Жасыл экономиканың жайы қалай?

/
Жасыл экономиканың жайы қалай?

Көптеген діни кітапта, әсіресе, ислам, христиан, иудей діндерінің барлығы дерлік адамзаттың топырақтан жаратылғанын бірауыздан қолдайды. Мұны кейбір ғалымдар да жоққа шығармайды. Бұл логикаға сенсек, Жер біздің негізіміз, Анамыз. «Жер-Ана» деп текке айтпаппыз. Бұл жөнінде Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жанымыз күннен келген нұрдан, Тәнiмiз топырақ пенен судан. Күн – атам, анық Жер – анам», – дейді. Ендеше, «Анамызды» қаншалықты ардақтап жүрміз? Парызымызды ақтай алдық па?  Адамзаттың алдында қоршаған ортаны қорғауда қандай міндеттер тұр? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік...

Дерті дендеген дімкәс дүние

Жалын атқан жанартаулар, дүйім жұртты дүрбелеңге салған топан сулар, зіл­­залалар мен құрғақшылықтар жиілеп, соңғы кездері планетамыз ауық-ауық ауыр күрсініп, дөңбекшитін болды. АҚШ-тың геология қызметі келтірген мәліметке сәйкес, жойқын зілзалалар жер бетінде жыл сайын тіркеледі. Статистика бойынша қуаты 7 балдан асатын жер сілкінісі 1 жыл­да кемі 10-12 рет орын алады екен. Маг­нитудасы 5 балдан асатындары тіптен көп.  
БҰҰ сарапшыларының ақпаратына сенсек, кейінгі бес жылда табиғи апат құрбандарының саны өскен. Себебі су тасқыны, жер сілкінісі, жойқын дауылдар «орын ауыстырған». 
Иә, Жер-Анамыздың сырқаты сыр бере бастады. Әсіресе, «ыстығы» жиі көтеріледі. Сырқаттың «диагнозын» ғалымдар – жаһандық жылыну деп атады. Осыған байланысты Біріккен ұлттар ұйымы қазір дабыл қағуда. Дүниежүзілік метеоро­логиялық ұйымның «Жаһандық климат» атты баяндамасын оқыған БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш 2021 жылы: «Адамзат құрдымға кету алдында тұр. Біз тропикалық дауылдар мен орман өртінің көбейіп кеткенін көріп отырмыз. Сондай-ақ мұздықтардың еруі де рекордтық деңгейге жетті. Мұның бәрі жаһандық жылынумен байланысты. 2020 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық 3 жылдың бірі болды. Орташа темперетура индустрияға дейінгі дәуірмен салыстырғанда 1,2 градусқа жоғары болды. Ғалымдар қауіпті меже 1,5 градус екенін айтады. Біз ақырындап сол көрсеткішке жақындап келе жатырмыз», – деп мәлімдейді.  

Жасыл экономиканың жайы қалай?

Иә, соңғы кезде ғаламдық жылыну құбылысы артып, бұл құбылыс біздің елде де байқалуда.  Мысалы, 1960-1990 жылдар аралығында Қазақстандағы орташа тем­пература 1,6-2,7 градусқа, 1990-1999 жылдар аралығында сынап бағанасы 3,2 градусқа дейін көтерілген. 1990 жылға дейін Қазақстанда 5,8 градус  болып келген жыл­дық орташа температура 2021-2022 жыл­дары 6,7 градусты көрсеткен. Бұл кезеңде жауын-шашынның 14 мм азайған. Былтыр Қазақстанда температура рекорды тіркелді. Жалпы, елімізде соңғы 75 жылда жер бетіндегі ауа температурасының кең көл­емде жоғарылауы байқалып, климаттың өзгеруі елдің ауыл шаруашылығы саласына, су ресурстарына, жайылымдар мен орман­дарға зиянын тигізуде. Мысалы, еліміз бидайдың негізгі жеткізушісі ретінде танымал, бірақ 2050 жылға қарай өнімділік 13-тен 49 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Ғалымдар 2100 жылға қарай қазіргі мұздық массасының 50 пайыздан астамы жоғалатынын айтады. Ал лай көшкіні, су тасқыны және құрғақшылық сияқты климатқа байланысты апаттардың жиілігі мен көлемі артады, бұл үрдіс алдағы онжылдықта сақталады деп күтілуде.
Иә, бүгінгі таңда әлем елдері жаһандық жылыну мәселесіне баса мән беріп отыр­ғаны белгілі. Біздің еліміз де қоршаған ортаны сақтауға арналған нақты шара­ларды жүзеге асыруда. Осыған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда Дубайда өткен СОР 28 – Климат жөніндегі саммитте аса маңызды мәселелерді көтеріп, метан қалдықтарын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге Қазақстанның қосылатыны туралы мәлімет берді.
Ғалымдардың болжауынша аптап ыстық, су тасқыны, құрғақшылық, дауыл­дардың жиілеп кетуі – қазба отындардың салдарынан екенін, олар парник газды ұлғайтып, жер шарын қыздырып жатыр.  Дегенмен бүгінде әлемдік экономиканың жылдам дамуына байланысты электр энергиясына сұраныс қарқынды түрде өсуде, ал жаңартылмайтын энергия қорлары жылдан-жылға сарқылуда. Жаңартылатын энергияны пайдаланудың негізгі қағидаты – оның үздіксіз таза табиғи процестерден алынуы және адам­ның араласуынсыз табиғи жолмен то-
л­ықтырылуында. Сондықтан жаңартыла­тын энергия көздері әлемдік энергетика нарықтарындағы бағаларға қарамастан ресурстардың сарқылмайтындығымен тартымды. Осы ретте Қазақстан Респуб­ликасының жаңартылатын энергетика көздерін дамытатын және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін кешенді түрде шешетін «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасы іске асырылуда. Көміртегін пайдалануды азайтуға басымдық беруге бағытталған 2060 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының стратегиясы бекітіліп, энергетика саласында баламалы және жаңартылатын энергияны пайдалану үлесін жоғары деңгейге жеткізіп, парниктік газдардың шығарындарын нөлге дейін төмендету міндеті қойылған. Қаралып отырған келісім Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі мен Франция Респуб­ликасының Үкіметі арасындағы энерге­тикалық қауіпсіздік саласындағы ірі жоба­ларды дамытуға және Қазақстан Рес­пуб­ликасының аумағында іске асыруға, экологиялық таза технологияларға көшуге және ластануды қысқарту арқылы жаһан­дық жылынуға қарсы күресте ынтымақ­тастықты жүзеге асыруға бағытталған.  Аталған стратегияда көрсетілгендей, еліміздегі өнеркәсіп орындарынан тарай­тын парник газдарының едәуір бөлігі цемент, алюминий, темір және болат өнді­рісіне тиесілі. Демек, республика аумағын­дағы өнеркәсіп өндірісінен шығатын барлық зиянды қалдықтың 91 пайызы аталған саланы игерген компаниялардан тарайтынын аңғаруға болады. Көміртек бейтараптығына жету мақсатындағы маңызды бағыттардың бірі «жасыл» энергияны өндіру саналады. Дегенмен Қазақстандағы электр энергиясының 70 пайызға жуығын көмір электр стансалары өндіріп келеді.
Бүгінде жаңартылатын және баламалы энергия көзін дамыту әлеуетінің артып келе жатқаны рас. Электр энергиясының көле­міне келсек, 2030 жылға қарай еліміздің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көзін кемінде 15 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды. 

Көміртегі салығы деген не?

Осы ретте біз эколог Азамат Аяйбер­геновпен сұхбаттасқан едік. Азамат Аюй­ханұлының айтуынша, елімізге әлі де көміртегін аз пайдалану мақсатында тиісті деңгейде нақты жоспарлар мен жобаларды қолға алу қажет. «Парниктік газдар шыға­рындыларының негізгі көздері, климаттың өзгеруі және оның салдары туралы қысқаша айтар болсақ, барлығы, әрине, адамның қажеттіліктерін қанағаттандырудан бастау алады. Күнделікті өмірде біз қолданатын автомобиль көлігі, әуе көлігі, теңіз көлігі және тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсіптері барлығы қазба отындарын, яғни көмірді, мұнай өнімдерін жағуды талап етеді. Жайлы өмір сүру үшін бізге электр энер­гиясы, жылумен жабдықтау қажет. Атмос­ферадағы көмірқышқыл газы теңіз суында еритіндіктен, оның негізгі көзі дүниежүзілік мұхиттар. Көмірқышқыл газы атмосфераға түскенде, ол жылудан қорғайтын қабат ретінде әрекет етіп, жер бетінен шыға-
р­ылатын күн жылуын ұстайды. Осылайша, энергетикалық тепе-теңдік бұзылады, бұл өз кезегінде мұздықтардың, мұздықтардың еруіне, су температурасының жоғары­лауына, температураның жоғарылауына, жылу толқындарының пайда болуына әкеледі. Ал бұл мұхит деңгейінің көтері­луіне, су айналымының бұзылуына, құр­ғақшылыққа, биоәртүрлілікке, циклон­дардың пайда болуына, құрғақшылыққа, су тасқынына әсер етеді.
Қазақстанға қатысты Мемлекет бас­шысы өз Жарлығымен Қазақстан Респуб­ликасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекіт­кен еді. Стратегияның негізгі мақса­ты – 2060 жылға қарай Қазақстан эконо­микасының климаттың өзгеруі мен көміртегі бейтараптығына қарай тұрақты дамуына қол жеткізу болғанымен бүгінгі күні Стратегияны іске асыру бойынша нақты іс-шаралар жоспары жоқ.  Негізінде «көміртегі қоры» деп аталатын қор құры­луы, ол барлық экологиялық төлемдерді, халықаралық гранттар мен экономиканы жасылдандыруға және көмірсіздендіруге инвестицияларды біріктіруге тиіс еді. Стра­тегия өткен жылдың ақпан айында қабыл­данып, біраз жұмыс атқарылуы керек болса да, стратегияны жүзеге асырудың жол картасы енді ғана әзірлене бастады. Соны­мен қатар мен CO2 шығарындыларына квота механизмінің мысалын келтіргім келеді. Олар кәсіпорындарды шығар­ын­дыларды азайтуға ынталандырмайды. Шығарылған CO2 квоталары ЭЫДҰ елдерінің үлгісі бойынша биржада сатылуы керек. Еуропада СО2 көміртегінің 1 бір­лігінің бағасы тоннасына 30-дан 70 еуроға дейін барады. Квотадан жоғары қосымша көлем қажет болса, қазіргі бағамыз 397 теңге. Осыған байланысты мен квота белгілемей, алдыңғы қатарлы елдерде қабылданған және тиімділігін дәлелдеген қағидат бойынша көміртегі бірліктерін биржада сатуды ұсынамын. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанда бөлінген квоталар 171 362 851 тоннаны құрады. Орташа алғанда, 1 көміртегі бірлігін 1 000 теңгеден сатқанда жыл сайын 170 миллиард теңгеден астам қаражат тартылады. Бұл табыс өз кезегінде «көміртегі қорын» құруға негіз болып, Қазақстанның климаттық күн тәртібіне бағытталуы керек болатын», – дейді ол. Сонымен қатар эколог алдағы уақытта Еуропалық Одақ импортқа көміртегі салығын енгізетінін атап өтті.
Еуропалық Одақ сонымен бірге биыл­дан бастап импортқа көміртегі салығын енгізіп, «көміртекті трансшекаралық реттеу механизмін» енгізуде. Бұл ЕО-ға импорт­талатын көміртекті көп тұтынатын тауар­ларға салынатын салық және пар­ник­тік газдар шығарындыларын азайту­дың экономикалық механизмі. Бұл талап­тар Қазақстанның экспорттық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ біз транс­шекаралық көміртекті реттеу механизмін енгізуді ұмытпауымыз керек» (CBAM – Carbon Border Adjustment Mechanism). Бұл шын мәнінде ЕО-ға импортталатын көміртегі көп тауарға салынатын салық. Көміртек салығы бірінші кезекте цемент, тыңайт­қыштар, темір, болат, алюминий, сутегі және электр энергиясын өндірушілерге әсер етеді. Бұл тізім кеңейе береді. Дүние жүзінде көміртегі салығы екі негізгі мәселені шешуге бағытталған. Біріншіден, парниктік газдар шығарындылары үшін төлейтін экспорттаушылар мен еуропалық өндіру­шілердің позицияларын теңестіру, сондай-ақ өнеркәсіптік өндірістің көмір­тегі тариф­тері жұмсақ елдерге өтуіне жол бермеу. Екіншіден, көміртегі шекарасы механизмі ЕО сауда серіктестерін климат­тық реттеуді күшейтуге ынталан­дырады. Нәтижесінде, көміртегі салығы өнеркәсіпті және басқа секторларды баламалы, төмен шығарын­дылары бар энергия көздерін белсендірек қабылдауға итермелейді. Осыған байлан­ысты қазір климаттық күн тәртібі Қазақ­стан үшін, оның ішінде экономикалық тұрғыдан да өте өзекті, – дейді эколог.

1980-1985 жылдары әлемде 1 700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010-2015 жылдары апаттардың саны 3 700-ден асқан. Яғни, аз уақыттың ішінде табиғи апат саны екі есе көбейген екен. Ғалымдар алдағы уақытта мұндай апаттардың саны артпаса кемімейтінін айтады. БҰҰ-ның болжамынша, 2030 жылға қарай әлемдегі табиғи апаттар 40 пайызға көбейеді. Бұл бүкіл адамзатты алаңдататын көрсеткіш. Яғни, осындай табиғи апаттардың алдын алу үшін қазірден қарекет керек. Мысалы, қоршаған ортаны қорғауда адамзаттың алдында тұрған басты міндеттердің бірі – планетадағы ағаш санын көбейту, көгалдандыру. Иә, бесігінде тербеткен алып Жер-Анамыздың амандығы – адамзатқа аманат, планета перзентінің парызы. 

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары