Көрнекті қаламгер, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармашылығын оқыған адамның көз алдына қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы, қарапайым адамдар келіп, құрыс-тырысы жазылып қалары хақ. Әр кейіпкері жадыңда жатталып қалатын классик жазушымен күтпеген жерден жолығып, әңгімелесіп қалдық. Сырт көзге суықтау көрінетін қаламгер өзінің кейіпкерлері секілді ағеден,
ақ көңіл адам екен. Сұхбатқа да келісе кетті. Көп әңгіменің ішінен сығымдап ұсынғанымыз осы болды.
Жазушы болуды армандаған емеспін
– Аға, әңгімемізді балалық шақ, өскен ортаңыздан бастасақ. Әдебиетке қалай келдіңіз?
– Мен шағын ауылда өстім. Әке-шешеміз сауатсыз адамдар болды. Бірақ бала тәрбиесіне қатты мән берді. Мен тіпті діндар отбасында өстім деп айта аламын. Дінге деген құрмет бөлек еді. Мұндай үйлерде әдетте тәртіп қатты, шектеу көбірек болады. Бұл да менің қалыптасуыма зор әсер етті.
Он жасыма дейін Созақ ауданы мен Жаңақорған ауданының шектескен жерінде тұрдық. Таулы жер еді. Кейін егіс егуге, электр жарығын тартуға қиын деп ауылдың бір бөлігін Сыр бойына, дария жағасына көшірді. Әкем дихан болғандықтан біз де көштік. Тауда мал бақтық, мұнда егін ектік. Бала болсам да, сол екі кәсіптің бір жағында мен де жүрдім. Кейін жазушы болғанымда оның пайдасы тигенін енді аңғарып жүрмін.
Жазушы болғанда демекші, осыдан біраз жыл бұрын Нобель сыйлығын алған африкалық қаламгер: «Кітапханасы жоқ үйден жазушы шықпайды» деді. Ал біздің үйде кітапхана жоғы өз алдына, ауылда да кітапхана болған жоқ. Сондықтан мен кітапханасы жоқ ауылдан шыққан жазушымын. Қолыма түскен дүниені оқыдым. Мысалы, 3-класта «Мың бір түнді» оқыдым. Газеттерді оқимын.
Бірақ жазушы болуды армандадым деп айта алмаймын. Мектепте жүргенде ондай ой мүлде басыма кірген емес. Кейбіреулер жазушы болуыма ұлы адамдардың шығармалары әсер етті деп жатады ғой. Маған Әкім, Қалихан, Әбіш, Дүкенбайлардың лиризмге толы, ауыл өмірін бейнелеген алғашқы әңгімелері қозғау салды. Соларға қарап қатты қызықтым. Газеттен оқимын, кейбір үйлерде жартысы отқа тамызық болып кеткен журнал, кітаптарды алып оқимын. Мысалы, Зейнолла Қабдоловтың «Жалын» романын мен солай, журналдың жартысынан оқыдым. Көркемдіктің исі мұрныма келді.
Енді мен де бірдеңе шимайлай бастадым. Оңаша ауылда бала түгілі үлкендерге де жұмыс табыла бермейді. Сондықтан мектеп бітірген соң, оқып, жазуға ұмтылдым. 1964 жылғы қаңтар айында аудандық газетке «Келін» деген әңгімемді жібердім. Бір бетке жариялады. Өзі төрт-ақ беттік газет қой, соның бір бетін менің әңгімем алып тұр. Қатты қуандым.
– Атақты «Келін» деген әңгімеңізге қатысы бар ма ол әңгіменің?
– Жоқ, ол – басқа «Келін». Араға бір-екі ай салып, тағы бір әңгімем жарияланды. Сөйтіп жүргенде Қызылорда пединститутына оқуға түстім. Мен оған дейін қазақ жазушыларынан кімді оқу керек, орыс, әлем қаламгерлерінен кімнің шығармашылығына зер салу керек екенін білмейтінмін. Оны маған айтатын адам да болған жоқ. Бізге дәріс оқыған оқытушылардың арасынан екі оқытушы менің назарымды қатты аударды. Бірі – Әуелбек Қоңыратбаев, екіншісі – Ақтай Тұрбеков. Оларды ден қойып тыңдаймын. Әукең Толстой, Тургенов, Чеховтардың шығармашылығына жиі үңілетін. Ал әдебиет теориясынан беретін Ақтай аға шығарманы керемет талдайтын. Чеховтың «Шенеуніктің өлімі» атты әңгімесін талдағанда, тура көз алдыңа әкелетін. Мен осы екі оқытушы атаған қаламгерлердің шығармашылығына шұқшия бастадым. Орысшасына емес, қазақша аудармаларына ден қойдым. О, ол кездегі аудармалар қандай еді? Қуғын-сүргіннің кесірінен түрмеде болып келген қаламгерлер аударған дүниелер түпнұсқадан кем түспейтін. Гогольдің «Тарас Бульбасы» мен «Диканка маңындағы фермадағы кештерін», Тургеневтің «Мәңгілік суларын» оқып, керемет ләззат алдым. Джек Лондонның «Бір кесек ет» атты әңгімесі де қатты әсер етті. Хемингуэйдің «Шал мен теңізінен» өз ауылымның шалдарын көргендей болдым.
Осы шығармалар менің жазуыма қатты әсер етті. 1-курста оқып жүргенде Қызылорданың облыстық газеті жас талапкерлерге бір бет беріп, онда «Менің жеңгем» деген әңгімем жарияланды. Енді Алматыдан шығатын басылымдарға да дүниелерімді жібере бастадым. 2-курста оқып жүргенімде «Лениншіл жас» «Жиырма жас» деген әңгімемді жариялады. 3-курста «Жұлдызға» «Қауын исі» деген әңгімем шықты. Облыстық газетте Ғайни деген мәшіңкеші апай болды. Соған бастыратынмын. Өте сауатты адам еді. Шығармаларымды басып беріп қана қоймай: «Тынымбайдың әңгімелері республикалық басылымдарда жарияланады» деп мені мақтайтын. Соның бәрі маған қанат бітірді.
– Ол кезде Қызылордада әдеби орта мықты болды ғой?
– Әдеби орта мықты болғаны бір бөлек, мейірім болды. Бір-біріне жанұшыра көмектесіп, талантты жастың қолтығынан демеп тұруға тырысатын. Бірде облыстық газетке «Менің інілерім» деген әңгіме ұсындым. Біраз жатып қалды. Сол арада «Қазақ әдебиетіне» жарияланды. Сонда облыстық газеттің бас редакторының орынбасары Нұрділдә Уәлиев: «Сол әңгіменің бізде теріліп тұрғанына біраз болды. Неге жарияламайсыңдар? Ұят болды ғой» деп қатты ашуланыпты. Сосын дереу маған шығып, басқа әңгімемді алып жариялады. Асқар Тоқмағамбетов менің Жазушылар одағына өтуіме кепілдеме берді. Ол кезде Зейнолла Шүкіровтің аты дүрілдеп тұрды. Атын естіп, атына қанық болғаныммен іздеп баруға дәтім бармады. Бір күні курстағы өлең жазатын қыздардың бірі ақынның үйіне барғанын айтып: «Сені жақсы біледі екен» десін. Содан кейін арқаланып, хабарласқым келді. Звондап ем, танып: «Ертең түске кел» деді. Обком берген үйде шешесі екеуі тұрады екен. 1-қабат, 130 шаршы метрдей кең үй. Сосын үйіне барып тұрдым. Әдеби ортамен етене араласуыма да сол кісі себеп болды. Ақынның үйіне Алматыдан көп қонақ келетін. Жергілікті ақын-жазушылар үзбей келіп жататын.
Кейін Зекеңнің шешесі қайтыс болып, оған қарайтын адам болмады. Сосын Аралға көшті. Үйін маған тастап кетті. Әрине, тастап кетейін десе, өз інілері де болды ғой. Бірақ маған қалдырды. Ауылдан келген туыстарым: «Тынымбайдың үлкен үйі бар екен» деп таңғалып жүрді.
Ол кісінің әдеби ортадағы беделі өте жоғары болды. Бірде жоспарланып тұрған екі-үш баспа табақ кітабы сызылып қалып, Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабиден Мұстафинге кіреді. Жағдайын айтыпты. Сонда Мұстафин налып: «Шырағым Зейнолла, саған жамандық жасаған адам қайбір оңар дейсің?» депті. Содан бір айлық шығармашылық іссапардың ақшасын шығарып беріпті. Сол кезде Абайдың тойы өтіп жатыр екен. «Бармасаң да, ақшасын аларсың» деп сол делегацияның құрамына қосыпты. Сосын әдеби қордан ақша бөлгізген. Сонда Зекеңнің қолына әлгі екі-үш баспа табақтың ақшасынан да мол қаржы түскен.
Ол кезде жазушылардың арасында бір-біріне құрмет, мейірім бар еді. Зекең Алматыға келгенде достары қолдарына салып, көтеріп жүретін. Баратын жеріне көтеріп апаратын.
Мені Алматыға алдырған – Бердібек Соқпақбаев!
– Алматыға қалай келдіңіз?
– Институт бітірген 1969 жылы мен Алматыдағы жас жазушылардың кеңесіне шақыртылдым. Онда Сайын Мұратбековпен кездестім. Оған дейін КазГУ-де оқитын кластасым Сейсен Мұхтарұлы: «Сенің әңгімелеріңді Сайын мақтады» деп жүретін. Кеңес біткен соң Сайынды іздеп бардым. Ол қуанып қалды. Көп әңгімелестік. Ол маған Виктор Астафьевтің «Пастух и пастушка», Валентин Распутиннің «Последний срок» атты кітаптарын оқуға кеңес берді. Екеуі де ХIХ ғасырдағы орыс әдебиетінің алтын дәуірін ХХ ғасырға жалғаған мықты жазушылар ғой. Қызыға оқыдым. Сол үшін де Сайынға қатты ризамын.
Бір күні газеттерде балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларға байқау жарияланғаны жөнінде хабарландыру шықты. Мен ол кезде облыстық радиода жұмыс істеймін. Ойымда «Қош бол, ата» деген повестің сұлбасы жүрген. Соны жазудың сәті келгенін ұқтым. Жазып, салып жібердім. Бірінші орын аламын деген ой тіпті де болған жоқ. Жүлдегерлердің қатарына іліксем ғой деп жүрмін. Еңбек демалысына шығып, ауылға кеттім. Ауылға жұрт демалуға барады ғой, ал мені үйдегілер бір күннен кейін жұмысқа салатын. Шөп орамыз, тоғайдан отын әкелеміз деген сияқты. Сондай жұмыстың бірінен келсем, әйелім: «Сен бірінші орын алыпсың! Жігіттерден жеделхат келді» дейді. Сөйтсем, жұмыс орныма Шерхан Мұртазадан мені құттықтаған жеделхат келіпті. Соны көрген жұмыстағылар маған хабар жіберіпті. Жүрегім жарыла қуандым. Соны сылтауратып, Қызылордаға барып қайттым.
Кейін повесть «Жалын» журналында жарияланды. Ұнатқандар да, сынағандар да көп болды. Бірақ ұнатқандардың қатары басым болған сияқты.
Осыдан кейін Алматыға қоныс аудару туралы жиі ойлана бастадым. Марқұм Әбілмәжін Жұмабаев ағамыз Орталық комитетте жұмыс істейтін. Оған айтып ем, қолдады. Жазушылар одағында жұмыс істейтін Сайын қатты тілектес болды.
1973 жылы «Жазушы» баспасының проза бөліміне шақыртылдым. Жаңағы байқауда топ жарғанымды бәрі біледі, сондықтан мені ешкім жатырқай қойған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Алматы өте жақсы қарсы алды. Қабдеш Жұмаділов, Рамазан Тоқтаровтермен тізе қосып еңбек еттік. Бір күні пікірталас үстінде Рамазан: «Ей, сені Алматыға алып келген кім екенін білесің бе?» – дегені. «Қалай, кім алып келді? Байқау қорытындысы бойынша келдім ғой». «Тапқан екенсің. Сені алып келген – Бердібек Соқпақбаев».
Таң-тамаша болдым. Рамазанның сөзінің жаны бар екен. Байқаудың қазылар алқасының мүшесі болған Бердібек Соқпақбаев: «Мен бірінші орынға лайық шығарманы таптым. Балаларға арналған үздік кітап керек деп отырсыңдар ғой. Міне, сол кітап – мынау! Қалған орындарды өздерің реттей беріңдер» депті. Әрине, әртүрлі пікірлер болады ғой, бірақ Бекең илікпепті. Тіпті, қарсы болған адамдарды бет қаратпай қойған. Соның арқасында менің повесім бірінші орынға ие болған.
Мен осы әңгімеден соң Бекеңді іздей бастадым. Бір күні Жазушылар одағының алдында екі кісімен тұрғанын көріп, барып сәлем бердім: «Аға, мен Тынымбай деген ініңіз едім». Маған шақырая қарады: «Е, сен бе едің?». «Е, айналайын, мен сені қолдаймын деп, қазылар құрамынан шығып қалдым, – деді сосын. – Мейлі, шығара берсін. Есесіне мен әдебиетке бір талантты адамды қостым деп есептеймін».
Ол кезде әділдік бар еді. Мен алыс облыста жатқан адаммын. Біреу біліп, біреу білмейтін жас жазушымын. Бар-жоғы 26-дамын. Бекең мені мүлде білмейді. Тек қана шығармамды көріп, маған бірінші орынды алып беріп отыр. Сол үшін өзі зиян шекті. Бірақ сонда да дән риза.
Кейін ол кісімен жақсы араластық. Бір кітабына редактор болдым. Саяжайына да бірнеше рет бардым. Өте қарапайым, ғажап адам еді.
Әдебиетке келу бір бөлек те, өз деңгейіңді толықтыру, заман ағымына сай шеберлігіңді арттыру – басқа әңгіме. Жазушыға еңбекқорлықпен қоса, төзім қажет. Өйткені өмір үнемі сен ойлағандай бола бермейді. Чайковскийдің: «Мықты шығарма жазу үшін талантты болу аз. Талантыңның әсері 15-ақ пайыз, қалғаны сен кімдерді оқыдың, қалай іздендің, кімге еліктедің, кімнен не үйрендің – соған байланысты» деген сөзі бар.
1975 жылы Мәскеуде жас жазушылардың бүкілодақтық кеңесі болды. Мен балалар әдебиеті секциясында болдым. «Смена» журналы бас редакторының орынбасары Альберт Лиханов менің повесімді секцияның жетістігі ретінде мақтап, керемет баяндама жасады. Анатолий Алексин «Литературная газетада» семинардың қорытындысы бойынша «Қарлығаштың ұясы» деген әңгімемді ерекше атап өтті.
Алға озып айта кетейін, Альберт Лиханов кейін «Сменаның» бас редакторы болған кезінде менің «Қош бол, ата» деген повесімді, бірнеше әңгімемді аудартып, жариялады. Мәскеуде оқып жүргенде барып тұрдым.
Біз әдебиетке келген кезде жақсы үрдіс болды. Ол – талантты адамды іздеу, оған барынша көмектесу, оны өзіне жақын тарту. Мысалы, 1969 жылы жас әдебиетшілердің кеңесі болғанда проза секциясын Әбдіжәміл Нұрпейісов басқарды. Мұхтар Мағауин оның орынбасары болды. Сонда Әбең менің «Бәйшешек» журналына шыққан үш әңгімемді: «Маған ұнады, өте шынайы» деп мақтады. Өзің туралы жылы сөз айтқан адамды жек көрмейсің ғой, мен Алматыға келген соң ол кісіге жақын жүруге тырыстым. Әбеңнің қасында Тахаң – Тахауи Ахтанов жүреді. Ол – өте сымбатты, сұсты адам болды. Мінезді еді. Көп елпілдей бермейтін. Сәлеміңді де суықтау алатын. Бір күні анадайдан көріп қалып, сәлем беруге ыңғайлана беріп ем, өзі жалт бұрылып, маған қарай жүрді. Жарқырай күліп келеді. Сасып қалдым. – Тынымбай, «Жұлдызға» шыққан екі әңгімеңді оқыдым. Сен мына енеңді ұрайын социалистік реализмді тіпті керек қылмайды екенсің! Бізді құртқан сол социалистік реализм, – деді мені құшақтап. Төбем көкке екі елі жетпей қалды. Содан кейін екеуміз жақсы араласып кеттік.
1975 жылы Жеңістің 30 жылдығы тойланды. Жақсылық Түменбаев екеуміз Тахауи Ахтановты мейрамханаға шақырдық. Жақсы әңгіме болды. Жазушының «Шырағың сөнбесін» романында неміс офицерінің дегдарлығын суреттейтін сюжет бар. Соны айттық. «Е, олар сондай мәдениетті халық қой!» – деді Тахаң, – соғысып жүргенде де, бекзаттығын сақтауға тырысты. Жалпы, біз соғыста жеңбей, жеңілгеніміз дұрыс болатын еді...» деді бір кезде ол. Ол кезде мұндай пікір айту өзіңе өлім жазасын кесумен бірдей еді. Біз қалжыңға бұрған болдық.
– Қазақфильмде біраз еңбек етіпсіз?
– Ертеректе «Қазақфильмнің» бас редакторы Әбіш Кекілбаев бізді кино саласына тартты. Қазақша сценарий аз жазылатын кез. Әкім Тарази, Әнес Сарай, Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкеев, Дулат Исабеков алтауымызға 50 сомнан стипендия беріп тұрды. Әжептәуір көмек еді. Дулаттың «Гауһартасы» сол кезде кино болып шықты. Мен де «Қайықшы» деген әңгімем бойынша сценарий жаздым. Комиссия мүшелеріне ұнағанымен Әбіш біраз сын айтты. Мен оны қабылдай алмадым. Түзеткім келмей кежегем кейін тартты да тұрды. Кейін Әбіш: «Тынымбай, қашан түзетіп әкелесің?» дегенде үндемедім. Міне, осылайша кинодан алыстай бастадым. Ол кезде білген жоқпын, бірақ оның орасан зор пайдасы болыпты. Өйткені кино жазушының тілін бұзады. Қолтаңбасын өзгертеді. Мысалы, Василий Шукшиннің әңгімелері қандай ғажап?! Ал «Я пришел вам волю дать» деген романын қараңызшы. Роман емес, сценарий! Әңгімедегі Шукшин жоқ. Біздегі Әкім мен Қалиханға да кино біраз зиянын тигізді деп есептеймін. Мені Құдай сақтапты.
Мен бірақ кинодан біржола қол үзгенім жоқ. «Қазақфильмнің» киностудиясының сценарийлік коллегиясында жұмыс істедім. Режиссерлердің көбі орыстілді жігіттер еді. Оларда қазақ тұрмысына келгенде көп олқылық болады. Соны мен реттеп отырдым. Бірақ сценарий жазудан сол күйі алыс болдым. КСРО Кинематографияшылар одағы бай мекеме болды. Оның семинарларына көбіне қолы бос мені жіберетін. 24 күн жүреміз. Күнде кино көреміз. Кино болғанда қандай, ең үздік фильмдер. Тіпті, жалпы жұртшылыққа көрсетілмейтін фильмдер де ұсынылады. Мықты режиссерлермен араласасың. Бұл – өреңді биіктететін дүниелер.
Ең үлкен ерлігім – жұмысты тастағаным
– Өзіңізді қай кезден бастап шын жазушы сезіндіңіз?
– Тоқсаныншы жылдардың аласапыранында «Қазақ елі» газетінде жұмыс істедім. Газеттің жұмысы – шығармашылықтан алыстататын қиын, ұсақ жұмыс. Кеңес заманында цензурадан әбден зардап шектік қой. Кейде цензураның қайшысы айтатын ойыңның түгін қалдырмайтын. Сондайда емін-еркін жазатын заман қашан туады екен деп армандайтынбыз. Сол заман туды. Тек жазу керек. Бірақ жұмыс істеп жүріп жазу мүмкін емес-ті. 1997 жылдың желтоқсанында еңбек демалысына шықтым. Жұмыстағыларға ештеңе дегенім жоқ, бірақ үйге келіп әйеліме: «Мен жұмыстан кеттім» дедім. Ол қарсы болған жоқ. Сол күйі жұмысқа шықпадым.
Газет қолтаңбамды әбден бүлдірген екен. «Айқай» деген повесімді жазғанда соны анық аңғардым. Қайта-қайта жаздым. Өзімді әрең тауып алдым.
Ол кезде жұмысты тастау деген өте қиын болатын. Мен үлкен тәуекелге бардым. Егер, маған біреу өмірде қандай ерлік жасадыңыз десе, жұмыстан кетіп, жазу үстеліне байланғанымды айтар едім. Соның арқасында «Айқай», «Мешкей», кейінірек «Періштелердің өлімі» секілді дүниелерімді, көп әңгімемді жаздым. Драматургияға да бет бұрдым. «Бес бойдаққа бір той» секілді пьесаларым әкемтеатрда үздіксіз қойылып жатты.
– Көпшілік сіздің жылы юморға толы, еріксіз жымитатын жазу стиліңізді ерекше ұнатады. Образ жасауға келгенде қамшы салдырмайсыз. Шығармашылық лабораторияңыз туралы әңгімелессек...
– Жазушының мақсат еткен формасы болады. Мен әуелден реалистік прозаны ұнаттым. Маған орыс әдебиетінен Толстой мен Чехов, сосын Шыңғыс Айтматов қатты әсер етті. Шыңғыс – нағыз релист жазушы. Айтматовтың шынайылығы, символикасы, лиризм деп жүрміз ғой, шығармасының тәттілігі – бөлек дүние.
Золя мен Мопассанды да қызыға оқыдым. Америкалық жазушы Теодор Драйзердің «Америка трагедиясы» деген романы бар. Былай қарасаңыз, оқиғасы қарапайым-ақ. Қыз бен жігіт бір-біріне ғашық болып, ақырында қыз екіқабат болып қалады. Жігіттің оны алатын ақшасы жоқ, сосын қызды суға батырып өлтіреді. Кейін әшкереленіп, сот болады. Міне, сол жерде прокурор мен адвокаттың айтысы бар. Адвокат жігітті ақтап алуға тырысады. Өйткені оның үйленуге ақшасы жоқ. Халық тым кедей. Көп жастың басында осындай проблема бар. Яғни, бұл осы екі жастың ғана емес, күллі Американың трагедиясы! Міне, қараңыз, оқиға қыз бен жігіттің махаббатынан, қылмыстан өсіп, жалпыұлттық сипат алды. Жазушы соны көрсетіп отыр.
Жалпы, маған көп қаламгер әсер етті. Жазушы бал арасы секілді. Мың түрлі шөпке қонады. Қайсысынан не алғанын өзі де білмеуі мүмкін. Ең басты дүние – өзіңді сақтау. Көп оқуға, деңгейіңді өсіруге болады, жұтылып кетуге болмайды.
Маркеске журналист: – Сіз неге жазушылықты таңдадыңыз?» дегенде, ол: «Басқа нәрсе қолымнан келмейді» деп жауап беріпті. Өлерінің алдында «Қандай өкінішіңіз бар?» деген сұраққа: «Өмір бойы жиған-терген, сезінген дүниемнің өзіммен бірге өтетіні өкінішті» деп жауап беріпті. Рас нәрсе. Сен жиған, сезінген дүниені басқа адам біле бермейді. Әр жазушы – бір әлем. Әр қаламгердің шығармашылық лабораториясы – өзі ғана білетін ғалам. Мысалы, мен тез жазамын. Образ жасауға қиналған емеспін. Өйткені оның бәрі мен өскен ортада бар, болған адамдар. Мысалы, «Келіндегі» қойшының махаббатын алайық. Кейде қарапайым адамдарда да патшаның махаббатына айырбастамайтын махаббат болады. Жазушының фантазиясы мықты болуы керек. Менде ол мықты. Қай жерге қандай деталь керек, қай кейіпкерімнің аузына қандай сөз салу керек, соны түйсік арқылы сеземін. Сосын ешқашан бір шығарма жазып жатып, арасын үзген емеспін. Кейбіреулер араға біраз уақыт салып оралып жатады ғой, менде ондай болған емес. Қағазға түсіргенше асығамын.
Жалпы, жазатын дүние әуелі ойға оралады. Ол топыраққа түскен дәнмен тең. Дән көктемей қоймайды. Ішіңде әбден піседі. Сосын барып жазуға отырасың. Жалпы, мен шығарма жазғанда екі нәрсеге мән беремін – ол шығарма не «айтады», қалай түйінделеді? Жазып болған соң қайта қарауға асықпаймын. Бірақ ойша сол шығарманы әлдилеумен боламын. Кейбір образдарды толықтыра түсемін. Кейбір тұстарын ширатамын. Артық жерлерін ойша алып тастаймын. Сосын барып түзетуге отырамын.
Сонымен шығарма жазылып бітті делік. Мен енді оған сын айта алатын адамды іздеймін. Марқұм Қажығали Мұханбетқалиұлы сондай адам еді. Әдебиетті жақсы талдайтын. Кейде батырып айтады. Мен шамданған емеспін. Сын – шығарманы ширатады. Ол тек пайда әкеледі. Құдай-ау, саған пайда әкелетін дүниеден қалай қашасың?
Қаламмен жазамын. Мәшіңкем бола тұра пайдаланбадым. Ал компьютерге тіпті жолағаным жоқ.
– Сіз әдеби айтыс-тартыстарға мүлде араласқан жоқсыз. Себебі неде?
– Жалпы, айтыс-тартыстың айналасында қолында қызметі барлар жүреді. Мысалы, Сайынды құртқан осындай айқастар. Одан ол не тапты? Тек қана ауру тапты. Басқа пайдасы болған жоқ. Адамның ішкі принципі болады. Соған адал болуы керек. Мен осы ұстанымда болдым.
– Қызметке неге ұмтылмадыңыз?
– Алматыға келген кезімде Әбілмәжін Жұмабаев пен Сайын Мұратбеков маған қамқор болды дедім ғой. Бір күні Әбілмәжін аға: «Қазақ радиосында әдебиет-драма бөлімінің бас редакторы Мұхтар Шаханов қызметінен кетіп жатыр. Орталық комитеттегі Сәбит Жиреншин сол қызметке сені лайық көріп отыр. Соған бар!» – деді. Мен әрі-бері қашқақтап ем, бұра тартқызбады. Сайын да соны қолдады. Сосын Телерадио комитетінің басшысы Үсебаевқа барып, жайымды айттым: «Мен облыстық телевидениеде жай редактор болған адаммын. Бас редактор болу қолымнан келмейді. Оның үстіне орыс тіліне шорқақпын». Ол кісі риза болып, күліп жіберді. «Маған көп адам қызмет сұрап келеді. Ал ұсынылған қызметтен бас тартқан сені көрдім» деді сосын. Содан кейін «Жазушы» баспасына орналастым ғой.
Алматыға келген соң өз мүмкіндігімді саралап көрдім. Үлкен қызметке ұмтылуға ықыласым жоқ екен. Сосын: «Е, Құдай, берсең, осы жазуыма бер» дедім. Мен тіпті жай қызметтің өзін қиналып істедім. «Орбитадан» үй алдым дегенде, Гер-ағаң – Герольд Бельгер: «Бір сағат барасың, бір сағат келесің, сонда жазуың қайда қалады?» деп еді. Сосын: «Орыстың жазушылары үкіметтің жұмысын істемейді, шығармашылықпен айналысады. Олардың мықтылығы сонда» деді. Рас сөз. XIX ғасырда орыс әдебиетшілері үшін жұмыс істеу айып саналған. Мысалы, Достоевский тәп-тәуір қызметін тастауға мәжбүр болған. Өйткені прозаның өз жұмысы жетіп жатыр ғой. Бос болуың, қиялың еркін болуы керек. Менің жұмысты тастағаным үлкен ерлігім дейтінім – сол.
Сөз арасында айта кетейін, Бельгермен өте жақсы араластым. 1974 жылы Сайын таныстырды. Сол жылы күзде хабарласып: «Тынымбай, Ташкентте әке-шешемнің үйіне барып, бір ай демалып едім. Сонда сенің «Жұлдызға» шыққан екі әңгімеңді аудардым» дегені бар. Уақыты өте тапшы адам ғой. Әбдіжәміл Нұрпейісов оны иемденіп алып, ешкімге бермейтін. Міне, сондай адам сенің шығармаңды өз бетімен аударып тұрса, қалай қуанбайсың?
Гер-ағаң менің біраз шығармамды аударды. «Шал, мая және жел» деген әңгімемді қатты ұнатып, аударды. Көп оқитын, көп білетін, өте әділ адам еді. 1996 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанымда Гер-ағаң қатты жүгірді. Комиссияның қазақ емес мүшелеріне қолқа салды. Кейін: «Сені өзіңнің қазақтарың құлатты» деп күлгені есімде.
Байшұбарды «өлтірмеудің» амалын таппадым
– «Анна Каренинаны «өлтіргім» келмеп еді. Бірақ жазу барысында «өлтіруге» мәжбүр болдым», – депті Толстой. Сізде де сондай сәттер болды ма? Мысалы, көп оқырман «Періштелердің өліміндегі» Байшұбарды өлтірмей-ақ қоюға болар ма еді деген пікірде. Бұған не дейсіз?
– Бұл шығарманың оқиғасын қайын жұрттан келген бір жігіттен естідім. Ол кезде жаза қоятын дүние деп ойлаған жоқпын. Кейін қоғамда өзіне-өзі қол жұмсау көбейді. Жұмыссыздықтан түрлі әрекетке баратындар шықты. Сосын әлгі детальді пайдалананатын кез келгенін ұқтым. Жазып болған соң «Таң-Шолпанға» ұсындым. Дулатқа ұнамапты. Ал Әбең тіпті жаратпады. «Мынау неткен қатыгездік? Қайдан тауып алғансың?» деп бір бетке өз пікірін жазып берді. Герольд Бельгерге көрсетіп ем, қатты ұнатты. «Тынымбай, сен өзіңді енді тауыпсың. Өте мықты шығарма!» деді. Ол бұл кезде шаршап қалған. Сосын кезінде менімен бірге баспада істеген Арсланова деген аудармашы әйелге ұсындым. Оны Бельгер де ұнатты. Біраз уақыттан соң хабарлассам, ол әйел: «Тынымбай, мен мына шығарманы оқып бүкіл дертім қозып, қатты ауырып қалдым. Өте ауыр дүние екен. Мұны ер адам аударғаны дұрыс» деді. Аслан Жақсылықовқа ұсынып ем, ол келісе кетті. Аударып болған соң, өз пікірімді айта келіп: «Басқаларға да оқытып көрші» дедім. Ол бірнеше адамға оқытыпты. Мәскеудегі мықты аудармашыға қаратып алды. Ол да жақсы редакциялапты. Асланның өзі қатты риза болды. Кейін «Просторға» жарияланды.
Аударма деген ғажап дүние ғой. Гер-ағаң маған: – Тынымбай, мен сені аударып отырып, кейде шығарманың басындағы бір дүниелерді қысқартып кетемін. Бірақ шығарманың аяғына келгенде сен маған соны іздетесің» дейтін.
Ал енді Байшұбарға келейік. Мен де оны «өлтіргім» келген жоқ. Бірақ аман қалдырудың амалын таппадым. Тірі алып қалу үшін оған мына өмірде тірек болатын бір дүние болуы керек еді ғой. Ондай ештеңе қалған жоқ. Тірі жүрсе, ол ең опасыз адамға айналар еді. Сосын да «өлтіруге» тура келді.
Осы шығармадағы Шертайдың образы – менің олжам. Өмірде сондай адал, сондай періште адамдар болады. Өзім де сүйсіне отырып жаздым.
– Жас жазушыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– ВГИК-тің профессоры Ром деген кісі болған. Соның «Өнер – біреуге үйрететін кәсіп емес, өзің үйренетін кәсіп» деген сөзі бар. Сол сөз дұрыс. Әркім өз бояуын өзі табуы керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ