Көшпенділер ойындары этномузыканың мерейтойына айналды

Көшпенділер ойындары этномузыканың мерейтойына айналды

Көкпардың дүбірі, көмейден төгілген көне жыр, жетігеннің қоңыр үні... Қырғыз жерінде өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары сан ғасырлық көшпелі өркениеттің рухын қайта тірілткендей әсер қалдырды. Дүниенің әр қиырынан келген спортшылар мен дәстүрлі өнер өкілдерінің басын қосқан халықаралық додада қазақ өнерпаздары да ұлттық мұрамызды асқақтатып, жүлдемен оралды.

2026 жылғы 31 тамыз – 6 қыркүйек ара­лығында Қырғызстанда VI Дүние­жү­зілік көшпенділер ойындары өтті. Әлем­нің ондаған елінен келген қа­тысу­шылар бас қосқан айтулы шара ұлт­тық спорт түрлерін дәріптеумен қатар, көш­пелі халықтардың ғасырлар қой­науынан жеткен рухани-мәдени мұра­сын тоғыстырған үлкен өнер май­да­нына айналды.
Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарының тарихы да осы қырғыз жері­нен бастау алады. Алғаш рет 2014 жылы ұйымдастырылған халықаралық дода уақыт өте келе әлем назарын аударған ірі этномәдени жобаға ұласты. 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дарын Қазақстан қабылдаса, биыл ұлы дүбір араға жылдар салып өзінің тари­хи бастауына қайта оралды.
Ойындар алаңында көк бөрү мен көк­пардың көрігі қызып, сәйгүліктер бәй­геге түсті. Мергендер дәстүрлі садақ ату­дан сынға түссе, балуандар ұлттық кү­рес түрлерінен күш сынасты. Тоғыз­құ­малақ секілді бабадан қалған зият­керлік ойындар да халықаралық дода­ның мазмұнын байыта түсті.
Алайда Көшпенділер ойындарының айрықша сипаты оның тек білек пен еп­тіліктің бәсекесі емес, рух пен өнер­дің де дүбірлі додасы болғандығы.

КӨКТЕН САУЛАҒАН КӨНЕ САРЫН

Қырғыз жерінде өткен мәдени ша­ра­ларда көшпелі халықтардың әні мен күйі, эпикалық мұрасы, жыршылық дәс­түрі мен ұлттық аспаптары қатар жаң­ғырды. «Рух Ордо» мәдени орта­лы­ғында ұйымдастырылған «Көчмөндөр санаты» халықаралық дәстүрлі музыка фестивалі түрлі халықтардың музы­ка­лық мұрасын бір сахнада тоғыстырды. Қыр­чын этноауылында да этноән, ай­тыс, эпикалық жыр мен дәстүрлі өнерге арналған мәдени бағдарламалар өтті.
Бір сахнада домбыра мен қобыз­дың қоңыр үні естілсе, енді бір тұста қырғыз комузынан көне сарын төгілді. Ма­нас­шылардың мақамы мен жыршылардың көмейінен шыққан эпикалық әуен сан ғасыр бұрынғы көшпелі дүниенің ты­нысын бүгінгі күнге жеткізгендей бол­ды.
Әр халықтың дәстүрлі аспабы да сол елдің тарихи жадынан сыр шертті. Әзербайжанның ысқышпен ойналатын көне ішекті кеманчасы, жапонның көп ішекті шертіп ойналатын котосы, өз­бектің қос ішекті дутары, Румы­ния­ның дәс­түрлі үрмелі флуйері, ал Үндістан­ның классикалық музыка мәдениетін танытатын ситары – түрлі өркениет­тер­дің музыкалық тіліндегі өзіндік ерек­шелікті аңғартты. Үні мен жасалу тәсілі әртүрлі болғанымен, бұл аспап­тардың барлығы халықтың тарихи жадын, дүниетанымын және көркемдік талғамын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін рухани мұра қызметін атқарады.
Осы тұрғыдан алғанда, Көшпен­ді­лер ойындарындағы дәстүрлі музыка әр халықтың өзіндік мәдени кодын өзара тоғыстыратын үлкен рухани кеңістік болды. Домбыраның шана­ғы­нан төгілген күй мен котоның нәзік үні, дутардың сырлы сазы мен кеманчаның мұң­лы әуезі әртүрлі музыкалық дәс­түр­лердің арасында өзіндік үндестік бар еке­нін сездірді. Құдды, көктен көне са­рын саулағандай әсерге бөледі.
Дәстүрлі музыка халықпен бірге жа­сасып, заманмен бірге жаңғырып ке­ле жатқан тірі өнер екенін тағы бір мәр­те дәлелдеді.

КӨМЕЙДЕН ТӨГІЛГЕН «АЛПАМЫС» ПЕН «КӨРҰҒЛЫ»

Дәстүрлі өнер сайысына аспаптық му­зыка, жыр және дастан айту бағыт­тары бойынша 27 мемлекеттен өнер­паз­дар қатысты. Түрлі халықтың дәс­түрлі орындаушылық мектептері то­ғысқан бәсекеде әр жыршыға өз өнерін таныту үшін небәрі 15 минут уақыт берілді.
Осындай жауапты сәтте қазақтың жыр­шылық өнерін Есімхан Жасұлан мен Күнсұлу Түрікпен таныстырды.
Қосшы қаласы Мәдениет үйінің қыз­меткері Есімхан Жасұлан Майкөт Сан­дыбайұлының нұсқасы бойынша «Алпамыс» жырын толғаса, Роза Бағ­ла­нова атындағы «Қазақконцерт» мем­ле­кеттік академиялық концерттік ұйы­мының солисі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Күнсұлу Түрікпен «Көрұғлы» дастанын жырла­ды. Қос өнерпаз да көнеден жеткен жыр­шылық дәстүрдің жолын сақтап, әуелі жыр бастауын айтып, содан кейін ғана дастан желісіне көшті.
Жыр бастау – қазақ жыршылық мек­тебінің ғасырлар бойы қалыптасқан орындаушылық дәстүрінің бір белгісі. Сондықтан халықаралық сахнада қазақ эпосының ежелгі мазмұны, оны жет­кізудің көне үлгісі тыңдарманға жетті.
Өнер додасының қорытындысында Есімхан Жасұлан II орынды иеленді. Ал Күнсұлу Түрікпен қазылар алқасының арнайы сыйлығымен марапатталды.
Бұл марапаттың салмағы жүлдемен ғана өлшенбесе керек. «Алпамыс» пен «Көрұғлыдай» ғасырлардан жеткен эпи­калық мұраның бүгінгі жыршы­лар­дың көмейінде қайта тіріліп, әлемнің әр қиырынан келген дәстүрлі өнер өкіл­дері алдында шырқалуының өзі – дәс­түр сабақтастығының айқын көрі­нісі.
Қазақ өнерпаздарының халық­аралық додадағы жетістігі аспаппен ән айту бағытында да жалғасты. Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­сер­ва­ториясының Халық әні кафедрасының PhD (философия докторы), мәдениет саласының үздігі Бағлан Бәбіжан осы бағыт бойынша III орын иеленді. Бұл нәтиже қазақтың дәстүрлі ән өнерінің орындаушылық мектебі халықаралық деңгейдегі өнер додасында да өз биігін сақтап отырғанын көрсетті.

ЖЕТІГЕННЕН ЖЕТКЕН ҮН

Қазақ өнерпаздарының жетістігі жыр-дастанмен шектелген жоқ. Аспап­тық музыка бағытында да ұлттық өне­рі­міздің мерейі үстем болды. Бұл ба­ғыттағы халықаралық өнер додасына мем­лекет және қоғам қайраткері Дүй­сен Қасейінов бас төрешілік етті. Әлем­нің әр қиырынан келген дәстүрлі му­зыка өкілдерінің өнеріне қазақ мә­дениетінің көрнекті қайраткерінің бас төреші ретінде баға беруі де ұлттық өне­ріміздің халықаралық мәдени кеңіс­тіктегі беделін аңғартса керек.
Бәсеке қорытындысында Үндіс­тан­нан келген ансамбль I орын­ды иеленсе, Құрманғазы атындағы Қа­зақ ұлттық консерваториясының доценті Нұргүл Жақыпбектің жетекші­лі­гімен құрылған жетігеншілер ан­самблі II орынға ие бол­ды. III орын қыр­ғыз халқының ан­самбліне бұйыр­ды.
Бұл жүлденің мәні жетігеннің жаң­ғыру тарихына үңілгенде тіпті тереңдей түседі. Жетігеннің қазақтың көне аспа­бының бірі екенін ғылыми тұрғы­дан дәлелдеп, ұлттық музыкалық мұраны зерттеу мен танытуға өлшеусіз үлес қос­қан этнограф-ғалым Болат Сары­баев­тың еңбегі кейінгі жаңғыру үде­рісінің ғылыми-танымдық негіздерінің бірі­не айналды.
Ал қазақтың көне аспабының кә­сіби орындаушылықтағы өрісін кеңей­ту ісі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­­тық консерваториясында Дүй­сен Қа­сейінов ректорлық еткен кезеңде жаңа серпін алды. Сол тұста жетіген өнерін дамыту мақсатында Хака­сия­дан дәс­түрлі музыка маманы Ев­гений Ұлық­башев арнайы ша­қыры­лып, аспап­ты кәсіби тұрғыдан меңгеру мен жетіл­діру бағытын­дағы жұ­мыстар қолға алынды.
Уақыттың осындай ғажап сабақ­тас­тығына назар аудармау мүмкін емес. Бір кезеңде Болат Сарыбаев жетігеннің қазаққа тән көне аспап екенін ғылыми тұрғыдан танытып, ұлттық мұраның қатарынан орын алатынын дәлелдесе, кейін Дүйсен Қасейінов тұсында оның кәсіби орындаушылық бағытының дамуына жаңа мүмкіндік ашылды. Ал сол еңбектің жалғасы ретінде бүгінгі жас жетігеншілер халықаралық сах­нада қазақтың көне аспабын әлемге та­ны­тып, жүлдеге ие болып отыр.
Күні кеше ғана қайта жаңғырту ісі қолға алынған көне аспап­тың бүгін әлем халықтарының дәстүрлі му­зыкалық мұрасымен иық тірестіріп, ха­лықаралық додада жүлде алуы – ұлт­тық мұраны зерттеу мен танытудан бас­талып, оны кәсіби тұрғыда да­мы­туға, одан әрі ұрпаққа жеткізуге ұлас­қан табанды еңбектің, ұстаз бен шәкірт сабақтастығының, дәстүрге деген жа­на­шырлықтың жемісі.
Бір кездері көмескі тарта бастаған жетіген үні енді әлемдік сахнада естіліп, қазақтың көне музыкалық мұрасының өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлел-
деді.
Көшпенді өркениетті тек ат үс­тін­дегі өмірмен немесе ұлттық ойын­дар­мен шектеледі деп есептеу – тарихқа қиянат. Оның тереңінде халықтың дү­ниетанымы, жадында сақталған жыры, күмбірлеген күйі, шежіресі мен салт-дәстүрі жатыр. VI Дүниежүзілік көш­пенділер ойындары осы тұтас мә­дени әлемді тағы бір мәрте жұртшылық назарына ұсынды
Бір халық комузын күмбірлетті, бірі көне аспабын сөйлетті, енді бірі бабадан қалған жырын толғады. Тілі басқа болғанымен, олардың өнері­нен ортақ бір сарын сезілді. Ол – өтке­нін ұмытпаған, дәстүрін келер ұрпаққа жеткізуге ұмтылған халықтардың үні.
Қырғыз жеріндегі ұлы дүбір басыл­ды. Сәйгүліктердің дүбірі де алыстап, сахнадағы сайыс та мәресіне жетті. Бірақ сол күндері қайта жаңғырған дом­быраның қоңыр үні, жетігеннің сазы, жыршылардың көмейінен төгіл­ген көне сарын халық жадында қала бермек.

Т.ӨСКЕНБАЙ
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары