Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерімен танысу мақсатында Barys Dynamics компаниялар тобына кіретін Kazakhstan Paramount Engineering кәсіпорнына барды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайтудың маңызын атап өткен болатын. Президенттің айтуынша, импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін қалыптастыру – стратегиялық міндет.
Осы тапсырмаларды іске асыру аясында Нұрлыбек Нәлібаев кәсіпорындағы толық өндірістік циклмен танысты. Бүгінде зауыт жылына 500 бірлікке дейін техника шығара алады. Қазір мұнда 400-ден астам машина өндірілген.
Кәсіпорын өкілдері вице-премьерге жеке конструкторлық бюроның жұмысы, отандық инженерлерді шетелде даярлау, сондай-ақ әскери техниканың беріктігін сынау барысы туралы баяндады.
Кездесу барысында роботизацияланған платформалар, жергілікті өндіріс үлесі 70 пайыздан асатын байланыс құралдары мен радиолокациялық жүйелер саласындағы перспективалы әзірлемелер де таныстырылды.

Сонымен қатар қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне арналған мамандандырылған электроника өндірісін жолға қою жобалары мен инженерлік білім беру орталығының жұмысы көрсетілді.
«Еліміздің қорғаныс саласын жоғары технологиялық әскери техникамен, заманауи құралдармен жабдықтау, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсету – Мемлекет басшысы жүктеген міндет. Бұл бағытта қажетті материалдық-техникалық база да, тәжірибелі мамандар да бар», – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, ендігі міндет – қолда бар мүмкіндіктерді одан әрі жетілдіріп, заманауи технологияларды өндірісте батыл енгізу.
«Ендігі жұмыс қолда барды жетілдіре түсуге, заманауи технологияларды батыл енгізуге бағытталуы тиіс. Бұл – еліміздің инженерлік әлеуетін нығайтып, қорғаныс өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.