XXI ғасырда тіл жай ғана қарым-қатынас құралы емес. экономиканың, білімнің, технология мен геосаясаттың негізгі тетігіне айналды. Бүгінде әлемде ең кең таралған тілдер қатарында араб, испан, хинди, қытай және ағылшын тілі бар. Соның ішінде ағылшын тілінің үстемдігі айқын сезіледі. Себебі бұл тіл ғылым мен инновацияның жаһандық құралына айналып отыр. 2026 жылғы EF English Proficiency Index (EF EPI) рейтингісі осы үрдісті тағы бір мәрте нақты дәлелдеді. Әлем елдеріндегі ағылшын тілін меңгеру деңгейін саралаған бұл зерттеу жаһандық теңсіздіктің жаңа қырын ашып берді.
Рейтингінің алғашқы орнына көз салсақ, көш басында Нидерланд 636 балмен бірінші тұр. Одан кейін Норвегия, Швеция және Дания секілді скандинавиялық мемлекеттер ілеседі.
Бұл елдерде ағылшын негізгі тіл емес, екінші жұмыс тілі. Балалар мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап ағылшын тілімен бірге өседі. Телеарна мен интернетте дубляж сирек, контент түпнұсқада ұсынылады. Нәтижесінде, тіл теория емес, күнделікті тәжірибеге айналған.
Рейтингінің жоғары санатында Германия, Польша, Филиппин сияқты елдер бар. Бұл елдерде ағылшын тілі – мансаптың негізгі құралы. Әсіресе, Филиппин тәжірибесі ерекше. Мұнда ағылшын мемлекеттік тілдің бірі ретінде білім беру жүйесіне толық интеграцияланған. Соның арқасында колл орталықтар және цифрлық қызмет көрсету саласында әлемдік хабқа айналды.
Орта деңгейдегі елдер қатарында Франция, Италия және Оңтүстік Корея бар. Бұл мемлекеттерде ағылшын тілін үйренуге сұраныс жоғары болғанымен, ұлттық тілдің басымдығы сақталған. Мұндай елдерде басты мәселе – мотивация емес, тілдік орта. Яғни, адам ағылшын тілін үйренгісі келеді, бірақ оны күнделікті қолданатын кеңістік шектеулі.
Оңтүстік Африка Республикасы, Кения және Нигерия ағылшын тілін меңгеру деңгейі жоғары елдердің қатарына кіреді. Бұл мемлекеттердің халықаралық рейтингіде алғашқы отыздыққа енуі кездейсоқ құбылыс емес, тарихи, саяси және әлеуметтік факторлардың нәтижесі.
Ең алдымен, бұл елдердің барлығы – Англияның бұрынғы отарлары. Соның әсерінен ағылшын тілі мемлекеттік басқару, білім беру және құқықтық жүйенің негізгі тіліне айналды. Мысалы, Оңтүстік Африка Республикасында ағылшын тілі ресми 11 тілдің бірі болғанымен, бизнес пен жоғары білімнің негізгі коммуникация құралы ретінде орныққан. Университеттерде көбіне ағылшын тілінде білім беріледі. бұл жастардың тілдік құзыретін ерте жастан қалыптастырады. Ал Нигерияда ағылшын тілі этникалық әртүрлілікті біріктіретін фактор ретінде қызмет етеді. Елде жүздеген жергілікті тіл бар, сондықтан ағылшын тілі ортақ байланыс құралына айналған.
Бір қарағанда тосын көрінетін жайт – әлемдік экономиканың алпауыттары саналатын Қытай (91-орын) мен Жапонияның (92-орын) төмен позицияда тұруы. Бұл елдердің ішкі нарығы кең, экономикалық жүйесі өзін-өзі қамтамасыз ете алады. Сондықтан ағылшын тіліне деген қажеттілік салыстырмалы түрде төмен. Яғни, ішкі ресурс сыртқы коммуникация сұранысын тежейді.
Ал Орталық Азия елдерінің жағдайы күрделі. Өзбекстан (98-орын) мен Қазақстан (103-орын) «өте төмен» деңгейде. Қазақстанның 427 балл жинауы – ағылшын тілін базалық деңгейде түсіну бар болғанымен, еркін коммуникация дағдылары әлсіз екенін көрсетеді. Бұл – жүйелі мәселе. Біріншіден, оқыту әдістемесі ескірген, грамматикаға басымдық беріліп, сөйлеу дағдысы екінші орынға ығысқан. Екіншіден, тілдік орта жеткіліксіз. Үшіншіден, ағылшын тілі көбіне емтихан пәні ретінде қабылданып, өмірлік құрал ретінде қалыптаспаған.
Халықаралық зерттеулер бір заңдылықты анық көрсетеді: ағылшын тілін жетік меңгерген елдерде шетел инвестициясы көп, стартап экожүйесі дамыған, еңбек нарығы ашық әрі икемді. Сингапур – соның айқын дәлелі. Бұл ел ағылшын тілін стратегиялық құралға негіздеп, Азиядағы қаржы және технология орталығына айналды.
Дегенмен бұл үрдіс бір маңызды сұрақты алға шығарады: жаһандану жағдайында ұлттық тілдің тағдыры қандай болуы керек?
Жауап – тепе-теңдік керек. Қазақ тілі – ұлттық бірегейліктің, мәдени кодтың, тарихи жадтың өзегі. Ол тек тұрмыстық деңгейде емес, ғылымда, технологияда, медиа мен бизнес саласында толыққанды қолданылатын тілге айналуы тиіс. Бұл – мемлекеттің стратегиялық міндеті.
Ағылшын тілін елемеу – өзімізді шектеумен тең. Өйткені бүгінгі әлемде ақпараттың басым бөлігі, ғылыми жаңалық пен технологиялық шешімдер дәл осы тілде шығады. Яғни, ағылшын тілін меңгеру – бәсекеге қабілетті болудың шарты.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ