Тұтас дәуірдің көркем шежірешісіне айналған қаламгерлер болады. Олар сол уақытты қоғамының жан дүниесі, аңызы мен ақиқаты, қорқынышы мен үміті, ең бір аяулы жақсысы мен ешкім көріп-білмесе екен деп жасыратын жаманы арқылы тарих бетіне өшпестей таңбалайды. Сондай қаламгердің бірі – Мо Ян.
Оның шығармаларын оқыған сайын көз алдыңа бір елдің тағдыры ғана емес, адамзаттың ғасырлар бойы қайталанып келе жатқан рухани драмасы елестейді. Бір мезетте аңыз бен ақиқаттың, қасірет пен күлкінің, қатыгездік пен мейірімнің арасымен жүріп отырғандай күй кешесің. 2012 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының дәл осы жазушыға берілуі кездейсоқ шешім емес еді. Бұл – Қытайдың ауылдық кеңістігінен басталған хикаялардың адамзаттық деңгейдегі үлкен әдебиетке айналғанын мойындау болатын.
Өз тамырын іздеген
Мо Янды жазушы еткен өзі өмір сүрген уақыт пен кеңістік. Ол дүниеге келген кезең де, өскен орта да адамды ерте есейтетін, өмірдің ащы дәмін ерте татқызатын заман еді.
Болашақ Нобель сыйлығының иегері 1955 жылы Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Гаоми ауданында дүниеге келді. Оның шын есімі – Гуань Мое. Кейін әлемге Мо Ян деген әдеби бүркеншік атпен танылды. Қытай тілінде бұл «сөйлеме» немесе «үндеме» дегенді білдіреді. Мо Ян балалық шағын Қытай тарихындағы ең күрделі кезеңдердің бірінде өткізді. Елде саяси науқандар жүріп жатты. Қоғам өмірінде сақтық пен үнсіздік маңызды қасиетке айналған уақыт еді бұл. Үлкендердің «аз сөйле», «артық сөз айтпа» деп ескерту жасап отыратын кезі екен. Кейін жазушы дәл осы ескертуді өзінің әдеби есіміне айналдырды. Осылайша, «үндеме» деп тыйым естіп өскен баланың үнін әлем естіді.
Оның балалық шағы ауыл өмірімен тығыз байланысты өтті. Болашақ романдарындағы кейіпкерлер секілді ол да қарапайым еңбек адамдарын көріп өсті. Егістік, ауыл тіршілігі, халық аңыздары, қарттардың әңгімелері, маусым сайын өзгеріп отыратын табиғат көріністері оның алғашқы мектебіне айналды. Кейін шығармаларында қайта-қайта оралатын Гаоми әлемі – осы шақтардың елесі.
Мәдени революция болған жылдар оның білім алуына да әсер етті. Көптеген қатарласы сияқты мектепті толық аяқтауға мүмкіндігі болмады. Ерте жастан еңбекке араласты. Ауыл шаруашылығында жұмыс істеді. Кейін зауытта еңбек етті...
Жиырма жасында Қытай Халық-азаттық армиясының қатарына қабылданды. Әскери қызмет оның өміріндегі жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Армия қатарында жүргенде әдебиетке деген қызығушылығы тереңдей түсті. Кітап оқуға деген мүмкіндігі көбейеді. Әдебиет туралы ойлана бастады. Жазушылыққа деген алғашқы байыпты қадамдар дәл осы уақытта жасалды.
1980-жылдары оның әңгімелері әдеби журналдарда жариялана бастады. Әдеби орта жаңа есімді бірден байқады. Оның жазу мәнері дәстүрлі прозадан өзгеше еді. Ауыл өмірін суреттегенімен, мәтіндерінде фольклордың, мифтің, қиялдың және шынайы тарихтың элементтері қатар өріліп жатты. Жас жазушы әдебиетке толық қалыптасып келгендей әсер қалдырды.
1980-1990 жылдары Мо Ян «өз тамырын іздегендер» қозғалысының өкілі деп қарастырылды, ол фольклор мен дәстүрге сүйене отырып, социализмнің көлеңкесі түспеген соны шығармалар жазуға ұмтылды.
Шындық пен галлюцинация қоспасы
2012 жылғы қазанда әлем әдебиетінің назары Қытайға ауды. Сол жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы жазушы Мо Янға берілді. Бұл шешім Қытай әдебиеті тарихындағы айтулы оқиға еді. Өйткені Мо Ян әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған алғашқы Қытай жазушысы болды.
Әдебиет саласындағы Нобель марапаты әдетте бір ғана шығармаға емес, жазушының тұтас шығармашылық мұрасына беріледі. Нобель комитеті өз шешімінде Мо Янның шығармашылығын «халық ертегілерін, тарих пен заманауи шындықты галлюцинациялық реализм арқылы ұштастырғаны үшін лайық» деп бағалады. Бұл анықтама жазушы прозасының табиғатын дәл сипаттайды.
Дегенмен Нобельге жол ашқан шығармалар қатарында бірнеше роман ерекше аталады. Ең алдымен, «Қызыл гаулияң» романы. Бұл шығарма ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытайдағы соғыс пен қоғамдық өзгерістерді қарапайым адамдар тағдыры арқылы баяндайды. Романдағы кең тынысты эпикалық суреттер, өмірге құштар кейіпкерлер мен табиғаттың символдық бейнесі Мо Янның әдеби стилін әлемге танытты.
Сондай-ақ «Салпы кеуде, үлкен бөксе» романы Қытай қоғамының бірнеше тарихи дәуірін бір отбасының тағдыры арқылы көрсетеді. Ал «Өмір мен өлім мені титықтатты» шығармасында жазушы реинкарнация туралы көне танымдарды пайдаланып, Қытай тарихының елу жылдық кезеңін өзгеше көркем тәсілмен бейнеледі. Әдеби сыншылар бұл романды оның ең батыл әрі философиялық туындыларының бірі деп санайды.
Нобель комитетінің назарын аударған шығармалардың қатарында «Бақалар» романы да бар. Мұнда Қытайдағы демографиялық саясаттың адамдар өміріне әсері күрделі психологиялық және моральдық қырынан ашылады. Жазушы әлеуметтік мәселені публицистикалық ұранға айналдырмай, адам тағдыры арқылы көрсетеді.
«Сарымсақ балладалары» – Қытай шаруалар қоғамының наразылығын бейнелейтін роман. Шығармада сарымсақ өсіретін шаруалар мен жергілікті биліктің арасындағы жанжал, жемқорлық пен әділетсіздік суреттеледі.
Мо Ян – әдебиетке жаңа география сыйлаған жазушы. Оның туын-
дыларындағы Гаоми өңірі жай ғана мекен емес, тұтас көркем ғалам. Уильям Фолкнердің Йокнапатофасы немесе Габриэль Гарсиа Маркестің Макондосы қандай әдеби кеңістікке айналса, Мо Ян да Гаомиді сондай символдық әлемге айналдырды. Ол туған өлкесінің топырағынан әлемдегі тағдырлар туралы эпикалық туындылар тудырды.
Жазушының шығармашылық табиғатындағы ең қызық құбылыстың бірі – оның шындықты ешқашан тура айтпайтыны. Ол өмірдің өзін мифтің ішіне жасырып қояды. Кейіпкерлері кейде түс көріп жүргендей әсер қалдырады, ал кейде оқырман шынайы өмірдің өзінен де қорқынышты дүниелерге тап болады. Бірақ дәл осы фантастикалық сипаттардың астарында нақты тарихи кезеңдердің ізі жатыр. Қытай қоғамының жарасы, ашаршылық, соғыс, идеологиялық қысым, адам мінезінің құбылмалылығы – бәрі де көркемдіктің артында жасырын тұрады.
Мо Ян прозасының тағы бір ерекшелігі – дене мен рухтың байланысын бұрын-соңды болмаған дәрежеде суреттеуі. Олар тамақтанады, еңбек етеді, сүйеді, азап шегеді, қартаяды. Жазушы адам өмірінің физиологиялық қырларынан қашпайды. Керісінше, тіршіліктің ең қарапайым көріністерінің өзінен философия табады. Сондықтан оның романдарында өмір иісі бар. Кейде ол иіс бидайдың жұпары болса, кейде қанның, кейде тердің, кейде шараптың иісі. Бірақ бәрінің жаны бар, бәрі тірі.
Сондықтан 2012 жылғы Нобель сыйлығы Мо Ян есімді жазушының ғана жеңісі болған жоқ. Бұл күллі Қытай әдебиетіне берілген баға еді.
Мо Ян – Қазақстанда
22 маусымда Мо Ян елімізге келді. Жазушы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағының бірлескен бастамасымен ұйымдастырылған «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы аясында дәріс оқуға келді. 2024 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл жоба жас қаламгерлердің кәсіби деңгейін арттыруға және әлемдік әдеби үдерістермен танысуына мүмкіндік беріп келеді.
22 маусым күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мо Янның қатысуымен жас жазушыларға арналған шеберлік дәрісі өтті. Кездесуге еліміздің әр өңірінен келген жас ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар мен студенттер қатысты. Жазушы әдеби шығармашылықтың қыр-сыры, көркем ойлау табиғаты және қазіргі әдебиеттің даму бағыттары жөнінде ой бөлісті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Мо Янға «ҚазҰУ-дың құрметті профессоры» атағын табыстады. Мо Ян сапары аясында болған маңызды оқиғаның бірі – оның қазақ тілінде жарық көрген екі кітабының тұсаукесері. Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен жазушының әйгілі «Сарымсақ жыры» романы мен «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» атты публицистикалық жинағы қазақ оқырманына жол тартты.
«Сарымсақ жырын» қазақ тіліне Төлеген Меллат аударған. Ал «Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?» кітабын Еділбек Дүйсен мен Әлихан Махаш аударды.
Қаламгердің сапары келесі күні Астанада жалғасын тапты. Ұлттық академиялық кітапханада оқырманмен өткен еркін сұхбат барысында жазушы өзінің шығармашылық жолы, қазіргі әдебиеттегі үрдістер және көркем ойлаудың ерекшеліктері жөнінде әңгімеледі.
Кездесу барысында Мо Ян қазақ әдебиетімен әлі толық танысып үлгермегенін айтып, мұның басты себебі қазақ қаламгерлерінің шығармалары қытай тіліне аз аударылатынында екенін жеткізді. Сонымен қатар ол Қазақстаннан оралған соң қазақ әдебиетінің қытай тіліне тәржімаланған туындыларын іздеп оқуға ниетті екенін білдірді.
– Біріншіден, қазақ әдебиетін жеткілікті деңгейде оқымағаным үшін кешірім сұраймын. Оған себептер де бар. Өйткені қытай тіліне аударылған қазақ әдебиеті үлгілері өте аз. Осы сапардан қайтқаннан кейін, қазақ жазушыларының қытай тіліне аударылған шығармаларын іздеп тауып, танысамын, – деді ол.
Жазушы өз шығармашылығы туралы айта келе, әдебиетке келуіне Қытай тарихындағы «Мәдени төңкеріс» кезеңінің әсері зор болғанын атап өтті. Оның ай-
туынша, көптеген шығармасының негізінде туған жері Гаомидегі өмір, ауыл адамдарының тағдыры мен балалық шақ естеліктері жатыр.
Одан әрі жазушы әдебиеттанушылар мен оқырмандар арасында талай пікірталас тудырған, алайда авторына даңқ әкелген «Салпы кеуде, үлкен бөксе» шығармасы жөнінде дәріс оқыды.
– Дәстүрлі қытай қоғамында отбасында бала болмаса, оны әйелден көреді. Еркекті ешкім кінәламайды. Ал менің шығармамдағы бас кейіпкер әйелдің күйеуі белсіз болатын. Ол жұбайынан ажырасқан соң, бірнеше еркектен тоғыз бала көреді. Себебі қоғамның әйелді ғана айыптай беретін қасаң түсінігіне қарсы күреседі. Өзінің бала көтеріп, өмірге сәби әкеле алатынын, белсіз болған бұрынғы күйеуінің кесірінен некеде перзент сүйе алмағанын дәлелдегісі келеді. Жалпы, ол әйелдің сегіз қыз, бір ұлы болады, – деді Мо Ян.
Оқырмандардың сұрақтарына жауап берген Мо Ян әдебиеттегі ең маңызды нәрсе өмір шындығын сол күйінде көшіру емес екенін айтты. Оның пікірінше, жазушы нақты өмір мен көркем шындықтың арасынан адамзатқа ортақ терең мағыналарды таба білуі қажет.
– Нобель комитеті маған Нобель сыйлығын бергенде, «магиялық реализм бағытындағы шығармасы үшін» деп мәлімдеді. Менің көп шығармамның желісі балалардың түсі арқылы өрбиді. Габриэль Гарсиа Маркестің көп шығармасын оқыдым. Оның маған әсері зор болды, келісемін. Әсіресе, 1980 жылдары көп қытай жазушысы Маркестің стилінде жаза бастады. Бірақ біз шетелге еліктемей, өзіміздің ұлттық танымымыз бен салт-дәстүріміз негізінде әдебиетте жаңа нәрсе ойлап табуымыз керек. Содан дүниежүзілік әдебиет қалыптасады, – деді Мо Ян.
Белгілі жазушы Төлен Әбдік, әде-
биеттанушы Сауытбек Абдрахманов, сыншы Амангелді Кеңшілік Мо Ян шығармашылығына жоғары баға беріп, оның туындылары адам табиғатын барлық қайшылығымен бірге көрсете алатын сирек суреткерлік құбылыс екенін атап өтті.
Мо Янның Қазақстанға келуі маңызды мәдени оқиға болды. Бұл сапар қазақ және қытай әдебиеті арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, әлем әдебиетіндегі өзекті көркем ізденістер жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар қазақ оқырманына Нобель сыйлығының лауреатымен тікелей жүздесіп, оның шығармашылық әлемімен жақынырақ танысуға жол ашты.
Әдебиет – халықтарды жақындастыратын рухани көпір. Мо Янның қазақ жеріне жасаған сапары осы көпірдің жаңа бір арнасын қалыптастырып, екі елдің мәдени байланысын тереңдете түскені анық.