Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен, ұлттық болмысқа негізделген терең лиризмімен ерекшеленетін ақын Қасымхан Бегмановтың өлеңдерінен туған жерге деген сағыныш, адам жанының нәзік иірімдері, уақыт пен тағдыр философиясы, ұлттық рух пен тарихи жады сияқты күрделі ұғымдар көркемдік биік деңгейде бейнеленуімен құнды.
Ақынның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Құланиек, құба таң» атты таңдамалы жыр кітабы – оның ұзақ жыл бойы жазған шығармаларының көркемдік қорытындысы іспетті. Бұл кітапта ақынның дүниетанымы, өмірге көзқарасы, адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік туралы толғаныстары терең поэтикалық өрнекпен берілген. Жинақтағы өлеңдерден қазақ даласының кеңдігі, ұлт рухының асқақтығы, адамның ішкі әлемінің сан алуан құбылыстары суреткерлік шеберлікпен өрілген.
Қасымхан Бегманов шығармашылығының негізгі сипаты – лиризм. Бұл тұрғыдан келгенде ақын өлеңдері қазақ лирикасының үздік үлгілерімен үндеседі. Осы «Құланиек, құба таң» атты поэзиялық туындысында махаббат лирикасы өзгеше дара қолтаңбасымен ерекшеленген. Айталық, «Қай жаққа сендер кеттіңдер» деген лирикалық өлеңінде:
«Қап-қара түндер ай да жоқ,
Ұйқымды үнсіз ұрладың
Сүйгеніңменен пайда жоқ,
Сүйекпен кетер сырларым», – деп ішкі мұңы мен сағынышын және психологиялық көңіл-күйін алдыңғы орынға шығарған. Ақын өмірдің мәні және адам тағдыры туралы терең ой қозғап адам жанының тебіренісін көркем тілмен жеткізген. Бұл өлеңді лириканың философиялық түріне жатқызуға болады. Ақынның өзіне тән ерекшелігін Илья Жақанов былайша айқындаған:
«Қасымхан Бегманов! Лермонтавтай тұңғиық, зілді, терең, тәкаппар; Есениндей есіле жөнеліп, аһ ұра беріліп, сүйгеніне, сүйіктісіне құлай түсетін және тез жерініп, тез опынатын ақындық ерекше жаратылыс, ақындық болмыс... алды-артына қарайламайтын көзсіз сері». Шынымен де, Қ.Бегмановтың ақынға тән басты ерекшелігі асқан сезімталдығында. Ол қандай тақырыпта жазса да, терең зерттеп, көп ойланып, көп толғанады. Содан болар, оның өлеңдерінде сөз бен ой өзара үндесіп, әдемі қабысады. Оның поэтикалық сөздік қоры өте бай. Төгілдіріп, нөсерлетіп жазады.
Жинаққа енген шығармаларда туған жерге сүйіспеншілік, балалық шаққа сағыныш, уақыт туралы философиялық ойлар, махаббаттың нәзік сезімдері, ұлттық құндылықтарға құрмет айрықша тебіреніспен жырланған.
Ақын поэзиясында оқырманды баурайтын қасиет – оның өлеңдерінің өмір құбылыстарымен астасып жатуында. Желдің гуілі, өзеннің ағысы, таңның атуы немесе табиғат пен адамның үндестігі қатар жырланады. Оның «Жусан болып бұрқырармын қыратта», «Ай сәулесі күн нұрынан жаралған», «Жауғанда жаңбыр бетіне жердің бір күні» т.б. өлеңдерінде табиғат пен адамның ішкі сезімдері әдемі ұштасады.
Қазақ әдебиетінде табиғатты жырлау дәстүрі Абайдан басталып, Мағжан, Қасым, Төлеген шығармашылығында жалғасқан болса, Қ.Бегманов сол дәстүрді өзінше дамытады. Ақын табиғатты жай суреттемейді. Ол табиғат арқылы адам жанын ашады. Мысалы, таң – үміттің белгісі, кеш – мұңның белгісі, жаңбыр – жан тазалығы, жел – уақыттың символы, өзен – өмірдің ағысы. Осындай символдық бейнелер ақын шығармаларының философиялық тереңдігін арттырады.
Аталған жинаққа кірген әрбір өлеңді, толғауларды, поэмалар мен дастандарды тебіренбей оқу мүмкін емес. Оның «Ташкентпен қоштасу» тарихи-элегиялық балладасында лирикалық көңіл-күй басым. Кезінде Қадыр Мырза-Әлі: «Ташкентпен қоштасу» – қатардағы көп өлеңдерінің бірі емес, бірегейі. Бұл өзі жеке-дара дүние, поэтикалық құбылыс», – деп жоғары бағалаған болатын.
Ақын Ташкентке деген ризашылық, құрмет, қимастық сезімдерін шынайы жеткізіп, оқырмандарға әсерлі эмоциялық ахуал қалдырады. Мұнда Ташкент тірі жан сияқты сипатталып, онымен сырласу, қоштасу көрінісі қимастық сезімді күшейтеді. Өлеңнің тілі көркем, бейнелі әрі сезімге толы болғандықтан, шығарма лирикалық поэзияның классикалық жарқын үлгілерінің бірі саналады.
Ол қандай тақырыпқа жазса да, алдымен өзінің көргенін, көкірек көзіне тоқыған сезімдерін мөлдіретіп жеткізе біледі. Оның қиялы жүйрік, ойы ұшқыр. Ақын поэзиясының ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі ұлттық бояуының басым болуында. Себебі оның өлеңдері ежелгі түркі поэзиясынан бастау алып, жыраулар поэзиясының қайнар бұлағынан сусындаған. Ақынның кез-келген шығармасында (лирикалық өлеңдерінде, поэмаларында, дастандарында т.б.) адам тағдыры асқан сыршылдықпен өріліп, халқымыздың салт-дәстүрі, дүниетанымы мен әдет-ғұрпы боямасыз суреттелген. Ол жыраулар дәуірінде қалыптасқан ғажайып поэзияны жаңа мазмұнда жаңғыртып, олардың дәстүрін жалғастыра білген дара тұлға деп айтуымызға толық негіз бар. Кез келген ақын өзінің ұлттық әдеби мұрасынан нәр алады. Бұл оның өлеңдерінен анық байқалады. Қ.Бегмановтың теңеулері, табиғат құбылыстарын суреттеуі, адамның жан дүниесіндегі арпалыстарды дәлдікпен бере білуі, қазақ жырының өр рухымен өзектес. Оның өлеңдерінде қазақи тұрмыс пен ұлттық мінездің боямасыз берілуін табиғи ақындық болмысымен байланыстырғанымыз жөн. Қ.Бегманов поэзиясынан қазақтың ғана емес, күллі түркі дүниесінің рухы сезіледі. Айталық, осы жинақтың құндылығын арттырып тұрған «Алашорда аманаты» дастанының негізгі идеясы – Алаш қайраткерлерінің азаттық жолындағы күресін дәріптеу, олардың ұлтқа қалдырған аманатын кейінгі ұрпаққа жеткізу және тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру. Дастанда Алаш арыстарының ел тәуелсіздігі, ұлттық бірлік, халықтың болашағы үшін жанқиярлық еңбегі мен құрбандығы көркем бейнеленген. Ақынның басты мақсаты – ұлттық рухты, елдік сананы және қазақ халқының азаттыққа деген арманын көрсету.
Ақын «Шерлі Түркістан» дастанында Түркістанды тек көне қала ретінде емес, қазақ халқының рухани астанасы түркі дүниесінің қасиетті бесігі ретінде дәріптеген. Дастанда елдің өткен тарихы, азаттық жолындағы күресі, ұлттық құндылықтары мен тарихы жады көркем суреттелген.
Ұлттық рух ең алдымен тарихқа деген құрметтен көрінеді. Ақын Түркістанның сан ғасырлық тарихын, қазақ хандары мен билерінің, батырларының ел тағдырындағы орнын еске алып, олардың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі етеді. Түркістанның тағдыры арқылы қазақ халқының бастан кешкен ауыр кезеңдері, елдің азаттығы үшін болған күрестер баяндалған. Сонымен бірге шығармада тәуелсіздік идеясы айқын көрініс табады. Ақын халықтың еркіндікке деген ұмтылысын, ұлттық намыс пен елдік сананы жоғары қояды. Түркістанның «шерлі» аталуы – халықтың тарихи қасіретін, бодандық жылдарындағы ауыр тағдырын білдірсе, сонымен қатар болашаққа деген үміт пен рухтың сынбағанын аңғартады.
Дастанда ұлттық бірлік пен елге деген сүйіспеншілік ерекше орын алады. Ақын жастарды туған жерді, тілді, дінді, салт-дәсүрді құрметтеуге үндейді. Түркістан бейнесі халықтың рухани тұтастығының, мәдени мұрасының және ұлттық болмысының символы ретінде көрінеді. Ақын өткеннің тағылымын бүгінгі ұрпаққа аманат етіп, елдік сананы нығайту идеясын алға тартады.
Қ.Бегманов поэзиясындағы туған жер, ел, ауыл тақырыбы ақынның ішкі рухани әлемі, сағынышы және ұлттық тамырымен терең байланысты қастерлі ұғым. Оның шығармашылығындағы туған ауыл бейнесі жай ғана мекен емес, адамды адалдыққа, парасаттылыққа бастайтын киелі алтын бесік ретінде жырланады. Айталық, «Ескі жұрттағы ой», «Туған ауылда», «Бабайқорған баурайында қорым бар», «Ана бейітінде», «Хантағыға тағзым», «Көктем. Кентау», т.б. өлеңдерінде өткен күнге деген сағыныш пен қоңыр мұң басым. Ақын туған топырағында өткен балалық шағын еске алып, жүрегінің пәктігі мен арманшыл көңілін сол ауылдың табиғатымен байланыстырады.
Ақынның туған жер туралы жырларында кең даланың тынысы, табиғат пен адамның үйлесімдігі анық көрінеді. Ол туған жердің әрбір тасы, бұлағы мен жусан иісі мұрынды жаратын қасиетті мекен деп біледі. Ақын туған ауылдан жырақ жүрсе, құяр жерін таппаған бұлақтай күй кешетінін, өмірдегі ең зор бақыт – туған елдің топырағын басу екенін алға тартады. Мысалы, «Біздің ауыл» деген өлеңінде:
«Біздің ауыл тарихы бар қатпарлы,
Ясауидің көк күмбезі көрінген.
Итжеккеннен келген хаттар сақталды,
Айналдым мен қасіретті елімнен», – деп ауыл тарихының тереңде екенін меңзейді. Кәдімгі ауыл тіршілігі, ата-ананың батасы, ауылдастардың қарапайымдылығы ақынның шығармашылық өзегі. Ол заман ағымымен ауыл келбеті өзгерсе де, оның рухани құндылықтары ешқашан жоғалмайтынына сенім білдіреді. Ақынның туған жер туралы жырлары – оқырманды өз түп-тамырын ұмытпауға, ауылдың қадірін білуге үндейтін, патриоттық рухқа толы туындылар.
Ақын өлеңдеріндегі тылсым мұң қазақтың кең даласынан, домбыраның қоңыр үнінен және бабалар тарихынан тамыр тартады. Бұл ұлттық кодпен астасып жатқан, қазақ жанына жақындығымен ерекшеленеді. Оның өлеңдеріндегі мұң күзгі суық жаңбырмен, құлазыған сары даламен, мақпал түнмен және рауандап атқан құба таңмен өріледі. Ақын табиғат пен адам жанының жабырқаған сәттерін тұтастықта суреттейді. Оның өлеңдеріндегі қоңыр мұң уақыттың жүйріктігін, балалық шақтың, жастықтың артта қалғанын және өмірдің мәнін терең түсінуден туған философиялық толғаныс. Ақынның қоңыр мұңы – бұл оның әлемді, адамды және сұлулықты қабылдау үлгісі. Ол оқырманды мұңға батырмайды, керісінше жанын шаттандырып, сезім пернесін баса түседі. Мысалы, «Қоңыр» деп аталатын өлеңінде:
«Қоңыр жолдар алып кетті жыраққа,
Жауап бермей мұңлы қоңыр сұраққа.
Қоңыр өлең, қоңыр ауыл, қоңыр ән,
Қоңыр бала табиғатын қорыған», – деп толғанады. Бұл арқылы ақын адамды өзімен-өзі сырласуға, ішкі әлеміне үңілуге мәжбүр етіп, оның жүрегін ізгілікке, мейірімге бұрады.
Бұл жинаққа ақынның «Менің Мұстафам» монодрамасы мен «Ер Төстік» поэтикалық драмасы да кірген. Драматургтің «Менің Мұстафам» тарихи монодрамасы көрнекті мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың асыл жары Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» деп аталатын естелік күнделігінің желісімен жазылған. Аталмыш туынды М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры жариялаған «Монодрама» байқауынан «Үздік тарихи монодрама» (2021) номинациясын жеңіп алған. Бұл пьеса Әубәкір Рахимовтың режиссурасымен аталған театрдың сахнасында қойылып, театр репертуарынан берік орын алды.
Пьесада Мария сүйген жары Мұстафамен кездескен сәтінен бастап, екеуінің көптеген қиыншылықты бастан өткізгенін күнделікке жазып отырып есіне алады. Монодрама прологы Марияның тебіренісімен басталады.
«Мен – Мария, Мұстафаның жары едім,
Жалғандағы базары едім, бары едім.
Алғаш рет Ташкентте таныстық,
Маған бүгін сол күндердің бәрі ыстық.
Көрген сәтте ұшырасып жанарлар,
Сезімдермен сәл шарпысып қалыстық», – деп Мұстафамен алғаш рет оның студент кезінде танысқанынан бастайды. Одан кейінгі көріністерде Қоқандағы Түркістан үкіметі құлағаннан бастап, большевиктердің қуғынына түскен Мұстафаның қыл үстіндегі тағдыры Мария аузымен монодрама заңдылығына бағындырыла отырып әсерлі баяндалған. Автор кейіпкер психологиясының сан қырлы қалтарыстарын драмалық өлшемге бағындырған. Бүкіл оқиғаны өз аузымен баяндайтын Мария қай елде жүрсе де, Мұстафаның алған бетінен қайтпай барша түркістандықтарды большевиктер шеңгелінен құтқаруды мақсат еткенін толғаныспен айтады. Күллі түркі баласының басын біріктіру туралы Мұстафаның идеясы Еуропа мемлекеттерін елең еткізеді. Ол Кеңестер Одағының көптеген халықты өз езгісінде ұстап, қанап отырғанын баспасөз беттерінде ашық жазып, табанды түрде қарсылығын білдіреді. Бір сөзбен айтқанда, Мария қайсар мінезді, өр тұлғалы Мұстафа туралы естелігін жаза отырып, оның адами қасиеттерін, білімділігі мен зиялылығын тебірене сипаттайды. Алаштың ардақтысы, бүкіл түркі жұртының қамын ойлаған М.Шоқайдың басына қандай күн туса да, жанында болған Марияның адами болмысы да жан-жақты ашылған. Пьесадағы Мұстафа мен Марияның бір-біріне деген махаббаты бүгінгі ұрпаққа үлгі болатындай көркемдік шешімін тапқан.
Қазақтың «Ер Төстік» ертегісінің желісімен қуыршақ театрына арналып жазылған 1 бөлімді 3 көріністі «Ер Төстік» поэтикалық драмасының негізгі идеясы туған жерге, досқа деген адалдықты көрсету. Ол ертегі оқиғасын терең философиялық әрі лирикалық ой-толғамдармен ұштастырып, заманауи сахнаға лайықтап жазған.
Драматург әрбір кейіпкердің мінез даралықтарын әрекет үстінде ашып отырады. Оқиғаның басталуы, шиеленісуі мен шарықтау шегі де драма заңдылықтарына сай дамыған. Пьесаның әрбір көрінісі өзара логикалық тұрғыда байланысқан. Поэтикалық тілмен жазылған шығарманың тілі көркем әрі қаһармандардың ішкі дүниесін, психологиясын толық ашуға мүмкіндік береді.
Шығарманың бас кейіпкері Ер Төстік қиял-ғажайып жағдайда дүниеге келіп өседі. Ол түлкі қуып жүріп байқаусызда өрмегін үзіп кеткен кемпірдің аузынан өзінің сегіз ағасы бар екенін естиді. Әкесі Ерназардан барлық шындықты біліп алғаннан кейін, Шалқұйрық тұлпарды серік етіп, ағаларын іздеуге аттанады. Ер Төстік қасиетті жануар Шалқұйрықтың ақылын тыңдап Мыстан кемпірді алдап соғып, жер астына түседі.
Ер Төстіктің Кеще ханның қолында құлдықта жүрген ағаларын құтқаруға келгенін Саққұлақ естіп тосып отырады. Олардың қатарына Желаяқ, Шапшаң, Қырағы, Таусоғар, Көлтаусар келіп қосылады. Драматург осы кейіпкерлердің қандай өнері бар екенін Ер Төстікпен танысатын кезде өз аузымен айтқызудан көп ұтқан. Мысалы, Желаяқ:
«Желаяқпын, жүйрікпін!
Желмен жарысам,
Дауылмен алысам.
Кейде құйын боп ойнаймын,
Жетпей қоймаймын», – деп жеке қасиетін айтады. Сол сияқты Шапшаң, Қырағы, Таусоғар, Көлтаусар да өз ерекшеліктерін сипаттап өтеді. Автор бұл арқылы оқырман назарын бірден аударып, алдағы оқиғаға қызықтыра білген.
Шиыршық атқан драмалық шиеленіс Кеще хан мен Мыстан ойластырған өнер сайысы кезінде шарықтау шегіне көтеріледі. Ер Төстік пен оның достары «тонның ішкі бауындай» бірлесіп, жарыстың барлық түрінен озып шығады. Басына іс түскенде жанынан табылған достарына разы болған Ер Төстік:
«Быт-шыт еттік, зұлымдардың жоспарын.
Туған елдің азат еттік аспанын.
Жауыздарды түгел жеңдік бірігіп,
Барлығыңа алғыс айтам, достарым!», – деп оларға шын көңілден алғыс айтады. Бұл арқылы автор кез келген қиындықты тек жұмылған жұдырықтай бірлік пен шынайы ынтымақтың нәтижесімен ғана жеңуге болатынын насихаттайды.
Пьеса авторының басты мақсаты жас ұрпақтың санасына батырлықты, салт-дәстүрді, досқа адалдықты, қайсарлықты, ептілікті сіңіру. Бүгінгі ғаламтор мен технология дамыған заманда балаларды ұлттық рухта тәрбиелеуге «Ер Төстіктей» қиял-ғажайып ертегісінің маңызы зор.
Драматургтің қазақ халық ертегілері желісімен балаларға арнап жазған «Ер Төстік» және «Ұр тоқпақ» пьесалары Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры мен Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театрында, Шымкент қуыршақ театры мен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры сахналарында табысты өтіп, көрермендер жүрегінен орын алды.
Қ.Бегмановтың қаламынан туған драматургиялық шығармалар өз өмірін театр сахнасында жалғастырып жатқанын ерекше атап өтеміз.
Түйіндеп айтқанда, Қасымхан Бегмановтың 480 беттен тұратын «Құланиек, құба таң» таңдамалы жыр жинағы оқырмандарға ерекше рухани әсер сыйлайтын көркем туынды. Ақынның мақпал түн мен арайлы таңды астастырған сыршыл лирикасы оқырманды күнделікті күйбең тіршіліктен сейілтіп, ішкі үйлесім мен ерекше жан тыныштығына бөлейді. Автор көлемді жыр жинағында байырғы ұғымдар мен теңеулерді, символдар мен метафораларды шебер қолданып, ана тіліміздің поэтикалық сұлулығын паш еткен. Бұл – жинақ оқырманның жанын емдейтін, ұлттық рухты жанитын өміршең құндылық.
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,
жазушы-драматург