Елордада өткен Қазақстан Премьер-лигасының 27-туры аясындағы матчта "Астана" өз алаңында алматылық "Қайратты" жеңді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесу "Астана Арена" стадионында өтіп, алаң иелерінің 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Матчтағы жалғыз голды бірінші таймның 14-минутында Қазақстан құрамасы мен "Астананың" шабуылшысы Рамазан Кәрімов соқты. Оған хорватиялық қорғаушы Карло Бартолец нәтижелі пас берді.
Бірінші таймның соңына қарай алматылық команда алаңда он ойыншымен қалды. "Қайрат" қорғаушысы Әділет Сәдібеков тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Чемпионаттың аяқталуына үш тур қалғанда "Қайрат" 57 ұпаймен турнир кестесінде екінші орында тұр.
Ал "Астана" 48 ұпай жинап, Қазақстан Премьер-лигасының турнир кестесінде үшінші сатыда орналасқан.