Ағза донорын табу – әлемдік медицинадағы ең күрделі мәселелердің бірі. әрі бұл – ұзақ уақытты қажет ететін көп сатылы процесс. Осы өзекті мәселені шешуге үлес қосуды мақсат еткен екі жас ІТ-маманы донор іздеу процесін жеңілдетуге арналған жобаны әзірледі. Astana IT University-де білімін жетілдіріп жүрген екі қазақ студенті ағза донорын бұрынғыдай 12 сағатта емес, 30 секундта табуға мүмкіндік беретін ЖИ жоба жасап шығарды. Әзірше, пилоттық жоба күйінде еліміздегі бес клиникада сынақтан өтіп жатқан бұл айрықша бастамаға қызығушылық танытып жатқандар жетерлік. Осы жобаны құрастырушылардың бірі – Ернұр Сырлыбаевты әңгімеге тартып, сөйлескен едік.
– Әдетте, өздеріңмен шамалас жастар алдымен шағын стартаптарды қолға алып, кейін біртіндеп ауқымды жобаларға көшеді. Ал Асылжан екеуің бірден ағза донорын табуға көмектесетін, күрделі әрі әлеуметтік маңызы зор жобаны қолға алыпсыңдар. Бұл идея қалай пайда болды?
– Astana IT University-не түскеннен бастап таныстығымыз басталған Асылжан екеуіміз ІТ-да тың идеяны іске асырғысы келетін адамдарды іздестіре бастадық. Сол мақсатта университетте Enactus ашып, адамдар жинай бастадық. Онда бізге көп жоба жасау керек болды. Оқуға түскенге дейін әрбіріміз түрлі жобамен айналысқанбыз. Алайда екеуіміз медициналық технология жасап көрмегенбіз. Сол бағытқа қызығып, өкпе обыры ауруының алдын алатын жобаларды жүзеге асырғымыз келді. Бұл салада нарық үлкен болғандықтан, бәсеке көп болды да, мұнымыз іске аспады. Осы ізденіс кезінде көп дәрігермен қоян-қолтық араластық. Бір жарым жыл бұрын Астанадағы трансплантация орталығында жұмыс істейтін трансплантологпен жолыққанымызда ол өздері қолданатын, донорлар мен реципиенттерді есепке алуға арналған TRINIS жүйесінің ескіргенін тілге тиек етіп, онда тіпті 5-6 жыл бұрын қайтыс болғандардың дерегі сақталатындықтан, онымен жұмыс істеу қиынға соғатынын айтып қалды. Содан соң «Неге біздің елде жақсы, сапалы жүйе жоқ? Неліктен бізде адамдар донор жетіспеушілігінен жиі қайтыс болады?» деген сұраққа жауап іздеумен болдық. Дәрігер, докторанттармен хабарласып, дерек сұрастырдық. Соның біреуі – Байжан Мұқатай. Ол Америка Құрама Штаттарында ағза донорын үлестіретін алгоритм жасақтаумен айналысады. Ол кісі бізге тың деректер ұсынып, осы саланы дамыту туралы ұсыныс айтты. Біз мұны зерттеп, жүйені әзірлей бастадық. Алдымен реципиенттер мен донордың деректеріне, қан топтарына, дене массасына қарап, сәйкес келе ме, келмей ме, соны есептеу керек болды. Оны есептеп шыққан соң, бұл жобаның тиімділігін көп адамға, соның ішінде инвесторларға көрсеттік. Бәріне ұнады. Бірақ TRINIS-тің орнын басатын жобаны әлі жасақтай қоймаған едік. Кейін реципиент пен донор деректерінің сәйкес келуін тексеретін CortexAI атты жүйеге кіріктірдік. Дәлірек айтқанда, біз донор іздеу емес, донорды тезірек табуға септігімізді тигіземіз. Бізде реципиенттер мен донорлардың базасы бар. Қай донор қайсысына сай келетінін тезірек табуға болады. Бұрын бұл процеске 12 сағат кететін болса, қазір мұны 30 секундта немесе 1 минутта-ақ табуға болады.
Қазақстан бойынша донор табу процесін жылдамдататын бұл жобаны бастағанымызға бір жарым жыл болды. Қазір Қазақстанда бес клиникамен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – әзірше пилоттық жоба. Әлі толық іске қосылған жоқ. Себебі мұндай жобаларды толық іске қосуға көп уақыт кетеді.
– Пилоттық жоба болса да, көп сайыста жүлделі орын алып, тіпті шетелдік инвесторлардың көзіне түскен екенсіздер...
– Иә, өткен жылдың қыркүйегінен бері 10 шақты ІТ сайыстарда жүлделі болдық. Жоғарыда айтқанымдай, идеямыз мықты болғандықтан, осы саланың білгірлерін топтастырдық. Біздің жобаға сұраныс көп болды. Бұл салада біз секілді шешімі бар жоба болмағандықтан көп сайыста топ жардық. Digital Qazaqstan форумында 2-орынға ие болып, 5 млн теңге сыйақы алдық. Кейін Entrepreneur Awards әлем кубогінде топ жарып, финалға өттік. Алайда қаржы мәселесіне байланысты Сауд Арабиясына ұшып бара алмадық. Бірақ соның арқасында бізге Сауд Арабиясынан инвестиция келді. Инвесторлар мен түрлі қор өкілдері осындай әлемдік сайыста суырылып шыққан жобаларды жіті тексеріп, кейін жоба құрастырушыларына «Мынау қызық екен», «Мына жобаларың тиімді екен» деп жазады. Біздің жобамызбен танысқан араб инвесторы хат жазып, қолдау білдіргісі келетінін айтты. Ол бізге 85 мың доллар көлемінде қаржылай қолдау берді. Бұл – әзірше тапқан ең қомақты инвестициямыз. Содан кейін Astana Hub ұйымдастыратын Pizza Pitch секілді іс-шараларда өз жобамызды қорғап, орын алдық. Одан бөлек, былтыр күзде Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған жобада «Үздік биотех-стартап» номинациясын жеңіп алдық.

Біз осы жобаны қолға алғалы бері көп инвестормен сөйлестік. Қазақстан ғана емес, шетел инвесторларын да жұмылдырмақ ойымыз бар. Сонымен қатар америкалық профессорлармен де үзбей хабарласып тұрамыз. Инвестордың назарына ілігу үшін сайыстарда топ жаруың керек. Одан бөлек, стартапшылар жобаны жасақтап қана қоймай, мамандармен нетворкинг құрып, байланыс орната білу керек.
Өзіңіз байқағандай, қазір не көп, жобалар көп, әрі қазір ІТ десе, ішер асын жерге қоятын жас балалардың қатары да көбейді. Біз 19 жастамыз, бізді қазір жас деп айтады. Бірақ бізден де жас, 15 жасында-ақ өз жобасын жасап үлгергендер жетерлік. Соған байланысты конкурс та көп. Десе де, біз барлық сайысқа бара бермейміз. Тек жақсы инвестор, қазылар алқасында мықты мамандар отыратын жарыстарға ғана қатысамыз. Бұрын техжобаларды жасап, тәжірибе жинақтағанымыз бар. Қазір көбіне жасақтау ісіне көңіл бөліп жүрміз. Көптеген жобаны қолға алып жатырмыз. Жақын арада Қытай мен Кореяда пилоттық режимдегі жобаны қоспақ ойымыз бар. Қоржынымыздағы жобалармен әлі асар асуымыз көп.
– Қазір небәрі 19 жастасың, бірақ тәжірибе жинақтап үлгергеніңді айттың. Сонда ІТ саласына қызығушылығың қай жастан басталды?
– 5-сыныптан бастап. Алғаш рет қолыма ноутбук түскен кезде түрлі ойын ойнадым. Сосын сол ойындардың қалай құрастырылатыны қызық болды. Әрі өзім сурет салғанды жақсы көремін. Осы екі қызығушылығымды тек веб-сайтта ұштастыруға болатынын ерте түсіндім. Мен – Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Тұрар Рысқұлов ауылының тумасымын. Жетінші сыныпқа дейін гимназияда оқып, содан кейін «Дарын» мектебіне ауыстым. Тоғызыншы сыныптан бастап ІТ олимпиадаларға қатыстым. Мектеп ішінде ІТ клубтар аштық. Менің екі ІТ клубым болды. Онда ІТ-ға қызығатын оқушылардың басын қосып, түрлі алгоритм үйрететінмін. Ең қызығы, біз секілді ауданнан шыққан балаларға қолдау аз. Ал ірі қалаларда мүмкіндік көп.
– Себебі неде деп ойлайсың?
– Мұнда көп фактордың әсері бар. Астана, Алматы, Шымкент секілді мегаполисте мамандандырылған мектеп көп. Ол мектептердің өкілдері ауылға бармайтыны белгілі. Мен НЗМ, БИЛ секілді мектепте оқығым келген. Онда оқымасам да, директордан жолым болды. Ол кісі бізді БИЛ-ға, НЗМ-ға, жазғы лагерьге жиі ертіп баратын. Кейін соның көмегі тиді. Сонда түсінгенім, адам қай жерден шықса да, өзіне қажетті ілім-білімін ізденіс арқылы табады.

– Қазір командаңда қанша маман жұмыс істейді?
– Басында үш-төрт бала едік. Қазір он екі болдық. CortexAI жобасымен әлі бес жыл жұмыс істеуіміз керек. Біз өзіміз секілді ІТ десе ішкен асын жерге қоятын жандарға көмектескіміз келеді. Бірегей жобаны ашуға құштар адамдарды жинауды мақсат етеміз. Қазір университетте стартап жасауға үйрететін клубтар ашып жатырмыз. Жастарды университетте жүріп-ақ стартаптарды сату, инвестиция тарту ісіне баулығымыз келеді.
– Оқу бітірген соң қандай жұмыспен айналысқың келеді?
– Тағы да оқу, оқу және оқу. Басқа елдерге барып, тәжірибе жинап, өз жобаларымызды көрсеткіміз де келеді. Ең алдымен еліміздің жүйесіне өз жобаларымызды енгізу мақсаты тұр. Ол үшін жобаларымызды сертификаттап, лицензия алуымыз керек. Бұған уақыт та, қаржы да керек. Қазір мүмкіндіктің бәрін қарастырудамыз. Шетелдік клиника, зертхана болсын, отандық клиникалар болсын, қай жерден ұсыныс түседі, солармен жұмыс істеуге әзірміз.
– Іске сәт!
Әңгімелескен –
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ