Жуырда Алматыға түркі дүниесінің даңқты перзенті, әлемге әйгілі әзербайжан суретшісі Сакит Мамедов арнайы келіп кетті. Сапар барысында көрнекті ақын, ойшыл және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовпен кездесіп, екеуара рәуішті әңгіме өткізгенін баспасөз құралдары жарыса жазды. Бұл кездесу екі ел мәдениетіндегі ерекше оқиға десек те болғандай. Атағы алыстарды шарлаған түркінің қос тұлғасының бір-біріне риясыз ілтипаты көпшілікті сүйсінтті.
Сакит Гулам оғлы Мамедов – Әзербайжан Республикасының Халық суретшісі, профессор, ЮНЕСКО Суретшілер одағының, Дүниежүзілік өнер академиясының, Рим заманауи өнер академиясының, «Түркі әлемі» өнер академиясының толық мүшесі, Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының құрметті профессоры, Ватикан геральдика академиясының графы.
Оның есім-сойы парасатты өнердің, талмай ізденіс пен еңбектің символына айналған. Ол зүбәржат тастардың сұлулығы мен сан қырлы табиғатынан шабыт алып, сурет өнерінде опализм бағытының бағын ашты.
Суретшінің «Естелік картина», «Ойын», «Жаттығу», «Фалабаханлар», «Туған күн», «Ленинград естеліктері», «Жасасын, Стамбұл!», «Мереке», «Үйлену тойы», «Метро», «№13 автобус», «Әуесқой» және басқа да көптеген шығармасы әлемдік кескіндеменің бірегей жауһарлары саналады. Бұл туындылар қазіргі бейнелеу өнерінің ең жарқын үлгілерінің қатарына әлдеқашан еніп, кәсіби өнер қауымдастығының да, кескіндемені бағалайтын қалың көрерменнің де жоғары бағасына ие болды. Сакит Мамедовтің картиналары Әзербайжан Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінде, Біріккен Ұлттар Ұйымында, Еуропарламентте, Еуропалық одақта, Ватикан музейлерінде, Виндзор қамалында, Париждегі Opera Gallery-де, Galleria d'Arte Mentana галереясында, Түркиядағы Долмабахче сарайының галереяларында, Нобель музейінде, Ресей өнер академиясының музейінде, сондай-ақ Испания, Португалия, Италия, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары және басқа да көптеген елдің өнер музейлері мен көрме залдарында ұсынылған. Оның картиналары патшайым ІІ Елизавета, Моника Беллуччи, Патрисия Каас, Мирей Матье, Ингрид Альберини, Рафаэлло Мартинетти, Ажда Пеккан және басқа да танымал қоғам және мәдениет қайраткерлерінің жеке коллекцияларында сақтаулы.
Біз суретшіге хабарласып, сұхбат беруін сұраған болатынбыз. Сакит мырза ұсынысымызды ырзалықпен қабылдап, қазақ халқына дұғай сәлем жолдады.
Суретші балалық шағымен ешқашан қоштаспайды
– Құрметті Сакит Гулам оғлы, біздің газетке сұхбат беруге келіскеніңіз- ге алғыс айтамыз. Сізді әлемге танылған суретші ретінде атыңызға қанықпыз. Жуырда Алматыға келіп кеткеніңізді естіп, іштей қуандық. Қазақтың әйгілі ақын, ойшылы Олжас Сүлейменовпен кездесіпсіз. Алматы қаласы өзіңізге қандай әсер сыйлады? Сапарыңызда ойға алған мақсатыңыз орындалды ма?
– Алматы маған ерекше әсер қалдырды. Бұл – табиғатының сұлулығынан бөлек, терең рухани аурасымен де ерекшеленетін қала. Мұнда тарих, заманауи сәулет, мәдениет және халық жады ерекше үйлесім тапқан.
Мен үшін Алматыға сапар жай ғана саяхат болған жоқ. Жалпы, суретші саяхаттағанда тек көзімен көрген дүниесіне тамсанбай, жанымен саяхаттауға тиіс. Мен әрдайым қаланың көшелері мен сәулетін ғана емес, ең алдымен оның ішкі болмысын тануға тырысамын. Қаланың болмысы – оның мәдениетінің айнасы.
Олжас Сүлейменовпен кездесудің мен үшін маңызы ерекше болды.

Ол – мәдениетті жанымен түйсінген, ықылым заманнан бүгінге дейінгі танымды саралай білген, өнерді рухани күйдің мәйегі деп түсінетін дегдар жан. Мұндай адаммен әңгімелесу – шығармашылық адамына шабыт сыйлайды. Біз мәдениет, халықтар, уақыт және адам жады туралы сөйлестік. Сонда шынайы поэзия мен шынайы кескіндеменің бір-біріне қаншалықты жақын екенін тағы бір сезіндім.
Мен Алматыға алдыма белгілі бір мақсат қойып бардым, бірақ күткенімнен көп нәрсе алып оралдым – жаңа ой түйдім, ерекше әсерге бөлендім және көптеген сауалдар санама құйылды. Суретші үшін ең қажеті де осы шығар. Өйткені өнер дайын жауаптар аяқталған жерде басталады.
– Оқырман Сіздің бала кезіңіз туралы білгісі келеді. Қандай ортада өстіңіз? Суретші болуыңызға бала кездің естеліктерінің ықпалы болды ма?
– Адамның балалық шағы – оның алғашқы мұражайы. Жас кезде көргеніміз, естігеніміз, бастан өткергеніміздің бәрі өзіміз байқамасақ та, ішімізде сақталып қалады.
Мен адамдардың қарым-қатынасына, үлкенді құрметтеуге, туған жерге, салт-дәстүр мен мәдениетке деген сүйіспеншілікке ерекше мән беретін ортада өстім.
Дәл сол кезеңде менің өнердегі басты кейіпкер – адам мен оның болмысына деген көзқарасым қалыптасты.
Қазір әр картинамды салған сайын суретшінің балалық шағымен ешқашан толық қоштаспайтынын ұға түсемін. Ол бояудың түсі, иіс, адамның әлпеті, қимыл, пейзаж, музыка арқылы қайта оралады. Менің картиналарымда пайда болатын көптеген бейненің тамыры дәл сол бала күнімде жатыр. Кейде суретші өмір бойы бала кезіндегі өзін түсінуге тырысатын сияқты көрінеді.
Сондықтан балалық шақ мен үшін өткен кезең емес. Ол – өнерімде өмірін жалғастырып жатқан ішкі жадымның бір бөлігі.
Іздендім, қателестім, қайта бастадым
– Бір сұхбатыңызда Бакуде Азим Азимзаде атындағы училищеде, Ленинградта Репин атындағы Өнер академиясында оқып жүрген кезіңізде музейлерге жиі барып, әлемдік суретшілердің картиналарымен көп тілдесетініңізді айтыпсыз. Сол кезде қандай суретшілерден көбірек үйрендіңіз? Өз стиліңізді табу жолында қандай жолдарды басып өттіңіз?
– Бакудегі Азим Азимзаде атындағы көркемсурет училищесінде, одан кейін И.Репин атындағы Ленинград көркемсурет академиясында оқу менің шығармашылық әлеуетімді ашқан аса маңызды кезең болды.
Мен көптеген суретшіден тәлім алдым, бірақ ешқашан біреудің көшірмесі болғым келген жоқ. Ұлы шеберлер маған ең басты нәрсені – нағыз суретші өз жолын өзі іздеуі керек екенін түсіндірді.
Мен үшін мына нәрсені ұғыну ерекше маңызды болды: сурет салу кезінде техника ортақ болуы мүмкін, бірақ суретшінің жаны, танымы, түйсінуі жеке-дара қалуға тиіс.
Өз стилімді табу жолы ұзақ болды. Іздендім, қателестім, қайта бастадым, тапқанымның өзін бұзып, әрі қарай іздедім. Менің пікірімше, стильді ойлап табуға болмайды. Оған тек азаппен, еңбекпен жетуге болады.
Суретші «Қалай жазуым керек?» деген сұрауды өзіне қойып, «Мен адамға нақты не айтқым келеді?» деп сұрай бастағанда ғана өзіндік стилі қалыптасады.
– Ұстазыңыз Евсей Моисеенконың шеберханасынан білім алған кезіңіз туралы айтыңызшы: курстастарыңыз қандай бағытты таңдады? Студент жылдарыңыз қалай өтті? Ол кезде әлемдік сурет өнерінде экспрессонистердің ықпалы күшті болды ғой. Сізге қай елдің суретшілері көбірек ұнады?
– Евсей Моисеенконың шеберханасында оқыған жылдар – менің сағынышпен, ырзалықпен еске алатын сәттерім. Моисеенко бірегей шебер еді, сондай-ақ ойлы ұстаз бола білді: ол шәкірттеріне өнер жанқиярлықпен ізденгендерге, өмірдің сан тарау жолдарына терең үңіліп, еңбек еткендерге ғана бұйыратынын үйретті. Ізденіссіз, талпыныссыз асыл өнер есігін ашпайтынын ұқтырды.
Ол кескіндеменің сыртқы әлемді бейнелеу емес екенін түсінді. Форманың ар жағында – ой, түстің ар жағында – сезім, композицияның ар жағында ішкі мазмұн болуы керек.
Студенттік жылдар орасан зор еңбек кезеңі болды. Көп сурет салдық, натураны зерттедік, пікір таластырдық, іздендік, қателестік. Суретшінің жастық шағы – өзінің кім боларын әлі білмейтін, бірақ өз жолын табуы керек екенін ішкі түйсікпен сезінетін кезеңі.

Ол кезде әлем өнерінде модернизм мен экспрессионизмнің түрлі бағыттары айрықша ықпалды болды. Мен жаңа ізденістерге мұқият қарадым, бірақ адаммен, мәдениетпен және рухани жадымен байланысты сақтап қалу қажет екенін ерте ұқтым.
Маған әрдайым сыртқы форманың ар жағынан адамның ішкі өмірі сезілетін өнер жақын болды.
Өнер кейде сөз жеткізе алмайтын жерде сөйлей алады
– Сіздің картиналарыңыз әлемдік өнер музейлерінде, атақты тұлғалардың жеке коллекциясында сақтаулы. Әлемде суреті ең қымбат кескіндемешінің бірісіз. Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветамен, Рим Папасы ІІ Иоанн Павелмен кездесіп, оларға өз картиналарыңызды сыйладыңыз. Тіпті Папаның портретін салған санаулы суретшінің бірісіз. Осы екі кісімен кездесуіңіз Сіздің өміріңізге, шығармашылығыңызға қандай өзгеріс әкелді?
– Патшайым ІІ Елизавета және Рим Папасы ІІ Иоанн Павел секілді адамдармен кездесуім өмірбаянымдағы қатардағы оқиға емес, ерекше оқиға деген дұрыс.
Суретші үшін мұндай деңгейдегі адамдармен кездесу – ең алдымен тарихпен жүздесу.
Мен картиналарымды сыйға тартқанда, тек сыйлық туралы ойлаған жоқпын. Картина мәдениеттің өзін жеткізетін елші іспетті. Онда суретші өзін ғана емес, өзі шыққан жерді, оның тарихын, дүниетанымын таныстырады. Өнер кейде сөз жеткізе алмайтын жерде сөйлей алады.
Картина адамның қай ұлтқа жататынын сұрамайды. Ол тікелей оның жанына үн қатады.
Рим Папасының портреті мен үшін ерекше жауапкершілік болды.
Портрет – адамның бет-бейнесін фото секілді көшіріп беру емес. Нағыз портрет адамның ішкі болмысын ашуға ұмтылуы керек.
Мұндай кездесулер адамның өмірінде із қалдырады. Бірақ одан да маңыздысы, ондай сәт суретшіге өз жауапкершілігін тағы бір еске салады.
Егер сенің шығармаңды бүкіл әлем білетін адамдардың коллекциясынан көруге мүмкіндік туса, өнердің өз дәуіріне де лайық болуы керектігін бұрынғыдан анық түсінесің.
– Сізді өнертанушылар әлемде опализм бағытын қалыптастырған, яғни өзінің дара стилін тапқан суретші ретінде ерекше құрметпен атап өтеді. Бұл бағытқа ұзақ ізденіс арқылы келгеніңіз мәлім. Сонау Баку, Ленинград кезіндегі ізденістеріңіз ақыры тастың (опализм) табиғатын тануға жетелеп келген секілді. «Стиль – автордың өзі» деген байлам бар ғой. Ұзақ уақыт өзіңізді іздеген секілдісіз. Осы бағытты, яғни өзіңізді тапқан кезде қандай сезім кештіңіз? Осы бағытта салған алғашқы картиналарыңыз туралы білгіміз келеді.
– Мен опализмді жай ғана көркемдік техника деп айтпас едім. Мен үшін бұл – ең әуелі дүниені қабылдаудың белгілі бір тәсілі.
Опалдың таңғаларлық қасиеті бар: оның бір ғана түпкілікті түсі болмайды. Жарыққа қарай өзгеріп, жаңа реңктерін ашады. Мен осы қасиеттен адам өмірінің терең философиялық метафорасын көрдім.
Адам да ешқашан бір ғана түспен шектелмейді. Біз адамның жүзін, іс-әрекетін көреміз, сөзін естиміз. Бірақ оның ар жағында бірден танып-білу мүмкін емес орасан зор ішкі әлем бар.
Сондықтан да болар, опал мен үшін жай материал немесе эстетикалық бейне ғана емес, адам жанының құбылмалылығының символына айналды.
Өз стиліме мен бірден келген жоқпын.
Бұл – ұзақ жылдарға созылған ізденістің, күмәннің, тәжірибенің және ішкі күрестің нәтижесі.

Суретші өз жолын көп машақатты өткере жүріп тапқанын сезінген шақта, қуаныштан гөрі өзін танығандай сезім кешеді. Бұл бір ғажам сезім... Өмір, қоғам, заман, тарих туралы қайта бір ойланасың.
Ұзақ жол жүріп келе жатып, кенеттен: «Мен іздеген жол – осы екен» деп түсінгендей боласың.
Бұл бағыттағы алғашқы жұмыстарым да ізденістің бір бөлігі болды. Мен дәстүрлі кескіндеме мәдениетін, Шығыс символикасын, адам тағдырын және жарық пен түстің ерекше құбылысын өзара ұштастыруға тырыстым. Уақыт өте келе, бұл ізденістер бүгін опализм деп аталып жүрген бағытқа айналды.
Мен әрдайым «стиль – суретшінің өзі» деп айтатынмын. Қазір де солай деймін.
Біреудің стилін алып, өзің бола алмайсың. Тек өзіңді табуың керек.
Маған жаңашылдықтан қорықпайтын, сонымен бірге тарихи жадын жоғалтпайтын суретшілер ерекше қызық. Меніңше, жаңашыл болу өз тамырыңнан бас тарту деген сөз емес.
Керісінше, нағыз заманауи суретші өзінің қайдан шыққанын білуі керек. Сондықтан Түркі әлемі өнер академиясының қызметі мен үшін маңызды. Мен оны жай ғана көркемдік ұйым деп қабылдағанды құптамаймын, мәдениеттер арасындағы диалог кеңістігі деп білемін.
Түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасы орасан зор. Біздің негізгі міндетіміз – өткенді ғана сақтауға мән бермей, болашақты да жасауымыз керек.
Академия түрлі буын мен әр елдің суретшілерін біріктіріп, көрмелер, халықаралық жобалар, шеберлік сабақтары мен мәдени кездесулер ұйымдастырса екен деймін.
Өнер халықтар арасындағы ең мықты көпірлердің біріне айнала алады деп сенемін.
Кескіндеме – мәңгілікпен сөйлесудің рухани кілті
– Түркі елдерінің суретшілерінің бүгінгі бағытын барлап жүресіз бе? Қазақ суретшілерінен кімдерді жоғары бағалайсыз? Түркі суретшілер академиясының болашақ жоспары қандай?
– Түркі әлемі өнер академиясына келсек, біздің басты мақсатымыз суретшілерді жай ғана біріктіру емес.
Біз Әзербайжан, Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және басқа да елдердің бір-бірін өнер арқылы жақынырақ тануына мүмкіндік беретін түркі өнерінің біртұтас рухани-мәдени кеңістігін қалыптастырғымыз келеді.
Халықаралық көрмелер, пленэрлер, шығармашылық кездесулер, академиялық конференциялар, жас суретшілердің бірлескен жобалары, сондай-ақ түркі әлемі елдері арасында жаңа мәдени байланыс орнату жоспарымызда бар.
Академияның тек іс-шаралар өткізетін ұйым болып қалмай, көркемдік жады мен болашақтың тірі орталығына айналғанын қалаймын. Өйткені біздің ортақ тарихымыз, ортақ тамырымыз және ортақ рухани мәдениетіміз бар. Егер бүгін суретшілер өзара диалог орната алса, өнер аударманы қажет етпейтін тілге айналар еді.
Мен түркі әлеміндегі заманауи көркемдік үдерістерді мұқият бақылап отырамын. Бүгінде түркі жұрты елдерінің өнері қызық кезеңді бастан өткеріп жатыр: суретшілер заманауи тілге, жаңа технологиялар мен формаларға бет бұра отырып, өз тарихының, мәдениеті мен рухани мұрасының құндылығын тереңірек түсіне бастады. Бұл – қуанарлық үрдіс.
Маған ұлттық жадты заманауи өнердің әмбебап тілімен ұштастыра алған қазақстандық шеберлердің шығармашылығы ерекше жақын.

Мен үшін ең маңыздысы – сәнге еліктеу емес, суретшінің өзіндік әлемі мен өзіндік философиясының болуы.
– Сізден сұхбаттың соңында «Джидыр дюзю» атты картинаңыз туралы сұрағым келеді. Қарабақ кілемі, гүл, атқа мінген халық, поло ойыны – композициясы күрделі суретті патшайым ІІ Елизаветаға сыйлапсыз. Осы картина ойыңызда ұзақ уақыт жүрген секілді. Бұл туындыны қашан салдыңыз? Картинаның дүниеге келуіне нендей оқиға себеп болды?
– «Джидыр дюзю» мен үшін Қарабақ жазығын, ат пен салт аттыларды, гүлдер мен човган ойынын бейнелейтін картина деп айтпас едім.
Бұл картинада мен жады туралы сөйлегім келді.
Қарабақ – территориялық аумақ ғана емес, ол – жады, мәдениет, музыка, поэзия, ат, кілем, гүл және адам тағдыры тоғысқан кеңістік.
Сондықтан «Джидыр дюзю» бейнесінің маңызын әсем пейзажбен ғана өлшеуге болмайды.
Човган – ежелгі ойын. Бірақ картинада ол уақыт қозғалысының символына айналады. Салт атты алға қарай қозғалады, алайда оның көлеңкесі өткенде қалып қойғандай әсер береді.
Ат мен үшін – еркіндік, қадір-қасиет және күштің белгісі. Жазық – мәңгілік. Гүл – адам өмірінің нәзіктігі. Ал осының арасындағы адам – бұл дүниеге қысқа уақытқа келіп, артында өз жадын қалдыратын тіршілік иесі.
«Джидыр дюзю» атауы менің жадымда және халқымның жадында өмір сүретін әлеммен байланысты.
Меніңше, суретші кейде картинаны қолына қылқалам алған сәтте ғана жазбайды, кейбір картиналар оның ішінде жылдар бойы өмір сүруі мүмкін.
«Джидыр дюзю» – дәл сондай шығарма.
Оны жазған кезде мен Қарабақтың сұлулығын ғана бейнелеп қоймай, оның жанын да жеткізгім келді. Сондықтан картинада қозғалыс пен тыныштық, өткен мен бүгін, адам мен мәңгілік қатар өмір сүреді.
Бұл картинаның патшайым ІІ Елизаветаның қолына тигені мен үшін ерекше оқиға болды. Өйткені картинамен бірге басқа бір мәдени әлемге менің Отаныма тиесілі шағын ғана бөлшек те жол тартты.
Мен әрдайым суретші картина салумен ғана шектелмеуі керек деп есептедім.
Ол өз дәуірінің куәсін қалдыруға тиіс.
Мен үшін кескіндеме – мәңгілікпен сөйлесудің рухани кілті.
Ал суретші – белгілі бір уақытқа қылқалам ұстау сеніп тапсырылған адам ғана.
Ең ұлы суретші – Жаратушы.
– Толғамды әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Т.Таңжарық