Жазғы Азиада-2026: Тоқсанбаева жарыстан шеттетілсе де, сыйақы алады

/
Жазғы Азиада-2026: Тоқсанбаева жарыстан шеттетілсе де, сыйақы алады
olympic.kz

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Aichi-Nagoya 2026 Азия ойындарында нәтижесі жойылған Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Федерация спортшының құқығын қорғауды жалғастырып, жарыс қорытындысына байланысты қабылданған шешімге қарсы протест пен шағым бергенін хабарлады, деп жазады turkystan.kz.

Ясмина Тоқсанбаева марафондық спорттық жүрісте 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші болып жеткен. Алайда жарыстан кейін оның аяқкиіміне қатысты протест түсіп, нәтижесі есептен шығарылды.

Федерация мәліметінше, World Athletics рұқсат еткен аяқкиімдер тізімінде ASICS бренді болғанымен, спортшы киген нақты модель тізімнен табылмаған.

Сонымен қатар Тоқсанбаеваның аяқкиімі жарыс басталғанға дейін тексерілген. Осы тексерістен кейін оған стартқа шығуға рұқсат берілген.

Қазақстан тарапы осы жайтты негізге алып, қабылданған шешіммен келіспейтінін және спортшының мүддесін қорғауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Федерация болған жағдайға байланысты өзінің де жауапкершілігі бар екенін атап өтті. Ұйым спортшыларды жарысқа дайындаумен қатар, халықаралық жарыстардың техникалық регламенттері мен талаптарының сақталуын бақылау маңызды екенін жеткізді.

"Бұл жұмыстың нәтижесі жарыс жолында көрінді: Ясмина мәреге бірінші болып жетіп, чемпиондық нәтиже көрсетті. Біз үшін Ясмина – чемпион", – делінген мәлімдемеде.

Федерация протест пен шағымның қорытындысына қарамастан, Ясмина Тоқсанбаеваға чемпионға қарастырылған барлық сыйақыны өз қаражаты есебінен толық төлейтінін хабарлады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары