Бүгінгі цифрлық дәуірде баланың алғашқы ұстазы кім деген сұраққа бұрынғыдай «ата-ана» немесе «мектеп» деп бірден жауап беру қиындай түсті. Себебі смартфонды еркін меңгерген бүгінгі ұрпақтың дүниетанымы мен өмірлік көзқарасына әлеуметтік желілердің ықпалы күн санап күшейіп келеді. Бірнеше секундтық бейнеролик, алгоритм ұсынатын контент, онлайн ойындар мен түрлі платформалар балалардың уақытын ғана емес, олардың ойлау жүйесін, тілдік ортасын, құндылықтарын қалыптастыратын құралға айналып барады.
Жаңа Конституцияға сәйкес барлық депутаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанға дейін халық қалаулылары қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – балаларға арналған сапалы қазақтілді цифрлық контенттің тапшылығын бірнеше рет көтерген болатын. Олар әлеуметтік желілер, қысқа бейнероликтер мен онлайн ойындардың жас ұрпақтың дүниетанымына ықпалы күн санап күшейіп келе жатқанын айтып, бұл мәселені ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі түйткіл ретінде қарастыру қажет екенін жеткізді.
Ал Үкіметтің мәліметі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін нақты сандармен көрсетіп отыр. 2026 жылдың басынан бері интернет-платформаларда 27 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Оның ішінде құмар ойындарды жарнамалау, есірткіні насихаттау, порнографиялық материалдар, суицидке итермелейтін жарияланымдар және балалар психикасына кері әсер ететін контент бар.
Мәжіліс депутаты Данияр Исабек Үкімет басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына жолдаған депутаттық сауалында бүгінгі қоғамдағы ең өткір мәселелердің біріне тоқталған болатын. Оның айтуынша, балалардың дүниетанымы мен санасын мектептен бұрын TikTok қалыптастырып жатқанын мойындайтын уақыт жетті.
– Бүгінде балаларымыздың дүниетанымы мен санасын мектептен бұрын TikTok қалыптастырып жатқанын мойындауымыз керек. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің интернетте өткізетін уақыты бірнеше есеге артады. Олар онлайн ойындарға, қысқа бейнероликтерге және бақылаусыз таралатын контентке тәуелді болып, түрлі ақпараттық алгоритмдердің ықпалына түсуде. Бұл – аса күрделі әлеуметтік әрі психологиялық мәселе. Өйткені дәл осы кезеңде баланың ойлау жүйесі, мінез-құлқы, тілдік ортасы мен құндылықтар жүйесі қалыптасады, – делінген депутаттық сауалда
Психологтардың пікірінше, дәл балалық шақта адамның мінезі, дүниетанымы, тілдік қоры мен өмірлік құндылықтары қалыптасады. Сондықтан баланың қандай ақпарат тұтынатыны оның болашақ тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Қазақ баласына қазақша әлем жетіспейді
Депутат көтерген мәселенің өзегі – қазақ тіліндегі балалар контентінің жеткіліксіздігі. Шынында да, бүгінгі күні әлемдік платформалардағы танымал мультфильмдердің, ойындардың, блогтардың басым бөлігі шет тілінде ұсынылады. Қазақ тіліндегі сапалы анимациялық фильмдер, білім беру платформалары, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар немесе балаларға арналған танымдық жобалар саусақпен санарлық. Бұл жай ғана тіл мәселесі емес. Бұл – ұлттық болмыс, мәдени код және ақпараттық қауіпсіздік мәселесі.
Егер бала күн сайын өзге тілдегі кейіпкерлермен бірге өсіп, бөтен мәдениеттің әзілін түсініп, сол ортаның құндылықтарын бойына сіңірсе, уақыт өте келе өзінің ұлттық дүниетанымынан алыстай бастайды. Сондықтан цифрлық кеңістіктегі бәсеке бүгін мәдениет майданына айналып отыр.
– Оңтүстік Корея мәдени контент ар-қылы жаһандық ықпалын күшейтіп келеді. Қытай балаларға арналған цифрлық платформаларды қатаң реттейді. Франция мен Германия ұлттық тілдегі медиаконтентті мемлекеттік деңгейде қорғайды. Ал Түркия тарихи сериалдар арқылы өзінің мәдени ықпалын нығайтып отыр, – деді саясаткер.
Өз депутаттық сауалында Данияр Исабек қазақ тіліндегі балаларға арналған цифрлық контентті дамытудың мемлекеттік стратегиясын әзірлеуді, сондай-ақ қазақ тіліндегі анимацияны, балалар киносын және білім беру бағытындағы медиажобаларды мемлекеттік қолдау көлемін арттыруды ұсынды.
– Осыған байланысты Үкіметке жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық және ағартушылық іс-шараларды күшейтуді, сондай-ақ TikTok, YouTube, Instagram және басқа да цифрлық платформалардағы балалардың психологиясына кері әсер ететін контентті шектеудің құқықтық әрі техникалық тетіктерін жетілдіруді ұсынамыз, – деді депутат өз сөзінде.
Иә, расында да, жағдай алаңдатарлық. Себебі Үкімет ұсынған мәліметтер мәселенің қаншалықты өзекті екенін айқын көрсетеді. 2026 жылдың басынан бері мемлекеттік органдар интернет-платформалардан 27 631 заңбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде онлайн-казиноны жарнамалау – 13 806 жағдай, есірткіні насихаттау – 7 448, порнографиялық материалдар – 6 034, суицидті насихаттайтын жарияланымдар – 172, ал балалардың психикасына зиян келтіруі мүмкін 119 материал тіркелген. Заңбұзушылықтардың ең көбісі Instagram әлеуметтік желісінде анықталған. Одан кейін «ВКонтакте», YouTube, Telegram және TikTok платформалары орналасқан.
Мемлекет қандай қадамдарға барып жатыр?
Қазір Үкімет балалардың цифрлық қауіпсіздігін күшейту бағытында бірқатар бастамаларды қолға алған. Соның ішінде әлеуметтік желілердегі зиянды контентті шектеудің құқықтық және техникалық тетіктерін жетілдіру, ата-аналарға арналған бақылау құралдарын кеңінен насихаттау, мектеп бағдарламасына цифрлық этика мен интернет қауіпсіздігі бойынша арнайы сабақтарды енгізу жоспарланып отыр.
Бұл пәнде оқушылар жалған ақпаратты тануды, интернеттегі алаяқтықтан қорғануды, әлеуметтік желілердегі манипуляцияларды ажыратуды және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалануды үйренеді. Сонымен қатар қазақ тіліндегі анимацияны, балалар киносын және білім беру жобаларын мемлекеттік қолдау көлемін арттыру мәселесі де қарастырылуда. Balapan телеарнасына қосымша қаржы бөлініп, балаларға арналған жаңа жобаларды іріктеу жоспарланған.
Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, кейінгі жылдары қазақ тіліндегі медиаконтенттің көлемі біртіндеп артып келеді. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақша контенттің үлесі 78 пайызға жетсе, интернет-ресурстардағы қазақ тіліндегі материалдар 60 пайызды құрайды. Ал отандық телеарналардағы бағдарламалардың 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілде көрсетіледі. Дегенмен мәселе тек санмен өлшенбейді. Кез келген өнімнің сапасы, тартымдылығы, көркемдігі және заманауилығы бірінші орында тұрады. Бала қызықпайтын мультфильмді немесе жастар көрмейтін бағдарламаны көбейту мәселені шешпейді. Қазақтілді контент ең алдымен әлемдік өнімдермен бәсекелесе алатындай деңгейде болуы қажет.
Түйін:
Қазіргі әлемде идеология тек мінберден айтылатын сөзбен немесе заңмен ғана жүргізілмейді. Ол мультфильм арқылы да, компьютерлік ойын арқылы да, бірнеше секундтық бейнеролик арқылы да қалыптасады. 2024 жылы халықаралық Common Sense Media ұйымының зерттеуіне сәйкес, 8 жасқа дейінгі балалар күніне орта есеппен 2 сағат 51 минут экран алдындағы контентті тұтынған. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 70 пайызға артқан. Сондықтан дамыған мемлекеттер балалар медиакеңістігін ұлттық идеология мен құндылықты дәріптейтін маңызды құрал ретінде қарастырады. Сол себепті мәселенің шешімі әлеуметтік желіні толықтай шектеуде емес. Ең тиімді жол – баланың қызығушылығын оята алатын, сапалы, тартымды әрі заманауи қазақтілді медиакеңістік қалыптастыру. Өйткені тыйым уақытша нәтиже беруі мүмкін, ал сапалы балама ұзақмерзімді шешім ұсынады. Баланың бүгін көрген контенті – ертеңгі көзқарасы, ал бүгінгі қызығушылығы – болашақтағы құндылығы.
Сондықтан қазақ баласының санасын кездейсоқ алгоритмдердің емес, ұлттық рухқа негізделген сапалы қазақтілді медиакеңістіктің қалыптастырғаны маңызды. Мемлекет, қоғам, ата-ана және шығармашылық орта осы мақсатқа жұмыла кіріскенде ғана цифрлық дәуірдегі ұлттық тәрбиенің тұғыры берік болмақ.
Наурызбек САРША