2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалы аяқталды. Бір қарағанда, ширек финалға өткен сегіз ұжымның қатарынан Франция, Испания, Аргентина, Англия, Бельгия секілді футбол алпауыттарын көреміз. Сондықтан бұл нәтижені заңдылық деп қабылдауға болады. Алайда турнирдің ішкі мазмұнына үңілсек, әлем футболындағы күштер арақатынасы айтарлықтай өзгеріп келе жатқаны анық байқалады.
Бұрын чемпиондыққа басты үміткер саналатын Бразилия, Германия мен Нидерландының жарыс жолынан ерте шығуы кездейсоқтық емес. Бұл – қазіргі футболдағы жаңа үрдістің айқын көрінісі.
1/16 финалдың басты ерекшелігі – ешбір фаворитке жеңіс оңай келген жоқ. Әр кездесуде қарсыластар арасындағы деңгей айырмасы барынша қысқарғаны сезілді.
Бұған Аргентина мен Мысыр арасындағы кездесу дәлел болады. Матч аяқталған соң ойынның статистикасына көз жүгірттім. Аргентина 17 соққы бағыттады. Оның 7-еуі дәл соққы. Допқа иелік – 61 пайыз. Ал Мысыр болса, бар болғаны 5 соққы. Оның екеуі ғана қақпаға дәл бағытталды. Допқа иелік – 39 пайыз. Осындай айырмашылықты көрген адам «Аргентина қарсыласын таптап кеткен екен» деп ойлауы мүмкін.
Бірақ футбол кейде статистиканы күл-талқан етеді. Мысыр ойын бойы допты емес, кеңістікті бақылауды таңдады. Олар шабуылдауға асыққан жоқ. Әрбір мүмкіндікті ұзақ күтті. Ал мүмкіндік туған сәтте еш мүлт кеткен жоқ. Екі дәл соққы. Екі гол.
Негізгі уақыттың аяқталуына 10 минут қалғанша таблода 0:2 есебі сақталды. Яғни, Аргентина ұзақ уақыт бойы Мысыр қорғанысының кілтін таба алмай қиналды. Тек 79-минутта Кристиан Ромеро үміт отын жақты. 83-минутта Лионель Месси есепті теңестірді. Сол сәтте стадионда ғана емес, әлемнің түпкір-түпкіріндегі миллиондаған жанкүйердің жүрегі Аргентинамен бірге соқты. Бірақ чемпиондық мінез дәл осындай сәтте керек екен. Қосылған уақыттың үшінші минутында Энцо Фернандес жеңіс голын соғып, Аргентинаны құтқарып қалды.
Осы матч әлеуметтік желіде де қызу талқылануда. Бірі Аргентинаның жеңісі әділ болғанын айтса, енді бірі төреші шешімі нәтижеге ықпал етті деген пікір білдіруде. Расында, күмәнді бірнеше эпизод болды. Дегенмен мұндай сәттерге эмоция емес, кәсіби сараптама ғана нақты баға бере алады.
Англия мен Мексика арасындағы кездесу де турнирдің көркін қыздырды. Жоғары қарқын, ашық футбол, бірінен соң бірі өрбіген шабуылдар мен әсерлі голдар көрерменге нағыз футбол мерекесін сыйлады. Екі жақ та қорғанысқа қамалып қалмай, жеңісті шабуыл арқылы іздеді. Сондықтан соңғы минутқа дейін жеңімпазды болжау мүмкін болмады.
Алаңда екі түрлі футбол мектебі түйісті. Латын америкалықтар техникаға және комбинациялық ойынға сүйенсе, ағылшындар жылдамдық пен тікелей шабуылды таңдады. Нәтижесінде, дәл осы қарқын мен психологиялық беріктік Англияның басымдығын қамтамасыз етті. Бұл кейінгі жылдары ағылшындардың ойын мәнерінде қалыптасқан ең маңызды өзгерістің бірі. Ойын нәтижесіне Джуд Беллингем мен Гарри Кейннің шеберлігі де шешуші рөл атқарды.
Ал турнирдің басты сенсациясы – Норвегияның Бразилияны жарыстан шығаруы. Мұны кездейсоқ жеңіс деу қиын. Норвегия бұған дейін де тұрақты ойын өрнегін көрсетіп жүрген еді. Ал Бразилияға қарсы матчта қорғаныста тәртіптің, шабуылда тиімділіктің үлгісін паш етті. Бірнеше жыл бұрын Еуропаның орта деңгейлі құрамасы саналған бұл ел бүгінде кез келген фаворитке қауіп төндіре алатынын дәлелдеді. Холанд пен Эдегордың төңірегінде қалыптасқан жаңа буын турнирдің басты жаңалығына айналып отыр.
Тағы бір қызық дерек – Бразилия Норвегияны әлі күнге дейін жеңе алмай келеді. Бұған дейінгі төрт кездесудің екеуі тең аяқталса, екеуінде «викингтер» басым түскен. Әлем чемпионатындағы бұл жеңілістен кейін Бразилияның Норвегияға қарсы сәтсіз сериясы бес матчқа ұласты.
Тактикалық тұрғыдан ең сапалы матчтың бірі Испания мен Португалия арасында өтті. Есеп небәрі 1:0 болғанымен, алаңдағы футбол сапасы әлдеқайда жоғары болды. Бұл тек екі елдің емес, екі түрлі ойын философиясының тартысына айналды.
Испания әдеттегідей допты бақылап, жоғары прессинг пен кеңістікті тиімді пайдалану арқылы ойын тізгінін өз қолында ұстады. Ал Португалия сақтыққа басымдық беріп, қателік жібермеуге көбірек мән берді. Алайда дәл осы сақтық олардың басты әлсіздігіне айналды. Өйткені Криштиану Роналду, Бруну Фернандеш, Витинья, Жоау Невеш секілді өз позициясының таңдаулы ойыншылары бар ұжым шабуылдағы әлеуетін толық пайдалана алмады.
Қалай болғанда да, жиырма жылға жуық уақыт әлем футболының басты кейіпкерінің бірі болған Криштиану Роналдудың ұзаққа созылған хикаясы соңғы бөліміне таяды. Біз аңыздың аяқталып жатқан тарихына куә болып отырмыз.
Фавориттер
формуласы қандай?
Бұл әлем чемпионаты футболдағы фаворит ұғымының өзін қайта қарауға мәжбүр етті. Турнир басталар алдында басты үміткерлер ретінде Бразилия, Германия, Нидерланд пен Португалия аталған еді. Алайда бүгін сарапшылардың басым бөлігі турнирлік кестенің жоғары бөлігіндегі Франция мен Испанияны чемпиондыққа негізгі кандидат деп есептейді.
Франция әзірге өзінің бар әлеуетін толық ашқан жоқ. Соған қарамастан әр кездесуде нәтижеге жұмыс істеп, ең маңызды сәтте жеңісті жібермей келеді. Бұл – үлкен команданың басты белгісі. Ал Испания жарыс басталғалы бері ең тұрақты, ең үйлесімді әрі ең сапалы ойын өрнегін көрсетіп отырған құраманың бірі. Әрі өз қақпасына гол жібермеген жалғыз команда.
Дегенмен үздік сегіздікке жеткен команданың ешқайсысы бұл межеге кездейсоқ келген жоқ. Аргентина тәжірибесімен қауіпті болса, Англия бұрынғыдан әлдеқайда психологиялық тұрғыдан орнықты көрінеді. Бельгия шабуылдағы қуатын қайта тапқандай әсер қалдырды. Швейцария мен Норвегия тәртіп пен ұйымшылдықтың арқасында кез келген фаворитке қолайсыз қарсыласқа айналды. Ал Марокко 2022 жылғы тарихи жетістігінің заңдылық екенін дәлелдеп, әлемдік футболдағы жаңа тұрақты күштің біріне айналып келеді.
Тарих та осыны меңзейді. Әлем чемпионатының ширек финалына ең көп шыққан құрамалар – Германия мен Бразилия. Екі алып бұл белеске 14 рет көтерілген-ді. Олардың ізін Англия, Аргентина, Франция, Италия және Испания жалғайды. Мұндай тұрақтылық кездейсоқ қалыптаспайды. Оның артында ондаған жыл бойы үзілмеген футбол мектебі, жүйелі басқару және ұрпақ сабақтастығы жатыр.
Биыл Англия өз тарихындағы он бірінші ширек финалын өткізгелі отыр. Аргентина мен Франция бұл кезеңге тоғызыншы рет жетсе, Испания алтыншы рет үздік сегіздікке енді. Ал Норвегия алғаш рет осы межені бағындырып, әлем футболында жаңа күштің қалыптасып келе жатқанын байқатты.
Ширек финал төрт түрлі футбол философиясының тартысына айналғалы тұр. Франция мен Испания – жүйелі футболдың, Аргентина – жеке шеберліктің, Англия – мінездің көрінісі. Ал Марокко, Норвегия және Швейцария тактикалық сауаттылықтың маңызын дәлелдеуге тырасады.
Ширек финалдағы ең қызық текетірестің бірі – Франция мен Марокко арасындағы матч. Француздар шабуылды негізінен қос қаптал арқылы өрбітіп, әсіресе, Майкл Олисенің белсенділігіне сүйенеді. Қаптал қорғаушыларының алға жиі шығуы мен вингерлердің орталыққа ығысуы қарсылас қорғанысының құрылымын бұзуға мүмкіндік береді. Ал Марокконың басты қаруы – төрт қорғаушы мен екі тірек жартылай қорғаушыдан құралған тығыз қорғаныс. Олар айып алаңы маңында бос кеңістік қалдырмайды және қарсы шабуылға жылдам көшеді. Сондықтан Франция үшін қорғанысты ұзақ позициялық шабуылмен емес, қарқынды ауысулар арқылы бұзу маңызды. Матч тағдырын алғашқы гол шешуі әбден мүмкін. Егер есепті Франция ашса, Марокко өз ойын жоспарын өзгертуге мәжбүр болады. Ал алғашқы болып марокколықтар алға шықса, ойын олардың тактикалық сценарийімен өрбуі ықтимал.
Аргентина болса ширек финалда тек Швейцариямен ғана емес, Мысырмен өткен кездесуден кейін күшейген қоғамдық назармен де бетпе-бет келеді. Даулы төрешілік туралы пікірталастар бұл матчтағы әрбір шешімге ерекше мән бергізетіні анық.
Көптеген сарапшы Испаниямен кездесуде Бельгияның мүмкіндігін жоғары бағалайды. Ал Англия мен Норвегия арасындағы ойын осы кезеңнің ең тартысты кездесуі болатыны анық. Екі команда да жоғары деңгейдегі футбол көрсетіп келеді. Меніңше, ширек финалдағы ең тартысты матч осы екі команданың арасында өтеді. Бұл жұптың жеңімпазы жартылай финалда Аргентинамен кездесуі ықтимал.
Сөйтіп, 1/8 финал әлем футболындағы жаңа күштердің қалыптасқанын көрсетті. Ал енді әр матчтың салмағы финалмен пара-пар болатын шешуші кезең басталады.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ