Қыңыр қаламгер. Шатақ шайыр. Шалдуар шал. Қырсық қазақ. Ақкөңіл аға. Жақсы жолдас. Сенімді серік. Есіл ер. Айрықша адам. Ардақты азамат. Жұмбақ жан. Біртуар болмыс. Семсер сөз. Періште пейіл. Түрпідей тіл. Кесір кейіп. Көркем кекесін. Мәнді мысқыл. Әсерлі әңгіме. Өткір өлең. Шымыр шумақ. Өзгеше өрім. Ащы ақиқат... Осы ұғымдардың бәрі өзара үйлесе һәм үндесе келіп, жыр жүйрігі Өтежан Нұрғалиевтің адами және шығармашылық портретін құрайды.
Бұған қоса арқалы ақын Светқали Нұржан кейіптеген поэтикалық портретті ұсынайық:
Бұл кім өзі?
Нұрғалиев Өтежан!
Неге айылын жимайды хан көзінше?
Жоқ қоғамнан оған барар төте заң,
Барлық заңды жасап алған өзінше.
Шынында да, Өтежан аға рухани ақын інісі айтқандай, жалаңаш күйде жауға шабатын аңғал да албырт («Ол кірген жер өрт тигендей дуылдап, Өзі отырған кеседі өзі бұтағын»), сонымен қатар жақсылыққа жұбана, қамқорлыққа қуана білетін ақкөңіл де аңғырт адам болғаны рас. Өтежан Нұрғалиев – бір жағынан, өз портретін, портретін ғана емес, бүкіл болмыс-бітімін өзі өлеңмен жазып шыққан ақын. Оның өшпейтін образдар галереясынан өз бейнесіне де орын тиген. Не нәрсені көңілі қаласа, соны істейтіні, көңіл күй әуеніне құлақ қоятыны («Күн батыра алмаймын, таңды атыра, Ақ қағазға алмаймын қол батыра»), әбден торыққанда оқшау ойларға ерік беретіні («Паңдық емес немесе нәндік емес, Тұрғым келмей кетеді Алматыда») жырларынан анық аңғарылады.
Өтежан аға ойлы оқырманына сыртқы сипатын ғана емес, ішкі әлемін де айқара ашады:
Өмір деген – тіленшінің теңгесі,
Өмір деген – жақсы қыздың жеңгесі,
Жүрегімде жатыр менің, өмірдің
Талай-талай суырусыз шөңгесі.
Ол сол қалпынан ешқашан өзгерген жоқ. Жүрегіне қадалған шөңгесін де, өңгесін де өзімен бірге ала кетті.
Мына сурет оның тек-табиғатын дөп басқан. Қарлы қыс. Әлдебір гараждың ба, бәкене баспананың ба, әлде жарнама жапсырылған, жүк артқан контейнердің бе, әйтеуір бір қарауытқан қабырғаның қасында тұр. Ешнәрсеге алаңы жоқ. Мыңнан бір қой кем емес. Қоқырайған коңыр бөрік. Бозқырау қонған боз күрте. Оны алқымына дейін түймелеп тастаған. Қысқа жағаны көтеріп алған. Күртесінің мойын тұсынан шарфтың бір шеті едәуір шығыңқырап кеткен. Ал өзі төңірегіне мысқылдай көз тастап қояды. Шынында да, Өтағаңның көңілі бүгін көтеріңкі. Езуіне әлдебір түрпідей тіркес немесе шымшыма шумақ үйірілгісі кеп тұрған сыңайлы. Негізі, Өтақаң өте мейірбан адам болатын. Онысы осы суреттегі көзінен-ақ көрініп тұрған жоқ па?!
Шынында да, Шүкір дос өр мінезді Өтежанның қырсық-қыңыр мінезін бір сәтке сылып тастап, рахат күйге бөленген ерекше кейпін түсіріп алған. Анда-санда болатын мерейлі мезетті дөп басқан. Мергеннің аты – мерген!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ