Бейпілауыз блогерлерге тыйым бар ма?

Бейпілауыз блогерлерге тыйым бар ма?

Әлеуметтік желілердің тоқтаусыз алгоритмдері күн сайын бүкіл қоғамның санасын бейпіл сөздермен, қауіпті пранктермен және шектен шыққан арандатушы контентпен улап жатыр. Кезінде жай ғана жеңіл ойын-сауық сияқты басталған цифрлық «хайп» бүгінде жас буынның мінез-құлқын, тілдік мәдениеті мен моральдық бейнесін қайта «жазатын» ең пәрменді әлеуметтендіру агентіне айналды. Басқаны қорлап, қоғамдық тыныштықты бұзуды «тренд» деп ұғу, ал бейпіл сөйлеуді «еркіндік» деп қабылдау басылмай тұр. 

Психологиядағы әлеуметтік үйрену тео­риясы мен заманауи нейробиоло­гия­лық зерттеулер мұндай агрессивті орта­да өскен баланың эмпатияны жоғалтып, когнитивті деградацияға ұшырайтынын ашық ескертеді. Бұл құбылыстың та­мы­рын тереңнен түсіну үшін ең алдымен ака­демиялық психология мен заманауи ней­робиология ғылымының тұжырым­да­рына сүйенген жөн. Бұл шақта жасөс­пірім­дердің мидың эмоциялар мен им­пульстерге жауап беретін лимбикалық жүйе­сі қарқынды дамып, ал шешім қа­был­дау мен мінез-құлықты бақылайтын преф­ронтальды қыртысы әлі толық қа­лыптасып үлгермейді. Алайда бұл мо­дель қазір бүкіл ересектер социумына да таралып отыр. Америкалық психолог Аль­берт Бандураның әлеуметтік үйрену тео­риясы бойынша адамдар мінез-құ­лықты тікелей жеке тәжірибе арқылы емес, бақылау және еліктеу арқылы сіңі­реді. Оның эксперименттері желідегі бло­гер агрессивті, деструктивті әрекет жа­сап, ол үшін жазаланбай, керісінше ма­рапатталып, көптеген лайкқа, донат­қа, қаралым мен жалпыхалықтық таны­мал­дылыққа кенелсе, оны бақылап отыр­ған аудитория бұл мінез-құлықты сәт­тілікке жеткізетін оңай әрі ең тиімді стратегия деп қабылдайды. Осылайша, цифр­лық кеңістіктегі танымал блогер­лер қоғам­ның бейресми идеалдарына айналып, олар айтқан бейпіл сөз немесе арандату­шы пранк халықтың санасында еркін болу­дың немесе заман ағымынан қал­мау­дың негізгі символы ретінде ор­нығады.
Бұл процесс қоғамдық санада өте ауыр когнитивті және психо­ло­гия­лық сал­дар қалыптастырады. Күнделікті эк­раннан бейпіл сөздер мен агрессияны, бі­реу­ді қорлауды тұрақты көру адам­дар­дың сезімталдығын жоғалтады. Америка пси­­хологиялық ассоциациясының зерт­теу­­лері көрсеткендей, үнемі медиа-агрес­­сияға ұшыраған адамдар шынайы өмір­дегі зорлық-зомбылыққа немесе өз­гелердің қайғысына сезімталдығын азай­тып, бі­реу­ді қорлауды, қоғамдық орын­да әдепсіздік жасауды қалыпты әзіл ретінде қабылдай бастайды. Осыдан ба­рып желідегі пранк­тер мен арандату­шы контент оффлайн ор­таға ойысып, мек­тептерде, оқу орын­да­рында, жұмыс орын­дары мен көшелерде ки­бербуллинг пен шынайы өмірдегі де­виантты мінез-құ­лыққа ұласады. 

Америкалық медиа теоретик, ком­му­ни­кация саласындағы профессор, жалпы ком­муникация мен теледидардың қоғамға әсерін зерттеген Джордж Гербнер (1919-2005)  культивация теориясының негізін қа­лады. Оның теориясына сәйкес медиа-ор­та адамның дүниетанымы мен сөйлеу мә­дениетін ұзақ уақыт бойы өңдеп, қа­лып­тастырады. Балағат сөздер мен шок-кон­тентті тұрақты тұтыну қоғамның тіл­дік сүзгісін бұзып, ойлау қабілеті мен ана­л­итикалық өрісін тарылтады. Өз эмо­ция­сын, ашуын, қуанышын немесе таң­да­нысын білдіру үшін әдеби, бай сөздік қо­рын іздемей, дайын балағат сөздерді қол­данатын адам біртіндеп күрделі ойлау қабілетінен және эстетикалық талғамнан ажырайды. Мұндайда отбасы мен білім беру мекемелері беретін дәстүрлі мораль мен желідегі оңай вайп, танымал болған бұзақы блогердің арасында пранк-ин­дуция­ланған когнитивті диссонанс пайда бо­лады. Адал еңбек пен сапалы білімнің бе­де­лі құлдилап, қоғамда маргиналды құн­­­­­дылықтар үстемдік құра бастайды.
Кейінгі онжылдықта Қазақстанның әлеуметтік желілеріндегі бейпіл сөз­дер мен агрессивті хайп-контент бұ­рын­ғыдай «сирек кездесетін шок-әзілден» өрістей келе, арнайы жүйеленген «ал­го­ритм­­дік экономикаға» айналды. 
Әлеуметтік желілердегі бейпіл сөздер мен деструктивті пранктердің кең та­ралуы жекелеген блогерлердің тәртіпсіздігі емес, цифрлық платформалардың архи­тек­турасы, аудиторияның психо­логиялық сұра­нысы және жарнама нарығының эко­­­­­номикалық мүддесі тоғысқан жүйелі құ­былыс. Бұл құбылыстың танымал бо-луы­­ның негізгі себептерін үш іргелі фак­тор тұр­ғысынан талдауға болады. 
Бірінші фактор – заманауи әлеуметтік же­лілердің алгоритмдік архитектурасы кон­тенттің этикалық немесе эстетикалық құн­дылығына емес, аудиторияны ұстап тұру­ға негізделген. Адам мүлде күтпеген, агрес­сивті немесе шекарадан шығатын кон­тент көргенде, мида дофамин им­пульсі пайда болып, экранға байлана түседі. Алгоритмдер мұны «сапасы жоғары кон­тент» деп қабылдап, оны тегін орга­ни­ка­лық трафик арқылы миллиондаған қол­данушыға ұсынады. Әдетте, прово­ка­ция­лық немесе әдепсіз контенттің астын-да әрдайым комментарийлер соғысы жүреді. Біреулер қолдап, біреулер айып-тайды. Ком­ментарийлер саны мен видео-ны бас­қалармен бөлісу саны көбейген сайын алго­ритм видеоны трендке шығара-ды. Ал тұтынушының назарын ұстап қалу үшін 3 секунд жеткілікті. Сондықтан контент мей­керлер алғашқы 3 секундта қатты ай­қай­лайды, бейпіл сөйлейді немесе агрес­сивті әрекетке барады. 
Екінші фактор – аудиторияның сұра­нысы. Біз мойындағымыз келсе де, келмесе де контент сұранысқа ие болса ғана «өмір» сүреді. Аудиторияның мұндай контентке әуес­тігі бірнеше әлеуметтік-психоло­гия­лық себебі бар екен. Мәселен, дәстүрлі қо­ғам­да немесе күнделікті өмірде бейпіл сөз­дер айту мен бұзақылық жасауға тыйым салынған. Аудитория экран ар­қы­лы блогердің осы табуды бұзғанын көр­генде, жанама түрде еркіндік пен адре­налин сезінеді. Және бір себебі – шынайы­лық иллюзиясы. Кейінгі жылдары ауди­тория тым өңделген, фильтрленген, мінсіз контенттен шаршады. Бейпіл сөздерді қолданатын блогерлер жастардың санасында «жасанды емес, өмірді қалай бар солай көрсететін, фильтрсіз сөйлейтін шынайы адам» ретінде қабылданады. Соңғы себебі – эмоциялық жеңілдік. Күн­делікті әлеуметтік-экономикалық стресс пен күйзелісте жүрген адамдар үшін терең ойлануды талап етпейтін, миды ты­нық­тыратын, әзілге құрылған пранктер жыл­дам эмоциялық ләззат сыйлайды. 
Әдепсіз сөйлеу мен пранктердің таны­мал болуының үшінші себебі – ақша. Мар­кетингте контенттің этикалық жа­ғы­нан гөрі оның көрушілер саны маңыз­ды­рақ. Көптеген коммерциялық бренд өз тауа­рын жылдам жарнамалау үшін беде­лі­нің түсу қаупіне қарамастан, мил­лион­даған аудиториясы бар хайп-блогерге тап­сырыс береді. Дәстүрлі, заңды брендтер мұн­дай блогерлерден бас тартқан жағ­дай­да, олардың орнын онлайн-казинолар, бук­мекерлік кеңселер, қаржылық пира­ми­да­лар және күмәнді курстар басады. Бұл са­лалар шок-контент жасаушыларға на­рық­тық бағадан 2-3 есе жоғары гонорар тө­леуге дайын, себебі деструктивті кон­тент­тің аудиториясы азарттық ойындарға тез арбалатын маргиналды топтармен жиі сәйкес келеді. 

Әлем қалай ауыздықтап отыр?

Әлемдік тәжірибеде деструктивті цифрлық вирусты ауыздықтаудың халықаралық практикада негізгі екі мо­делі қалыптасқан. Олар – цифрлық плат­фор­малардың үстінен институционалдық рет­теуді жүзеге асыратын Батыстық мо­дель және қатаң мемлекеттік бақылау мен толық төзбеушілікті ұстанатын Азиялық модель. Еуропалық Одақ елдері, әсіресе, Германия бұл бағытта Digital Services Act  және NetzDG заңдары арқылы негізгі жауап­кершілікті контент өндірушіге емес, цифрлық платформалардың, яғни TikTok, Меtа, You Tube сияқты Big Tech компания­лар­ға аударады. Бұл заңнамалар бойынша плат­формалар заңсыз, қауіпті немесе бей­піл контент туралы шағым түскеннен кейін оны 24 сағат ішінде өшіруге немесе бұ­ғаттауға міндетті, ал бұл талапты орын­дамаған жағдайда компанияның әлемдік жыл­дық айналымының 6 пайызына дейін немесе 50 миллион еуро көлемінде айып­пұл салынады.
Америка Құрама Штаттарында Кон­сти­­туция­ның Бірінші түзетуі сөз бостандығын қатаң қорғайтындықтан, тікелей мем­ле­кет­тік цензура енгізілмейді, алайда бұл ел­де күрес азаматтық соттар арқылы жү­ре­ді. Егер пранк немесе арандатушылық әсерінен азамат эмоциялық тұрғыдан соқ­қы алса, зардап шегуші өзіне залал кел­тірген бұзақы блогерді сотқа беріп, мил­лиондаған доллар өтемақы өндіріп ала­ды, ал қоғамдық орындарда бұзақылық жа­сағандар азаматтардың тыныштығын бұз­ғаны үшін түрмеге қамалады. Ұлы-британия болса Онлайн қауіпсіздік заңы мен арнайы OFCOM регуляторы ар­қы­лы IT-компаниялардың топ-менед­жер­леріне азаматтарды кибербуллингтен қор­ғамағаны үшін тікелей қылмыстық жауап­кершілік жүктейді.
Азия елдерінің тәжірибесі тіпті қатаң. Сингапурда POFMA заңы мен қоғамдық тәртіпті сақтау нормалары бойынша бей­піл сөйлеу немесе пранк жасағаны үшін ірі айып­пұлдар, қамау немесе қоғамдық жұ­мыстарға тарту жазасы қолданылады. Бұл кон­тенттің қайта өндірілу ықтимал­дылы­ғын нөлге теңестіреді. Ал Оңтүстік Корея­да заңды аты-жөнді тіркеу жүйесі арқылы желідегі анонимділік толық шектелген. Тікелей эфирлерде бейпіл сөйлеген, пранк жасаған блогерлердің аккаунттары мәңгі­лік­ке бұғатталып, олардың IP және ЖСН бойынша жаңа аккаунт ашуына түбегейлі тыйым салынады.
Халықаралық тәжірибені талдау бары­сында жалғыз мемлекеттік тыйымдар мен айыппұлдар ұзақмерзімді перс­пективада тиімсіз екенін көреміз. Се­бебі блогерлер VPN қолдану арқылы шет­елге немесе жабық Telegram-арналарға өтіп кетеді. Ең тиімді болып шыққан ЕО мен Ұлыбританияның «экожүйелік рет­теу» моделі. Пранк жасаған, бейпіл сөз айт­қан блогерді қамаудан гөрі, оның ак­каун­тынан монетизацияны өшіру және жар­нама берушілердің келісімшарттарын бұзу әлдеқайда тиімді. Пайда болмаған жер­де хайп контент те болмайды, ол 80-90 пайыз­ға төмендейді. Екінші жолы – плат­фор­малар жасанды интеллект арқылы бей­піл сөздер мен агрессивті әрекеттерді ті­келей эфирде анықтап, оның қаралым са­нын шектейді.
Мемлекеттік тыйымдар мен айып­пұл­дар­дан гөрі, жарнама берушілердің «қар­жы каналдарын жабу» – деструктивті кон­­тентпен күресудің ең жылдам әрі пәр­­­­менді тетігі. Блогерлер жарнамалық бюджеттен қа­ғылған кезде ғана олардың аудитория­мен қарым-қатынас форматы да өздігінен са­палы әрі этикалық бағытқа өзгереді. 
Қазақстан үшін Сингапурдың «қоғам­дық орындардағы бұзақылыққа төз­беу­ші­лік» саясаты мен ЕО-ның «цифрлық плат­­формалардың жауапкершілігін арт­тыру және монетизацияны шектеу» мо­делін ұштастыру ең оңтайлы шешім болар еді. Алайда әзірге ІІМ ел ішіндегі тентек бло­герлер мен стримерлерге айыппұл с­алып, қамауға алуды бастады. Осы аптада заңсыз контент таратқан 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылды. Көп қаралым, лайк және донат жинауды көз­деген олар тікелей эфир барысында бала­ғат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көр­сет­кен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өз­ге азаматтарды қорлаған. 

– Анонимді аккаунттың немесе теле­фон экранының ар жағында жасырынып қаламын деп ойламаңыздар. Ішкі істер ми­нистрлігінде кез келген құқық бұзу­шы­ның жеке басын анықтауға мүмкіндік бе­ретін барлық қажетті құралдар бар. Осын­дай әрбір құқық бұзушылық анық­талады. Әрбір құқық бұзушы заңға сәйкес жауап­қа тартылады. Алдағы уақытта да құ­қық бұзушылардың есімдерін тек алдын алу және профилактикалық мақсатта жа­риялап, көрсететін боламыз. Біз қоғамдық мінез-құлық мәдениетін бұзатын, жас­тар­ға теріс үлгі көрсететін, дөрекілік, зорлық-зом­былық, адамдарды қорлау, әдепсіз әре­кеттер және қоғамдық тәртіпке қайшы бас­қа да іс-әрекеттер арқылы танымал болу­ға тырысатын тұлғалардан цифрлық кеңістікті жүйелі түрде тазартуды жал­ғас­тырамыз. Азаматтардың басым көпшілігі мұндай контентті құптамайды. Халық ин­тернетте заң бұзатындарға қатысты ша­ра қолдануды талап етіп, полицияға ті­келей жүгінеді. Әрбір мұндай өтініш мін­детті түрде қаралады. Заң мен Тәртіп – жай ғана ұран емес, бұл әрбір азамат үшін мін­детті қағида. Ішкі істер министрлігі оның сақталуын шынайы өмірде де, цифр­лық кеңістікте де мүлтіксіз қамтамасыз етуді жалғастырады, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев. 

Назгүл Темірғалиева, 
психолог:

Құндылық арқылы танылу маңызды

– Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде адамның ар-намысын қорлайтын, бейпіл сөздер айтатын, қауіпті не­месе шектен шығатын әрекеттер арқылы танымал болуға ұмтылатын контенттің көбеюі – жай ғана интер­нет­тегі тренд емес. Бұл қоғамдағы психологиялық өзгеріс­тер­дің де көрінісі. Бұл процестердің бәрін қадағалап, ба­қы­лап отыру мүмкін емес шығар. Дегенмен неғұрлым жақ­сы жаққа бағыттап отыру ересектердің ішкі мәдениетінің деңгейі мен біліміне бай­ланысты. Әр адам өзін-өзі дамытып, ішкі менін, жеке шекарасын нығайтуға ұм­тыл­ғаны абзал. Адам болып туып, адам болып қалыптасып, адам болып қалу маңызды. 
Пранк – басқа адамды алдап, күтпеген жағдайға қалдырып, оның эмоциялық реакциясын ойын-күлкіге, көңіл көтеруге айналдыру. Кейбір пранктер зиянсыз болуы мүмкін. Бірақ адамның ар-намысын қорлайтын, қорқытатын, психикасына зиян келтіретін немесе заң бұзатын әрекеттер пранк емес, психологиялық зорлықтың бір түріне айналады.
Барлық адамды бір диагнозбен сипаттауға болмайды. Дегенмен әлеуметтік желі арқылы өзіне «хайп» жасап,  танымал болғысы келетіндердің әрекеттердің астарында сыртқы мойындауға қатты тәуелділік, өзін төмен бағалауы, «көрінсем болды» деген қажеттілік, эмоциялық тұрғыдан өспеу, импульсивтілік, шекара сезімінің әлсіздігі, танымал болуды жеке құндылықпен шатастыру сынды бірнеше психологиялық фактор жиі кездеседі.
Психоанализ тұрғысынан қарағанда, адамның ішкі «мені» жеткілікті қалыптас­пағанда, ол өзін сыртқы аудиторияның бағасы арқылы сезінуге тырысады. Лайк, қаралым, пікір – уақытша психологиялық «қуатқа» айналады. Бірақ бұл әсер ұзаққа созылмайтындықтан, адам барған сайын шектен шығатын контент жасауға мәжбүр болады.
Ал адамдар неліктен ақша үшін пранкке келіседі дегенше келсек, мұнда мәселе тек ақшада емес. Көп жағдайда адамның санасында «Ең бастысы – көріну. Қалай көрін­генім маңызды емес» деген түсінік қалыптасады. Атың шықпаса, жер өрте» деген бар. Бүгінде кейбір адамдар үшін вирустық бейне әлеуметтік мәртебенің өл­шеміне айналып барады. 
Тағы бір маңызды фактор – әлеуметтік желілердің алгоритмдері. Олар эмоциясы күшті, шулы, жанжал туғызатын контентті көбірек таратады. Сондықтан кейбір блогерлер аудитория назарын сақтау үшін барған сайын арандатушы әрекеттерге көшеді. Ақша берсе шешінуге, оғаш әрекет жасауға дайын адамдар өзінің ішкі мені қалыптаспаған, психологиялық қысымға тез көнгіш, өз пікірін қорғай алмайды, топтың ықпалына беріледі, әлеуметтік мақұлдауға тәуелді және қаржылық қиындық. Әсіресе, көпшілік қарап тұрғанда адамның сын тұрғысынан ойлауы уақытша әлсірейді. Мұны әлеуметтік психологияда конформизм деп атайды.
Әдетте, «Келініңізге қазір телефон шалып, ет асуын сұраңыз», «Жігітіңізден ақша сұраңыз», «Осы жерде киім ауыстырсаңыз, сыйлық береміз» деген видеоларды жиі көзіміз шалады. Пранкерлерге көшедегі адамдар неге бірден келісіп қалады? Мұндай жағдайда адамдар көбіне ойланбай әрекет етеді. Себебі тосын жағдайда ми автоматты режимге көшеді, камера алдында қобалжиды, сыйлық алу мотиві іске қосылады, айналадағы адамдардың реакциясы шешімге әсер етеді. Кейін олардың көпшілігі жасаған әрекетіне өкініп жатады.
Жақында әлеуметтік желілерде ерекше пранк видео кеңінен таралды. Онда адам ұрлау операциясы көрсетіледі. Бұл «ұрланған» адамды өте ауыр психологиялық сал­дарға әкелуі мүмкін. Адам шынайы қауіп бар деп қабылдағанда мида стресс жүйе­сі іске қосылады, адреналин бөлінеді, жүрек қағысы жиілейді, қан қысымы көтеріледі, үрей күшейеді. Егер адамның бұрыннан психологиялық жарақаты болса не­месе жүрек-қан тамыр аурулары болса, мұндай жеңіл «әзілдің» соңы ауыр аяқталуы мүм­кін. Кейбір адамдарда кейін ұзақ уақыт мазасыздық, қорқыныш, паникалық шабуыл немесе жарақаттан кейінгі стресс белгілері қалыптасуы ықтимал.
Мұндай әрекеттерге мемлекеттің айыппұл салуы толық нәтиже бермейді. Әрине, жаза маңызды. Бірақ мәселе тек заңмен шешілмейді. Егер қоғамда қаралым, ақша және танымалдық моральдық құндылықтардан жоғары бағаланса, мұндай контент сұранысқа ие болып қала береді. Сұраныс болған жерде ұсыныс та болады. Сон­дықтан мәселені тек құқық қорғау емес, отбасы тәрбиесі, мектептегі медиа сауат­тылық және қоғамның мәдени таңдауы арқылы шешу қажет.
Шетелде қазір платформалар қауіпті чел­лендж­терді шектейді, жалған ақпаратты азайтады, зорлық пен қорлауды наси­хаттайтын контентті өшіреді, монетизация ережелерін күшейтіп жатыр. Иә, әдамыған ердерде де бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ, бірақ жауапкершілік талаптары жыл­дан-жылға артып келеді.
Қазір ең қымбат ресурс – адамның назары. Кей адамдар сол назарды «алу» үшін өз абыройын, жеке шекарасын, тіпті қауіпсіздігін де құрбан етуге дайын. Егер қоғам адамның мәдениетін, кәсібилігін, еңбегін емес, тек шулы әрекетін марапаттай берсе, мұндай құбылыстар көбейе береді. Қоғамның психологиялық саулығы тек заңмен емес (әрине заңнан қорқатындар өз жаман әрекетін тыяды), сонымен қатар   құн­дылықтармен өлшенеді. Біз балалар мен жастарға «кез келген жолмен танымал болу» емес, «құндылық арқылы танылу» маңызды екенін көрсетуіміз керек. Әйтпесе, «хайп» уақытша табыс әкелгенімен, ол адамның тұлғалық дамуын тежеп, қоғамдағы сенім мен өзара құрмет мәдениетін әлсіретеді.

Альмира Мұратханқызы,

заңгер: 

Заң блогерге де, стримерге де ортақ

– Қазақстан заңнамасында блогерлер үшін жеке құқықтық мәртебе көзделмеген. Сон­дықтан олар да басқа азаматтар сияқты Қа­зақстан Республикасының Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодексі мен Қыл­мыс­тық кодексінің талаптарына бағынады. Егер блогер немесе стример тікелей эфирде қоғамдық орындарда балағат сөз айтып, қо­ғам­дық тәртіпті бұзса, мұндай әрекеттер ӘҚБтК-нің 434-бабына сәйкес ұсақ бұзақылық ретінде бағаланып, айыппұл немесе әкімшілік қа­маққа әкелуі мүмкін. Ал әрекет адамның ар-намысы мен қадір-қа­сиетін қорлауға, қоғамда үрей туғызуға немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, нақты жағдайға байланысты қылмыстық жауапкершілік те туындауы ықтимал. 
Қоғамдық орындарда ұйымдастырылатын пранктарға да осындай қа­ғида қолданылады. Пранктің өзіне заңмен тыйым салынбаған. Бірақ егер ол қоғамдық тәртіпті өрескел бұзса, адамдардың қауіпсіздігіне қа­тер төндірсе, дүрбелең туғызса немесе азаматтардың құқығын бұзса, ұйым­дастырушы заң алдында жауап береді.
Сөз бостандығы – Конституциямен қорғалатын құқық. Бірақ ол бас­қа адамдардың құқығын бұзуға, қоғамдық тәртіпке нұқсан кел­тіру­ге немесе заңға қайшы әрекеттер жасауға мүмкіндік бермейді.
Менің ойымша, қолданыстағы құқықтық нормалар жалпы алғанда жеткілікті. Мәселе заңның жоқтығында емес, оны тиімді қолдануда. Кейін­гі уақытта құқық қорғау органдары әлеуметтік желілердегі құқық бұзуға белсенді әрекет етіп жатыр. Бұл блогерлер үшін де маңыз­ды белгі: көп қаралым, тікелей эфир немесе контент жасау мақ­са­ты заң талаптарын сақтамауға негіз бола алмайды.
Қазір қоғамның да, құқық қорғау органдарының да бұл мәселеге көз­қарасы айтарлықтай өзгерді. Бұрын әлеуметтік желідегі көптеген әре­кет «әзіл», «хайп» немесе «контент жасау тәсілі» ретінде қабылданса, қа­зір олардың құқықтық салдарына көбірек назар аударылуда.
Соңғы резонанстық істерден кейін құқық қорғау органдары әлеу­меттік желілердегі құқық бұзушылықтарды жүйелі түрде анықтап, олар­ға құқықтық баға бере бастады. Блогерлер мен стримерлердің қо­ғам­дық тәртіпті бұзуы, балағат сөз қолдануы, қауіпті пранктар ұйым­дастыруы немесе азаматтардың құқығын бұзуы бойынша әкімші­лік жауапкершілікке тарту тәжірибесі белсенді қалыптасып келеді.
Қоғамның да талабы өзгерді. Егер бұрын мұндай контент көңіл кө­теру ретінде қабылданса, бүгінде азаматтар қоғамдық қауіпсіздікке, ба­лалардың тәрбиесіне және әлеуметтік желідегі жауапкершілікке кө­бі­рек мән береді. Бұл құқық қорғау органдарының да ұстанымына әсер етуде.
Қазіргі тенденцияның басты ерекшелігі – заңның барлық адамға бірдей қолданылуы. Көп оқырман, миллиондаған қаралым немесе та­нымалдылық ешкімге артықшылық бермейді. Егер контент заң талап­тарын бұзса, автор басқа азаматтар сияқты жауапкершілікке тар­тылады. Бұл – құқық үстемдігі қағидатының маңызды көрінісі.

P.S.
Әлеуметтік желілердегі агрессивті хайп-контент пен бейпіл сөздердің тара­луы жекелеген блогерлердің тәртіпсіздігі емес, платформа алгоритмдері, аудитория сұранысы мен жарнама капиталы то­ғыс­қан жүйелі құбылыс. Осыған байланысты мә­селені жалғыз мемлекеттік тыйымдар не­месе полицияның әкімшілік жазалауы ар­қылы түбегейлі шешу мүмкін емес еке­нін халықаралық тәжірибе де, ішкі сарап­тама да айқын көрсетіп отыр. Құқықтық реттеумен қатар, деструктивті контентті мо­нетизациядан ажырату, бизнестің жар­намалық жауапкершілігін арттыру және қоғамның цифрлық сауаттылығын көтеру бұл бағыттағы негізгі пәрменді тетіктерге айналмақ. Ақпараттық кеңістіктің сау­лы­ғы мен қоғамдық моральдың сақталуы дәл осы институционалдық және эконо­ми­калық тетіктердің өзара теңгерімді жұмыс істеуіне тікелей байланысты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары