Жуырда Түркия қазақтарының белгілі өнерпазы, әнші, сазгер, домбырашы және мәдениет жанашыры Бешір Ахмет Көсе 71 жасында дүниеден өтті. Оның өмірден өтуі Түркиядағы қазақ қауымы үшін ғана емес, шетелдегі қазақ мәдениетінің дамуына үлес қосқан азаматтарды қадірлейтін барша жұрт үшін орны толмас қаза болды.
«Дос-Мұқасаннан» басталған байланыс
Бешір Ахмет Көсе жарты ғасырға жуық уақыт бойы Түркиядағы қазақтың әні мен домбырасын, салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениетін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етті. Ол кәсіби музыкалық білім алмаса да, табиғи талантының, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігінің және табанды еңбегінің арқасында Түркия қазақтарының белгілі өнерпаздарының біріне айналды.
Бешір Ахмет Көсе 1955 жылы Түркияның Маниса облысына қарасты Салихли қаласында дүниеге келді. Оның отбасының тарихы ХХ ғасырдағы қазақ халқының басынан өткерген ең ауыр көші-қон кезеңдерімен тікелей байланысты. Әкесі Ояқия қажы – Шығыс Түркістанның Баркөл өңірінің тумасы. Қудалаудан туған жерін тастауға мәжбүр болған оның отбасы қазақ көшіне ілесіп, Такламакан шөлінен өтіп, Гималайды асып, Үндістанға жетті. Кейін Пәкістанға табан тіреп, ақыр соңында 1950 жылдардың басында Түркияға қоныс аударды. Түркия алыстан келген қазақтарға құшағын жайып, жаңа өмір бастауға мүмкіндік берді. Ыстанбұлға жеткен көштің бір бөлігі кейін Салихлиге қоныстанды. Бешір Көсе осындай тағдырлы көшті бастан өткерген әулеттің Түркияда дүниеге келген ұрпағы еді. Ол қазақ мектебінде оқымады. Консерваторияда білім алмады. Ол жылдары Түркияда қазақ музыкасын немесе домбыраны арнайы үйрететін оқу орны да жоқ еді. Соған қарамастан, Бешір өз бетімен домбыра үйреніп, қазақ әндерін орындаушы ғана емес, кейін өз әндерін шығарған сазгер дәрежесіне жетті.
Бешір Көсенің өнер жолындағы айтулы жыл – 1977 жыл. Сол жылы әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі Измир қаласында өткен халықаралық жәрмеңкеге қатысқан-тын. Ол кезде 22 жастағы Бешір жаңа үйленген еді. Жұбайы Бағиламен бал айын да осы сапармен ұштастырып, Измирге барып, «Дос-Мұқасанның» өнерін тамашалайды. Ансамбль орындаған «Той жыры» жас Бешірге ерекше әсер етеді. Кейін ол «Жұлдызым», «Қамажай», «Базар-Назар», «Жеңеше-ай» секілді әндерді айлар бойы қайта-қайта тыңдап, жаттап алады. Бешір Көсе кейін бұл оқиғаны еске алып, «Той жырын» өзінің үйленген кезіне тап келген «шашу ән» ретінде қабылдағанын айтқаны есімде.
Бұл кездесудің маңызы музыкамен ғана шектелген жоқ. Ол кезде Түркияда дүниеге келген қазақ жастарының ана тілін меңгеру мүмкіндігі шектеулі еді. Қазақстаннан жеткен әндерді тыңдау Бешірдің қазақ тілін тереңірек үйренуіне де ықпал етті.

Келесі мақсаты – домбыра шерту еді. Ол кезде Түркияда ұлттық аспапты табу қиын болатын. Ақыры туысының ескі домбырасын көріп, сұрап алады. Оған домбыраны ешкім арнайы үйреткен жоқ. Таңертең ерте тұрып, үйдегілерді оятып алмау үшін басқа бөлмеге кіріп, 1-2 сағат жаттығатын. Кешке жұмыстан келгеннен кейін домбырасын қайта қолға алатын. Бірнеше жылдың ішінде «Жұлдызым», «Базар-Назар», «Қамажай» секілді әндерді домбырамен орындауды меңгерді. Кейін Әбдуғани Мәкин және Зейнел Өзкалп секілді өнерлі қазақ жастарымен бас қосып, Түркия қазақтарының тойлары мен шілдеханаларында домбыра тартып, ән айта бастады. Ол кезде Ыстанбұлда домбыра тартатын қазақ жастары аз еді. Сондықтан олардың өнеріне, әсіресе аға буын өкілдері ерекше ықылас танытты.
Шілдеханада үлкендерді жылатты
Бешір Көсенің өмір жолы туралы сөз қозғағанда, оның жары Бағила Балапанқызын да ерекше атап өткен жөн. Бағила Бешірдің ұзақ жылдық өмірлік серігі ғана емес, оның өнерге деген құштарлығын түсініп, қолдап отырған жан еді.
Бағила ханым да Түркия қазақтары арасында ақылдылығы, кішіпейілдігі, мейірімділігі мен қонақжайлығымен сый-құрметке бөленген жан еді. Көпшілік оны ағайын-туыс пен дос-жаранға есігі әрдайым ашық, қолынан келген көмегін аямайтын кеңпейіл адам ретінде жақсы таниды. Бешір Көсенің шаңырағы жылдар бойы өнер адамдары мен Қазақстаннан келген қонақтар бас қосатын жылы ортаға айналды.
Бешір Көсенің шығармашылық мұрасында «Алтай тауым» әнінің орны айрықша. Бұл әннің дүниеге келу тарихы Түркия қазақтарының тағдырымен тікелей сабақтасып жатыр. Бешір бала күнінен үлкендердің Алтайды сағынышпен еске алған әңгімелерін тыңдап өсті. Әкесі Ояқия қажы да туған жері Алтай туралы жиі айтатын. Туған жерінен мыңдаған шақырымға алыстауға мәжбүр болған қазақтар Алтай жерін ерекше сағынышпен еске алатын. Бешірдің өзі Алтайда туған жоқ. Десе де, ол әке-шешесінің, олармен қатарлас аға буынның атамекенге сағынышын әнге айналдыруға бел буды. Сөйтіп, ол сөзі мен әуенін өзі жазған «Алтай тауым» әнін жарыққа шығарды.
Бешір «Алтай тауым» әнін алғаш рет Алтайдан келген қариялар отырған бір шілдеханада оларға арнап ән шығарғанын айтып, орындады. Ән аяқталғанда қариялардың көбі көздеріне жас алып, Бешірді құшақтады. Сол кеште әнді 5-6 рет қайталап орындатты. Осылайша, Алтайды көрмей өссе де, қариялардың жүрегінде жарты ғасырға жуық сақталған сағынышты қайта оятты. Сондықтан «Алтай тауым» бір сазгердің туған жер туралы әні ғана емес. Ол – Алтайдан Анадолыға көшкен қазақтардың тарихи жадын кейінгі ұрпаққа жеткізген сазды естелік. Кейін Бешір Көсе «Көктем», «Мен шетелдегі қазақтың баласы», «Жалғыз көңілім», «Жаным, гүлім, маралым» секілді басқа да әндер шығарды.

Бешір Көсе үшін уақыт өте келе домбыра тарту жеке қызығушылықтан ұлттық міндетке айналды. Тіршілік қамымен Сауд Арабиясында жұмыс істеген, кейін саудамен айналысқан жылдары өнерден біраз уақыт қол үзіп қалды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы алғаш рет атамекенге барды. Қазақстанға жасаған сапарлары оның қазақ музыкасына қызығушылығын қайта жандандырды. Түркияға оралған соң домбыра үйретуді қайта қолға алуының тағы бір себебі болды – ол Түркияда домбыра тартатын қазақ жастарының азайып бара жатқанына алаңдады. Сол себептен де ол достарымен бірге «Замандас» тобын құрып, 10 жылдан астам уақыт бойы қазақтардың тойларында, шілдеханаларында және мәдени шараларында өнер көрсетті. 2009 жылдан кейін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бітірген Седат Солахоғлымен бірге балаларға домбыра үйрете бастады. Мұның нәтижесінде 20-ға жуық бала домбыраны шебер тартуды үйренді.
Түркия қазақтарының тойы Бешірсіз өтпейтін
Бешір Көсе қазақ ұйымдарының мәдени жұмысына белсене араласып, Наурыз мерекелерін, концерттер мен Қазақстаннан келген өнерпаздардың қатысуымен түрлі мәдени кештер ұйымдастырды. Түркия қазақтарының тойлары Бешірсіз өтпейтін десек, артық айтқандық емес. Домбырасын қолына алып, ән бастағанда тойға ерекше ұлттық реңк беретін. Әсіресе, беташарды ерекше шеберлікпен орындайтын. Шетелде бірнеше ұрпақ өмір сүрген қазақ қауымында кейбір ұлттық дәстүрлердің көмескіленуі түсінікті жағдай еді. Бешір сол ұмытылып бара жатқан беташар дәстүрін қайта жаңғыртып, Түркия қазақтарының арасында кеңінен таратуға үлкен үлес қосты. Сондықтан оның қызметін әншілік пен сазгерлік шеңберінде ғана бағалау жеткіліксіз. Ол шетелдегі қазақтар арасында ұлттық салт-дәстүрді сақтауға үлес қосқан мәдениет жанашыры болды.
Оның өнер жолындағы ең маңызды белестің бірі – 2014 жылы Астанада өткен «Түркия – Қазақстан достық кеші». Белгілі таэквондо шебері Мұстафа Өзтүріктің туғанына 60 жыл толуына арналған бұл іс-шара Түркия қазақтарының атамекенге арнайы барып, өнерін Қазақстан жұртшылығына таныстырған айтулы мәдени оқиғалардың бірі болды. Сол сапарда Бешір Көсенің «Алтай тауым» әні де Астана сахнасында шырқалды. Түркияда ата-анасының Алтайға сағынышынан туған бұл әннің ондаған жылдан кейін тәуелсіз Қазақстан астанасында орындалуының символдық мәні зор еді. Бешір Көсе кейін сол сәтті еске алып, сахна сыртында «Түркияда тұратын композитор Бешір Ахмет Көсенің әні – «Алтай тауым» деп жарияланғанын естігенде ерекше толқып, көзіне жас алғанын айтқан-тын. Сол кезде «Алтай тауым – сол кісілердің дұғасымен туған ән», – деген еді.

2014 жылғы Астана концерті Бешір Көсенің шығармашылығында жаңа бір туындының дүниеге келуімен ерекшеленді. Концертке арнайы «Атажұртым – Қазақстан» әні дайындалды. Сөзін Түркия қазағы Ибраһим Аксел, әуенін Бешір Ахмет Көсе жазған бұл әнді өзі Астанаға шашу ретінде алып барғанын айтқаны есімде.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін Бешір Көсенің мәдени қызметінің жаңа кезеңі басталды. Ол Ыстанбұлға келген өнер адамдары, ғалымдар мен студенттерге қолдау көрсетіп, қазақстандық әншілермен бірге мәдени шараларға қатысты. Осы арқылы Қазақстан мен Түркия қазақтарының арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосты.
2026 жылғы 24 тамызда Бешір Ахмет Көсенің өмірден өткені туралы қаралы хабар жетті. Оны халық Ыстанбұлдың Зәйтінбұрын ауданында соңғы сапарға шығарып салды. Жаназа намазына көптеген адам қатысты. Қазақстанның Түркиядағы өкілдері, қазақ диаспорасының қайраткерлері және түркі дүниесінің мәдени ұйымдары көңіл айту хаттарын жолданды.
Бешір Ахмет Көсенің өмір жолы – шетелдегі қазақ мәдениетінің қалай сақталып, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа берілгенін көрсететін тағылымды мысал. Ол Қазақстанда туған жоқ. Қазақ мектебінде оқыған жоқ. Консерваторияда домбыра үйренген жоқ.

Бірақ өз күшімен домбыра тартып, қазақша ән айтуды үйренді. Қазақ тілінде әндер шығарды. Ата-анасының Алтайға деген сағынышын әуенге айналдырды. Түркия қазақтарының тойларында ұлттық дәстүрді жаңғыртты. Жастарға домбыра тартуды үйретті. Қазақстаннан келген өнер адамдарын Түркия қазақтарымен табыстырды.
Бешір Көсенің домбырасының үні тоқтағанымен, оның әндері, шәкірттері және Түркия қазақтарының мәдени өмірінде қалдырған ізі ұмытылмайды.
Әбдіуақап ҚАРА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
Ыстанбұл