп қалған кезде, түркіменнің бір күйшісі оның «Абыл» атты күйін дутармен орындаған екен. Сонда Абыл «Осы күйді мен орындап берейін» деп, өз күйін дутармен орындаса, түркімендер «Сен Абылдың өзі емессің бе, керемет орын­дадың ғой» деп таңғалыпты. Осылайша, күй­шінің кім екенін танып, оны тұтқыннан бо­сатқан көрінеді.
Демек, түркімендер Абылдың күйлерін біл­ген болып тұр.
Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан ха­лықтардың бір-бірінен үйренері аз бол­май­ды. Мәселен, Маңғыстау күйлерінде түркімен музыкасының сарыны байқалады. Батыс күй­шілік дәстүрінде өте сирек кездесетін ин­тервалдар, соның ішінде секундалар, Маң­ғыстау күйшілік дәстүрінде жиі қол­да­ны­лады.
Сондықтан өзімізге тілі жақын, тектес, көр­шілес халықтардың музыкасын зерттеу маңыз­ды.
Қарақалпақ музыкасын түсініп, игеруге ма­ған педагогика бойынша PhD Ықласбай Муян­ов пен Бесқала қазақтарының музы­ка­лық мәдениетін зерттеп жүрген жас ғалым, консерваториямыздың оқытушысы Күнқожа Қайрулла көп көмектесті. Олар маған қара­қал­пақ намаларының ерекшеліктері туралы мол мәлімет берді.

– Енді бүгінгі қазақ музыкасы тура­лы айтсаңыз. Қазір ұлттық негізде дәс­түрлі музыка жазатындар не істеп жа­тыр? Қай жанрдағы музыка дамып, қай бағыттарға жеткілікті көңіл бөлінбей келеді?

– Әрине, барлық жанрдағы музыканың да­муына және оны жазатын компо­зи­тор­ларға жағдай жасалса жақсы болар еді. Де­ген­мен заман сұранысы деген бар, оның сыр­тында экономикалық қажеттілік те бар. Соған орай кейбір жанрлардың алға шығып, енді бірінің кенжелеп қалуы заңды.
Өзіңіз білетін шығарсыз, қазір той му­зыкасы, той әндері көбейіп кетті. Оның ішін­де сапалысы да, сапасызы да бар. Тойға ар­налған әндерге шектеу қоя алмаймыз, өйт­кені оған халықтың сұранысы жоғары. Той­да халық билеуге арналған ырғақты, тың­дауға арналған көңілді әндерді қалайды.
Соған орай тойда өнер көрсететін ән­шілер де композиторларға осындай әндерге тапсырыс береді. Сондықтан жеңіл ырғақпен жазылған той әндері көбейе береді.
Музыка ең алдымен өнердің мүлкі ғой. Егер жазылған музыка аз ғана уа­қыт жұрттың көңілін аулап, кейін тыңдал­май қалса, оның жеңіл, әсері аз, мәні терең болмағаны. Кәсіби композиторлар мұндайға бара бермейді. Бірақ музыка жазу экономи­ка­лық тұрғыдан табыс әкелетіні белгілі бол­са, мұндай шығармалардың жазылуы да тоқтамайды.
Байқап жүрген болсаңыз, кейінгі жыл­дары балаларға арналған музыка жазылмай жа­тыр десе де болады. Сол сияқты жеке ас­пап­тарға арналған шығармалар да тым аз жа­зылады. Күйлердің түгелге жуығы дом­быраға арналады десек болады.
Ал бізде музыкалық аспап жалғыз дом­быра емес қой! Қобыз, жетіген, шертер, саз­сыр­най және тағы толып жатқан ұлттық ас­паптарымыз бар. Соларға арналған музы­калар көбірек жазылып, репертуар молайса, музыканттар әртүрлі аспаптарда орындаса, халық ұлттық аспаптарды жақсырақ танып, білер еді.
Қазір көшеде адамдардан «Қазақта қан­дай музыкалық аспаптар бар?» деп сұрасаңыз, көп­шілігі домбыра мен қобызды ғана еске тү­сіруі мүмкін. Себебі біздің музыкамыз не­гізінен осы екі аспап арқылы көбірек таны­ла­ды.
Әрине, жеке аспаптарға музыка жазу үшін олардың мүмкіндігін, табиғатын, орын­дау ерекшелігін жақсы білу керек. Ол үшін кәсіби деңгейде білім қажет. Ал мұндай шы­ғармаларды тойға арнап жеңіл-желпі, ыр­ғақты ән жазып жүрген әуесқойлардан талап ете алмайсың.
Кәсібилік әлсіресе, үлкен өнер ұжым­дары­ның өзіне қауіп төнеді. Мәселен, елі­міз­ге ғана емес, әлемнің талай жеріне белгілі Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық халық ас­паптар оркестрі көрермен жинау үшін кей­де кино саундтректерін орындауға мәж­бүр болады.
Себебі олардан жылына бірнеше мәрте кон­церт беріп, қаражат табу талап етіледі. Ре­пертуары қазақ күйлеріне бай, 90 жылдан ас­там тарихы бар бұл оркестрдің тыңдар­ман­дары жоқ емес. Бірақ бүгінгі жастардың бір бөлігі оның концертіне қазақтың ұлттық му­зыкасын емес, кино саундтректерін тың­дау үшін барады.
Егер бұл оркестр мемлекеттік нақты қол­дауға ие болып, тек танымал әрі сапалы ұлт­тық музыканы орындауына жағдай ж­а­салса, атақты ұжым әлгіндей «заманауи му­зы­каларды» орындауға мәжбүр болар ма еді?
Халық әндерін жаңаша өңдеп, сапалы әр­леу жасап, тыңдарманға ұсынса қандай жақсы? Тыңдалмай жүрген талай ән қайта жаңғырып, жарқ етіп көрінер еді. Музыкалық пьесалар мен аспаптық шығармалар көбейсе дейсің.
Біз әлі күнге дейін шетелдік классиктер­дің музыкаларын орындап келеміз. Неге өзімізде сондай музыкалар жасалмайды? Му­зыканттарымыз қазақ композиторлары­ның сапалы туындыларын орындап, тыңдар­ман­дар жақсы ән-күйлерді, түрлі жанрдағы отандық авторлардың шығармаларын тың­дап, рухани ләззат алса, бұдан артық не бар?
Қазір де күй шығарып жүргендер аз емес. Бірақ кейбір шығармалардан дәстүрден ал­шақтықты, тамырын басқа жақтан іздеген үрдісті байқап, секем алып қаласың.
Ахмет Жұбановтан бастап, берідегі Нұр­ғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров, Ер­мұрат Үсенов, Әбдімомын Желдібаев, Секен Тұрысбеков секілді күйшілердің туынды­лары­ның халыққа кең танымал болуының бір себебі – олардың ұлттық музыка дәс­түрі­нен алыстамай, сол дәстүрдің негізінде елдің жүрегіне жақын шығармалар тудырғанында.
Күйлері ұлттық болмысымызға сіңіп кет­кендіктен, Құрманғазы, Дәулет­керей, Қазанғап, Тәттімбет, Түркеш, Дина секілді ұлы композиторлардың шығарма­лары ешқашан ұмытылмайды. Олар ғасыр­лармен бірге жасай береді.
Сондықтан бүгінгі қазақ ком­по­зи­тор­лары мен күйшілері ұлттық дәстүрді ба­рын­ша сақтап, соның негізінде елдің жүрегіне жол табатын, уақыт сынынан өтетін музы­калар жазса деген тілек бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Ахмет ӨМІРЗАҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары