Продюсер Гүлзира Айдарбекова танымал коуч Роза Әшірбаеваның келіндердің енесінен сұрануы туралы сөзіне пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол үлкенді құрметтеу отбасындағы сыйластық пен ауызбіршіліктің негізі екенін айтып, келіндер мен енелерді өзара түсіністікке шақырды.
«Сұранса, бір жері кеміп қалады да, сұранбай кетсе, қарағайдай маңдайына мүйіз шығады ма екен? Жастар онсыз да үміт артып, өсіріп отырған өз ата-анасын емес, осылай ақыл берушілерді тыңдап, өзгеріп кетті. Үлкенді құрметтеу жоғалып, бұлай азғыруға болмайды. Осындай ақылды өз ұрпақтарына үгіттеп бере бергені дұрыс-ау. Осыдан кейін отбасыларында қалай ауызбіршілік болсын?
Мен де енемін. Келін маған айтпақ тұрмақ, менің өзім айтпай, ескертпей кетпеймін. Біздер бір отбасы емеспіз бе? Кейде келіндеріммен ақылдасамын: «Не киемін, не алып барсам болады?» – деп. Олар дереу сыйлыққа тапсырыс беріп, көмегі жаныма шуақ шашады. Содан кейін керемет көңіл күймен, «Осыларды бере салған Құдайға рақмет», – деп шүкіршілігімді айтып, мәз болып үйден шығамын.
Ал күйеуіңнен сұрансаң, не болыпты? Бір жағдай болып қалса, жүгіретіні де сол отбасың, күйеуің емес пе, әрине, Роза емес. Мен Розамен сыйласамын, бірақ мына сөзі денемді тітіркентті.
Құрметті аналар, келіндер, біреудің емес, өз ақылдарыңызбен, білсеңіз, өз анаңызбен... Сіз жақсы болыңыз, жаман болыңыз, өсектен ажырамай отырған өз енеңіз – ол да сіздің анаңыз. Сіз оның өмірін жалғастырып, сол әулеттің ұрпағымен сусындап отырсыз. Сіздің нағыз жанашырыңыз – осы кісілер ғана.
Ерегісті тоқтатып, менмендікті, өзімшілдікті тоқтатып, тек жақсы ойлармен, ол кісілерге деген мейіріммен өмір сүріп көріңізші. Жолыңыз ашық, өміріңіз керемет, табысыңыз берекесімен болады», – деді ол.