Жастар бар жерде жаңалық бар

/
Жастар бар жерде жаңалық бар

Ақтөбе облысында 14-35 жас аралығындағы 267 мыңнан астам жас бар. Олар білім мен ғылымда, бизнесте, спорт пен мәдениетте, IT және волонтерлік саласында белсенді. Бірі жаңа жоба қолға алса, енді бірі туған ауылын көркейтуге үлес қосып жүр. Бағыттары әртүрлі болғанымен, мақсаттары ортақ – елге пайдасын тигізу.

12 тамыз – Халықаралық жастар күні қар­саңын­да Ақтөбе облысында жас буынның бел­сен­ділігін арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара өтті. Соның бірі – облыс әкімі Асхат Шаха­ров­тың жастармен OPEN TALK форматындағы ашық кездесуі.

«Мүмкіндік бар. Ендігі кезек – сіздерде»

Кездесуге волонтерлер, кәсіпкерлер, спорт­шылар, студенттер, өнер, білім және IT саласының өкілдері қатысты. Жастар өз жоба­ла­рын таныстырып, өңірді дамытуға қатысты ұсы­ныс­тарын ортаға салды. Кездесудің ерекшелігі – мұнда дайын баяндама емес, ашық әрі еркін пікір алмасу болды.
Облыс әкімі Асхат Шахаров жастарды мере­ке­мен құттықтап, олардың өңір халқының шама­мен 30 пайызын құрайтынын атап өтті.
– Қазіргі заман – білім мен біліктің дәуірі. Үне­­мі ізденіп, жаңа технологияларды меңге­ріңіз­дер. Тың идея ұсынудан, жауапкершіліктен қо­рық­паңыздар. Білімдеріңіз бен күш-жігерлеріңізді туған өлкенің дамуына бағыттаңыздар, – деді өңір басшысы.
Бүгінде жастарға өз әлеуетін жүзеге асыруға мүм­кіндік беретін тетіктер аз емес. AQTOBE JASTARY тұрғын үй бағдарламасы, жұмыспен қам­ту жобалары, жастар бастамаларын қолдау те­тіктері – соның бір бөлігі.
Алайда мүмкіндік өздігінен нәтиже бермейді. Оны тиімді пайдалану үшін білім, табандылық пен бастама қажет. Ақтөбелік жастардың мысал­дары осыны көрсетеді.

Жақсы істің басында жүргендер

Жастардың белсенділігі экологиялық баста­малардан да анық көрінеді. Олар «Таза Қазақстан» акциясы мен «Жасыл ел» бағдарламасына қаты­сып, аула мен көшелерді тазалауға, абаттандыруға, көгалдандыруға атсалысып жүр.
Волонтерлік қозғалыс та жастар арасында кең қанат жайған. Еріктілер әлеуметтік жобаларға қа­тысып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көр­се­теді.
Ал AQTOBE CAMP жастардың білімін жетіл­ді­ріп, тәжірибе алмасуына, жаңа адамдармен та­ны­сып, идеяларын жүзеге асыруына жол ашады.
Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталы­ғы­ның басшысы Ержан Аманжоловтың айтуынша, жас­тармен жұмыс 11 бағыт бойынша жүргізіледі. Оның ішінде жұмыспен қамту, волонтерлік, ұлт­тық құндылықтарды дәріптеу, құқық бұзу­шы­лық­тың алдын алу және NEET санатындағы жастармен жұмыс бар.
Unifest, Best in Aqtobe, «Жастарға кеңес» секілді жо­балар да жас буынның білімін арттырып, қо­ғамдық белсенділігін күшейтуге бағытталған.

Ауылдан шыққан идея

Жаңашылдықтың бәрі қалада туады деген түсінік дұрыс емес. Бұған Қарғалы ау­да­ны Бадамша ауылының мұғалімі Жанат Қарасаева мен оның шәкірттерінің жұмысы дәлел.
Оқушылары Максим Гриненко мен Мансұр Таңатбаев «Қарғалы ауданындағы ауа райын ба­қылау» жобасын жасап, республикалық ғылыми жо­балар байқауының облыстық кезеңінде жүл­деге ие болды.
Жас зерттеушілер күн сайын ауа райын бақылап, мәлімет жинайды. Қатты жел, найзағай немесе нөсер секілді құбылыстардың белгілері бай­қалса, тұрғындарға алдын ала ақпарат беруге тырысады.
Жанат Қарасаева жастардың уақытын тиімді пай­даланып, білім мен жаңа дағдыға ұмтылуы маңызды деп санайды. Ол ғылым мен медианы ұштастыратын STEM-Media Hub жобасын да ұсы­нып отыр.
– Уақыт – жастардың ең қымбат капиталы. Оны әлеуметтік желіде бостан-босқа өткізбей, бі­­лімге, жаңа дағдыға жұмсағаны дұрыс, – дейді ол.
Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Өйткені бү­гінгі ақпарат ағыны жастарға мол мүмкіндік берг­енімен, назарды бөлетін нәрсе де көп. Сон­дықтан уақытты тиімді пайдалану – жетістікке бастайтын маңызды қадамның бірі.

Сахнадан әдебиетке келген жас

Ақтөбе жастарының шығармашылық бағыт­тағы өкілдерінің бірі – Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің қызметкері, жас драматург Наурызбай Асылбеков.
Бала кезінен өлең жазған Наурызбай әуелі ак­терлік өнерді меңгеріп, кейін кинотеледра­ма­тур­гия мамандығы бойынша білім алған. Оның «Түн­гі фонарь» пьесасы республикалық драматур­гия байқауында екінші орын иеленді. «Тоқылдақ» драмасы да кәсіби ортадан жақсы бағасын алды.
– Үлкен жазушы болғым келеді. Ұстаз­да­рым­нан үйренгенімді тәжірибемен шыңдап, сүбелі дүниелер жазсам деймін, – дейді Наурызбай.

Бір кітап – бір мүмкіндік

OPEN TALK барысында жастар облыс әкімі Асхат Шахаровқа кітап оқу туралы да сұрақ қой­ды. Өңір басшысы өзіне әсер еткен шығармалар туралы айтып, кітап оқудың маңызына тоқталды.
Кездесу соңында жүз жасқа қазақстандық авторлардың кітаптары сыйға тартылды. Әр кітапқа облыс әкімі өзінің жылы лебізін жаз­ған.
Бір қарағанда бұл – қарапайым сыйлық. Алай­да оның мәні тереңірек. Өйткені кейде бір кітап адамның көзқарасын өзгертіп, жаңа ойға жете­лейді, тіпті өмір жолына ықпал етуі мүмкін. Сон­дықтан бұл сыйлық жастарға айтылған «оқы, із­ден, ойлан» деген тілек іспетті.
Мерекелік кеште өз саласында жетістікке жет­кен бір топ жас ақтөбелік те марапатталды. Олар­дың қатарында ақын, құтқарушы, дәрігер, пе­дагог, IT маманы, мемлекеттік қызметші, әлеу­меттік қызметкер және кәсіпкер бар.
Олардың мамандығы мен өмір жолы әртүрлі. Бірақ бәріне ортақ бір қасиет бар – өз ісіне адал­дық.
Бірі ауылдағы ауа райын зерттеп, ғылыми жоба жасайды. Бірі пьеса жазып, ұлттық драма­тур­гияға үлес қосады. Бірі волонтер болып, өзгеге көмектеседі. Енді бірі кәсіп бастап, жаңа жұмыс орындарын ашуға ұмтылады.
Мүмкіндік көбейген сайын жаңа идеялар да пай­да болады. Ал идеяға білім мен тынымсыз ең­бек қосылса, ол нақты іске, одан әрі ел игілігіне ай­налады.
Ақтөбенің жалынды жастарының бүгінгі қа­дамы – ертеңгі үлкен өзгерістердің бастауы. 

Жанна КӨПЖАНОВА, 
Ақтөбе 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары