Алматы тауларында Шымбұлақ шыңынан түсу кезінде адасып кеткен екі жасөспірім табылды. Олардың біріне алғашқы медициналық көмек көрсетілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жасөспірімдер Шымбұлақ шыңынан төмен түсу кезінде бағыттан жаңылып, белгіленген маршруттан ауытқып кеткен. Олар Башут шыңы маңынан табылды.
«Іздеу жұмыстарына құтқару қызметінің мамандары аттанды. Күрделі таулы аймақта құтқарушылар жасөспірімдерді тауып, аяғынан жарақат алған біреуіне алғашқы көмек көрсетті. Кейін альпинистік құралдардың көмегімен екеуін де қауіпсіз жерге эвакуациялады», – деп хабарлады ведомство.
Жасөспірімдер қауіпсіз жерге жеткізіліп, ата-аналарына тапсырылды.
ТЖМ өкілдері тауға шыққанда белгіленген бағыттан ауытқымау және жер бедерінің күрделілігін ескеру қажет екенін ескертті.