Қазіргі технологияның өте қарқынды дамып жатқан кезеңінде білім беру мен білімді игеру үдерісінде де өзгерістер болып жатыр. Өйткені технологияны меңгеру арқылы адам енді бұрынғыдай «білетіндердің» аузына қарап отырмай, білімді өз бетінше игеруге мол мүмкіндік алды. Ендеше, осы тұста оқытушылар мен оқушылар қалай әрекет жасауы керек? Бұл бүгіннің ойлантатын сауалы. Біз осы мәселе жөнінде Абай атындағы ҚазҰПУ математика, физика және информатика институты, информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының оқытушысы, PhD доктор Қамбар Беделовпен сұхбаттасқан едік.
– Қамбар Аманкелдіұлы, «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы жас мамандардың мектепке баруына және мамандыққа деген көзқарасына қалай әсер етіп жатыр?
– 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – тек бір нормативтік акт қана емес, ұстаздарға деген мемлекеттік көзқарастың түбегейлі өзгеруінің белгісі болды. Осыған дейін мұғалім мамандығы қоғамда «берілген, бірақ бағаланбаған» кәсіп ретінде қабылданса, заңнан кейін жағдай біртіндеп өзгере бастады.
Нақты нәтижелерге келсек, санда да, сапада да серпіліс байқалып жатыр... «Алтын белгі» иегерлері арасында мұғалімдік мамандықты таңдағандардың саны өсті. Педагогикалық мамандыққа түсу үшін қажетті орташа балл бірнеше жыл бұрын 65 болса, қазір тек жоғары балл жинаған бәсекеге қабілетті түлектер ғана осы салаға келе алады. Бұл – мамандықтың беделінің нақты өсуін көрсетеді.
Артық әкімшілік жүктеме азайып, педагог өзінің негізгі міндетіне –оқытуға көбірек уақыт бөле алатын болды. Магистр дәрежесі бар ұстаздарға қосымша ақы, сынып жетекшілік үшін үстемеақы – мұның бәрі жас маманды материалдық тұрғыдан да ынталандырды.
Реформаның соңғы маңызды қадамы – 2026 жылғы 12 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заң. «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» атты бұл заң педагогтің заңдық қорғанышын нақтылады. Енді мұғалімдер мен мектеп басшылығы білім алушыларға қатысты оқиғалар үшін тек ресми жұмыс уақытында және сабақ кезінде ғана жауапты болады. Бұл – педа-
гогті сабақтан тыс уақытта немесе мектептен тыс орындарда болған жағдайлар үшін негізсіз жауапқа тартудан қорғайтын маңызды кепілдік. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігіне оқушылардың мектепте ұялы телефон пайдалану тәртібін өз бетінше айқындау құзыреті берілді, бұл да оқу үдерісінің сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Жалпы алғанда, 2019 жылдан бастап жүйелі жүргізіліп жатқан осы реформалар тізбегі мұғалім мамандығын бұрынғыдай «соңғы таңдау» ретінде емес, саналы, мақсатты кәсіп ретінде қабылдауға жол ашып жатыр.
– Қазіргі заман талабына сай мұғалім қандай болуы керек? ЖОО оқытушысы ретінде болашақ ұстаздар бойына ең алдымен қандай қасиетті сіңіруге тырысасыз?
– Бұл сұраққа жауап беру үшін алдымен бір нәрсені айқындап алу қажет. Заман талабы дегенді тек технология деп түсінбеу керек, заман талабы – ол ең алдымен адам талабы. Оқушы алдында тұрған мұғалім роботпен бәсекелеспейді, ол баланың санасы мен жүрегіне жол табуы керек. Сондықтан қазіргі мұғалімге қойылатын талаптар екі бағытта бірдей жоғары болуға тиіс: кәсіби құзыреттілік және адамгершілік тұрақтылық.
Кәсіби тұрғыдан қазіргі мұғалім цифрлық сауатты маман болуы шарт. Бұлттық технологиялар, жасанды интеллект құралдары, бағдарламалау тілдері, интерактивті платформалар – мұның бәрі бүгінгі сынып бөлмесінің бөлінбес бөлігіне айналды. Мен өз студенттеріме әрдайым «егер сен оқушының қолындағы смартфонмен бәсекелесе алмасаң, сол смартфонды сабақтың құралына айналдыра білуің керек» деймін. Жасанды интеллектіні қолдана білу, мәліметтерді сын көзбен бағалай алу, STEM тәсілімен пәнаралық ойлауға жетелей білу – бұлар бүгінгі ұстаздың міндетті дағдылары. (STEM – ағылшын тіліндегі Science (ғылым), Technology (технология), Engineering (инженерия) және Mathematics (математика) сөздерінің бас әріптерінен құралған аббревиатура. Бұл – теориялық білімді практикамен ұштастырып, төрт саланы біртұтас пән ретінде оқытуға негізделген заманауи білім беру бағыты).
ҚазҰПУ-да болашақ мұғалімдерді дайындау барысында ең алдымен сіңіруге тырысатын қасиет – технологиялық дағды емес, ұстаздық жауапкершілік сезімі. Бұл – кімнің алдында тұрғаныңды ұмытпау. Сенің алдыңдағы бала – бір отбасының үміті, бір ұлттың болашағы. Сол баланың бойындағы қызығушылықты өшіріп жіберу де, оны жандандыру да сенің қолыңда. Осы жауапкершілікті сезінбеген маман қанша технологияны білсе де, нағыз ұстаз бола алмайды.
Қандай маман болса да өмір бойы оқуға деген ынтаны қалыптастыра білуі керек. Ұстаз – бүгін өзі білмегенін ертең оқушысына үйрете алуы үшін үнемі оқитын адам. Цифрлық мүмкіндіктер қаншалықты кең ашылса да, баланың бойына ата-баба тіліне, мәдениетіне, отбасылық құндылықтарға деген сыйластықты сіңіре алатын мұғалім – ол заманның ең қажет маманы.
Қысқаша айтқанда, заман талабына сай мұғалім – цифрлық сауатты, адамгершілігі биік, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген және өмір бойы дамуға дайын тұлға. Мұндай мұғалімді даярлау – ҚазҰПУ сияқты педагогикалық университеттердің басты миссиясы, және мен осы миссияны күнделікті жұмысымның өзегі деп санаймын.
– Қазір Қазақстанның білім беру жүйесіндегі ең үлкен жетістік пен ең басты өзекті мәселе не деп ойлайсыз?
– Кейінгі жылдары Қазақстан білім беру жүйесіндегі ең айқын жетістік – инфрақұрылымдық серпіліс. Қазір елімізде Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» үлкен ұлттық жоба іске асып жатыр. Осы бастама аясында жалпы саны 500 мың балаға арналған 217 жаңа мектеп бой көтерді. Үш ауысымды мектептер саны қысқарды, апатты ғимараттар азайды.
Ең бастысы, бұл мектептердің бұрын-
ғы біз білетін ескі ғимараттардан айырмашылығы жер мен көктей. Олардың көлемі де кең үлкенірек, ал техникалық мүмкіндіктері мен жабдықталуы бұрынғыдан әлде қайда жоғары. Ішінде баланың жан-жақты дамуына қажеттінің бәрі бар: робототехника сыныптары, STEM-зертханалар, заманауи коуоркинг орталықтары мен хореография залдары, тіпті бір мектептің ішінде үш-төрт спорт залына дейін қарастырылған.
«Педагог мәртебесі туралы» заңнан бастап, 2026 жылы педагогтарды заңдық тұрғыдан қорғауды нақтылаған жаңа заңға дейін реформалар тізбегі жүйелі сипат алды. Ұлттық бірыңғай тестілеу де жатқа білуден функционалдық сауаттылықты бағалауға – PISA, TIMSS секілді халықаралық стандарттарына бет бұрды. Бұл – жүйелі ойлаудың белгісі.
Дегенмен жетістіктердің арғы жағында ашық тұрған мәселе де бар, ол – қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы.
Алматыдағы заманауи мектептен шыққан бала мен шалғай ауылдағы шағын жинақты мектептен шыққан бала – бір елдің азаматтары, бірдей мемлекеттік стандарт бойынша оқыды делінеді. Бірақ нәтиже мүлде басқа, жаңа мектептер салу – сапаны көтерудің кепілдігі емес. Сол мектептер сапалы мазмұнды оқулықтармен жабдықталмаса және онда біліктілігі жоғары мұғалімдер сабақ бермесе қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық жойылмайды.
– Кейінгі жылдары мектеп бағдарламасына енгізілген реформалар (мысалы, критериалды бағалау жүйесі, жаңартылған мазмұн) өз жемісін берді ме, әлде әлі де жетілдіретін тұстары бар ма?
– Жаңартылған білім беру мазмұны оқушыны құрғақ жаттаудан арылтып, алған білімін өмірде қолдануға, топпен жұмыс істеуге және бір-бірінің пікірін тыңдауға бағыттайды. Бұл – жай ғана оқу емес, ертеңгі күнге қажетті нақты өмірлік дағдыларды қалыптастыру. Ал крите-
риалды бағалау жүйесі бұрынғы жалпылама бағалардан гөрі, нақты бақылау арқылы баланың қай жерден қателескенін, алға жылжу үшін не істеу керек екенін көрсетеді. Бұл оқушының өзіне деген сенімін арттырады. Оған қоса, білім беру ісіне енген электронды ресурстар, онлайн сабақтар мен бейнематериалдар сияқты цифрлық құралдар оқу үдерісін айтарлықтай жеңілдетіп, ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын азайтуға септігін тигізіп жатыр.
Қазір біз үшін ең басты мәселе – «үйренуді үйрету». Гаджетпен өскен, жасанды интеллект пен Google кез келген сұрағанын алдына тосып тұрған заманда, мұғалім бағдарламаны жай ғана түсіндіріп отыра алмайды. Педагог баланың қызығушылығын оятып, дұрыс бағыт сілтейтін жолбасшыға айналуға керек. Ол үшін ұстаздардың өзі де үнемі ізденісте болып, заман көшінен қалмауы шарт. Оқытушылар өз кәсібіне осындай жоғары жауапкершілікпен қарағанда ғана бұл реформалар еліміздің келешегі үшін нақты жемісін береді.
– Шетелдік озық білім беру модельдерін (мысалы, Финляндия немесе Сингапур) біздің елдің менталитеті мен болмысына толықтай бейімдеу мүмкін бе?
– Шетелдік озық модельдерді біздің елге толықтай, сол күйінде көшіріп алуға болмас, ол кей жағдайда қауіпті болуы да мүмкін. Себебі Финляндияның еркін дүниетанымы мен Сингапурдың қатал тәртіпке сүйенген моделі – сол қоғамдардың ғасырлар бойы қалыптасқан ішкі мәдениеті мен әлеуметтік болмысының жемісі. Дайын шаблонды біздің ортаға әкеліп тікелей салу күтілген нәтижені бермейді.
Бірақ бұл олардан ештеңе үйренбейміз деген сөз емес. Біз олардың дайын моделін емес, білім берудегі тиімді технологияларын алуымыз керек. Мысалы, олардың STEM бағытын дамыту әдістерін, бағалаудың ашықтығын, мектеп басқару жүйесін және білім беруге жасанды интеллект пен заманауи құралдарды енгізу тәжірибесін алған дұрыс.
Ең бастысы, осы заманауи технологиялық жетістіктерді өзіміздің ұлттық құндылықтарымызбен, ұрпақтар сабақтастығымен және үлкенді сыйлау сияқты болмысымыздың мықты тұстарымен үйлестіре білуіміз қажет. Біздің мақсатымыз фин немесе сингапурлық бала тәрбиелеу емес, заманауи технологияны еркін меңгерген, бәсекеге қабілетті, бірақ өз ұлттық кодын сақтаған қазақстандық азаматты қалыптастыру болуға тиіс. Сондықтан бізге сырттан көшіру емес, сырттың озық тәжірибесін өз болмысымызға икемдеп, бейімдеу қажет.
– Жасанды интеллект кез келген ақпаратты секунд ішінде тауып, түсіндіріп бере алады. Осы орайда, мұғалімнің ақпарат беруші (транслятор) ретіндегі дәстүрлі рөлі өз құнын жоғалтқандай. Қазір ҚазҰПУ-да болашақ педагогтарды ЖИ-мен бәсекелесуге емес, онымен тиімді «коллаборация» (серіктестік) орнатуға қалай дайындап жатырсыздар? Мұғалімнің жаңа рөлі қандай болуы керек?
– Иә, жасанды интеллект ақпаратты бізден жылдам табады. Иә, ол кез келген тақырыпты бірнеше секундта түсіндіре алады. Бірақ мен студенттеріме әрдайым айтамын: ЖИ – тамаша құрал, бірақ ол ешқашан тәрбиеші бола алмайды. Ал мұғалімнің ең басты міндеті – ақпарат беру емес, адам тәрбиелеу.
Егер мұғалім тек ақпарат берумен шектелетін болса, оның орнын ЖИ де баса алады. Бірақ мұғалімнің нағыз рөлі мүлде басқа үш бағытта жатыр. Біріншісі – сыни ойлауды жетелеу. ЖИ жауап береді, бірақ сол жауапты сұрауға дұрыс сұрақ қоюды, нәтижені сын көзбен бағалауды, деректің шынайылығын тексеруді үйрету – мұғалімнің міндеті. Бүгінгі оқушы ЖИ-ден алған кез келген ақпаратты дайын шындық ретінде қабылдайды. Бұлай жасаудың дұрыс емес екенін түсіндіру тек мұғалім қолынан келеді.
Оқушының жеңіске қуанып, сәтсіздіктен сабақ алуын, топта жұмыс жасауын, өзін таба білуін – мұны ешбір алгоритм жасай алмайды. Бала мұғалімнен тек білім алмайды, өмір үлгісін де алады. Ізденімпаздық, адалдық, жауапкершілік – бұл құндылықтар сөзбен емес, ұстаздың өмір салтымен беріледі.
Біз студенттерімізге болашақ мұғалімдерге: «ЖИ-мен бәсекелесудің пайдасы жоқ, онымен серіктес болу керек» деп үйретеміз.
Осы бағытта елімізде өте үлкен, тарихи қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, Цифрлық даму министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі әлемге әйгілі OpenAI компаниясымен арнайы меморандумға қол қойды. Осы серіктестіктің арқасында Қазақстан – Орталық Азияда бірінші болып білім беру саласына арналған ChatGPT Edu жүйесін ауқымды түрде енгізе бастады. Бүгінде бүкіл еліміз бойынша білім ошақтарына, мұғалімдер мен студенттерге, зерттеушілерге арнайы лицензия тегін берілді.
Біз болашақ педагогтарды ЖИ-ді шектеуге емес, оны сабақ жоспарлауға, әдістеме жасауға көмекші құрал ретінде тиімді пайдалануға баулып жатырмыз. Ендігі жерде мұғалімнің жаңа рөлі – дайын ақпаратты айтып беруші емес, баланың бойында сыни ойлауды, шығармашылықты оятатын және ЖИ берген мәліметтің ақ-қарасын ажыратуға бағыттайтын тәлімгер, бағыттаушы болу.
– ChatGPT секілді құралдар эссе жазып, есеп шығарып, дайын презентация жасап береді. Бұл студенттер мен мектеп оқушыларының сыни ойлау қабілетін тежеп, дайынға үйір қылады деген қауіп бар. Білім беруде ЖИ-ді академиялық адалдық ережелерін бұзбай, тек шығармашылық пен ізденісті дамыту құралы ретінде пайдаланудың қандай әдістемелік шешімдерін ұсынар едіңіз?
– Бұл қауіп шынымен де бар. Кейде студент тапсырған жұмыс тым жылтырап, әдемі болып кетеді, барлығының жауабы бірдей болып шығады, өз ойы жоғалады. Бірақ мен мұны шешудің жолы ЖИ-ді тыйып қою деп санамаймын. Ең алдымен, тапсырманың өзін өзгерту керек. Егер «климат туралы эссе жаз» десек, ол – ЖИ-ге шақыру хатын жазғанмен бірдей. Бірақ «өз ауылыңдағы соңғы он жылдағы ауа-райын бақылаулар мен ата-анаңмен сұхбат негізінде талда» десек, мұны жасанды интеллект жаза алмайды. Мен студенттеріме кейде мынадай тапсырма беремін: «ChatGPT-ке осы тақырыпта эссе жаздыр, содан кейін оның қателерін, жетіспейтін жерлерін тап, сол жерге өз ойыңды қос». Бұл тәсіл өте тиімді, себебі ЖИ жауабын оқып, оны сынау процесінің өзі баланың сыни ойлауын дамытады. «Ол неліктен мұны дұрыс айтпады? Мен не қосар едім?» деген сауал – ең терең ойлаудың бастауы.
Тағы бір жол – бағалау жүйесін өзгерту. Тек дайын жұмысты бағаласақ – ЖИ пайдалануды тоқтата алмаймыз. Бірақ «жұмысыңды қалай жасадың?» деген процесті бағаласақ – жағдай өзгереді. Портфолио жүргізу, ауызша қорғау, жазба жұмысының аралық нұсқаларын тапсырту – осылар студентті өз ойлауының авторы болуға мәжбүр етеді. ҚазҰПУ-да осы форматтарды жүйелі түрде енгізіп жатырмыз.
Ең соңында айтарым, академиялық адалдық бұзылуы технологиялық емес, мәдени мәселе. ЖИ-ді пайдаланып алдаған студент бұрын да қасындағы баланың жұмысын көшіргісі келетін студент болатын. Нағыз шешім тыйымда емес, баланың бойына «менің өз ойым маңызды» деген сенімді сіңіруде. Бұл – ЖИ заманындағы ұстаздың ең басты міндеті.
– Дәстүрлі емтихандар, тесттер мен жазбаша үй тапсырмалары ЖИ зама-
нында оқушының шынайы білімін, құзыреттілігін бағалау үшін өз маңызын жоғалта бастады. Сіздің ойыңызша, білім берудегі бағалау жүйесін түбегейлі трансформациялаудың уақыты келді ме? Болашақтың емтиханы немесе бағалау форматы қандай сипатта болуға тиіс?
– Иә, өзгертудің уақыты келді. Дәстүрлі емтихан – жатқа білуді, белгілі бір сәттегі ақпаратты ұстап қалуды тексереді. Бірақ бүгінгі дүниеде кез келген ақпаратты телефоннан бес секундта табуға болады. Онда біз «не білесің?» деп емес, «сол білімді өмірде не істей аласың?» деп сұрауымыз керек. Осы жерде дәстүрлі тест форматы шын мәнінде шектеліп қалады.
Мен мұны жоғары оқу орнында да, мектеп деңгейінде де байқаймын. Студент тест тапсырады – «бес» алады. Бірақ сол білімді нақты мәселе шешуге қолдана алмайды. Бұл – бағалау жүйесінің ақауы, студенттің емес. Біз «тест тапсыру шеберлігін» емес, «ойлау шеберлігін» өлшеуіміз керек. Ал ЖИ бар дүниеде бұл айырмашылық одан да өткір сезіледі.
Болашақтың бағалауы, менің ойымша, бірнеше принципке негізделуге тиіс. Біріншісі – процесті бағалау. Оқушы жұмысының тек соңғы нәтижесін емес, ойлау жолын, шешім қабылдау барысын, өзін-өзі түзету қабілетін бағалау. Портфолио, жұмыс күнделігі, аралық нұсқалар – осылардың бәрі оқушының шын мәнінде қалай ойлайтынын көрсетеді. Екіншісі – шынайы өмірлік тапсырмалар. Нақты мәселені шешу, жобаны аяқтау, топта шешім қабылдау – бұлар жатқа білуді тексермейді, бірақ шынайы құзыреттілікті айқын көрсетеді. Үшіншісі – ауызша дәлелдеу. Оқушы жасаған жұмысын қорғай алуы керек. «Неге осылай шештің? Басқаша жол болды ма? ЖИ не ұсынды, сен неге оны таңдадың немесе таңдамадың?» осы сұрақтарға жауап беру тек шынайы ойлайтын адамның қолынан келеді.
Қазір білім саласында, оның ішінде ҰБТ-ға қатысты үлкен жаңалықтар мен жоспарлы жұмыстар жүріп жатыр. Ең басты жаңалық келесі 2027 жылдан бастап елімізде ҰБТ-ға қосымша, балама ретінде AIT (Admission Insight Test) деп аталатын жаңа халықаралық тест пилоттық режимде енгізілмек. Бұл тестті әлемдегі ең ірі тестологиялық ұйымдардың бірі – ETS компаниясы әзірлеп жатыр. Жақында ғана осы компанияның делегациясы Астанаға келіп, алғашқы келіссөздерді өткізді. Жаңа балама тесттің сапасы әлемге танымал SAT немесе ACT деңгейінде болады.
Қысқаша айтсам, болашақтың емтиханы «не білесің?» деп сұрамайды, ол «мына мәселені қалай шешесің, неліктен солай шешесің, және оны маған дәлелдей аласың ба?» деп сұрайды. Бұл формат ЖИ-ді де, жаттауды да жеңеді, себебі ойлауды ешнәрсемен ауыстыруға болмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ