Құрығы ұзын кредит

Құрығы ұзын кредит

Табысын ұқсата алмау жеке трагедия емес, ұлттық экономиканы тұралатып отырған жүйелі қателік. Бүгін алынған импульсивті несие ертең отбасылардың ойранын шығарып, банк жүйесінің қауіпсіздігіне тікелей соққы болады. Бұл дағдарыстан халықты құр сөзбен суырып алу мүмкін емес. Жалаң сөзге негізделген концепция күйреді. Ендігі басымдық – азаматты қаржылық тұзақтан заңнамалық әрі цифрлық деңгейде қорғайтын «ақылды орта» қалыптастыру.

Әлемдік тәжірибеде халықтың қаржылық мә­дениеті Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының арнайы әдістемесімен – қаржылық білім, мінез-құлық және көз­қарас сияқты үш негізгі компонент бойын­ша бағаланады. Кейінгі жылдары Қазақ­стандағы жиынтық индекс өсіп, орташа ал­ғанда 50-58 пайыз аралығын көрсеткенімен, бұл оң динамика халықтың сауаттылығы бар­лық бағытта біркелкі артты дегенді біл­дір­мейді. Индексті өрге сүйреп отырған не­гізгі фактор –  қолма-қол ақшасыз төлем­дер­дің жедел өсімі мен инфляция, пайыздық мөл­шерлеме сияқты базалық ұғымдарды тү­сіну деңгейі. Ал ең төменгі көрсеткіш ұзақ­мерзімді жоспарлауға тиесілі. Өкінішке қа­рай, бұқараның басым бөлігі ағымдағы қыс­қамерзімді тұтыну шеңберінде қалып, алдағы күнге ауқымды капитал қалыптастырудан кен­де түсіп жатыр.
Бүгінде Қазақстан қолма-қол ақшасыз есеп айырысу операциялары, QR-төлемдер мен мобильді банкинг бойынша өңірлік көш­басшыға айналды. Банктердегі депозиттік ба­заның өсуі де жинақтау дағдысының ал­ғашқы элементтері қалыптаса бастағанын аңғартады. Десе де, цифрлық сервистерді белсенді қолдану әлі сауатты мінез-құлыққа толық ұласа алмай отыр. 
Қаржылық сауаттылық тесті бойынша жоғары балл жинаған отандастарымыздың өзі күнделікті өмірде несиелер алуға және ке­­пілсіз қарыздарға батуға бейім. Бұл «білім­нің» «мінез-құлықты» автоматты түрде өз­герт­пейтінін дәлелдейді. Бұған қоса, бағалы қағаздар нарығы мен брокерлік шоттар саны артқанымен, халық акция, облигация және пайлық инвестициялық қорлар сияқты құрал­дардың механизмін ажырата алмайды. Ал қаржылық алаяқтық пен пирамидалардың жиі­леуі – азаматтардың жоғары кіріс пен тәуе­кел арасындағы пропорцияны дұрыс баға­лай алмайтынының көрінісі.

Жастар несиеге тәуелді

ЭЫДҰ-ның зерттеу деректері елімізде қар­жылық сауаттылық деңгейінің демог­ра­фиялық және өңірлік тұрғыдан ала-құла екенін көрсетеді. 25-45 жас ара­лы­ғын­дағы орта буын қаржылық технология өнім­дерін тиімді меңгеріп, ең жоғары көр­сеткішті ұстап тұрса, 18-24 жастағы жас­тар цифрлық жағынан белсенді бол­ға­нымен, ұзақмерзімді жоспарлауға шор­қақ, импульсивті саудаға және несиеге өте тәуелді. Ал 58-ден асқан аға буын цифрлық сер­вистерді пайдалануда киберқауіпсіздік тұрғысынан осалдық танытады. Бұл жерде әлеуметтік жағдай да шешуші рөл атқарып отыр. Табысы төмен топтарда «ақшадан ақша жасау» емес, «айдан айға ақша жет­кізу» стратегиясы басым болып, оларды жо­ғары пайыздық микрокредиттерге тәуел­ді етеді. Сол сияқты, инфрақұрылым шо­ғырланған ірі мегаполистер мен шал­ғай ауылдар арасындағы алшақтық елдегі әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті тереңдете түсетін басты фактордың біріне айналып отыр.
Біздегі қаржылық сауаттылыққа қа­тысты басты парадокс – теориялық бі­лім мен нақты мінез-құлық арасындағы жүйе­лі алшақтық. Жара­ты­лыс­тану мен психологияда бұл құбылыс бі­лім мен әрекет арасындағы алшақтық деп аталады. Азаматтардың басым бөлігі не­сие алудың қауіптілігін, бюджетті жос­парлаудың маңыздылығын немесе алаяқ­тарға сенбеу керегін теориялық тұрғыдан өте ­жақсы біледі. Алайда күнделікті шешім қа­былдау кезінде осы білім іс жүзінде жұ­мыс істемей қалады. Бұл құбылыстың ас­тарында тек экономикалық факторлар ға­­на емес, мінез-құлық экономикасы мен ког­нитивті психологияның терең тетік­тері жатыр.
Білгенін іс жүзінде қолданбаудың те­рең себептеріне үңілсек, алдымен ги­пер­болалық арзандату феномені алдымыздан шығады. Адам психикасы жаңа смартфон, той-томалақ, саяхат сынды бүгінгі кіші­гі­рім рахатты болашақтағы қаржылық тұ­рақ­тылықтан әлдеқайда жоғары баға­лай­ды. Оның үстіне, отандық қаржылық тех­нологиялардың асыра жеңілдігі тауар­ды 24 айға бөліп төлеуге алу мүмкіндігі са­на­лы шешім қабылдауға «мүмкіндік» бермейді. Бұған мәдени-әлеуметтік тұтыну мен «жұрттан қалмау» психологиясы қо­сылып, азаматтар әлеуметтік статус үшін са­налы түрде экономикалық тиімсіз қа­дам­ға барады. Ал нақты табыс инфляцияға төтеп бере алмаған соң адамда «бәрібір ақ­ша жинай алмаймын» деген бейсаналы үмітсіздік пайда болады. 

Цифрлық құлдық

Қаржылық сауаттылық тек «ақшаны үнемдеу» ережелерімен шектелмейтіні бел­­гілі. Технологиялар мен цифрлан­дыру­дың қарқынды дамуы қаржылық қыз­мет­тер­ге қолжетімділікті арттырғанымен, ха­­­­лықтың жеке капиталына төнетін тәуе­­­­кел­дердің жаңа түрін қалыптастырды. Қазіргі қауіптердің ішінде екі басты бағыт ерекше өзекті болып отыр. Бірі – борыш­тық жүк­теменің шектен тыс өсуі, екіншісі –  цифр­лық алаяқтық пен жалған инвестициялар. 
Ресми статистикаға, Ұлттық банк пен Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің есептері мен сарапшылардың пікірлеріне сүйеніп, ең басты қауіптерді саралауға болады. Солардың ішінде ең ау­қымды әрі психологиялық тұрғыдан ең жа­сырын қауіп – тұтынушылық несиелер мен маркетплейстердегі бөліп төлеу тетігі. Бір қызығы, мұндай несиелер азамат­тар­дың санасында «қарыз» ретінде қабыл­дан­байды, салдарынан микро-қарыздар жи­нақ­талып, жалпы борыштық жүктеме есе­леп артады. Бұл мәселенің өзектілігі өте жоғары, себебі ол жекелеген топтардың емес, миллиондаған азаматтың күнделікті тұрмыстық әдетіне айналған. Сарапшылар мұны «пайызсыз қарыз иллюзиясы» деп атайды. Адам бірнеше кішігірім бөліп тө­леу­ді қатар алып, соңында айлық табы­сының жартысынан астамын несиеге тө­леуге мәжбүр болады.
Екінші қауіпті бағыт – интернет-алаяқ­тық және киберқауіпсіздік мәселесі. Же­ке мәліметтердің рұқсатсыз сыртқы ор­та­ға шығып кетуі, фишинг, телефон ар­­қы­лы өзін банк немесе полиция қыз­мет­кері етіп таныстыру және заңсыз он­лайн-несие рәсімдету оқиғаларының өсу қар­қыны қауіпті болып тұр. Алаяқтық оқи­ғалардың басым бөлігі банк жүйесін бұзу арқылы емес, азаматтардың өз аузы­мен құпия сөздерді, SMS-кодтарды айтып қоюы немесе онлайн-несиені өзі рәсімдеп беруі арқылы жүзеге асады. Алаяқтар аза­маттардың цифрлық сауатсыздығымен қо­са қорқынышын, психологиялық осал­дығын шебер пайдаланады. Тіпті жоғары бі­лімді азаматтардың өзі алаяқтардың ар­бауына түсіп, өз атына миллиондаған онлайн-несие жаздырып жатады. Бұған қоса, электронды әмиян, QR-төлемдер мен аударымдар кезінде ЖСН, SMS-кодтар, карта реквизиттерін бөгде адамдарға беріп қою азаматтарымызда деректер қауіпсіздігін сақтау дағдысының жоқты­ғын көрсетеді. 
Ал келтіретін қаржылық шығыны жа­ғынан ең ауыры – жалған инвестициялар мен қаржылық пирамидалар. Әлеуметтік желілер, блогерлер мен Telegram арналар ар­қылы «кепілдендірілген жоғары кіріс», «криптовалюталық боттар» немесе «пас­сивті табысты» ұсыну әрекеттері отба­сы­ның барлық жиған-тергенінен, тіпті бас­панасынан айырылуына әкеліп соқ­ты­рады. 
Сарапшылардың пікірінше, бұл қауіп­тер­дің өсуіне бір-бірімен ты­ғыз бай­ла­нысты екі фактор себеп. Бірін­шісі – тех­нология мен заңнаманың ара­сындағы уақытша алшақтық. Несие алу жеңілдеген сайын, адамның қарызға батуы мен алаяқ­тарға алдану қаупі тез­дейді, ал мемлекеттің заңы мен корғаныс жүйесі ол техноло­гия­ның соңынан жүгі­ріп әрең жетеді. Екінші себеп – цифрлық ақшаның «құнын» жо­ғал­туы. Қағаз ақшаны қо­лың­мен ұстап, әмияннан суырып бергенде адам оның салмағын, азай­ғанын физио­ло­гиялық түрде сезі­нетін. Ал қазіргі ақша экрандағы цифрлар ғана, ол бейнебір видео ойындағы фиш­ка­лар немесе ойын ұпай­лары сияқты қа­был­данады. Адам қол­ға ұсталмаған қара­жат­тың шын мәнінде қан­шалықты маң­дай термен келгенін сезін­бейтіндіктен, ой­ланбай несие алады, ақшаны бейберекет шашады. 
Осы қауіптерді ескере отырып, бүгінде сауат­тылықтың негізгі басымдықтары бел­гіленіп отыр. Ең алдымен, кредиттік «ги­гиена» және табысқа шаққандағы қа­рыз коэффициентіне бақылау енгізілуі ке­рек, яғни азаматтар өз табысының қан­ша пайызы қарызға кететінін есептей алу­ға тиіс. Барлық несие мен бөліп тө­леудің жиынтық төлемі айлық табыстың 30-40 пайызынан аспағаны абзал. Соны­мен қатар жеке деректерді (ЖСН, ЭЦҚ, SMS-код, CVC-код) қорғайтын цифрлық және гибридті кибергигиенаға дағды­ла­нып, банк немесе құқық қорғау органдары өкілдерінің ешқашан телефонмен құпия кодтарды сұрамайтыны терең түсіндірілуі шарт. Сондай-ақ «жоғары кіріс = жоғары тәуекел» формуласын берік ұстанып, нарықтағы орташа мөлшерлеме, мәселен депозиттер бойынша, екі-үш есе жоғары кіріс уәде еткен кез келген ұсынысты қаржылық пирамида немесе алаяқтық деп танудың базалық инвестициялық фильтрі қалыптасуы қажет.

Сауатсыздық несімен қауіпті?

Қаржылық сауаттылық – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен мемлекеттің ұлттық экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іргелі фактордың бірі дедік. Өйткені қаржылық мәдениет – тек ақша үнемдеудің жолы емес, елдің әлеу­мет­тік тұрақтылығы мен ұлттық эконо­ми­калық қауіпсіздігінің тірегі. 
Бұл феноменнің әлеуметтік функ­ция­ларына үңілсек, ең алдымен отбасы инс­титутының тұрақтылығы алдымыздан шы­ғады. Сот статистикасы мен әлеумет­тану зерттеулері Қазақстандағы ажыра­су­лар­дың басты себебінің бірі тұрмыстық тап­шылық пен шектен тыс борыштық жүк­теме екенін айғақтайды. Бейберекет алын­ған несиелер мен айдан айға ақша жет­­кізе алмау психоэмоциялық стресс ту­дырып, тұрмыстық жанжалдарға жол аша­ды. Керісінше, сауатты қаржылық мі­нез-құ­лық қалыптасқан ортада капиталды сақ­тау және ұлғайту моделі ұрпақтан-ұр­паққа беріліп, балалардың сапалы білім алуына мүм­кіндік туғызады. Ал қаржылық сауатсыз­дық керісінше, ата-ананың не­сиесін жабу­мен уақытын өткізетін, өзін да­мытуға мүм­кіндік таппайтын ұрпақты қа­лып­тас­тырып, кедейлік тұзағын терең­дете түседі.
Мемлекеттің тірегі саналатын орта 
тап –  жоғары жалақы алатындар емес, қар­­­­­жылық қауіпсіздік «жастығы» бар тәуел­­сіз азаматтар. Олар тығырыққа ті­рел­­генде мем­лекетке телмірмей, өз капи­та­лына сүйе­неді. Керісінше, қаржылық сауатсыз­дық­тың салдары макродеңгейде банк жүйесінің іргесін шайқалтады. Ке­піл­сіз тұтынушылық несиелердің бақы­лау­сыз өсуі қайтарыл­майтын қарыздар­дың үлесін көбейтіп, отандық қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей соққы бо­лып тиіп отыр. 
Бұған қоса, бұл фактор қоғамда әлеу­­­­­меттік реніштің жиналып, ре­фор­­маларға деген наразылықтың артуына қоз­ғаушы күш болып отыр. Қаржылық пи­­ра­мидаларға алданған, есепшоттары бұ­ғат­талған немесе жалғыз баспанасынан айы­рылу сәтінде тұрған азаматтар күй­зе­лістің негізгі ошағын қалыптастырады. Осы­дан келіп, бұл топтар мемлекеттен не­сиелерді кешіруді талап етіп, әлеуметтік-саяси тұрақсыздық тудырады. Яғни ха­лықтың қаржылық сауаттылық деңгейі тө­мен болған сайын, олардың эконо­ми­калық дағдарыстар кезінде мемлекеттік бюд­жетке немесе несиелік амнистияларға тәуел­ділігі соғұрлым жоғары болады.
Сонымен бірге көлеңкелі эконо­ми­ка­ның өсу қаупі де жоғары: банк есеп­шот­тары бұғатталған азаматтар ресми еңбек нар­ы­ғынан кетіп, жалақыны бейресми түрде алуға мәжбүр болады, бұл мемлекет­тік бюджетке салық түсімдерін азайтады. Ең соңында, созылмалы қаржылық деп­рес­сия адами капиталдың сапасын құл­ды­ра­тып, азаматтарды қарыз жабу үшін ден­саулық пен сапалы тамақтануға бө­лі­нетін ең қажетті шығындарды қысқартуға итер­мелейді. American Psychological Association халықаралық зерттеуінде созыл­малы қаржылық депрессияның жүрек-қан тамырлары аурулары мен психо­со­ма­ти­каға тікелей әсер ететінін дәлел­деді. 

Шеңберден шығар жол қайсы?


Қазақстанда азамат­тардың қаржылық мә­де­ниетін көтеру – бір ғана мемлекеттік ор­ган­ның емес, бүкіл инс­титуционалдық жүйе­нің бірлескен жауапкер­ші­лігіндегі күрделі про­цесс. Мәселен, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА), Ұлт­тық Банк пен Қаржы ми­нистрлігі бастаған мемле­кет­тік құрылымдар бағ­дар­ла­малық құжаттар дайындау, заңнамалық шек­теулер енгізу, оның ішінде несие алу­дағы шекті борыштық жүк­те­мені реттеу мен не­сиеден ерік­ті түрде бас тар­ту тетік­терін бекіту, сон­дай-ақ fingramota.kz сияқ­­ты ағартушылық ме­диа-ре­сурстарды жүргізу ба­ғытында басты рет­теуші ре­­­тінде заң­намалық қор­­ғау тетік­терін сәтті енгізе ал­ды. Білім беру жүйесі де бұл үдерістен тыс қал­май, мек­теп қабырға­сында «Жаһан­­дық құ­зы­рет­тіліктер» пәні немесе факуль­та­тив­тік курстар ая­сын­да жеке бюд­жет пен қар­жылық қауіп­сіздік не­гіз­дерін үйретуді қолға алды, алайда бұл тақы­рып жо­ғары оқу орындарында кө­біне тек эконо­ми­ка­лық ма­мандық студент­теріне ғана терең­детіп оқытылып жүр. 
Сонымен бірге Элек­трон­­ды үкімет пор­талы ар­қылы несие алудан ерік­ті түрде бас тарту сияқты цифр­лық ше­шімдер бұ­қараны алаяқтардан қорғау­дың нақты қалқанына айналды. Бұған қоса, банк­тердің балаларға арнал­ған өнім­дері жас буынның лимит, кэшбэк сияқ­ты ұғым­дарды ерте түсінуіне оң ық­пал етуде.
Дегенмен бұл салада көзбояушылық пен қағазбастылық та аз емес. Мемлекеттік органдар өткізетін кейбір семинарлар мен дөңгелек үстелдер аудиториямен шынайы жұмыс істеуден гөрі, қатысушылар саны жазылған құрғақ есеп беруге бағытталып кетеді. Ал білім беру жүйесінде қаржылық сауаттылықтың жеке пән ретінде енгізіл­меуі және педагогтердің әдістемелік дайын­­дығының төмендігі бұл бағытты өмір­лік дағдыға емес, жалаң теорияға ай­нал­дырды. Бұған қоса, ресми ақпараттық ре­сурстардағы материалдардың ауыр заң­намалық тілмен жазылуы қарапайым бұқараның, әсіресе ауыл тұрғындарының ақпаратты дұрыс қабылдауына үлкен кедергі болып отыр.
Қорыта айтқанда, қаржылық сауат­тылықты арттырудың инфрақұрылымы мен заңнамалық базасы қалыптасқанымен, институттар арасындағы байланыс нашар. Мемлекет пен банктер белсенді, ал білім беру жүйесі мен жұмыс берушілер бұл про­­­­цеске пассивті қатысып отыр.
Қазақстанда азаматтардың қаржылық сауат­тылығын арттыру саясаты сапалық жаңа кезеңге өтуге тиіс. «Инфляция» не­месе «пайыздық мөлшерлеме» сияқты тео­­­­риялық ұғымдарды жай ғана түсіндіру өзінің тиімсіздігін толықтай дәлелдеді. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы жалаң «білім беруден» «мінез-құлықты өз­гертуге» және азаматтарды қаржылық қа­теліктерден физикалық әрі заңнамалық тұр­ғыдан қорғайтын «ақылды орта қалып­тастыруға» бағытталуы қажет.
Осы орайда Қазақстан үшін үш негізгі концептуалды бағыт айқындалуға  тиіс. Ең алдымен, академиялық абстракциядан бейімделген дағдыларға өту маңызды. Адамдарға қаржылық терминдердің анық­тамасын жаттату емес, мобильді қосым­ша­дағы шарттарды оқу, келісімшарттағы жа­сырын комиссияларды табу, маркетинг­тік арбауларды тану сияқты күнделікті өмірде кездесетін нақты ситуациялық жағ­дайларды шешуді үйрету керек. Екін­шіден, адамдардың шешімді эмо­циямен қабылдайтынын ес­кере отырып, «мінез-құлық экономи­ка­сы­ның» тетіктерін мемлекеттік саясатқа ен­гізген абзал. Ол үшін азаматтарды жұ­мыс­қа орналасқанда немесе жаңа депозит аш­қанда жалақының белгілі бір пайызын автоматты түрде жинақтауға аудару жүйе­сін дамыту қажет. Үшіншіден, барлық ауди­торияға бірдей жүретін жалпылама лек­циялардан бас тартып, жастар, микро-бизнес иелері, зейнеткерлер мен тығы­рық­қа тірелген отбасылардың нақты сұ­ра­нысына бағытталған білім беру бағдарламаларын әзірлеу ауадай қажет.
Жас ерекшелігіне негізделген үздіксіз қаржылық білім жүйесі мына кестедегідей болуы қажет. 
Сонымен бірге Қазақстанға бейім­деуге болатын халықаралық тә­жіри­белерді де енгізген абзал. Син­га­пурдың MoneySense бағдарламасы сияқ­ты eGov немесе Ұлттық банк базасында азаматтардың борыштық жүктемесі мен жинақтарын талдап, «симп­томатика­лық» сарапшылық ес­керту­лер беретін жеке модуль құруға болады. Ұлыбри­та­нияның Money and Pensions Service үлгі­сімен монополияланған банк кеңес­шілеріне балама ретінде коммер­циялық емес, тәуелсіз қаржылық Омбудс­мен мен тегін кеңес беру желісін кеңейту қажет. Ал Нобель сыйлығының лауреаты Ричард Талер ұсынған Save More Tomorrow бағ­дарламасы негізінде екінші деңгейлі банк­тердің қосымшаларында «жалақы өскенде жинақты автоматты түрде кө­бей­ту» функциясын енгізу ұсынылады. Сингапур мен Ұлыбритания тәжірибесі көрсет­кен­дей, ең тиімді құралдар – бірыңғай цифр­лық аналитикалық плат­фор­малар, тәуел­сіз консультанттар инс­титуты және мі­нез-құлық эконо­ми­ка­сы­ның тетіктері.

P.S. Қаржылық сауаттылық – бұқараға жалаң дәріс оқумен шектелетін науқан емес. Мінез-құлық экономикасының бұлжымас аксиомасы бар. Тек ақпарат беріп, сауаттандыру адамдардың қаржылық мінез-құлқын әрі кетсе 10-15 пайыздан артық өзгертпейді. Нақты нәтижеге жету үшін адамдарды құр сөзбен тәрбиелемей, олардың несие алатын, ақша жұмсайтын ортасының (банк қосымшалары, заңдар) өзін азаматтарға ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп өзгерту керек. Сондықтан несие алу мен бөліп төлеуге енгізілетін «ойлану уақытын» ұзарту азаматтардың таңдау эргономикасын қорғап, импульсивті қарыздар мен алаяқтықтың жолын кесетін ең тиімді тосқауыл болмақ. 
Ең бастысы – мүдделер қақтығысын жою. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінен коммерциялық пайда тауып отырған банктер мен қаржылық технологиялық компаниялардың өз өнімдерін өткізуге деген жасырын мүддесі бәрібір үстем түседі. Халыққа өз өнімін сатуға мүдделі емес, мемлекеттің және азаматтың мүддесін қорғайтын тәуелсіз қаржылық кеңесшілер институты қажет. Өйткені азаматтардың қаржылық сауаттылығы – бұл жекелеген банктердің маркетингтік стратегиясы емес, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылықтың іргетасы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары