Мұңая білмегеннің қуана білмейтіні секілді, кілең бір асау жырлардай кекілді, қолға ұстап, құныға парақтағанда бұл кітап әрең-мәрең кетілді. Оқып-тоқудың енжарлығынан емес, бойды кернеген адуын елес, мазмұн тереңдігімен оңайлықпен алдырмайтын белес – әне, шабандықтың сыры сонда жатыр, көз жүгіртудің өзі желімделіп-ақ қалғандай ма, әр шумаққа шұқылана шұқшиған біз бір пақыр!
Әлде, бастапқы ұшқыр қиялдың кітап атауын онан әрі қорғасындай етіп санаға салмақ салғаны ма екен – «Жүрегім – мұңның ұясы» деп, іштей санамалай қайталап, өз жүрегіміздің талмау тұсын шаншытып алғандай, екіұдай күй кешіппіз: бәсе, ақберен ақын, бүгінгі қазақ поэзиясының танымал тұлғасы, елі есіміне «сері» атауын құмарлана қосып еректейтін Серік Тұрғынбекұлы бұған дейінгі өзегін жарып шыққан қаншама жыр кітаптарының атауын жаңылыспай, жасындай жарқырата атойлаумен дараланған жампоздың, бұл жолы сексеннің сеңгіріне шықанын бүкіл жұрт болып дуылдата тойлап жатқан сөз зергерінің жаңа жинағының бейнесін келісті келбеттемеуі мүмкін емес еді ғой. Атапты айбаттандырып, еңсені көтерердей қайраттандырып, езілмейтіндей шарболаттандырып, мұқалмайтындай мұраттандырып, тағы құлақ түріңіз – «Жүрегім – мұңның ұясы»!
Мұңның сүзгісінен бәрі екшеледі: өткеннің өкініші мен өміршеңдігі; бүгінгінің бұлтарысы мен бұлаңдығы; ертеңнің ертегідей елесі мен үкілі үміті – бәрі-бәрі сараланып, сананы сан-саққа жетелей түседі, жаңғыртады, жасампаздыққа еліктіреді. Еліккен көңіл елдік парызды өтеуге пейілді, сөз бен істі жымдастырып, Тәуелсіздік мұраттарын ақадал атқаруда көнтерлілік мінез дарытады әр жанға.
Серіктің жыр кітабын қомағайлана оқып түгескеннен соң, көкірегім менің мұңмен ысталмай, қуаныш пен шаттықтың ыссы табына қақталып, мына өмірдің барлық бақытын бір сәтте-ақ сезінгендей болып, жүрегімнің қауашағы гүлмен көмкерілгендей мәз-мәйрам күй кештім. Сөйтсек, ақын құдіреті мұңнан термелеп, телегей теңіз түбінен маржан тере біліпті-ау, мұңнан суыртпақтап, сыршыл әлемнің күллі сыбызғылы сұлбасын, көркем жылнамасын, қасиетті дара тұлғасын ұлттық бояу-нақышымен кестелей төгілдірген екен!
Сөйтіп, бастапқыда Серіктің жүрегі неліктен мұңның ұясы болып қалды екен деп, шорши түскен секемшіл көңілімізді кітаптың соңғы бетін жапқанда, «мұңнан күллі өмірдің маңызын даралаған неткен дарын иесі еді» деп, шүкіршілікпен еңсені бір тіктеп алғанбыз. Бұл пайымның әуселесі мынадай: Ақынның жүрегі – әшейін торықтыратын, жалықтыратын, қамықтыратын мұң емес, әр пендені намыспен қамшыландыратын, өр кеудені ерлікпен тамшыландыратын, босбелбеулікті қайрат-жігермен шапақтап, тұтас халықтың арман-мүддесін арайландыратын Мұзарт таудай көз қызығын еселеген, сол аңсарға жетем дегенше амалсыз, пұшайман күймен мұң торалғысына уақытша малынатын кәдімгі пендешліктің бір уайымынан оянып, кейін амалсыздан сейіліп кететін өткінші мұң екенін сезіне бастайсыз. Демек, ақынның шабыты пайдалы мұңнан сорғалатып тұрып нағыз шаттық жасап алуымен қастерлі екен-ау! Мұңнан өрілген қуанышты сезінгендіктен, енді ақынның жүрегі – Тәуелсіздіктің ұясы десек, тіпті қателеспейтін секілдіміз ғой! Паһ, шіркін, Серік ақын қалай-қалай еркін ойды тербете, тебіренте білген десеңізші! Кітаптың мән-мағынасы сондықтан да көмбеден алтын қазып алғандай тамсандырады, әр оқырманды үлбіреген сезімге бөлейді, ұлт жүктемесін бел қайыстыра бірге көтерісуге үндейді! Өзі сырын ашқандай: «Арылмай, Ардан, иманнан, Таусылмай қалам сиясы. Сан жылдар, Шор боп жиналған, Жүрегім – Мұңның ұясы», – деген жүрек антындай батпан сөзі кітаптың беташарына жарап, әрі қарай мазмұнымен айқынданып, тылсымына тарта түседі.
Сонымен, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, шоқтығы биік дастандар мен лирикалық жыр дестелерінің дарабозы, талай тарихи шығармаларымен дара шығып жүлде алған жампоз, драмалық туындыларымен сахна төрін ұзақ жыл бойы үздіксіз өрнектеп келе жатқан талант, қазақы қалпымен ақындығынан азаматтығын ілгері әспеттейтін дарагөй, кешегінің абызы іспеттес Серік Тұрғынбекұлының бұл кітабы ұлт поэзиясының жауһары деуге толық негіз бар, осы ойымызды аталған еңбек Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғаннан бергі уақытта қалың оқырмандар тарапынан естіліп жатқан толассыз пікірлер де қуаттай түседі екен.
Кітапты ойлы оқырман безбендеп саралайды, жан дүниесіне рухани әл-күш жимақ болып ләззаттана түртінеді, тәлім алады, сыни көзқарасын шыңдайды. Ол үшін әрине, кітабың да сондай талғамға татитындай болуы керек қой. Серік бұл жағынан ешкімді қапы қалдырмастай, сәл селкеуліктен де адаланып, мынадай алты өріммен қиялыңды қанаттандыра қойыпты: «Тәуелсіздік – тұмарым», «Есімің сенің – Елорда», «Жыр-тұлға», «Туған жерім – тал бесік», «Қысқа-нұсқа» және «Сібір ақындарының жырларынан». Әр бөлімнің атауынан шертілер сыр, термеленетін жыр «маған жаса, таңдауыңды» дегендей, көңілдің құмарлық шоғын үрлетеді, мазмұнына ынтықтыра тартады. Қане, қысқалық талабымен үңілік көрелікші.
Ақын үні тәуелсіздік туралы толғаныстарында кең тыныстанып, рухтана зорайып, күллі қазақ елінің еркіндігін шаттана шалқымалап, адамзат құндылығының бет-қаймағын сылығандай қастерлі әккілікпен, тұнық-сыңғыр бастауымен, тұңғиық тереңдігімен естір құлақты табындыра алады. Мәселен, «Шақшақ Жәнібектің Абылай ханға берген батасындағы»: «Түйіні осы сөзімнің, Тиегі осы төзімнің. Қара жеріңді баптай біл, Қара халқыңды сақтай біл – Қарашығындай көзіңнің» – деген ақжарылқап асыл тілегінен бүгінгіге жеткен аманатттың ауыр жүгі әлі де күн тәртібінен түспегенінің салмағын жете түсінгендей боламыз.
Ал Тәуелсіздік толғауларындағы әр шумақ әр қазақтың адал сертіндей болып құдіреттілікпен құйыла салғандай әсерге бөлейді: «Тәуелсіздік – Бір жұтым су екенсің. Татып едім, Кетпедің таңдайымнан. Тәуелсіздік – Қолдағы Ту екенсің. Күнде желпіп тұратын маңдайымнан». Рас, осындай ақын жүрегінің шаттанысы әркімнің сезіміне от беруімен, бейбіт өмірге деген ынтызарлықты еселеуімен құндылыққа ие. Ал ақын Тәуелсіздікті нығайтып, сақтай білуге үндегенде тас жарарлық қуаттылықпен: «Керемет күш, Кеудемде оянғанда, Бармап еді батылым баяндауға. Елді, Жерді тоздырып – тозақ қылып, Енді құрып бітуге таянғанда...» – деп күңірене түсіп, одан арғы қиямет-қайымның елесінен үркектей бастағанда, Тәуелсіздіктің келгеніне тәубе еткенімен, орныққан көңілдің сабасына бәрібір салмақ сала былай сақтандырады: «...Төңіректің бәрін де қырып-жойып, Өз дінімді өзіме қырын қойып. Өз тілімді, Өзіме өгей қылып, Қасиетті сөзімнің құнын жойып» – секілді бодандық қасіреттерін еске салып, ондай зобалаңның енді қайталанбауына Тәуелсіздік қана кепілдік бере алатынын ақындық батыл жігермен шідерлей тіліп түсіпті.
Алдаспан ақын Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Серіктің жүрек-жұлынын адақтаған азулы да қаһарлы жырларының апайтөстене атқақтап шыққан кезеңі Астананың айбынды әрі айдынды шағында тіптен асқақтады десек, еш қателеспеспіз. Махамбет: «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім...» – деп елдік арманын күндей күркіреп жосылтса, Серік: «Жаңаға ескі күнді ауыстырып, Тағатын, Туған елдің тауыстырып. Қала тұр – Есіл – өзен жағасында, Елдікті, Ерлікпенен қауыштырып», – деп жасампаз қазақ ұлтының кең өрісті қамынан, әлемдік салыстырмалылықтың жайынан сүйінші хабар жеткізгендей арқалана түскен екен. Өршіл ақындар әманда рухтаса, иықтаса ұлт абыройын жыртысып, ғасырларға айбаттана үн сала біледі екен-ау! Міне, соның Серікше бір серпінді қайырымы: «Тазартқанда, Тарихтың шарайнасын. Тіл бітеді сол кезде, Тасқа ғана... «Бозоқ» болып, Бүк түсіп талай ғасыр, Азат болып – Айналдың Астанаға!» – делініп, қазақ жерінің қай бұрышы болсын ежелгі ата-баба қонысының жерұйғы кейпінен азаттық арқасында Астанадай боларлық тылсымға ие екенін әр жүрекке таңбалап тастапты. Беу, ақпа ақынның бұғалықсыз қиялы, мірдің оғындай тілінің қияғы, сенің күмбірлеген кең кеудеңе жаратылыстағы тұтас қазақ сияды деудің жөні осындайда ойға салмақ салмай ма?! Қос ұранның дүмпуі зор мұндайда: Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Ақынның бұлжымас кредосы – осы!
«Жыр-тұлға» бөліміне топтастырылған тұлғалар туралы толғаулар (Қасым Қайсенов, Нұрғиса, Өзбекәлі, Мұқағали, Әбіш, Олжас, т.б.) уақыт пәрменімен әрқайсысын даралай отырып, олардың тағдыры арқылы Отан мәртебесін арттырудың, күллі ел қамын жеген біртуарлардың кесек бітімдерін көркемдеудің, сөйтіп келер ұрпақтың өшпес кәдесіне жарарлық образ сомдаудың жарқын мысалын аңғарамыз. Бұлар – жай бір арнау жырлар емес, тұлғалар шыбығы болып қадалып, өркен жайған туған жерге деген мәңгілік ескерткіштей маңғаздық символы! Бұрыннан білетініміздей, Серіктің Алаш арыстарының тағдыр-тағылымынан таңғажайып галерея сомдағандағы жыр-ғажабының көркем тәсілдері, міне, бұл өлеңдерінде де жақұт жүзіктей көз арбап, жүрек қуантқанының куәсі болдық.
Туған жеріне жыр арнамаған ақын бар ма? Мәселе, қалай жазылуында ғой. Кітаптың «Туған жерім – тал бесік» бөліміндегі тақырыптық атауларынан-ақ Серік лирикасындағы туған жерге деген сұлулық сезімі симфониялық лағыл тылсымдай тамсандырмай қоймайды. Өзінің драмалық кейіпкеріне айналып, жылдар бойы сахна сәніне баланған «Шәмші» спектакліндегі вальс королінің ырғақ-ертегі әуенімен бүкіл қазақ жері қосыла ән салып тұрғандай әсерге бөленесің. Серік ақынның туған жері өзіне ғана жекелене телінбей, бүкіл ұлт мекеніне кіндігі байланғанын түсінгенде жанардан бір тамшы жастың үзіліп түскені сезілмей қалатынын қайтерсіз! «Туған жер жүрегіңе от береді, Ештеңе одан басқа жоқ керегі. Өйткені ол, жай адамнан, Өзгешелеу – Ақындар жерде туып, Көкте өледі» – делінген шумақ шым-шымдап бойға жайылғанда шымырлаған құйқа-жүйкеңнен суырылған «Қазақстаным менің!» деген әлеуетті үн әлемге жаңғырыққандай шаттандырады.
Серік қоғам дамуының әр мезетін қас-қағымда назарына іліктіріп, ілкі сынамалықтан өткізетіндей қағілездікпен қағаз жүзіне өрнектей қоятын аса сезімтал, ақиқатшыл ақын. Сондықтан да оның: «Арманы бар ма ақынның, Әр түрлі мақам-ырғақпен. Қуаныш-мұңын халқының, Жеткізсе жалғыз шумақпен», – дегеніне имандай сене аласыз. Бұл тұрғыда оның «Қысқа-нұсқа» бөлімінде ұсынылған өткір өрімдерін елемей кету орынсыз. Тастүйін қысқа қайырымдардан өрлеуіміз бен солғындауымыздың, шыншылдық пен сыпыра жағымпаздықтың, қалтқысыз еңбек пен жең астынан үлестірушіліктің, біліміне қарай бағалау мен жетесіздіктің, кадр таңдаудағы тамыр-таныстықтың өршуінің, т.б. келеңсіздіктердің бұқпантайлап болса да қоғам дертіне айнала бастауының себеп-салдарына қанығасыз. Қан тамырын кеулеген мұндай мерезден қалай арылуға болады? Асқындырмай, өршітпей қалай сылып тастаймыз деген уайым туады. Ертеңімізді күйттеп айтсақ, бұл кедергілер сайып келгенде Тәуелсіздігіміздің нығаюына кесапаттық жасайды, ілгерілеуімізге іріткі болады. Сол себепті ақын жүрегі мұңға малынғандай болып, қою бұлттан күнді арашалап алуға бар ынты-шынтымен ықыластана елегзиді. Міне, назарыңызға: «Жан-жүрегім – жаралы, Өңім-түсім – сұрланып. Бірте-бірте барады, Болашағым ұрланып...» Тағы да: «Туа біткен дертің бар, Диагнозы – Пенделік. Бірақ сенің еркің бар, Жазылуға емделіп». Одан әрі: «Айналамыз, Азап-мұң. Алабөтен дау да көп... Отыратын, Қазақпын: – Бәріне де, тәубә! – деп». Енді тәмам: «Заман-ай, Ұсақталған, майдаланған, Қойды-ау бір, орындалмай ойдағы арман. Тектілер отыратын орындықты, Ептілер жолын тауып жайлап алған». Оқырманым! Ақын тізбелеген ой күйігі осылар, небір қиындықты өжеттікпен тосып ал, және де қазағымның қанына біткен өрлік-ерлікпен ұлтсыздықтан айырар барлық қайшылықты ұстарамен осып ал! Серіктің айтпағын, ескертпесін осылайша есіңе ал!
Соңғы бөлімдегі Серік аударған Сібір ақындарының жырларынан мол рухани байлыққа кенелесіз. Ел мен елді жақындастыратын, туыстығын еселейтін көркем тәржіманың мына үлгілері ерінде еріген тәттідей тамсандырады. Мінекейіңіз (Н.Черкасов): «Сол жеңеді – Кім құдірет, кім мықты! Салсаң егер тағдырыңның сотына. Дауысы да қатты шығар шындықтың, Өртенгенде өтіріктің отына!». Өлеңнің төлтумасы Серіктің телтумасындай тамырымен етене қабысып жатқаны, шеберліктің, үндестіктің, ширыққан ортақ сезімнің тамаша тандемі болған екен-ау.
Міне, сегіз жыл бедерінде кенеттен кесел болып жабысқан тағдыр тауқыметіне қайыспай, жүрегінің ұясына үймелеген қоңыр мұңды қалам құдіретімен кері серпіп, азат ойдың айдынында жүзген Серік Тұрғынбекұлының ұлттық адуынды мінезінің өшірілмес таңбасындай «Жүрегім – мұңның ұясы» жыр жинағы Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық екеніне сенімдіміз.
Қайсар ӘЛІМ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері