Әйелдердің эмоция интеллектісі ерлерге қарағанда жоғары ма? – ғалымдар анықтады

/
Әйелдердің эмоция интеллектісі ерлерге қарағанда жоғары ма? – ғалымдар анықтады

Әйелдер мен ерлердің эмоция интеллектісіндегі айырмашылық бұрын ойлағандай үлкен емес, деп хабарлайды turkystan.kz PubMed басылымына сілтеме жасап.

Ғалымдар әйелдер мен ерлердің эмоционалдық интеллект деңгейінде айырмашылық бар екенін анықтағанымен, оның қоғамда қалыптасқан түсініктегідей үлкен емес екенін көрсетті. Зерттеуге 30 жылдан астам уақыт ішінде жүргізілген 1 279 мақаладағы 1 428 зерттеу үлгісі мен 609 278 адамның деректері енгізілген.

Мета-талдау нәтижесі бойынша, әйелдердің эмоционалдық қабілеттердің көпшілігінде орташа көрсеткіші жоғары. Әсіресе олар басқа адамдардың эмоциясын тану және түсіну сияқты қабілеттерде басымдық көрсетеді. Алайда кейбір эмоционалдық дағдылар бойынша әйелдер мен ерлер арасында айтарлықтай айырмашылық байқалмаған.

Зерттеушілер эмоционалдық интеллектіні өлшеу әдісі де нәтижеге әсер ететінін анықтаған. Адамдардың өз қабілетін субъективті бағалауына негізделген тестерде гендерлік айырмашылық аз болған, ал нақты тапсырмаларды орындауға негізделген бағалауларда айырмашылық көбірек байқалған.

Сонымен қатар айырмашылық адамның жасына, географиялық аймағына, зерттеу жүргізілген жылға, басшылық қызметте болуына және жұмыс істейтін саласының ерекшелігіне байланысты өзгерген.

Ғалымдардың айтуынша, бұл нәтижелер эмоционалдық интеллектідегі гендерлік айырмашылықты бір ғана жалпы көрсеткішпен түсіндіру дұрыс емес екенін көрсетеді. Әйелдердің бірқатар эмоционалдық қабілеттерде артықшылығы болғанымен, оның деңгейі адамның қандай эмоциялық қабілеті зерттелгеніне, оны қалай өлшегеніне және қандай ортада қарастырылғанына байланысты.

Зерттеу нәтижелері 2026 жылы American Psychological Association дерекқорында жарияланды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары