Петропавлда бұрын аса ауыр қылмыстар үшін сотталған 62 жастағы ер адамға қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Ол әйелге сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекетін жасауға оқталды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Астана" телеарнасының хабарлауынша, оқиға Рабочий кентіндегі айналма жол маңындағы орман алқабында болған. Тергеу мәліметінше, таңғы сағат 11 шамасында саяжайдан велосипедпен қайтып келе жатқан 54 жастағы әйелге бейтаныс ер адам шабуыл жасаған.
Күдікті әйелді ұстап, сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеуге тырысқан. Алайда жәбірленуші оның қолынан босап шығып, полицияға хабар берген.
Әйел шабуыл жасаған адамның денесіндегі ерекше тыртықты есте сақтап қалған. Осы белгі мен берілген сипаттама арқылы полиция күдіктінің жеке басын анықтап, оны қысқа уақыт ішінде ұстады.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Жәбірленушінің сипаттамасы бойынша күдікті жедел анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті зерттеуге бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – деді тергеу басқармасының бастығы Азат Құсайынов.
Күдікті – бұған дейін бірнеше рет сотталған Валерий Кричиневский. Ол 1999 жылы 1990-жылдары жасаған аса ауыр қылмыстары үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған.
Тергеу материалдарына сәйкес, ол әйелдерге қала шетіндегі саяжай алқаптары мен қараңғы көшелерде шабуыл жасап, ұрып-соғып, тонаған және сексуалдық зорлық-зомбылық көрсеткен. Қылмыстық іс бойынша барлығы 11 эпизод тіркелген.
Сондай-ақ оның құрбандарының бірі жеті жасар қыз болған. Бала аса қатыгездікпен өлтірілген.
Кричиневский 2024 жылы жазасын толық өтеп, бостандыққа шыққан. Қазір ол екі айға қамауға алынды. Кінәсі дәлелденсе, бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.