Әлемде цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттердің бәсекеге деген қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін айқындайтын басты факторға айналды. Осы орайда отандық еңбек нарығының болашағы, жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігі мен халықаралық әріптестік туралы PARYZ Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының Президиум төрағасы Жұмабек Жанықұловпен сұхбаттасқан едік.
– Еңбек нарығы жаһандық өзгерістерден өтіп жатыр. Осы үдерісте PARYZ Конфедерациясының алатын орны қандай?
– PARYZ Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы – еліміздің іскерлік орта мен өндіріс секторларының басын біріктіріп отырған еліміздегі ең іргелі әрі институционалдық өкілді ұйым. Арамызда отандық экономиканың өркендеуінің қозғаушы күші болып отырған өнеркәсіп, энергетика, тау-кен, көлік, ауыл шаруа-шылығы, қызмет көрсету және жоғары технологиялар саласындағы жетекші ассоциациялар, ірі ұлттық және шетелдік компаниялар, орта және шағын бизнес өкілдері бар. Біз елдегі жүз мыңдаған еңбек ұжымының құқығын қорғап, бизнестің тұрақты дамуына тікелей жағдай жасаймыз.
PARYZ-дың басты миссиясы – жай ғана бизнес иелерінің экономикалық мүдделерін қорғаумен шектелмейді. Біз – мемлекет, кәсіподақтар және жұмыс берушілер арасындағы сындарлы әлеуметтік диалогты қамтамасыз ететін, еңбек заңнамасын жаңғыртатын, адами капиталдың сапасын арттыратын және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жаңа деңгейге көтеретін басты өкілетті институтпыз.
Жаһандық динамика еңбек нарығындағы үстірт уәделер мен формалды болжамдар дәуірінің аяқталғанын көрсетті. Мемлекетке де, бизнеске де нақты шынайы деректерге негізделген сараптамалық басқару саясаты қажет. Осы ретте Конфедерациямыз жай ғана бақылаушы позициясын ұстанбай, жүйелі реформалардың белсенді қатысушысы болу миссиясын өз мойнына алды.
– PARYZ Конфедерациясы Қазақстан атынан Халықаралық еңбек ұйымына (ХЕҰ) мүше бірден-бір ұйым екенін білеміз. Мұның сыры неде?
– Бұл – біздің ұйымның халықаралық деңгейдегі жоғары жауапкершілігі мен заңды мәртебесінің айқын дәлелі. ХЕҰ – БҰҰ жүйесіндегі бірегей ұйым, оның негізгі қағидаты үшжақты өкілдікке (трипартизм) негізделген. Яғни, жаһандық шешімдер қабылдауда мемлекет, кәсіподақтар және жұмыс берушілер тең дәрежеде дауыс береді.
187 мүше мемлекеттің ішінде ХЕҰ-ның қатаң халықаралық стандарттары мен критерийлеріне толық сай келетін, Қазақстан жұмыс берушілерінің атынан халықаралық аренада шешім қабылдауға институционалдық және жұмыс берушілердің үнін жеткізетін жалғыз аккредиттелген өкіл – PARYZ Конфедерациясы.
Өткен жылдардың қорытындысы бойынша ХЕҰ Конфедерациямыздың әлеуметтік әріптестікті дамытудағы тәжірибесін жоғары бағалап, оны жаһандық деңгейдегі ең серпінді үлгілердің бірі ретінде арнайы зерттеуіне енгізді.
Бұдан бөлек, биыл Женевада өткен ХЕҰ-ның 114-сессиясында арнайы трибунадан сөз сөйлеп, Қазақстандағы еңбек нарығының дамуын, жаңа реформалар мен отандық бизнестің позициясын халықаралық деңгейде жоғары дәрежеде таныстырдық. Ал ХЕҰ Бас директоры Гилберт Хунгбо мырзаның Қазақстанға алғаш жасаған ресми сапары мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесуі – бұл отандық еңбек нарығын халықаралық биік стандарттарға сай жаңғырту жолындағы мемлекеттік деңгейдегі тарихи оқиға болды.

– Еңбек нарығындағы нақты ахуалды зерделеу бағытында қандай ауқымды зерттеулер жүргізілді? Өндірістегі басты тенденциялар қандай?
– Еліміздегі мемлекеттік саясатты тиімді жоспарлау мен адами капиталды дамыту үшін нарықтың терең диагностикасы қажет. Осы мақсатта біз отандық экономиканың сегіз негізгі саласы бойынша 100-ден астам ірі компания мен 150 мыңнан астам қызметкерді қамтыған ауқымды «Paryz Bridge» тәуелсіз зерттеуін жүргіздік.
Бұл кешенді талдау өндірістік секторлар мен іскерлік ортадағы еңбек өнімділігін, кадрлардың тұрақтамау себептері мен ұжымдардағы ішкі жағдайдың шынайы картасын айқындап берді. Зерттеу көрсеткендей, жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды қарқынды енгізу жағдайында мамандарды жаңа дағдыларға үздіксіз оқыту – бизнестің өмір сүруі мен бәсекеге деген қабілетінің басты шартына айналып отыр.
Сондай-ақ біз Еуропалық Одақтың Әлеуметтік қорғау және еңбек нарығы саласындағы сараптамалық көмек қоры (SOCIEUX+) бастамасымен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр-мыз. Жасанды интеллект бағытындағы оқытушыларды даярлау бастамаларымыз да еңбек дауларын реттеуде халықаралық озық тәжірибені өндіріске тікелей енгі-зудің маңызды екенін дәлелдеп отыр.
– Елімізде саяси реформалар мен жаңару үдерістері жүріп жатыр. Конфедерацияның алдағы стратегиялық қадамдары мен қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуы туралы не айтасыз?
– Қазір еліміз саяси-қоғамдық дамудың жаңа белесін бастан кешіріп жатыр. Құрылтай сайлауын өткізіп, жаңа құрамын жасақтауға дайындық басталып кетті. Саяси партиялар өз кандидаттарын ұсынды. Біз Конфедерация ретінде Құрылтайдың жаңа құрамымен тығыз жұмыс жасап, елімізде бизнестің дамуына, инвестициялық климаттың жақсаруына өз үлесімізді қосуға ниеттіміз.
Конфедерация жанынан құрылған Әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері жөніндегі Партияаралық кеңес те мемлекеттік органдар, кәсіподақтар мен бизнес өкілдері арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған.
Осы кезеңде біз Конфедерация ретінде түпкілікті әрі берік азаматтық позициямызды білдіргіміз келіп отыр: біздің басты мақсатымыз тек тар шеңбердегі бизнес иелерінің экономикалық мүддесін қорғау емес, мемлекеттің тұрақтылығы мен әрбір Қазақстан азаматының әл-ауқатын арттыратын жалпыұлттық игілікке қызмет ету. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар мен Әділетті Қазақстанды құру бағытындағы қадамдарды толықтай қолдаймыз. Отандық бизнес өкілдері тек жұмыс беруші емес, елдің әлеуметтік тұрақтылығына тікелей жауапты серіктес болуға тиіс.
– Сұхбатымызды қорытындылай келе, қандай түйін жасар едіңіз?
– Алаш арысы, көрнекті мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», – деген ұлағатты сөзі бар. Бүгінгі ел дамуының жауапты кезеңінде ұлттық бизнес қауымдастығына да дәл осындай мемлекетшіл мінез, биік жауапкершілік пен отаншылдық миссия жүктеліп отыр.
PARYZ Конфедерациясы Мемлекет басшысының төңірегінде біріге отырып, Құрылтаймен және Үкіметпен сындарлы диалог негізінде еңбек нарығының жаңа моделін қалыптастыруға барлық білімі мен күш-жігерін жұмсайды. Азаматтарымыздың адал еңбегі бағаланатын, бизнесі жауапты, ал экономикасы өркендеген қуатты Қазақстанды бірге құрамыз.
– Жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Әзірлеген –
Т.ӨСКЕНБАЙ