Алтау ала болмаса, аспандағы келеді

/
Алтау ала болмаса, аспандағы келеді

Біз әлемнің геосаяси архитектурасы түбегейлі өзгеріп жатқан заманда өмір сүріп отырмыз. Бұрын ұзақ болашақта жүзеге асуы мүмкін деп саналатын үдерістердің өзі санаулы жылдың ішінде шындыққа айналды. Жаһандық күштер арақатынасы өзгеріп, халықаралық сауда мен жеткізу тізбектері қайта құрылып, әлемдік тәртіптің қалыптасқан қағидаларын жаңаша пайымдау қажеттілігі туындады. Мұндай кезеңде мемлекеттердің жеке-дара әрекетінен гөрі өзара сенімге, ортақ мүддеге және өңірлік ынтымақтастыққа негізделген саясаттың маңызы арта түсетіні анық.

Қазақстан осы өзгерістерге ерте бейім­де­ліп, ішкі саяси жаңғыру мен сыртқы сая­саттағы белсенділікті өзара сабақтастыра біл­ді. «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асы­руға бағытталған реформалар елдің ішкі даму бағдарын айқындаса, теңгерімді әрі көп­векторлы дипломатия Қазақстанның ха­лықаралық аренадағы орнын жаңа дең­гейге көтерді. Біз мұны алысқа бармай-ақ Қа­­зақстан Президентінің шет мемлекет бас­шыларымен кездесу графигінен де аңғара аламыз.
Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі Орталық Азияның тарихи маңызы ерекше.

Орталық Азияның жаңа тарихи миссиясы

ХХІ ғасырдың алғашқы ширегі аяқталар тұста Орталық Азия әлемдік саясаттың шет­кері аймағы деген түсініктен біртіндеп ары­лып, Еуразия кеңістігінің стратегиялық маңыз­ды орталығына айналып келеді. Бұған өңір­дің географиялық орналасуы, табиғи ре­сурстары, энергетикалық әлеуеті, демог­ра­фиялық өсімі, жаңа нарықтары және Азия мен Еуропаны жалғайтын көлік бағыт­тары­ның тоғысында орналасуы тікелей әсер ету­де.
Әлемнің ірі мемлекеттері мен тех­ноло­гиялық компанияларының Ор­талық Азияға қызығушылығының артуы да кездейсоқ емес. Геосаяси текетірестер кү­шейіп, дәстүрлі логистикалық бағыттар қай­­та қаралып жатқан кезеңде қауіпсіз әрі тиімді сауда жолдарына деген сұраныс арта түсті. Энергетика мен азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстары, сирек кездесетін металдар, кө­лік дәліздері сияқты мәселелер өңірдің ха­лықаралық маңызын бұрынғыдан да кү­шейтті.
Мұндай жағдайда Орталық Азия мемле­кет­терінің өзара ынтымақтастығы жай ғана жақсы көршілік қатынас емес, стратегиялық қажеттілікке айналып отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңір мемлекеттерінің өзара сенімі мен ықпалдастығын XXI ғасырдағы Орталық Азияның басты артықшылықтарының бірі ретінде қарастырып келеді. Оның негізінде бес мемлекеттің тарихи тағдыры, мәдениеті, дәстүрі мен экономикалық мүдделерінің өзара сабақтастығы жатыр.
Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжік­стан және Түрікменстанның өз мә­се­ле­лерін диалог арқылы шешуге ұмтылысы – өңірдің жаңа саяси мәдениетінің қалып­та­сып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекет бас­шыларының консультативтік кездесу­лері­нің тұрақты институтқа айналуы осы үде­рістің маңызды нәтижесі болды. Бұрын күр­делі саналатын шекара, су, энергетика, сау­да және көлік мәселелері келіссөздер ар­қылы шешіле бастады.
Бұл – Орталық Азияның халықаралық сая­саттың объектісі болып қалуды қаламай­ты­нын, керісінше, өз тағдырын өзі айқын­дайтын дербес субъект болуға ұмтылысының көрінісі.

«Алтау ала болмаса...»

Өңірлік ынтымақтастықтың геогра­фия­сы кеңейіп келе жатқаны да на­зар аударуға тиіспіз. Қазақстанның Ор­та­лық Азия мемлекеттерімен қатар Әзер­бай­жанмен байланысты күшейтуі Каспий ар­қы­лы тұтас геоэкономикалық кеңістіктің қа­лыптасуына мүмкіндік беріп отыр.
Каспий бұрын белгілі бір дәрежеде та­биғи шекара ретінде қабылданса, бүгін ол Шы­ғыс пен Батысты жалғайтын стра­те­гия­лық көпірге айналды. Орталық Азия мен Әзер­байжан арасындағы экономикалық, көлік-логистикалық және инвестициялық байланыстардың нығаюы осы өзгерістің ай­қын белгісі.
Сондықтан «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген халық даналығын «Ал­тау ала болмаса, аспандағы келеді» деп тұ­жыр­сақ қазіргі жағдайға дәл келетіндей. Ал­ты мемлекеттің өзара сенім мен праг­ма­тикалық мүддеге сүйенген ынтымақтастығы өңірдің халықаралық салмағын арттыра алады.
Мұның астарында тек бүгінгі эконо­ми­ка­лық есеп емес, тарихи сабақтастық та бар.
Орталық Азияның өркениеттік тари­хы­на көз жүгіртсек, бұл кеңістіктің Шығыс пен Батысты жалғаған маңызды көпір болғанын көреміз. Алтын Орда дәуірінде Еуразияның ұлан-ғайыр даласы сауда жолдары, қалалар, мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан кеңістікке айналды. Керуен жолдары сол ке­зеңдегі экономикалық байланысты қам­тамасыз етсе, бүгін олардың орнын заманауи теміржолдар, автожолдар, теңіз порттары және цифрлық платформалар басып отыр. Таяуда ғана Каспий теңізінің түбінен өткі­зіл­ген кабельдік құбыр соның бір көрінісі.
Яғни, тарихтағы географиялық артық­шы­лық бүгін жаңа мазмұнға ие болды.

Географиядан геоэкономикаға

Қазақстанның қазіргі даму стратегиясын түсінудің маңызды кілттерінің бірі де осын­да. Еліміздің Ұлы Жібек жолының бойындағы географиялық орналасуы XXI ғасырда жаңа экономикалық мүмкіндікке айналып отыр.
Қазақстан Еуразияның дәл ортасында ор­наласқан мемлекет ретінде Қытайды Еуропа­мен, Орталық Азияны Кавказбен жә­не Каспий өңірін халықаралық нарықтармен байланыстыратын көлік бағыттарының маңызды буынына айналып келеді.
Әлемдік жеткізу тізбектерінің қайта құ­рылуы бұл артықшылықты одан әрі кү­шейт­ті. Сондықтан көлік инфрақұрылымы – қа­зір жай ғана күре жол мен теміржол өткелі емес, экономикалық қауіпсіздік пен ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторы есептеледі.
Осы тұрғыдан алғанда, Орта дәліздің – Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы ерекше.
Қытайдан басталып, Қазақстан арқылы Каспий теңізіне, одан әрі Әзербайжан, Гру­зия және Түркия арқылы Еуропаға шығатын бұл бағыт Еуразиядағы баламалы әрі перс­пек­тивалы көлік желілерінің біріне айналып келеді.
Қазақстан мұнда транзиттік аумақ қана болуды алдына мақсат етіп қойып отырма­ғаны түсінікті. Ел халықаралық жүк ағын­дары өтетін кеңістіктен толыққанды логис­ти­калық хабқа айналуға ұмтылып отыр. Бұл ретте Транскаспий және Зангазур коридоры­ның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазақ­стан бастамашыл топтың ішіне кіретін Ибраһиым келісімінің де маңызы зор.
Ақтау және Құрық порттарының қуатын арт­тыру, контейнерлік терминалдарды жаң­ғырту, теңіз флотын дамыту, теміржол инф­рақұрылымын жетілдіру, шекаралық өткізу бекеттерінің мүмкіндігін кеңейту – осы үлкен стратегияның құрамдас бөліктері.
Ал жуырда Мемлекет басшысының қа­тысуымен басталған Сексеуіл-Қызылорда, Сек­сеуіл-Бейнеу және Сексеуіл-Ақтөбе ха­лық­аралық автожолдарының құрылысы осы іргелі саясаттың кешенді жұмысының бір бөлігі деуге негіз бар.
Бұл жобалар Қазақстанның батыс өңір­лерінің өзара байланысын жақсартып қана қоймай, халықаралық автомобиль тасы­малының тиімділігін арттыруға мүмкіндік бере­ді. Қытай мен Еуропа арасындағы жүк қоз­ғалысының уақытын бірнеше тәулікке қыс­қарту мүмкіндігі еліміздің транзиттік тар­тымдылығын арттыра түседі. Әйткенмен, жаңа жолдардың экономикалық тиімділігін тек уақыт үнемдеумен өлшеуге болмайды.
Көлік дәлізі өткен жерде жаңа эко­но­ми­калық кеңістік қалыптасады. Маң­ғыстау, Ақтөбе, Қызылорда сияқты өңір­лерде логистикалық терминалдар, сервистік ор­талықтар, қоймалар, шағын және орта биз­нес нысандары пайда болып, өндірістік кооперацияның жаңа мүмкіндіктері ашы­лады. Демек, бұл жолдар жаңа экономикалық белсенділікке серпін беретін стратегиялық инфрақұрылым деуімізге болады. Осылайша, география біртіндеп геоэкономикалық ар­тық­шылыққа айналады.

Орта дәліздің ар жағындағы мүмкіндік

Орталық Азияның өзара ықпалдастығы да осы логистикалық өзгерістермен тікелей байланысты. Өңір елдерінің көлік жүйелері бір-бірімен неғұрлым тығыз байланысқан сайын, ішкі сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика және инвестиция үшін жаңа мүмкіндік көбейеді.
Сондықтан Қазақстанның өңірлік сая­сатында тауар айналымын арттыру, шекара маңы саудасын дамыту, су-энергетикалық тепе-теңдікті сақтау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бірлескен өндірістер құру мәселелерінің қатар қарастырылуы заң­ды.
Бұл жерде Орталық Азия елдерінің бір­лігі идеологиялық ұғыммен шектелмей, нақ­ты экономикалық қажеттілік ретінде кө­рінеді.
Бірін-бірі өзара толықтыратын эконо­ми­калар біріге отырып, әлемдік на­рық­тағы бәсекеге қабілетін күшейте алады. Бір елдің табиғи ресурсы екіншісінің өн­діріс­тік қуатымен, үшіншісінің еңбек әлеуе­тімен, төртіншісінің көлік мүмкіндігімен, бесін­шісінің нарығымен сабақтасқанда ғана өңір­дің жиынтық қуаты артады.
Бауырлас елдер ынтымақтастығының әлеуе­тін арттыру да осы үдерістің кеңейе түс­кенін көрсетеді. Ынтымақтастық бүгінде мә­дени-гуманитарлық байланыстармен ғана шек­телмей, инвестиция, сауда, өнеркәсіп, кө­лік, цифрлық технологиялар және білім сала­ларындағы ынтымақтастықтың маңыз­ды алаңына айналып келеді.
Сондықтан тарихи және мәдени жақын­дық біртіндеп нақты экономикалық мазмұн­мен, ақпараттық технологиялармен толы­ғып келеді.

Жолдан кейінгі жаңа дәуір – цифрлық кеңістік

Алайда қазіргі әлемде жолдың өзі жеткі­ліксіз. XXI ғасырда физикалық инфрақұры­лым мен цифрлық инфрақұрылым қатар дамуы керек.
Жүк Қазақстан аумағына жылдам кіріп, шекарадан тез өтіп, Каспийге қысқа мерзімде жеткенімен, кеден рәсімдері қағазбастылық­қа байланысты ұзаққа созылса, транзиттік ар­тықшылықтың мәні төмендейді. Сондық­тан логистиканың келесі кезеңі – оның цифр­лық трансформациясы.
Қазақстанда кеден рәсімдерін автомат­тан­дыру, электрондық құжат айналымын енгізу, цифрлық логистикалық платфор­ма­лар­ды дамыту, жүк ағындарын тиімді бас­қару бағытында едәуір ілгері.
Бұл жерде жасанды интеллектінің мүм­кіндігі ерекше.
Жасанды интеллект жүк ағындарын болжауға, көлік қозғалысын оң­тай­­­­ландыруға, шекарадағы жүктемені ал­дын ала анықтауға, логистикалық маршруттарды тиімді таңдауға мүмкіндік береді. Демек, Қа­зақстанның транзиттік әлеуеті енді тек қан­ша шақырым жол салынғанымен емес, сол жолдың қаншалықты «ақылды» бас­қары­латынымен де өлшенеді.
Цифрландыру мемлекеттік басқарудың өзіне де жаңа талап қойып отыр. Электронды мемлекеттік қызметтер, финтех экожүйесі, де­ректерді өңдеу орталықтары, ұлттық су­пер­компьютерлік инфрақұрылым және жа­санды интеллектіні енгізу – экономика­ның жаңа сапалық кезеңге өтуінің белгілері.
Президент Тоқаевтың жасанды ин­тел­лектіні дамытуға ерекше мән беруінің себебі де осы. Алдағы кезеңде технологияны тұты­на­тын емес, оны жасайтын және өз экономи­касына тиімді енгізетін елдер ғана жаһандық бәсекеде артықшылыққа ие болады.
Сондықтан ІТ-мамандар даярлау, ғылы­ми зерттеулерді қолдау, халықаралық тех­но­логиялық компаниялармен әріптестікті кеңейту және инновациялық экожүйе қа­лып­тастыру – Қазақстанның технологиялық тәуел­сіздігіне бастайтын маңызды қадамдар. Елі­міздің бұл ілгерілеушілігін Орталық Азия ел­дері де көре біледі деген ойдамыз. Қазақ­стан­ның цифрлық даму көрсеткіші өте жо­ғары: ТОП-30-дың ішінде, нақтылап ай­тар болсақ, 24-орындамыз. Бұл – өте жоғары көр­сеткіш. Қазақстан Президенті ЖИ-ді бар­лық салада енгізуге баса мән беріп отыр. Елі­мізде әлемдік алпауыт ақпараттық ком­паниялар қызығушылық танытып, алды Екібастұз қаласында арнайы дата-орталық салуды бастап кетті.
Сонымен қатар болашақтың қаласы са­налатын Alatau City smart қаласы да Орталық Азияның ортақ мақтанышына айналады де­ген үміттеміз. 

Экономиканың жаңа құрылымы

Цифрлық трансформация көлік пен мем­лекеттік басқарумен ғана шек­телмейді. Ол экономиканың құрылымын да өзгертуге тиіс.
Қазақстан дәстүрлі мұнай-газ әлеуетін сақ­тай отырып, мұнай-химия өндірісін те­рең­детуге, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, атом энергетикасының мүмкін­дік­терін қарастыруға, сирек кездесетін ме­талдарды игеруге және төмен көміртекті экономикаға көшуге басымдық беріп отыр.
Бұл бағыттардың барлығы бір-бірімен сабақтас.
Сирек кездесетін металдар мен энер­гети­калық ресурстар халықаралық нарыққа шы­ғуы үшін тиімді логистика қажет. Логис­тика заманауи болуы үшін цифрлық тех­но­логиялар керек. Цифрлық экономикаға бі­лік­ті маман қажет. Ал білікті маман даярлау үшін білім мен ғылымның жаңа сапасы қа­жет.
Демек, Қазақстанның қазіргі стра­те­гия­лық бағытын жеке-жеке жобалардың жиын­тығы ретінде емес, бір-бірін толықтыратын тұтас жүйе ретінде қарастырған жөн.
Орталық Азиядағы тұрақтылық – эконо­микалық ықпалдастыққа жол ашады. Эко­номикалық ықпалдастық – көлік бай­ла­ныстарын күшейтеді. Көлік дәліздері – Қа­зақстанның географиялық артық­шы­лығын нақ­ты табыс көзіне айналдырады. Цифр­лан­дыру осы жүйенің тиімділігін арт­тырады. Ал жа­санды интеллект оның келесі даму саты­сына жол ашады.

Тарихи сабақтастық пен болашақ бағдары

Осы үдерістердің барлығын біріктіретін бір ұғым бар. Ол – тарихи сабақтастық және ырысты ынтымақ.
Орталық Азияның өркениеттік тари­хын­да бұл кеңістік ешқашан оқшау аймақ бол­ған емес. Керісінше, Шығыс пен Батысты бай­ланыстырып, сауда мен мәдениеттің та­ралуына ықпал еткен кеңістік болды. Бүгінгі технологиялық дәуірде сол тарихи рөл жаңа сипатқа ие болып отыр.
Бұрын керуендер жүрген жолмен бүгін контейнер пойыздары жүреді. Бұрын сау­дагерлер мен елшілердің хабарын ат­ты­лы-жаяу жеткізсе, қазір ақпарат секундына таралады. Бұрын Ұлы Жібек жолының маңы­зын керуен жолдары айқындаса, бүгінде оның орнын халықаралық дәліздер, порттар, логистикалық терминалдар және цифрлық желілер басып отыр.
Сондықтан Қазақстанның жаңа тарихи мис­сиясы – өткенді қайталау деп таяз тұ­жы­рым жасауға болмайды. Керісінше, тарихи ар­тықшылықты қазіргі заманның техно­логиялық және экономикалық мүмкіндік­терімен ұштастыру.
Бұл прогматикалық парадигма Орталық Азия елдерінің бірлігінен басталып, Еура­зияның көлік-логистикалық байланысына, одан цифрлық экономика мен жасанды интеллект дәуіріне жалғасады.
Қазақстан үшін басты мақсат – геог­ра­фия­лық орналасудың артықшылығын тұ­рақ­ты экономикалық құндылыққа, өңірлік ынтымақтастықты халықаралық ықпалға, ал технологиялық жаңғыруды ұлттық бә­секеге қабілеттілікке айналдыру.
Сонда ғана «Ұлы Жібек жолының тора­бын­да және Еуразияның жүрегінде орналас­қан ел» деген тарихи сипат қазіргі экономи­калық шындықпен толығады.
Бүгінгі Қазақстан – Ұлы Далада Алтын Орда секілді өркениеттердің мұрасын бү­гін­ге жалғаған орта держава ретінде ха­лық­ара­лық қауіпсіздік архитектурасына қо­мақ­ты үлес қосып келеді. Сонымен қатар ол жаңа тех­нологиялар, жаңа экономикалық байла­ныс­тар тоғысатын ауқымды кеңістікке ай­на­лып келеді.
Елдің ішкі бірлігі, Орталық Азияның ынтымағы, Орта дәліздің дамуы, тран­­­­зиттік және логистикалық ауқымды жо­балар, энергетикалық қауіпсіздік, цифр­ландыру мен жасанды интеллект – сырттай қарағанда әртүрлі бағыттар болғанымен, түптеп келгенде бір стратегиялық мақсатқа тоғысады.
Ол – Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі тұ­рақтылықтың, экономикалық ықпал­дас­тықтың, технологиялық жаңғырудың және халықаралық ынтымақтастықтың маңызды тірегіне айналдыру. 
Жаңа Конституция ар­қылы жүзеге аса бастаған трансформация және қайта форматтау кезеңі еліміздің даму бағ­дарын нақтылап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Өйткені бүгінгі әлемде жеке күштен гөрі ортақ мүмкіндік маңызды. Ал ортақ мүмкін­дік өзара сенім мен бірліктен басталады.
Алтау ала болмаса, аспандағы келеді.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, 
академик

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары