Осы аптада Мемлекет басшысы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл», «Бейнеу – Сексеуіл» жолдарының құрылысын бастап берді.
Бір ғана «Бейнеу – Сексеуіл» бағытының өзі Қытайдан Еуропаға дейінгі жүк тасымалдау ұзақтығын 1 000 шақырымға дейін қысқартады. Батыс пен Шығыс арасында құрлық жолының басым бөлігі еліміз арқылы өтетінін ескерсек, озық және заманауи дәліз қалыптастыру жалпы экономикамызға серпін беретін қадам болмақ. Президент қолға алған бастаманың маңызына тоқталып, жұмысты сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырды.
Ал жалпы ұзындығы 462 шақырым болатын «Қызылорда – Сексеуіл» жолы қайта жаңартылып, төрт жолаққа дейін кеңейеді. Бұл қауіпсіз көлік қозғалысын реттейді, жолаушылар мен жүк тасымалын тиімді ете түседі. Еліміздің батыс өңірлері мен Қызылорда облысы арасындағы көлік қатынасына, халықаралық және республикалық транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін жақсартуға, жол бойындағы қызмет инфрақұрылымның дамуына да серпін береді.
Осылайша, Шығыс пен Батысты жалғайтын жаңа көлік жүйесін қалыптасады. Жоба 2029 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Ауқымды жобаларды өз мамандарымыз жүзеге асырып жатыр
Президент «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысы басталған телекөпірде сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екеніне тоқталып, бүгін еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша ауқымды жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді.
– «Жол – тіршіліктің күретамыры». Мемлекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Баршаңызға белгілі, еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір саналады. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Жалпы, елімізде бұл бағытта көптеген шаруа атқарылып жатыр. Былтыр «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылды. Соның арқасында жүк тасымалы көлемі 5 есе артты. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі жұмыс істей бастады, нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. Ең бастысы, осындай ауқымды жобаларды өз мамандарымыз жүзеге асырып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, бұл жұмыстың бәрі Қазақстанның көлік-логистика саласындағы әлеуеті зор екенін көрсетеді.
– Өткен жылы еліміздегі жалпы тасымал көлемі 6 пайызға артып, шамамен 37 миллион тонна болды. Биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал», ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, біз автокөлік саласына ерекше назар аударып отырмыз. Кейінгі жылдары Қазақстанда тас жолдарды түбегейлі жаңарту жұмысы қолға алынды. Бірқатар ірі ин-фрақұрылымдық жоба табысты аяқталды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай» бағытындағы жолдар – соның айқын дәлелі. Кейінгі 5 жылда автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі екі есе артты. Былтыр осы қызмет түрінен түсетін табыс 1,5 триллион теңгеге жетті. Өздеріңіз білесіздер, еліміз арқылы 8 халықаралық дәліз өтеді. Бұл жолмен күн сайын 35 мыңға жуық автокөлік жүреді. Өткен жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмысы жүргізілді. Соның 6 мың шақырымы халық игілігіне берілді. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттері толық жаңартылады. Мұндай ауқымды жұмыс Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жүзеге асырылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Арал – Каспий» алтын көпірге айналады
Мемлекет басшысы қазір Қазақстанның әр аймағында автожолдар жөнделіп жатқанын атап өтті.
– Жақында Сарыағаш айналма жолының құрылысы мен «Жезқазған – Қарағанды» автожолын жөндеу жұмысы басталды. Сонымен қатар еліміз бойынша көптеген тұрғын үй, мектеп, аурухана, инженерлік желі салынып жатыр, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бір сөзбен, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналатын болды. Бұл мемлекетіміздің өсіп-өркендеу жолына түсіп, жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейнеу – Сексеуіл» бағытында 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жолдың құрылысы басталғанына тоқталып, бұл бағдарды халықаралық ауқымдағы автожол деп атады.
– Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде, Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз. «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал – Каспий магистралі» деп атаған дұрыс, – деді Мемлекет басшысы.
Жұмысқа 10 мыңнан астам адам тартылады
Сонымен қатар Президент жалпы ұзындығы 774 шақырым «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдарын кеңейту, түбегейлі жаңарту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
– Бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Осындай жобалардың әрқайсысы тұтас Қазақстанның көлік жүйесімен үйлеседі. Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке тартылған көлік желілері енді шығыстан батысқа қарай бағытталған жаңа тармақтармен кеңейіп жатыр. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Қазақстандағы автокөлік тасымалы саласы табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жолдың құрылысын жүргізумен бірге заманауи цифрлық экожүйе құру маңызды міндет саналады. Жергілікті автоөндірісті тарта отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау әлеуетті еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Арал маңындағы иен даламен тартылып жатқан жолдар бұған дейін тұйық нүкте саналып келген бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына айналдырады. Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақытылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Телекөпір барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаны бастауға әзірлік жөнінде баяндады. Бұдан бөлек Қызылорда облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, Президентке өңір тұрғындарының ризашылығын білдірді.
Дархан Иманашев,
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Басқарма төрағасы:
Бұл шешімді тарихи бетбұрыс деп бағалаймын
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық маңызы айрықша үш автожол жобасын – «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыттарын іске асыруға ресми түрде бастау берді. Президент бұл бастаманы еліміздің көлік жүйесін түбегейлі жаңғыртатын біртұтас инфрақұрылымдық шешім ретінде айқындап, оны Арал – Каспий автомагистралі деп атады.
Жол саласының тізгінін ұстап отырған маман ретінде мен бұл шешімді тарихи бетбұрыс деп бағалаймын. Тәуелсіздік жылдарында алғаш рет еліміз бір мезетте жалпы ұзындығы 1 574 шақырымды болатын ірі автожол құрылыстарын қолға алып отыр. Бұл жай ғана құрылыс емес, елдің кеңістіктік-экономикалық байланысын қайта құратын жүйелі қадам.
Бүгін біз Қорғас пен Достықтағы шекаралық өткелдерді Ақтау мен Құрық теңіз порттарымен тікелей жалғайтын жаңа құрлық дәлізін қалыптастырып жатырмыз. Бұған дейін Сексеуіл мен Бейнеу арасындағы тікелей жолдың болмауы жүк тасымалын ұзақ әрі тиімсіз бағыттармен жүргізуге мәжбүр ететін. Енді бұл түйткіл түбегейлі шешімін табады: жол қашықтығы шамамен 1 000 шақырымға қысқарып, жол жүру уақыты 30 сағатқа, ал жүк жеткізу мерзімі 4,5-5 тәуліктен 3 тәулікке дейін азаяды.
Бұл жобалар – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы өсіп келе жатқан транзит мәселелеріне берілген нақты жауап. Қазірдің өзінде кейбір учаскелерде тәуліктік көлік ағыны 10-15 мың автокөлікке жетіп, бастапқы болжамдардан әлдеқайда асып кетіп отыр. Бұл инфрақұрылымға деген қысымның артқанын және жаңа шешімдердің уақытылы қабылданғанын көрсетеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жобалар толық қаржыландырылды, халықаралық мердігер консорциумдары құрылды, сондай-ақ барлық ұйымдастыру-техникалық дайындық жұмыстары аяқталды. Ендігі міндет – белгіленген мерзімде сапа стандарттарын қатаң сақтай отырып, жобаларды толық әрі тиімді жүзеге асыру.
«Бейнеу – Сексеуіл» бағыты бойынша ұзындығы 800 шақырым болатын жаңа автожол салынады. Бұл бағыт Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің стратегиялық буынын толықтырып, Каспий теңізі порттарына жылдам әрі тиімді жетуге мүмкіндік береді. «Қызылорда – Сексеуіл» учаскесінде 462 шақырым жол І техникалық санатқа ауыстырылып, екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіледі. Ал «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағытында ұзындығы 312 шақырым болатын заманауи төрт жолақты автожол салу көзделіп отыр.
Бұл екі ірі жоба халықаралық DBM (Design – Build – Maintain) моделі бойынша жүзеге асырылады. Бұл тәсіл бойынша мердігер тек құрылысқа ғана емес, жолды жобалау мен пайдалануға берілгеннен кейінгі жеті жылдық күтіп ұстау жұмысына да толық жауап береді. Осы арқылы жол сапасы тұрақты түрде бақыланады.
Құрылыс кезеңінде жобаларға 10 мыңнан астам маман мен 3 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылады. Сонымен қатар 81 көпір мен жол өткелі, 452 су өткізу құрылысы, заманауи жол бойы сервис нысандары, демалыс алаңдары және цифрлық қозғалыс мониторингі жүйелері салынатын болады.
Бұл бастамалардың ауқымы тек көлік саласымен шектелмейді. Олар Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өндірісті қолдауға және шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашады. Әсіресе, Арал өңірі үшін бұл жоба ерекше маңызға ие: мұнда заманауи мультимодальды көлік-логистикалық хаб қалыптасады.
Біз жұмыстың жауапкершілігін толық сезінеміз. Сондықтан басты ұстанымымыз өзгермейді: сапа мен қауіпсіздік – әрбір шақырым жолдың өзегінде тұруға тиіс.
«Арал – Каспий» автомагистралінің іске асуы еліміздің көлік инфрақұрылымындағы түйінді мәселелерді шешіп қана қоймай, Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік дәлізіндегі стратегиялық орнын нығайтады. Бұл жоба елімізді Шығыс пен Батысты жалғайтын басты құрлық көпіріне айналдыру жолындағы маңызды қадам болмақ.
Айбол Данағұл,
«ҚазАвтоЖол» Ақтөбе облыстық филиалының директоры:
Инфрақұрылым да жолмен бірге жаңарады
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ақтөбе – Қаратоғай» бағытының жалғасы «Ұлғайсын – Сексеуіл», «Сексеуіл – Қызылорда» жобалары бастау алып жатыр.
Соның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 215 шақырымы өтеді. 2 жолақты жол болып басталып, 4 жолақты жолға кеңейтілетін болады. Осы жоба аясында барлық инфрақұрылым, нақтырақ айтқанда, су өткізетін құбырлар, көпірлер қайтадан жаңартылады. Жол бойындағы қызметтің барлығы қайта жобаланады.
Одан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылатын ірі жобаның бірі – «Бейнеу – Сексеуіл» жобасы. Оның жалпы ұзындығы – 559 шақырым, оның 245 шақырымы Ақтөбе облысының аумағынан өтеді. Жол жаңадан салынады, сонымен қатар Шалқар қаласы мен Бозой ауылы арасындағы жол күрделі жөндеуден өткізілмек.