2026 жылғы 8 қаңтарда өмірден өткен актер Мұрат Бисембиннің жары әлеуметтік желіде марқұммен бірге түскен суретін жариялап, өмірлік серігін жоғалтқаннан кейінгі жан күйзелісі туралы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, жақын адамынан айырылған соң адамның жүрегі ғана емес, бүкіл өмірі өзгереді. Бұрын қалыпты көрінген күнделікті сәттердің өзі ерекше сағынышқа айналады.
"Мен тұтас бір өмірді сағынамын. Таңның атуын, "ояндың ба?" деген үйреншікті сұрақты, бірге ішкен шайды, ұсақ-түйекті талқылаған кездерді, кешкі жоспарларымызды сағынамын. Ең бастысы, жанымда өз адамым бар деген сезімді аңсаймын", – деп жазды ол.
Марқұмның жары азық-түлік таңдау, дастарқан басындағы тыныштық пен үй ішіндегі үнсіздікке дейін бұрынғыдан мүлде басқаша сезілетінін жеткізді.
Ол айналасындағы адамдардың өзін «мықтысың» деп жұбататынын, алайда шынайы мықтылықтың көз жасын көрсетпеу емес екенін айтты.
"Мықтылық – жыламау емес. Мықтылық – ең қатты құшақтағың келетін адамды енді ешқашан құша алмайтыныңды біле тұра, әр таң сайын орныңнан тұрып, өмірді жалғастыру", – деді актердің жары.
Оның сөзінше, адам өмірден өткеннен кейін де оған деген махаббат жоғалмайды. Тек сол сезімнің сипаты өзгеріп, жүректің бір бөлшегіне айналады.
"Мен оны жақсы көруді тоқтатқан жоқпын. Енді тек жанымда жоқ, қолым жетпейтін адамды сүюді үйреніп жүрмін. Бұл – өмірімдегі ең ауыр сабақ шығар. Оны қатты сағынамын. Бұл сезім жоғалмайды, уақыт өте өзіңнің бір бөлшегіңе айналады екен", – деп жазды ол.
Мұрат Бисембин көрерменге «Рэкетир» фильміндегі Русланның рөлі арқылы кеңінен танылған еді. Актердің қазасы оның отбасысына, әріптестері мен жанкүйерлеріне ауыр тиді.
Желі қолданушылары жазба астында марқұмның жақындарына көңіл айтып, отбасысына сабыр тіледі.