Фарманарық: Негізі әлсіз өндіріс алысқа бара ала ма?

/
Фарманарық: Негізі әлсіз өндіріс алысқа бара ала ма?

Былтыр еліміздегі фармацевтика нарығының көлемі 1,3 триллион теңгеден асып, бес жылда 1,7 есе ұлғайған. Бірақ нарықтың 84 пайызы – әлі де шетелдік өнімдердің үлесі. Ал отандық препараттар қаптама санымен есептегенде 40 пайызға жуық үлес алса да, ақшалай мәнде небәрі 15-16 пайыз шамасында қалып отыр. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің IQVIA мәліметтеріне сүйеніп ұсынған мәліметі. 

Яғни, елімізде сатылатын әр он қап­таманың төртеуін қазақстандық кә­сіпорындар шығарады. Алайда дә­рі-дәрмекке жұмсалған әр жүз тең­генің шамамен 15-16 теңгесі ғана отан­дық өндірушілерге тиеді. Демек, отан­дық кәсіпорындар көпшілік тұ­ты­натын, салыстырмалы түрде арзан дә­рілерді жеткілікті көлемде шы­ғар­ға­нымен, қымбат, технологиясы күр­делі, жоғары қосылған құн қа­лып­­тастыратын дәрі нарығында им­портқа тәуелдіміз.
Халықаралық талаптарға сай рет­теу жүйеміз, GMP стандартын мең­­гер­ген зауыттарымыз бар, инвес­ти­ция ағыны да қарқын алып келеді. Не­ліктен әлі күнге дейін дәрі-дәрмек им­портына тәуелдіміз? 2029 жылға қа­рай өзіміз шығарған дәрі-дәрмек­тің нарықтағы ақшалай үлесін 50 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр­мыз, оған жете аламыз ба?

Өндіріс бар, өнім...

Ресми статистикаға қарасақ, отан­дық фармацевтика бір орында тұ­ралап қалған жоқ. 2025 жылы елі­міздегі фармацевтикалық өнім өн­дірісі 191,1 миллиард теңгеге жетіп, бір жылда 8,7 пайыз өсті. Салаға 142,8 миллион доллар инвестиция салын­ды, экспорт 84 миллион долларға жетті. 
Жалпы, елімізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шыға­ратын 209 отандық тауар өндіруші тір­келген. Бірақ олардың тек 43-і дәрі өндіреді, қалған 166 кәсіпорын ме­дициналық бұйымдар шығарады екен. Бұл мәліметтер Медициналық және фармацевтикалық бақылау ко­митетінің ресми есебінде жария­лан­ды. Демек, «Қазақстанда 200-ден ас­там фармацевтикалық кәсіпорын бар» деген жалпылама көрсеткіш са­ланың нақты құрылымын толық ашып көрсетпейді. Тіпті бұрмалайды десек те артық емес. Дәрі өндірісінің технологиялық тізбегіне тікелей қа­тысатын компаниялар саны бұдан әлдеқайда аз.
Саладағы өсім биыл да жалғасты. Бірінші жартыжылдықта дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісі 126,6 миллиард теңгеге жетіп, ал­дың­ғы жылдың осы кезеңімен салыстыр­ғанда 30 пайызға жуық көбейді. Қа­зақ­стандық компаниялар өндірген жә­не тіркеген өнімдер саны 2 994-ға жет­кен. Отандық тауарлардың зат­тай үлесі тамызда 40,3 пайыз болды. Үкімет жариялаған соңғы шолуда осы көрсеткіштер келтірілген.
Инвестиция көлемінің өсуі де на­зар аударарлық. 2023 жылы фар­ма­цевтикалық өндіріске 46,9 мил­лион доллар салынса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 91,3 миллион долларға, 2025 жылы 142,8 миллион долларға жетті. Үш жылдың ішінде инвестиция үш еседен астам көбейген.
Алайда дәл осы кезеңде отандық өнімнің ақшалай үлесі айтарлықтай өз­гермеді: 2023 жылы – 14,4 пайыз, 2024 жылы – 15,1 пайыз, 2025 жылы – 15 пайыз. Яғни инвестиция кө­бейіп, өндіріс ұлғайғанымен, ішкі на­рықтағы табысы жоғары сегмент­тер­де айтарлықтай өсім әлі байқал­май­ды. Ақшалай және заттай үлес­тер­дің айырмасын Денсаулық сақтау ми­нистрлігі де мойындап отыр.
Осылайша, мемлекет қолдау көр­сетіп отырған өндіріс саясаты әзірге на­рықтың сапалық құрылымын өз­гер­туге жеткіліксіз.

Өсім қаптама санымен өлшенбейді

Сонымен, отандық кәсіпорындар не­гізінен бағасы қолжетімді, көп­шілік жиі тұтынатын дәрілерді шығарады. Олардың қатарында қарапайым ауыр­сыну­ды басатын, қабынуға қарсы, бакте­рия­ға қарсы және жүрек-қан тамырлары ауруларына арналған препараттар бар. Мұн­дай өнімдер көп мөлшерде сатылады, бір­ақ бағасы қымбат емес. Ал онко­ло­гия­лық, аутоиммундық ауруларға арналған пре­параттар, биологиялық дәрілер, кейбір вак­циналар мен патентпен қорғалған ин­­­новациялық өнімдер негізінен шетел­ден әкелінеді. Олардың сату көлемі қап­тама санымен аз болғанымен, нарықтағы ақша­лай үлесі өте жоғары.
Ескеру керек тағы бір маңызды жайт бар. Қаптама саны науқастың нақты қан­ша күн ем қабылдағанын немесе дәріні қан­дай мөлшерде ішкенін көрсете бер­мей­ді. Қаптаманың көлемі, дәрінің мөл­шері, қабылдау жиілігі мен емдеу курсы әртүрлі. Сондықтан 40 пайыздық заттай үлесті халықтың дәріге деген қажет­ті­лі­гінің 40 пайызы толық өтеліп отыр деп тү­сінген жөн болмайды.
Ақшалай үлес те де солай. Қымбат дә­рі­­­нің бағасында зерттеу шығыны, патент, бренд, логистика және өндірушінің на­рық­тағы үстемдігі ескерілуі мүмкін. Деген­мен ол жергілікті өнеркәсіптің техноло­гия­лық деңгейі мен қосылған құн қалып­тас­тыру қабілетін заттай көрсеткішке қара­ғанда анығырақ көрсетеді.
Денсаулық сақтау министрлігі 2029 жыл­ға қарай отандық дәрілердің ішкі на­рықтағы үлесін ақшалай мәнде 50 пайызға жет­кізуді көздеп отыр. 2025 жылдың қоры­тындысында бұл көрсеткіш 16 пайыз бол­ған. Нарық көлемі өзгермейді деген шарт­ты есептің өзінде жергілікті ком­па­ниялардың ақшалай үлесі төрт жылда үш еседен астам ұлғаюға тиіс. Бұған жыл сайын орта есеппен 30 пайыздан жоғары өсім қажет болады. Ал дәрі-дәрмек нары­ғы­ның өзі де кеңейіп келе жатқанын ес­кер­сек, жағдай одан ары күрделене түседі.
Сондықтан 50 пайыздық межеге қара­пайым таблеткалар мен арзан дәрілердің қаптамасын көбейту арқылы жету мүмкін емес. Отандық кәсіпорындар қазір импорт ба­сым болып тұрған қымбат және техно­ло­гиялық сегменттерге кіруге тиіс болады.

«Қазақстанда жасалған»

Локализация – саладағы ең көп қолданылатын, жиі айтылатын сөздің бірі. Бірақ мағынасы да көп. Бір жағ­дайда дайын дәрі шетелден әкелініп, елімізде тек қапталады. Екінші жағдайда дайын фармацевтикалық өнім осында құйылып, сапасы тексеріледі. Үшінші жағ­дайда өндіріс технологиясы, зертханалық әдістер, мамандар даярлау жүйесі мен кей өндірістік кезеңдерді көшіріп, өзіміз шығарамыз. Осы жағдайлардың атауы бір­дей болғанымен, экономикаға тигізетін әсері мен нәтижесі мүлде бөлек.
Қазір Pfizer, AstraZeneca және Roche секілді халықаралық компаниялармен өн­дірісті көшіру және технология транс­фері жөніндегі жобалар жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, жалпы құны 391,3 миллиард теңге болатын 8 ірі жобаны іске асыру көз­деліп отыр. Олар шамамен 1 200 тұрақ­ты жұмыс орнын ашып, 494-тен астам жаңа өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жос­парда онкологиялық, жүрек-қан та­мыр­лары, аутоиммундық, орфандық және жұқпалы ауруларға, сондай-ақ қант диабе­тіне арналған дәрілер мен вакциналар бар.
Бұл жобалар толық жүзеге асса, отан­дық өндірістің құрылымы өзгеруі мүмкін. Бірақ мұнда зауыттың ашылғаны немесе ме­морандумның жасалғаны емес, өнді­ріс­тің нақты іске қосылғаны маңызды. Қан­ша препарат тіркелді? Оның қай кезеңі Қазақстанда орындалады? Қанша маман даяр­ланды? Қосылған құн қаншалықты елде қалады? Өнімнің қаншасы экспортқа шықты? Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі осындай сұрақтар арқылы бағалануы керек.
Әйтпесе, импорт дайын өнім күйін­де емес, субстанция, технология, жаб­дық және лицензия түрінде жалғаса береді. Қаптамадағы ел атауы өзгергенімен, негізгі қосылған құн сыртта қалуы ық­ти­мал. Локализация қаптамадағы «Қазақ­стан­да жасалған» деген жазумен ғана  өл­шенбеуге тиіс. 

Дәрі өндіретін дәрменіміз болғанымен...

Дегенмен фармацевтика қарапайым өң­деу өнеркәсібі емес екенін естен шы­ғар­мау қажет. Жаңа препаратты жасауға мол қаржы, ғылыми зерттеу, клиникаға дейін­гі және клиника сынағы, зияткерлік мен­шік, сапаны тұрақты бақылау және бі­лікті ма­ман қажет.
2026 жылғы маусымда Сенатта айтыл­ған аудит мәліметі бойынша, кейінгі 10 жылда елімізде небәрі 2 отандық түпнұсқа препарат тіркелген. Оның біреуі қомақты бюджет қаражаты жұмсалғанына қара­мастан, ұлттық дәрілік формулярға енгі­зіл­меген. Иә, еліміздегі зауыттар сапалы өнім шығара алады және GMP талаптарына сай жұмыс істейді. Алайда дайын техно­ло­гия бойынша дәрі шығару мен жаңа өнім жасау – екі түрлі деңгей.
Екінші жағынан, жаңа дәрі әзірлеу бар­лық мемлекетке бірдей шарт емес. Әлемдік алпауыттармен бірден жаңа мо­лекула жарысына түсе алмайтынымыз анық. Бірақ әдістер мен клиникалық зерт­теулерді дамытуға мүмкіндік бар. Бұлар­сыз өндіріс үнемі сырттан келген тех­нологияға тәуелді болған күйі қалады.
Ғылыми зерттеу институттары, ме­дициналық университеттер мен зауыттар көбіне өз алдына бөлек жұмыс істейді. Ғалым ғылыми мақала жариялауға, кәсіп­орын дайын технология сатып алуға, ал мемлекет сатып алу жоспарын орындауға ұмтылады. Олардың мүддесін бір арнаға тоғыстыратын жүйе әлсіз.
Салаға технологияны өндіріске жеткі­зе­тін инженерлер, фармацевтикалық әзір­леме мамандары, биотехнологтар, кли­никалық зерттеу менеджерлері, тіркеу дерекнамасын әзірлейтін мамандар қажет. GMP талаптарына сай зауытты бірнеше жыл­да салуға болады. Ал сол зауыттың жұ­мы­сын толық меңгерген кадрды мұндай қысқа уақытта даярлау мүмкін емес.

Бағаны бақылау: таяқтың екі ұшы

Отандық фармаөндіріске мемлекеттік сатып алу жүйесі зор ықпал етті. 2026 жыл­­­­­дың басында мемлекет 31 отандық өндірушімен 2 022 дәрі мен медициналық бұйым жеткізу жөнінде 83 ұзақмерзімді шарт жасасқан. 2025 жылы Бірыңғай дистрибьютор сатып алған отандық өнім­нің ақшалай үлесі 32 пайызға жетті. Бұл жалпы нарықтағы 15-16 пайыздық үлес­тен екі есе жоғары.
«СК-Фармацияның» нарыққа ықпалын оның сатып алу көлемінен де көруге бо­ла­ды. 2026 жылға екі мыңнан астам дәрі­лік зат пен медициналық бұйым сатып алу жос­парланған, жалпы қажеттілік 567 мил­лиард теңгеден асады. Оның 400-ден астам атауын делдалсыз, тікелей өндіру­ші­лерден алу көзделген. Бұл – алдыңғы жыл­ғы жоспардан 7,2 пайыз жоғары көр­сеткіш.
Демек, мемлекеттік сатып алу жаңа өн­дірісті іске қосатын қуатты құрал бола алады. Бірақ оның екінші жағы да бар. Егер кәсіпорын ұзақмерзімді шартқа ғана сүйеніп, бөлшек нарыққа немесе экспорт­қа шығуға ұмтылмаса, мемлекетке тәуелді өндірістік модель қалыптасады. Ондай ком­пания сапа мен тиімділікті емес, ке­зек­ті келісімшартты сақтап қалуды басты мақсатқа айналдыруы мүмкін.
Тағы бір күрделі мәселенің бірі – баға. Мемлекеттің міндеті халықты қолжетімді дәрімен қамтамасыз ету болса, өндірушіге өндірісті жаңартып, жалақы төлеп, сапа жүйесін ұстап тұратын табыс керек. Бұл екі мүдденің бірін екіншісіне жығып беруге тағы болмайды.
2026 жылы шамамен 2 500 рецептісіз дәрінің бағасын реттеуден шығару бас­тал­ды. Құны бір айлық есептік көрсет­кіш­тен аспайтын тағы 1 800 рецептілік препарат бойынша да өзгеріс қарастырылды. Меди­циналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің талдауына сәйкес, бірінші тоқсанда 631 дәрінің бағасы орта есеппен 24,6 пайыз төмендеген. Сонымен қатар ұзақ­мерзімді шарттардағы бес мыңнан астам тауардың бағасы қайта есептеліп, 2025 жылғы сатып алуда шамамен 75 мил­лиард теңге үнемделген. Бұл мәліметтер Үкімет отырысында айтылды.
Алайда бұл дәріханадағы бүкіл өнім ар­зандады деген сөз емес. Оның үстіне, ба­ғаның әкімшілік жолмен төмендеуі әр­дайым ұзақмерзімді нәтиже бермейді. Шек­тен тыс төмен баға кейбір дәріні на­рық­тан кетіруі, жеткізушінің препаратты тіркеуге қызығушылығын азайтуы немесе тапшылық туғызуы ықтимал.
Екінші жағынан, бағаны толығымен еркін жіберу де халықтың қалтасына сал­мақ түсіреді. Сондықтан бәсекесі әлсіз сег­­­менттерде мемлекеттің бақылауы қа­жет.

Экспорт көлемі – 84 миллион доллар

2025 жылы Қазақстанның фармацев­тикалық экспорты 84 миллион долларға жетті. Бұл – отандық кәсіпорындардың сырт­қы нарық талаптарына сай өнім шы­ғара алатынын көрсетеді. Сала өкілдерінің айтуынша, қазақстандық өнімдер оннан астам мемлекетке жеткізіледі, ал DOSFARM, Kelun-Kazpharm және Nobel AFF се­кілді кейбір кәсіпорындардың жеке­леген тауарлары бойынша экспорт үлесі 20-30 пайызға дейін жетеді.
Дегенмен бірреттік жеткізілім мен орнықты экспорт екеуі екі бөлек екенін мойындау қажет. Кәсіпорынның картаға жаңа мемлекет қосқаны жақсы жаңалық болғанымен, экспорттық нарық қалып­тасты деу үшін қайталама тапсырыстар, тұ­рақты дистрибьютор және бірнеше жыл­дық сату тарихы керек.
«ФармМедИндустрия Қазақстан» қауым­дастығының президенті Руслан Сұл­танов фармацевтикалық экспортты «се­нім экспорты» деп сипаттайды. Бұл тұ­жырымның жаны бар. Дәріні шекарадан өт­кізу үшін тек сатып алушы табу же­т­кі­лік­сіз. Шетелдік реттеуші орган өндіріс ор­нына, GMP талаптарының орындалуына, әр серияның сапасына, тіркеу дерекна­ма­сына, биоэквиваленттілік зерттеуіне және фар­макологиялық қадағалау жүйесіне сену­ге тиіс. Сұлтанов саланың экспорт ал­дындағы кедергілерін PharmNews.kz-ке бер­ген сұхбатында егжей-тегжейлі атаған.
Қазақстандық өндіруші көрші елге дәрісін апарып, бірден сата алмайды. Әр пре­паратты тіркеу, дерекнама әзірлеу, кей­де қосымша сынақ жүргізу, инспекциядан өту, жергілікті серіктес пен дистрибьютор табу қажет. Мұның бәрі уақыт пен қара­жат­ты талап етеді.
2026 жылдан бастап Еуразиялық эко­но­микалық одақта жаңа дәрілер тек одақ­тың ортақ қағидалары бойынша тіркеледі. Бұл талаптар ЕАЭО нарығына бірізді жол ашуы мүмкін. Бірақ дерекнамасы мен сапа жүйесі әлсіз кәсіпорындар үшін шығынды көбейтеді. Ұлттық тәртіппен тіркеуге мүм­кіндік берген өтпелі кезең 2025 жылғы 31 жел­тоқсанда аяқталды.
Демек, ортақ нарық өздігінен экспорт әкел­мейді. Ол кәсіпорынға тек мүмкіндік береді, ары қарай барлығын бәсеке ше­шеді.
2026 жылғы 9 сәуірде Қазақстан Дү­ние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы ба­ғалауы бойынша дәрі-дәрмек пен им­порт­талатын вакциналарды реттеу жүйесінің үшін­ші кемелдік деңгейіне жеткен Орта­лық Азиядағы алғашқы мемлекет атанды. Бұл мәртебе Қазақстанның дәріні тіркеу, са­пасын бақылау, қауіпсіздігін қадағалау жә­не сапасыз немесе жалған өнімді анық­тау жүйесінің тұрақты жұмыс істей­тінін біл­діреді. ДДСҰ бағалауынша, үшінші дең­гейдегі реттеуші орган өз міндеттерін ха­лықаралық талаптарға сай өзі орындай алады. Бұл – зор жетістік. Ендігі міндет – бе­делді экономикалық құралға айналдыра алу. 

Экспорт кеңсесі не үшін қажет?

Сала өкілдері фармацевтикалық экспорт кеңсесін құруды ұсынып отыр. Қазір шетел нарығына шыққысы келген әр компания заңнаманы жеке зерт­тейді, кеңесші іздейді, тіркеу шығынын өзі кө­тереді, инспекция ұйымдастырады жә­не дистрибьютормен келіседі. Бірнеше қа­зақстандық кәсіпорын бір нарыққа шық­қанда осы жұмыстың көп бөлігін қайта-қайта атқарады.
Арнайы кеңсе ортақ сараптаманы жи­нақтап, нақты нарықтар туралы қол­дан­балы мәлімет беруі мүмкін. Қай мем­лекетте қандай препаратқа сұраныс бар? Нарықтың көлемі мен сатып алу бағасы қандай? Тіркеу қанша тұрады? Қай дистрибьютор сенімді? Мемлекеттік са­тып алуға қалай қатысуға болады? Осын­дай сұрақтарға жауап беретін құрылым өндірушінің шығынын азайтар еді.
Бірақ кеңсенің жұмысы өткізілген кон­ференция немесе жасалған меморан­дум санымен бағаланбауы керек. Тіркеу, биоэквиваленттілік зерттеуі және шет­елдік инспекция шығындарын мемлекет пен кәсіпорынның бірлесіп қаржылан­дыруы да қарастырылуы мүмкін. Алайда қолдау нақты нәтижеге байланыстырыл­ғаны жөн. Компания өз қаражатын сала­ды, мемлекет тәуекелдің бір бөлігін бөлі­седі, ал келесі қолдау экспорт басталған жағдайда ғана беріледі.
Мұндай тәсіл бюджет ақшасын сырт­қы нарыққа шығуға шын дайын кәсіп­орындарға бағыттауға мүмкіндік береді.
P.S. Елімізде халықаралық талаптарға сай кәсіпорындар, қалыптасқан мамандар, мемлекеттік сатып алу жүйесі және сыртқы нарыққа өнім шығара бастаған компаниялар бар. Инвестиция көбейіп, халықаралық өндірушілер технологияны елге әкелуге қызығушылық танытып отыр. Ұлттық реттеу жүйесіне ДДСҰ жоғары баға берді. Қысқасы, дәрі өндіре алатынымызды дәлелдедік. Енді технологияға, ғылымға және экспортқа негізделген толыққанды фармацевтикалық өнеркәсіпке айналу – басты міндет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары