Абайды ұлықтау – ұлтты ұлықтау

Абайды ұлықтау – ұлтты ұлықтау

Кеше Абай күніне орай Қарағанды қаласында хакімнің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ғұламаға құрмет көрсетілді. Ақынның шығармашылығына арналған концерттік және поэзиялық бағдарлама бұл күннің мәнін еселей түсті. Абайдың әндері әуелеп, өлеңдері жүрекке жол тауып жатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Абай мұрасының ұлттық руханияттағы маңызына тоқталды.

– Абай – бір дәуірдің ғана емес, ұлттың әр кезеңіне жол көрсететін ойшыл. Ол – барша адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеген кемеңгер. Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла», «Ғылым таппай мақтанба» деген өсиеті – бүгінде ел дамуының, интеллектуалды ұлт болып қалыптасудың темірқазығы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың рухани мұрасы еліміздің жаңғыру жолындағы басты бағдардың бірі екендігін атап өтті. Бүгінде Абайдың «Толық адам» ілімі Мемлекет басшысы ұстанған Әділетті қоғам идеясымен үндеседі. Сондықтан, Абай мұрасын насихаттауды болашаққа салынған инвестиция деп қабылдаған жөн, – деді Әлібек Әлденей. 

Сондай-ақ, Әлібек Үсенұлы Қарағанды өңірінің Абай әлемімен тарихи байланысы тереңдігін де атап өтті. 

– «Қарқаралы – Құнанбай қажы ел басқарған, Ибраһимнің жастайынан ат басын бұрған киелі мекен. Бұл тарихи сабақтастық Абай әлемінің Арқа жұртына айрықша жақын екендігін аңғартады. Ғұламаның ізі қалған киелі топырақта өмір сүріп жатқан біз – сол рухани сабақтастықты жалғастырушы ұрпақпыз», – деді ол.

Қарағанды облысында ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеуде көптеген жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны да атап өтілді. Мәселен, мектептерде «Абайтану» курстары ашылып, ақынның өлеңдері мен қара сөздерін насихаттауға бағытталған түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. 

Былтыр Абайдың 180 жылдығына орай өңірде кешенді жоспар қабылданып, көптеген іс-шаралар іске асырылды. Биылдың өзінде 155-ке жуық шара өтіпті. 

Былтыр өңірімізде бастау алған «Кітап оқитын ұлт» жобасы бойынша оқылатын кітаптардың тізіміне Абайдың өлеңдері мен кітаптары да енгізілген екен. 

Іс-шара барысында қазақ әдебиеті мен Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Paraqta.kz» цифрлық платформасының таныстырылымы да өтті.

Платформа оқырманға кітап оқуды жүйелеуге мүмкіндік беретін үш негізгі функция ұсынады. Біріншісі – оқу сессиясы. Оқырман таймерді қосып, кітап оқуға жұмсаған уақытын белгілей алады және оқыған бетін тіркейді. Екіншісі – оқылған кітапқа пікір қалдырып, басқа оқырмандармен ой бөлісу мүмкіндігі. Үшіншісі – жалпы оқырмандар арасында өз нәтижесін бақылау мүмкіндігі. Яғни, платформа пайдаланушыға кітапты жалғыз оқымай, ортақ оқырман қауымымен бірге оқуына мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда платформада 4182 оқырман тіркелген. Жоба іске қосылған 11 ай ішінде пайдаланушылар жалпы 752 615 бет кітап оқыған.

Мерекелік бағдарламаның маңызды бөлігі – ашық аспан астындағы «Book Picnic» әдеби оқу алаңының ашылуы болды. Жоба кітап оқу мәдениетін дамытуға және зерделі ұрпақ қалыптастыруға бағытталған.

Алаңда қала тұрғындары мен қонақтары табиғат аясында кітап оқып, Абайдың өлеңдері мен қара сөздеріне үңіліп, рухани тынығуға мүмкіндік алды. Әдеби алаң оқырмандардың басын қосып, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруды көздейді.

Ашық аспан астындағы кітапхананың ең жас оқырманы – 8 жастағы Алуа. Әріп танығаннан бері кітап оқуды әдетке айналдырған ол қазір Абай Құнанбайұлының және басқа да ойшылдардың шығармаларын сүйіп оқиды.

– Кітап оқу маған білімді болуға көмектеседі, – дейді Алуа.

Іс-шараға қатысқан қала тұрғыны Алтынай Мұхтарова да Абай шығармашылығының жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Мектеп жасымнан бастап кітап оқимын. Абайды да мектеп қабырғасынан бастап сүйіп оқимын және әндерін жақсы көремін. Қазіргі жастар Абайды көп оқыса, болашаққа дұрыс жол ашуына көмектесер еді, – дейді қала тұрғыны.

Ұлы Абайдың мұрасын дәріптеуге арналған іс-шара ақын шығармашылығының бүгінгі қоғам үшін маңызын тағы бір мәрте айқындап, кітап оқу мәдениетін насихаттауға және өскелең ұрпақтың рухани дамуына ықпал етері хақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар